Тарифті қолданбаудан негізсіз төлем жасалған

1758

0

ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша  департамент басшысы  Мирас Зерипбаевпен сұхбат.

− Мирас Максетұлы, «Табиғи монополиялар туралы» заңда шекті тариф деген ұғым бар. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мың текше метр газ бағасын қандай негізге сүйеніп көтерген?

− Газбен жабдықтау нарығы, атап айтқанда саланың тариф белгілеуі негізгі үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі –газдың көтерме бағасы, екіншісі – осы газды тасымалдау тарифі, үшіншісі – газбен жабдықтау бағасы. Газдың көтерме бағасы өзгерген кезде газдың соңғы бағасы өзгеруі тиіс. Жыл басында облыста газдың көтерме бағасы 10 пайызға өскен болатын. Соны негізге алып «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының газ тарату жүйесі өзінің түпкілікті бағаларын 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгерткен болатын. Қоғамдық маңызы бар нарықта қызмет көрсету субъектілерінің тарифтерін белгілеу қағидаларына сәйкес олар хабарламаны бізге жібереді. Біз заңдылығын тексеріп, келісім береміз. Негізі тұтынушыларға тариф өскен жоқ. Тек заңды тұлғалар мен мекемелерге өзгертілген болатын.

− Қазір газ бағасы 21 пайызға төмендеді. Бұл нәтижеге қалай қол жеткізілді?

− «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы 2019 жылы тарифтің қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты тауарлық газды тасымалдау бойынша тарифті бекітуге өтінім білдірді. Сол өтінімдерінде олар қолданыстағы тарифтен әлдеқайда жоғары тарифті сұраған. Онда қолданыстағы мың текше метр үшін баға 9083,51 теңге болса, олар 2,5 есе жоғары яғни тариф жобасы мың текше метр үшін 22610 теңгеге бекітуді өтінген. Департамент бұл өтінімге талдау жүргізіп, қолданыстағы тарифтерін 35 пайызға төмен етіп бекітіп берген болатын. Олар бұл шешімге келіспей сотқа берді. Сот талқылаулары кезінде аталған компания филиалы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 30 маусым аралығында департамент тарапынан белгіленген ҚҚС-сыз мың текше метр үшін 5941,35 теңге тарифті мүлде қолданбағаны белгілі болды. Біз бекіткен тарифті қолданбау салдарынан тұтынушыларды негізсіз төлем жасауға апарған. Жоғарыда көрсетілген кезеңде филиалдың негізсіз алынған кірісі шамамен 2,3 млрд теңгені құрады. Сотта департаменттің шешімі заңды деп танылды.

− «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы негізсіз тапқан пайдасын бір жыл ішінде бағаны төмендету арқылы қалай қайтарады? Тарқатып айтып берсеңіз…

− 2020 жыл қорытындысына сай есеп бергенде департамент аталған компания филиалына уақытша өтемдік тарифті, оның ішінде газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдау қызметтеріне бекітілген тарифті 2021 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізе отырып, бір жыл мерзімге ҚҚС-сыз мың текше метр үшін 3320,45 теңге яғни қолданыстағы тарифтен 44% төмендету туралы бекіткен. Бұл 1,4 млрд теңгені тұтынушылар қолданбағандықтан, қайтару мақсатында жасалды. Бұл кезде де олар келіспей сотқа жүгінді. Бұл мәселеге Жоғарғы сот нүктесін қойды. ҚР Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 20 шілдедегі шешімімен біздің департаменттің осы бұйрығы заңды деп танылды. Нәтижесінде, Қызылорда облысы тұтынушыларының құқықтарын қорғау мақсатында аталған мекеме филиалы алған 1,4 млрд теңге сомасындағы негізсіз табыс тұтынушылардың барлық топтары үшін шамамен 21%-ға тарифті төмендетуге негіз болды. Оның ішінде халық үшін газға тарифтерді ҚҚС-сыз мың текше метр үшін 16496,52 теңгеден 13043,49 теңгеге уақытша төмендету жолымен 2022 жылғы 1 тамыздан бастап бір жыл мерзімге қолданысқа енгізіле отырып облыс тұтынушыларына қайтарылатын болады. Департамент Қызылорда облысы прокуратурасының талабы негізінде аталған филиалға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша департаментпен бекітілген тауарлық газды тасымалдау тарифі 2021 жылдың І жартыжылдығында қолданбаған, яғни бұйрықтың орындалмауы анықталды. Нәтижесінде департамент филиалға табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы, атап айтқанда тұтынушыларға 902,6 млн теңге мөлшерінде негізсіз кірісті қайтару туралы нұсқама берді. Қазіргі уақытта аталған филиал нұсқамаға сай ҚР Жоғарғы сотына шағым түсірді. Мәселе бойынша бірінші тыңдау 2022 жылғы 22 шілдеде өтті.

− Облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында тариф бағасын төмендету жұмыстарын әлі де жалғастырамыз деді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалмақ?

− Соттың шешімін күтеміз.  ҚР Жоғарғы соты тарапынан департаменттің пайдасына оң шешімі болған жағдайда, 902,6 млн теңге мөлшеріндегі қаражатты қайтаруда филиалдың тауарлық газды тасымалдау тарифін төмендетуге болады. Бұл тиісінше Қызылорда облысының тұтынушылары үшін газбен жабдықтау тарифін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<