Көлік қатынасы: қауіпсіздік талабы күшейіп келеді

818

0

Көлік саласы – ел экономикасының маңызды секторларының бірі. Жолаушы мен жүк тасымалдайтын көлік құралдары адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті объекті. Аймақта автомобиль, теміржол және су көліктері қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган – облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы қызмет атқарады.

Осы құрылым басшысы Нәжмадин Шамұратовпен әңгіме барысында көлік бақылау жұмыстары жөнінде біраз мағлұматқа қанықтық.

– Нәжмадин Шакизадаұлы, инс­пекцияның көлік бақылау сала­сын­дағы жұмысына тоқталып кетсеңіз…

– Инспекцияның негізгі мін­дет­те­рінің бірі – жол желісінің сақ­та­луына, жолаушылар, қауіпті жүк тасымалына, отандық және шетелдік тасымалдаушылардың рұқсат беру жү­йесі талаптарының орындалуына бақылау-қадағалау жұмыстарын жүр­гізу. Сонымен бірге техникалық қарап-тексеру операторларының кө­лiк құралдарын мiндеттi техникалық тексеруден өткізуді ұйымдастыру жә­не жүргізу тәртiбiн сақтауына мем­лекеттiк бақылауды жүзеге асырады.

Заң бұзушылықтың ауқымды бө­лігі жүк тасымалдау талаптарының орындалмауымен байланысты. Оның ішінде ірі көлемді және ауыр сал­мақты жүкті арнайы рұқсатсыз, құжатсыз тасымалдау қауіпті жүкті тасымалдау кезінде еңбек пен тынығу режимiн, жолаушы­ларды тасымалдау талаптарын сақ­тамау.

Көлік саласындағы көрсеткіш­терге келсек, былтыр атқарылған жұ­мыстар нәтижесінде 1609 құқық бұзу­шылықтар анықталып 51,5 млн теңге айыппұл салынды, 45,6 млн теңге республикалық бюджетке өн­дірілді, бюджетке өндірілген алым сомасы 108,1 млн теңгені құрады.

Жол желісінің сақталуын қамта­масыз ету үшін көлік прокуроры, жер­гілікті ат­қарушы органдар, жер­гі­лікті полиция қызметі, «Каз­Авто­Жол» АҚ өкілдерінің және қо­ғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Жолда қабылдау» акциясы өткізіліп, Шиелі, Жаңақорған аудандарында тасымалдаушылар, жер қойнауын пай­даланушыларға ауыр салмақты жүк­­ті тасымалдау бо­йынша түсіндіру жұ­мыс­тары жүр­гізілді.

«Автомобиль көлігі туралы» заң­ға бөлінбейтін жүк ұғымы енгі­зілген. Осы өзгерістерге сәйкес бөлінбейтін жүктерді немесе ма­мандандырылған автомобиль-цис­терналарда тасымалданатын сұйық жүктерді тасымалдау жағдай­ла­рын қос­пағанда, көрсеткіш сал­мақ­тық және га­бариттік параметр­лерден асқан жағ­дайда республика аумағынан өтуге жол берілмейді. Алайда, қиыршық тас, құм тасымал­дайтындардың заң талаптарын сақ­тамауы жиі орын алуда. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент өкілдерімен бірлесіп «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында өткен маусым-тамыз айларында бірлескен рейд жүргізілді.

– Қазір өзекті мәселелердің бірі – жолаушыларды заңсыз тасымалдау, бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылуда?

– Бұл бағыттағы бақылау-қада­ғалау жұмыстарын атқару міндеті инс­пекцияның құзыретіне 2019 жыл­дың 4 мамырынан қайта жүк­телді. Сол кезден бастап инспекция маман­дары жолаушылар тасы­малын реттейтін заңнама талаптарын тұр­ғындарға түсіндіруді бас­тады. Заң­сыз тасымалдаушылар көп шоғыр­ланған аумақтарда жергілікті ат­­қа­рушы органдар, жергілікті поли­ция қызметі басқармасы, кірістер басқармасы өкіл­дері бірлесіп, тү­сіндіру жұмыстарын атқарды. Жа­ла­ғаш, Тереңөзек, Қазалы, Ши­елі, Жаңақорған аудандарында әкім­­діктермен бірлесіп, көлік заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында көш­пелі кеңестер өткізілді. Такси қыз­метімен айналысу үшін тасымал­даушылар бірқатар талаптарды орындауы керек. Атап айт­қанда, дара кә­сіпкер немесе заңды тұлға бола тұра жергілікті атқарушы ор­ганға такси тасымалдаушысы ре­тінде жұмыс бастау туралы хабар­лама жолдайды. Рейс алдында автокөлік техникалық тексеруден, такси жүргізушілер медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Сонымен бір­­ге жарты жыл сайын автокөлікті тех­­ни­калық байқаудан өткізу, ақ­па­рат­тық-диспетчерлік қызмет көр­се­ту жөніндегі шарттың болуын қам­тамасыз ету, автокөлік құралын так­сометрмен жабдықтау секілді талаптарды орындауы қажет. Алайда, бұл талаптарды тасымалдаушылар орындамайды.

Мысалы, пандемия кезінде адам өмі­ріне қауіп төндірмеу үшін қала­ара­лық, облысішілік тасымал­ға шектеу ен­гізілді. Шектеуге қарамастан заң­нама талаптарын өрескел бұзған деректер болды. Атап айтқанда, тұ­рақты емес тасымалдауды жүзеге асыруға құ­қық беретін лицензияның болмауы, рейс алдында техникалық және ме­ди­циналық байқаудан өт­пеу, еңбек жә­не тынығу режимiн сақтамау, шетел авто­көліктерімен жолаушылар тасымалдау.

– Көктемде жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарының қоз­ға­лы­сына шектеу енгізілуі бойынша не айтасыз?

– Автомобиль жолдары желісін сақ­тауға бағытталған шаралар­дың бірі – халықаралық және респуб­ликалық маңызы бар жолдарда жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына көктемгі кезеңде шектеу енгізу. Шектеу Көлік және коммуникация министрі бұйрығымен енгізілген. Облыста көк­темгі шектеу 1 наурыздан бастап 1 сәуге дейін енгізіледі. Осы мерзімде біліктік жүктемелерінің жалпы массасынан 20%-ке төмендету арқылы тасымалдау жүзеге асырылады. Жалпы пайдаланудағы рес­публикалық ма­ңызы бар автомобиль жол­дарынан өтетін ауыр салмақты авто­көлік құ­ралдарымен жүк тасымалдау шектеулер есебімен арнайы рұқсат алу арқылы жүзеге асырылады.

Министрлік бұйрығына сәйкес шек­теулер таратылмайтын тасымал­дар түрлеріне де белгіленген. Халық­ара­лық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасы­малдарын, төтен­ше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек, азық-түлік­тер тауарларын, жо­лаушылар мен жүктерді, дәрі-дәр­мектерді тасы­мал­даушылар жә­не қарулы күш­тер көліктеріне мұн­дай шектеу енгі­зілмеген. Тағы да бір проб­­лемалық мәселе – жүк жөнелту­ші­лердің тауар-жүк құжатын

ұсын­бауы және көліктік бақылау бекет қыз­меткерінің жүргізушілерді тоқтату талабын орындамауы. Өткен жылы инспекция балансына жер қойнауын пайдаланушыларды сырттай бақылау жүргізуге пилотсыз ұшу құрылғысы сатып алынды. Дронды карьерлер тө­ңірегінде қол­дануды жоспарлап отырмыз.

Автомобиль жолдарын басқару жө­ніндегі ұлттық оператор облыстың оңтүстік аумағындағы «М-32 Сама­ра-Шымкент-РФ» автомобиль жолы­ның ақылы санатына көшу бойынша жұ­мыстар жүргізуде. Төрт жерден арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылып, қазір техникалық жабдықтау жұмыстары атқарылуда.

– Техникалық бақылау орталық­тарына қатысты не жаңалық бар?

– Инспекция міндеттерінің бірі – техникалық қарап-тексеру оператор­ларының жұмысына мемлекеттік ба­­қы­лау. Аймақта 31 техникалық бай­қау орталығы тізілімге енгізіл­ген. Қазір 37 стационар, 8 ұтқыр желі тір­келген. Техникалық қарап-тексеру опе­ратор­ларының ұйымдас­тыру және жүргізу тәртiбiн сақтауын мем­лекеттiк бақылау барысында ди­аг­ностикалық карталарда көлік құра­лының фото­суреті болмауы, мем­­ле­кеттік тіркеу нө­мірлік бел­гісін және тежеуіш стендінің ролик­терінде тұрған авто­мобильдің ал­дың­ғы осін бір уақытта шолуын қам­тамасыз етпеу деректері орын алған.

Осыған байланысты, былтыр 10 бақылау субъектісіне бармай про­фи­лактикалық бақылау жүргі­зілді, тексеру нәтижесі бойынша тәртіп түсіндіріле отырып, анықталған бұ­зушылықтарды жою туралы ұсыным табысталды. Заңнама талаптарын өрескел бұзған 4 техникалық қарап-тексеру операторының жұмысын инспекция ұсынысы негізінде «НИТ» АҚ уақытша тоқтатқан.

– Теміржол мен су көліктерін бақылауға қатысты айтып өтсеңіз..

– Теміржол көлігі саласы бо­йын­­ша қозғалыс қауіпсіздігін қам­та­­масыз ету және станциялық, ма­­гист­ральдық, кiрме жолдарды, сон­­дай-ақ жылжымалы құрамды, тех­­ни­калық құралдарды, теміржол өт­кел­дерiн күтiп-ұстау, жо­­лаушылар жә­не жүк тасымалдау­ды ба­қы­лау-тек­серу міндетімізге кі­ре­ді. Те­­мір­жол көлігі саласында қыз­­мет көр­се­тетін шаруашылық су­бъек­ті­лерінде жүр­гізілген тексеру іс-ша­ра­ларының қо­рытындысы бойынша заңнаманы және күтіп ұстау ережелерін сақтамауына байланысты 4 кірме жол, 11 бағыттамалы бұрма, 8 станциялық жолдың, 3 ма­гистральдық жолда аралықтың, 4 темір­жол жылжымалы құрамның пайдалануы уақытша тоқтатылған.

Жыл қорытындысы бойынша қоз­ғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету ту­ралы «ҚТЖ-жүк тасымалы» ҰК» АҚ «ЖТ-Қызылорда бөлімшесі» филиа­лының инспекцияға ұсынған ақпараты бойынша 38 дерек тіркеліп, оның ішінде 30 инцидент және 8 кірме жолда жылжымалы құрамдардың рельстен шығып кету оқиғалары болған. Бұлар бойынша тармақ иеленушілер заң талаптарын бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, 492071 теңге айыппұл салынып, толық өн­дірілген. Ал жалпы темір жол кө­лігінде атқарылған жұмыс нәтиже­сінде өткен жылы 97 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл төледі.

Инспекцияның су көлігі сала­сын­­дағы негізгі міндеттерінің бірі – кемені қауіпсіз пайдалануына бақы­лау жүргізу. Сыр өңірінде 200-ге жуық көлдер мен каналдар, Сырдария өзені мен 18 учаскеден тұратын Кіші Арал теңізі орналасқан. Осы су айдындарында пайдаланылатын шағын көлемді ке­мелерге бақылау жұмыстары жүр­гізіледі.

Өткен жылы карантин кезеңінде ба­қылау жүргізуге мүмкіндік бол­ма­ған­дықтан, су көлігінде 5 оқи­ға орын алып, (2019 жылы – 0) нә­тижесінде 6 адам суға кетіп қайтыс болған. Бұл оқиғалар кеме жүргізу­шілерінің салғырттығы, ша­ғын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға нем­құрайлы қараған­ды­ғының салдарынан. Өткен қа­зан-қараша айларында Кіші Арал теңізіндегі балық аулау маусымында су көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Көлік комитеті «Казбот-53» арнайы су көлігімен рейд­тік іс-шаралар жүргізді. Кіші Арал теңізінің жағасында шағын кө­лемді кеме иелері мен кеме жүргізушілерінің қатысуымен мәжі­ліс өткізіліп, су көлігін пайдалану ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, рейд барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде анық­талған заң бұзушылықтар бо­йынша 43 жеке тұлға әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылды. Жыл басы­нан бері 418 шағын көлемді кеме тексерілді, қарау барысында анықталған кемшіліктер бойын­ша 52 жеке тұлғаға әкімшілік шара қолданылды. Биыл навигация ке­зеңінде су көлігіндегі бақылау жұ­мыстарын күшейту үшін инспекция құзырлы мемлекеттік мекемелер, та­биғат қорғау және облыс прокуратурасымен бірлескен жұмыстар жүргізуді жоспарлады.

Инспекция міндетінің бірі – автомобиль, теміржол және су көлігі сала­сында мемлекеттік қызмет көрсету. Инспекция барлығы 17 мемлекеттік қызмет тү­рін тұтыну­шы­ларға ұсынады. Бар­лық мем­лекеттік қызмет электронды түр­де. Былтырғы жыл қорытындысы бо­йын­ша барлығы 1532 мемлекеттік қыз­мет көрсетілсе, 419 өтініш қа­рау­сыз қайтарылды. Қайтару се­беп­тері – құжат­тар топтамасы толық болмауы, өтініш­тердің дұрыс рәсім­делмеуі.

Инспекция ғимаратында мемле­кет­тік қызмет алушыларға тиімді жағдай жасау үшін www.egov.kz өзіне-өзі қызмет көрсету бұ­рышы қарастырылған. Жұмыс инс­пекция басшылығының назарын­да. Мемлекеттік қызметтердің уақы­тылы, сапалы ұсынылуына бақылау жүргізу үшін комиссия құрылған. Комиссия мүшелері «ИИС ЦОН АРМ МОНИТОРИНГ» арқылы үнемі талдау жүргізуде.

Ұжымда сыбайлас жемқорлық көрі­ністерінің алдын алу бойынша да бір­қатар шаралар атқарылуда. Үнемі жем­­­қорлық тәуекелдерін анық­тау бойын­ша зерделеу жұмыс­тары жүргі­зіледі. Бас­шының бұй­рығымен ішкі бақы­лау комиссиясы құрылып, жылжымалы кө­ліктік бақылау бекеті маман­дары­ның қыз­­метіне ішкі бақылау жүргі­зіледі. Ба­қылау нәтижелері бойынша бекет ма­мандарының жұмыстарынан анық­талған кемшіліктер талқы­ла­нып, тиісті тәртіптік шаралар көрі­луде.

Сонымен қатар, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департа­мен­тінің «Адалдық алаңы» жобалық кең­се­сінде «Көлік коммуникация кеше­ніндегі қоғамдық бақылау» бұрышы ашылды. Әр аптаның сәрсенбісі күні инспекция мамандары азаматтарды қабылдайды. Өткен жылы заңнама бұзу дерегі тіркелген жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<