Ынтымақ ұясы

1165

0

1995 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Ширек ғасырдан бері ҚХА мемлекеттің дамуында шешуші рөл атқарушы бірегей институт екенін көрсетті. Елімізде ассамблея жұмысы қолға алынғалы ұлттар мен ұлыстардың татулығы, түрлі этностардың мәдениеті мен тіліне, дініне барлық жағдай жасалды, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның бір дәлелі Елбасы ассамблеяның кезекті сессиясының бірінде ел аумағындағы «Достық үйлерін» дамытудың тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырма беруі еді.

Бұл тапсырма 2014 жылдан бастап жүзеге асты.  Үкімет арнайы қаулы бекітіп, Қазақстан халқы ассамблеясының «Дос­тық үйлерін» дамыту тұжы­рым­дамасын қабылдады. Со­­­ған сәйкес барлық облыс ор­­­та­лықтары мен аудандарда «Достық үйлері» құрылып, оларға жан-жақты қолдау көр­сетіп, дамыту жұмыстарын жүргізе бастады. Содан бері жер-жерде ынтымақ ұясының есігі айқара ашылып, кейбір ай­мақтарда жеке ғимарат тұр­ғызылды.

Деректерге сүйенсек, 2013 жылы республикада 10 «Дос­тық үй» жұмыс істеген, оның то­ғызы – аймақтық, біреуі рес­публикалық мәртебеге ие. Қазір Қазақстанда он жеті об­лыстық «Достық үйі» бар, оның біреуі – республикалық мәр­ебеде. Қазақстанда алғашқы мұндай мекеме сонау 1992 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысының ор­талығы – Өскеменде ашыл­ған екен. Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес ал­ты аймақта Астана қала­сы және Атырау, Батыс Қа­зақ­­стан, Қа­рағанды, Қызыл­орда, Ақ­мо­ла, Жамбыл, Алматы, Маң­ғыстау облыстарында «Достық үйлерінің» маман­дан­дырылған жеке ғимарат­тары тұрғызылды. Мұны ашудағы басты мақсат – еліміздегі этникалық топ­тардың дәстүрлерін, тіл­дерін, мәдениетін сақтау, этнос­ара­лық толеранттылық пен қо­ғамдық келісімді қалып­тастыру, ассамблеяның мақ­саттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бір­лестіктердің күшін біріктіру.

Біздің өңірде «Достық үйі» 2015 жылдың желтоқсан айын­да ашылып, пайдалануға бе­рілді. Мекеме ғимараты бұ­рынғы «Алтынсарин» кино­театрында орналасқан. Ғима­рат 1967 жылы салынып, 2015 жылы қайта жаңғырту жұ­мыстарынан өтті. Ауданы – 3038,4 шаршы метр, барлығы 11 этномәдени бірлестіктің кабинеттері орналасқан, сонымен бірге музей, кітапхана, мәжіліс, концерт залдары, ме­диация, тілдерді оқыту каби­неттері, белсенді ұзақ өмір сүру және облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің орталығы, облыстық «Жаңғыру жолы» РЖҚ өңірлік штабына арналған кабинеттер және хореография студиясы бар. Концерттік залдың сыйымдылығы – 256 орын болса, мәжіліс залының сыйымдылығы – 70 орын.

Жуырда «Достық үйінің» ашыл­ғанына 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында  ынтымақ ұясында көптеген игі шаралар өткізілуде. Мәжіліс, концерт залдары қоғамдық бірлестіктер үшін диалог алаңы болды. Одан бөлек, мұнда этнос өкілдерінің қазақы мәдениетке жақындай түсуі үшін бар жағдай жасалған. Олар татулық пен бірлік үйінің музейіндегі қазақ халқының көне жәдігерлерімен таныса алады. Сонымен қатар, эт­номәдени бірлестіктердің тарихи қол еңбектері, киімдері мен музыкалық аспаптары да осында қойылған. Музейде қазір 68 экспонат сақтаулы. Облыстағы этномәдени бірлес­тіктердің мәдени күндері, әр этностың ұлттық мерекелері тұрақты түрде кеңінен аталып өтіледі. Бұл облыстағы барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүруіне, қоғамдық ке­лісімнің берік нығаюына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақстанда тұрып жатқан әр этностың өкілі келешек ұр­пақтың достығы мен кон­фес­сияаралық түсіністіктің қай­мағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысып келеді. Жалпы мұның барлығы Қазақстан халқы ассамблеясы ұстанған басты идеологияны – халықтар бірлігін нығайту, бейбітшіліктің іргесін қатайту, тұрақтылықты сақтау, ұлттар мен ұлыстарды бір арнада тоғыстырып, бір мақсат, бір мүдде жолында еңбекке ұйыстыруды ұстанады.  Бұл ретте татулықтың іргесі болған «Достық үйі» үдеден шығуда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<