Сот орындаушысының мәртебесі

1796

2

Елімізде 2010 жылдың 2 сәуірінде «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» туралы Заң қабылданды.


Заңға сәйкес, атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi – азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi түрде және уақытылы қолдану болып табылады.

Атқарушылық iс жүргiзу, негізінен, заңдылық; атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болуы; адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу; борышкер мен оның отбасы мүшелерінің өмір сүруіне қажетті мүліктің ең аз мөлшеріне қол сұғылмаушылық; өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы; өндіріп алынған сомалар кезектің барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткіліксіз болған кезде оларды бір кезектегі өндіріп алушылар арасында бөлудің барабарлығы; атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату жөніндегі шығыстарды борышкердің есебінен өтеу; сот орындаушысының іс жүргізу әрекеттері мен қаулыларына сотқа шағымдануға еркіндік принциптері бойынша жүзеге асырылады.

Ал, сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және осы Заңда көзделген алып қоюлар үшін тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы.


Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-ші қадамында елімізде жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту қажеттігі айтылды. Осылайша қазіргі заманғы мемлекет құру үшін атқару өндірісі жүйесінің жаңа моделін қалыптастыруға басымдық берілген. Жалпы мемлекет басшысы жеке сот орындаушыларының республикалық, аймақтық алқаларын құру жөніндегі заңға 2010 жылы қол қойды. Содан бері елімізде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет жеке сот орындаушылары институты жұмыс істей бастады. Мұндай институт дамыған елдерде бұрыннан бар тәсіл.


Қазақстанда жеке сот орындаушы қызметін енгізуде, Балтық елдерінің Зандары және басқа да елдердің тәжірибесі ескерілді. Жеке сот орындаушы қызметін енгізу мемлекеттік бюджет шығынынсыз, сот орындаушының мәртебесін көтерді және сот шешімдерінің нақты орындалу деңгейін көтерді. Бұл іске мұрындық болып отырған Франция елінің тәжірибесі. Қазақстан Республикасы – ТМД елдерінің ішінде бұл жүйені енгізген бірінші мемлекет.


Қазіргі кезде жеке сот орындаушылар мемлекеттік сот орындаушылармен баламалы түрде жұмыс істеуде. Соның арқасында бәсекелестік пайда болып, жұмыс сапасы артуда. Әрбір жеке немесе занды тұлға қай сот орындаушыны таңдаймын десе өз еркі.
Сот орындаушының қызметтік іс-әрекетіне Занда тікелей уәкілеттілік берілген тұлғалардан басқа, ешкімнің де араласуға құқығы жоқ.

Сот орындаушының қызметіне заңсыз араласу Қазақстан Республикасының Заңдарында көрсетілген жауапкершілікке алып келеді. Жеке сот орындаушысы сот санкциясымен борышкердің мүлкіне тыйым салуға, оған ел аумағынан шығып кетуге уақытша шектеу қоюға және басқа да Заңда көрсетілген мәжбүрлеп орындау шараларын қолдануға құқылы.
Мемлекеттік сот орындаушысы өз жалақысын мемлекеттен алса, жеке сот орындаушысы өз тапқан табысымен өзін-өзі қаржыландырады және мемлекетке салық төлейді, ал оның құзіреті мемлекеттік сот орындаушыдан кем емес.
Атқару өндірісі бойынша барлық шығындар мен жеке сот орындаушының қызмет ақысы борышкерден өн¬дірілетін болғандықтан, сот шешімін өз еркімен орындау тиімді екенін айта кету керек. Қызмет бабындағы қате¬ліктері үшін жеке сот орындаушысы өзі материалдық жауапты болғандықтан, бұл жағдай үнемі біліктілікті арттыруға, өз қаражатын тиімді пайдалануға тәрбиелейді.
Жеке сот орындаушының қызметі мемлекеттік құзіретті органдардың бақылауында болуы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

Баукен ӘЛМЕШ,
облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<