Өнерлі қыз, өнегелі жеңге

4883

0

Фото автордан

Ә.Мүсілімұлы  атындағы №101 мектеп-лицейінде бастауыш бірлестігінің ұйыстастыруымен 4-сынып оқушылары арасында «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» атты сайыс өтті.

Сайыстың мақсаты – халқымыздың бойына ғасырлап сіңген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақсы дәстүрімізді  жаңғыртып, ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, үлгі-өнеге алуға, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты    қыз тәрбиелеу және жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, халық өнегесін насихаттап, отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайыс 5 бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде қатысушылар өз-өздерін таныстырып, әділ қазылардың жоғары бағасына ие болды.

Келесі бөлім «Зерделінің ойы озық» деп аталды. Мұнда қазақтың салт-дәстүріне байланысты берілген сұрақтарға жауап берді.

Сайыстың үшінші бөлімі «Ата дәстүр – асыл қазынам» деп аталды. Онда қатысушылар өздері қалаған салт-дәстүрге байланысты қойылым қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал төртінші бөлімде жеңгелер мен қайын сіңлілері үйден дайындап алып келген түрлі тағамдармен таңғалдырды. Әділ қазылар тәттілерден дәм татып, өз бағасын берді. Соңғы бөлім «Жеңешем өрген бұрымым» деп аталды. Аталған бөлімде жеңгелер қайын сіңлілерінің шашын өріп, өнерлерін ортаға салды.

Халыққа деген құрмет оның салт-дәстүрін қастерлеумен бағаланады. Ал, салт-дәстүр қатысушы арулар мен жеңгелерінің бойында қаншалықты деңгейде сақталғаны сайыс барысында көрінді. Дәстүрге сай киіну үлгісі, әдеп-ғұрыптар мен салт-сананы танып білуі жан-жақты бағаланды. Қатысушы арулар қазіргі кезде ұмыт бола бастаған «Байғазы», «Босаға майлау» секілді салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.

Маңызы зор тағылымды іс-шарада мектеп-лицей ұстаздары қазылық етіп, сайыс ережесіне сай лайықты бағаларын берді.

Сайыс соңында салт-дәстүрді сақтап, дәріптеуге атсалысқан қатысушылар арнайы номинацияларға иеленіп, Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың сый-сыяпатына ие болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<