Мұқтаждық пен масылдық. Аражігі қандай?

321

0

«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді». Қашаннан жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз. Бұл – қазақтың әр отбасында айтылып, бойымызға ананың ақ сүтімен, әкенің ақылымен сіңген қасиет. Сондай азаматтардың бір шоғыры «Ел-Арай» қоғамдық қорын ашып, бір шаңырақ астына бірікті.  Оған студенттік кезден қайырымды істерге жаны жақын Асхат Байдәулетовті директор етіп тағайындады. Ол көптің сеніміне селкеу түсірмей, ісін абыроймен атқарып келе жатыр. Жақында сол еңбегі еленіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы болды. «Жылдың үздік ұйымы» атанып, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет салтанатты түрде марапаттады.

– Өзім инженер мамандығы бойынша Алматыда Қазақ ұлт­­тық техникалық универ­си­­тетін бітіргенмін. Түрлі ортада болдық, бірақ, же­лік қу­ған­­ның ұзаққа бар­май­тын­дығын түсіндік. Сон­дықтан қа­сымдағы достарым­мен бір­ге  бола­шағымызға, өмі­рі­мізге сер­піліс әкелетін дұ­рыс бағытты таңдадық деп сенім­мен айта аламын. Бізге рухани байлық қажет болды. Студент кезден тұрақты түрде жетімдер үйіне барып, бала­ларға базарлығымызды үлес­­­тіретінбіз. Шәкіртақы­мыз­дың басым бө­лі­гін соған жұм­­сай­тынбыз. Оған еш өкінген емеспін. Керісінше, сый­лық ал­ған балалардан бетер қуана­тынмын. Кеудемді ерекше, еш­кімге айтып жеткізе алмайтын сезім кернейтін. Сол балаларға тәттілерді тұрақты түрде, үзбей апару үшін сабақты жақсы оқып, стипендиядан қағылмауға тыры­сатынбыз. Олар да бізді әрдайым күтіп отыратын болды. Не нәрсе жасасақ та тұрақ­тылық керектігін сол кезде ұқтым – дейді ол.

Қайырымдылық шаралары осыдан басталды. Оны Қызыл­ор­даға келгеннен кейін де жал­ғастырды. Құрбан айтта ет, азық-түлік таратты. Көп­шілікте түрлі сұрақтар туын­даған соң қор ашты. «Мен мем­лекеттен не аламын деп емес, мемлекетке не беремін» деген мақсатпен жұмыс бас­талып кетті. Қор­дың негізі аймаққа белгілі кәсіп­кер­лермен бірі­гіп қаланды. Қа­зақта «оң қолын бергенді, сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Ол кісілер жариялылықты қаламайды, бұдан пайда табуды көздемейді. Асхаттың да,  құрылтайшылардың да жеке кәсібі, жұмысы бар. Садақа­ла­рын, көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп отырады. Міне, осы істің бел ортасында жүргеніне де биыл бес жыл болыпты.

Жылда дәстүрге айналып келе жатқан «Мектепке жол», тал егу акциясы, азық-түлік, көмір тарату, «Жанұя жанұяға көмектеседі» секілді жеті жоба бар. Соңғысы бойынша әлеуметтік дүкен тұрақты жұмыс істеп тұр. Кез келген адам өздеріне қажетті киім-ке­шек­ті ала алады. Ал «Өзгеге өмір сыйла» акциясының атқа­рар жүгі мен жауапкершілігі ерекше. Соның аясында биыл көптеген жарымжан жандарға қолдан келгенше көмек­тесуге тырыс­ты.

– Кейде азық-түлік немесе үй беріп, жаман үйретіп алдық па деп ойлаймын. Себебі бізден азық-түлік, мешіттен ет алып күн көріп, қол қусырып отырғандар бар. Ол келесі бір отбасының психологиясына әсер етуі мүмкін. Масылдық пайда болады. Сондықтан «ар­тық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын ізде­уі­міз керек. Осы орайда, «Екі қолға бір күрек» деген жоба жасадық. Жұмысқа орналастыру мақсатында жұ­мыс­сыздарды іріктегенімде, қырыққа жуық адам шықты. Оның онын жұ­мысқа орналастырдым. Бірақ соңында кейбірі ащы судың кесірінен шығып қалды, енді бірі жал­қаулық басып бармай қалды. Тек 4-5 адам ғана қалды. Әлде, мен дұрыс таңдай алмадым ба, білмедім. Қарнымның аша­тыны – жұмысқа жарамды адамның  жұмыс істегісі кел­мейтіні. Қара жұмыс іс­теу­ге намыстанады, ал бала-шаға­сының аш, өзінің қол қусырып отырғанына намыс­танбайды, – дейді А.Бай­дәу­летов.

Жомарт жүрек иесінің мына пайымы көпшілікке ой салар­лықтай екен.

– Бала күнімдегі мына  оқиға есімнен кетпейді. Анам үйге тәттілер, печенье әкелетін. Соны балаларға таратып бере­тінмін. «Өзің жемейсің бе?» десе, «олар да жесін» деп айтатынмын. Ол кездері «Сникерс» шоколадының енді шы­ғып жатқан кезі. Қазіргідей қол­жетімді емес, ойын балалары үшін таңсық ас. Анам әкелген кезде далаға шықсам, балалардың барлығы «бір тісте­йінші» деп сұрайтын. Сонда өзіңе қалмайды. Егер «сендерге садақа» десең, ешкім алмай қоя­тын.  Ал қазір сол сөздің қадірін түсіріп алғандаймыз. Себебі аяқ-қолы балғадай азаматтар да садақаны намыстанбай алатын жағдайға жеттік. Осыған қынжыламын. Ол кез­дері тұрмысымыз қазіргіден де жаман болса да,  шынымен мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі, асыраушысы жоқ жандар алатын. Біздің негізгі ойымыз – осы мұқтаж топ пен кәсіпкерлер арасына дәнекер болу. Берілген садақаны шынайы мұқтаж адам­ға жеткізу. Бұл тізімді өзіміз құрас­тырамыз. Еріктілер барып тілдесіп, жағдайын көзбен көріп келеді. Өзге де қоғамдық қорлармен тығыз байланыс жасап, бір адамның бірнеше рет алмауын, барлығының толық қамтылуын назарда ұстап отырамыз. Мұндағы мақсат – сұран­шақ­тықты кәсіп қылып алған адамдар мен шын мұқтаж­дың аражігін ажырату.

Ол адам бойындағы қара­па­йымдылық, шына­йы­лық, ашық­­тықты бағалайды. Себебі қара­пайым адам өтірік айтпайды. Оның ар жағында арам ой болмайды. Өзі де осы қасиетті жоғалтып алмауға тырысады. «Жақсылыққа шақыр, жаман­дық­тан тый» деген ұстанымнан айнымайды. Бастысы адамдар отбасынан, балаларынан бас тартпаса екен деп тілейді. Өйт­кені соның салдарынан туын­даған қиындықтардың кесірін тартқан тағдырларды күнде көріп жүр. Ізгілік шуағын тарату екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Асхат «қайырым жасау үшін ниет пен жанашырлық жет­кі­лікті» деген оймен жұмы­сын жалғастыра береді.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА,

облыстық

«Рухани жаңғыру» орталығының маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз