«Той көйлегімді тігуден бастадым»

522

0

Жалағаш ауданының тұрғыны Сымбат Тыныштықбай – «Бастау» жобасының биылғы түлегі. Карантинге байланысты жобаны онлайн оқыған жас кәсіпкер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Сымбат жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша тәмамдағанымен, жастайынан тігін тігуді жанына серік еткен. Ісмерліктің қыр-сырын Алматы қаласындағы арнайы курстан оқып, жұмысын өзінің той көйлегін тігуден бастады.

– Тігінмен кәсіби түрде айналысқым келді. Қазір ұзатылатын қыздар тарапынан қазақы нақыштағы киімдерге сұраныс өте көп. Осыны басшылыққа ала отырып, киімнің толық жиынтығын – тақия, сәукеле, қамзол, көйлегіне дейін тігіп жатырмын. Мұнымен шектеліп қалмай, қыз жасауын да қолға алдым. Тапсырысты әлеу­меттік желі арқылы қабылдап жатырмын, – деді «Үкілім» тігін шеберханасының иесі Сымбат Тыныштықбай.

Бүгінде еңбек етемін деген жанға кәсіптің түрі көп. Тауарларды саудалауға да жағдай жасалған. Сымбат та дайын өнімдерін әлеуметтік желі арқылы саудаға шығарады немесе жалға береді. Жас кәсіпкердің тағы бір өнері – өз қолымен соңғы үлгідегі сөмкелер тігіп, тоқиды. Алдағы уақытта білгенін жас қыздарға үйретуді де көздеп отыр.

– Әзірге кәсібімді үйден жүргізіп отырмын. Болашақта аудан орталығынан арнайы орын алып, кәсібімді дамытқым келеді. Мұнымен де шектелмей еліміздің өзге өңірінен филиалын ашуды жоспарлаудамын, – деді жалағаштық кәсіпкер.

Айта кетейік, биыл «Бастау» жобасы бойынша 2182 облыс тұрғыны онлайн оқытылып, олардың ішінде 777 азаматтың жобасы 443,5 млн теңгеге қаржыландырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<