Ұлт жәдігерін ұлықтаған шебер

253

0

Қарт Қаратаудың етегіндегі Қосүйеңкі ауылында халық аспаптарын жасаудың хас шебері Оспанхан Мұсаевтың қолынан шыққан домбыраға сұраныс жоғары. Әуелгіде шағын шеберхананың шырайын келтіріп, қолда бар дүниемен қамданған қосүйеңкілік шебер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алған.

Кеңестік кезеңнен «мұраға» қалған станоктарын, заман талабына сай жабдықталған аппараттармен жаңғыртты. Осылайша, кәсібін одан әрі дөңгелеткен шебер жаңа құрылғының көмегімен ағаштардың сан түрін миллиметріне дейін мінсіз жонып, тұтынушының талғамына сай ұлттық бұйым жасауда. Аспаптың ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады.

Жәдігер өнерге жан бітірген жігіттің ата-баба мұрасына қызығушылығы ақыры оны осы кәсіпке алып келді. Қазір шеберханасында қобыз бен домбыра ғана емес, кәдесый бұйымдарын дайындап, астау мен күбі, ер-тұрман шабады. Оның қолынан шыққан дүниелер қалалық, облыстық шеңберден асып, республикалық, халықаралық көрмелер төрінен орын тепті. Және өлмес өнердің қадірін танитындар тарапынан жақсы баға алды. Қу ағашқа жан бітірген Мұсаевтардың шеберлігі осы атыраптың әр адамына етене таныс.

– Мектепте еңбек технологиясынан дәріс бергенмін, жұмыстан тыс уақытта, үйімдегі шеберханада түрлі аспаптарды жасаймын. Тек музыкалық аспаптарды ғана емес, күнделікті тіршілікке қажетті тұрмыстық заттарды да жасап беремін, – дейді ол.

Қазіргі таңда қосүйеңкілік қолөнер шеберін республика таниды десек артық айтқандық емес. Сөзіміз дәлелді болсын. Астана төрінде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Қызылорда облысының мәдени күндері аясында 30-ға жуық домбырасын алып барды. Қосүйеңкіде жасалған қазақтың қара домбырасына шетелдіктер тарапынанда сұраныс жоғары болыпты. Мұны Оспанхан өзіне абырой санайды. Себебі, қашанда маңдай термен жасалған дүние, кісінің беделін биіктетеді деп сенеді.

Аудандық, облыстық, республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесінен бөлек, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында Біріккен Араб Әмірлігіне бару бақыты бұйырды. Сыр елінің хас шеберлері құрамына енген Оспанхан Махамбетұлы Дубай төрінде бір айға жуық, Қазақстанның БАӘ-дегі мәдени күндері аясында өз өнерін шетелдіктерге паш етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<