Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор

716

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын міндеттер мен алдағы жоспарлар нақтыланды. Бұл орайда Сыр өңірінің ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын жұмыстар баршылық. Өңір экономикасында аграрлық саланың алатын орны айрықша екені белгілі. Жергілікті тұрғындардың елеулі бөлігі – жерден несібе терген қарапайым еңбек адамдары. Сондықтан аталған сала әрдайым мемлекет қолдауына ие болып, бұл бағытта нақты қамқорлық көрсетіліп келеді. Өңірдің аграрлық саласы заман талабына бейімделіп, алыс және жақын шетелге шығатын экспорт өнімдеріне ден қойды. Суды ысырапсыз пайдалану жүйесін жолға қою мақсатында әртараптандыру шаралары қолға алынды.

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановпен сұхбат барысында осы бағытта атқарылатын жұмыстар барысы таразыланып, алдағы мақсат-міндеттер әңгіме өзегіне айналды.

– Бахыт Дүйсенұлы, сөз басында Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын іс-шаралар жоспарына тоқтала кеткеніңіз артық болмас. Жолдауда айтылғандай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринария  жүйесін түбегейлі реформалау, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу, облыста «Қараөзек» су қоймасын салу бағытында қандай жұмыстар атқарылады?

– Жолдауда пандемиядан туындаған дағдарыстан кейінгі елімізді дамытудың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары назарға алынды. Әсіресе, ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені атап өтілді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен Жолдаудан туындайтын мақсат-міндеттерді саралайтын арнайы жиын өтті. Онда облыстың алдағы даму бағыттары айқындалып, бұл орайда аграрлық саладағы іс-шаралар жоспары да белгіленді.

Негізгі міндетіміз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған сәйкес, біз өңірде азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептеп, нақты қажеттілікті анықтау бағытында жұмыс жасаудамыз.

Бүгінгі таңда облыста тұрғындарға қажетті 29 негізгі азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету басты назарға алынған. Олардың арасында күріш, қызанақ, қияр, нан және тұз секілді өнімдермен өзімізді толық қамтамасыз ете аламыз. Ал, картоп, сәбіз және жылқы етін өндіру 60 процентті құрайды. Қырыққабат, пияз, сиыр еті, қызылша, бұрыш, қой еті, балық секілді өнімдер бойынша ол 20-60 процентті шамалайды. Қалған құс еті, жұмыртқа, бидай ұны, қарақұмық, макарон, сүт, айран, сары май, өсімдік май, қантты сырттан тасымалдауға мәжбүрміз.

Осыған байланысты азық-түлік қамтамасыз ету балансының негізінде өз өндірісімізді ұлғайтуды көздеп отырмыз. Алдағы 5 жылда бұл бағытта 56,1 млрд теңгені құрайтын 42 жоба іске асыру жоспарлануда.

Алдағы жылы өңірде өндірілмейтін азық-түлік тауарларын басқа аймақтардан сатып алу, тасымалдау, сақтауды жүзеге асыру үшін көтерме-тарату орталығын ашу жоспарлануда. Аталған жұмыстарды іске асыру өз кезегінде азық-түлік бағасының ұзақ мерзімге тұрақтылығы мен алқаптан сөреге дейін тауар айналымын қамтамасыз етіп, экспортқа жіберуге септігін тигізеді.

– Өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бұл бағытта тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Өңір басшылығы тарапынан нақты жұмыс жоспары бекітілген. Облыс орталығы мен аудандарда әлеуметтік дүкендер желісі халыққа қызмет көрсетеді.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1041,5 тонна өнім сақталып, төмен бағада сатылуда. Оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5, күріш – 96,1, қант – 235,4, макарон – 71,6, қарақұмық жармасы – 21,9 тонна.

Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорына қосымша 1000 тонна картоп, 200 тонна жуа, 100 тонна сәбіз, 50 тонна қырыққабат, 100 тонна күріш, 368 тонна қарақұмық жармасын және 306 тонна өсімдік майын сатып алу үшін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тиісті сатып алу шараларын жүргізуде.

Биылғы қуаңшылық салдарынан астық өндіруші елдерде, оның ішінде біздің елімізде де бидай өндіру көлемі азайып, жалпы ұн бағасының қымбаттауына алып келу қаупі бар. Сондықтан әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандырып, оның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қазір тұрақтандыру қорына қажетті ұн сатып алу, наубайханаларды арзандатылған ұнмен қамтамасыз ету бағытында қосымша шаралар қабылданатын болады.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тиімді шараларының бірі ретінде «айналым» схемасы бойынша кәсіпкерлер субъектілеріне заем беру механизмдері кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 15 кәсіпкерлік субъектісіне 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру мақсатында 943 млн теңге заем берді.

Тұрақтандыру қорының өнімдері «Байқоңыр» ӘКК қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және қосымша Қызылорда қаласында орналасқан 15 ірі супермаркетте нарықтағыдан төмен бағада ұсынылып, сатылуда.

Тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жақында елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында екі күнге созылған жәрмеңке барысында қызылордалық еңбеккерлер өздері дайындаған өнімдерін ұсынып қайтты. Жәрмеңкеге Сырдың диқандары мен кәсіпорындары 40 жүк автокөлігімен 400 тоннаға жуық өнім алып барды.

Ал, Қызылорда қаласында Шиелі ауданының еңбеккерлері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін бастады. Жәрмеңкеге 50 тоннадан астам ақталған күріш, 80 тонна картоп, 30 тонна пияз, 25 тонна сәбіз, 30 тонна көкөніс, 80 тонна бақша өнімдері, 10 тонна ет пен шұжық, 5 тонна балық, 3 тоннаға жуық нан және макарон, 1 тоннадан астам сүт және 15 тонна кондитер өнімдері жеткізілген.

Осындай жәрмеңкелер облыс орталығында жыл аяғына дейін ұйымдастырылатын болады.

– Кейінгі жылдары өңірде шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл түйткілді шешудің жолы қандай болмақ?

– Мал шаруашылығын дамыту үшін ең бастысы қажетті жем қоры болуы керек.

Бүгінгі күнге облыс бойынша 387 мың бас ірі қара, 845,4 мың бас уақ мал, 179,3 мың бас жылқы, 57,7 мың бас түйе тіркелген. Осы мал басын қыстан алып шығу үшін мамандардың есебі бойынша 770 мың тонна шөп, 213 мың тонна жем қажет.

Қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету үшін облыста жыл сайын малазықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайту шаралары қабылдануда. Биылғы жылдың өзінде малазықтық дақылдар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5425 гектарға ұлғайды. Нәтижесінде, биыл қыстайтын малға қажетті шөптің 240 мың тоннасы жоңышқа өндіру есебінен, қалғаны табиғи шөп дайындау есебінен қамтамасыз етілмек. Қажетті жем қоры 14 мың тонна малазықтық астық (бидай, арпа, сұлы, жүгері) өндіру, 115 мың тонна күріш жемін өндіру есебінен қамтамасыз етілсе, қалған көлем сырттан тасымалданбақ.

Арал өңіріндегі қуаңшылыққа байланысты облыс әкімі тиісті тапсырмалар беріп, жұмыстардың атқарылуын тікелей бақылауына алды. Осы ауданның бірқатар елді мекендерінде қуаңшылықтан әсіресе жылқы малы көтерем болып шығынға ұшырады.

Сырдария өзені деңгейінің кейінгі жылдардағы төмендеуінен көлдер мен суаттар біраз жерге дейін тартылып, жағасы батпаққа айналды. Суатқа барған көтерем мал батпақтан шыға алмай да шығынға ұшырады. Қуаңшылық салдарынан жыл басынан бүгінгі күнге 596 бас (208 бас ірі қара, 383 бас жылқы, 5 бас түйе) шығын тіркелді.

Арнайы жұмысшы тобы құрылып, ветеринария саласы мамандарымен бірлесіп шығын саны нақтыланды. Жануарлар ішетін судан және өлім-жітімге ұшыраған малдан сынамалар алынып, ветеринариялық зертханада зерттеліп, уланудан таза екендігі анықталды. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Осы кезеңде ауданның бірнеше елді мекенінде табан ауруына 26 бас түйе шалдықты. Клиникалық белгілеріне сәйкес ветеринария мамандары «некробактериоз» болжамды диагнозын қойды.

Ауру мал дереу оқшауланып, уақытылы тиісті емдік шара жүргізілді. Нәтижесінде ауырған малдың барлығы жазылып, жайылымға қосылды. Өлім-жітім тіркелмеді.

Арал ауданы аймағында жергілікті ауқымдағы, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл өз кезегінде жеткізіліп жатқан жем-шөп шығынын арзандатуға, көлдерге су құю, құдықтар қазуға, т.б шараларды дер кезінде атқаруға мүмкіндік берді. Осыған облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге қаржы бөлінді.

Қалыптасқан жағдайға байланысты көтерем малды сыртқа сату ұйымдастырылды және мал басын сақтап қалу үшін басқа өңірлерге уақытша жіберілді. Одан бөлек 450 бас жылқы көрші Ақтөбе облысының Шалқар ауданымен шектесетін тың аймақтарға (жайылымдарға) және 340 басы Қазалы ауданы Шәкен елді мекені жайылымдарына уақытша ауыстырылды. Бұл өз кезегінде мал шығынына қатысты жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Биылғы төлді қоса есептегенде және алдағы қыста даладағы барлық малды қолға ұстау қаупін ескере отырып, ауданға қажетті шөп көлемі төрт түлік мал басына, яғни 205,8 мың бас малға 180 күнге (1 қараша мен 1 мамыр аралығы) 185 мың тонна болып нақтыланды. Бүгінгі күні осы қажеттіліктің 125,9 мың тонна шөп және 2,7 мың тонна жем жеткізілді, тиісті жұмыстар жалғасуда. Осының ішінде, қайырымдылық көмек ретінде басқа өңірлер мен облыс аудандарынан 2387 отбасына 901,8 тонна шөп, 5377 отбасына 1331 тонна жем таратылды.

Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы солтүстік облыстардан арзандатылған 480 тонна бидай жеткізілді. Жалпы облыс бойынша биыл қыстайтын мал басына қажетті шөп көлемінің 102,9%-ы дайындалса, бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдары 98,8 мың тонна жем сатып алған.

Шаруашылықтар күріш сабанын жинау жұмыстарын да жүргізуде. Аудандардың мәліметтеріне сәйкес бүгінге 145,2 мың тонна күріш сабаны дайындалды. Жем-шөп қорын жасау әлі де жалғасуда.

Айта кететін мәселе, бұл биылғы қиыншылықтарға байланысты мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар – мал азығын дайындауға қажетті арзандатылған 3,8 мың тонна дизель отыны бөлінді және шаруашылық құрылымдарына мал азығын сатып алуға кеткен шығындарды субсидиялауға Үкімет резервінен 1,7 млрд теңге қаржы төленді.

– Жаңа өзіңіз атап өткендей биыл Арал ауданында қуаңшылық болды. Жайылымдық жер көлемі азайып, елдегілер біршама қиындық көрді. Алдағы уақытта осындай түйткілдерді шешу бағытында қандай жұмыстар қолға алынады?

– Рас, Сырдария өзенінде су мөлшері жылдан жылға төмендеп келеді. Биыл өңірде жауын-шашын аз түсті. Соның салдарынан Арал ауданында қуаңшылық болды. Ендігі кезекте жерасты су көзін тиімді пайдалану бойынша тиісті шаралар қабылданады. Облыстағы жайылымдық алқаптардың көлемі – 11,8 млн гектар. Мал шаруашылығын дамыту үшін шалғайда жатқан су көзін анықтау көзделген. Оларды өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға пайдалану үшін облыс аумағындағы су қондырғыларын түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде 2487 су қондырғысы анықталды. Оның ішінде орман қоры жерінде 426, қала және ауданның босалқы жерінде 942, елді мекендер жерінде 97, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерінде 1027 су қондырғысы орналасқан.

Былтыр орман қоры жеріндегі 197 су қондырғысы құжаттандырылған. Биыл босалқы жердегі 296 су қондырғысының техникалық құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Орман қоры аумағында орналасқан 9 құдық биыл қалпына келтіріледі.

Үкіметтің 10 жыл ішінде қосымша 50 млн гектарды айналымға енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігімен біріге отырып шалғайдағы жайылымдарды игеру, құдықтар мен ұңғымалар салу жөніндегі 2022-2030 жылдарға арналған жоспар жобасы әзірленуде. Осы жоспар аясында облыста құдықтар мен ұңғымаларды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданады.

Президент тапсырмасына сәйкес ауылдар маңындағы жайылымдар мен шабындықтардың сапалық жағдайы сарапталады. Оларды суландыру, қалпына келтіру кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Бұл ретте әр ауылдың маңындағы құдықтарын қалпына келтіру арқылы жайылымдарды жақсартудың жолдары белгіленеді. Кейінгі жылдары су тапшылығынан  жарамсыз болған шабындықтарды суландыру мүмкіндігін қарастырамыз.

Сонымен қатар, пайдаланылмай отырған жайылымдарды анықтау мен ол учаскелерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте космомониторинг мүмкіндігі барынша пайдаланылады. Қайтарылғандар ауыл тұрғындарының жеке малын жаятын  жайылым болмақ. Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын барынша пайдаланамыз. Осылайша жайылымдарды түбегейлі жақсарту, суландырудың барынша тиімді тәсілдерін қолданып (оның ішінде қолдан жауын-шашын жауғызу инновациялық әдістері де зерттелетін болады), жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту жұмыстары қолға алынады. 

Жалпы мал басын көбейту мен оның өнімділігінің артуына ветеринар мамандардың жүйелі жұмысы да өз әсерін тигізеді. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария  жүйесі түбегейлі реформаланады. Қазіргі таңда, тиісті ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуінің нәтижесінде, облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей эпизоотиялық тұрақтылық сақталып, мал басының өсімі артып отыр.

– Облыс аграрлы аймақ болғандықтан шаруалар үшін маңызды мәселені қозғасақ биыл Сырдария өзенінің деңгейі төмен болғанын білеміз, егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай болады?

– Табиғи құбылысқа байланысты, соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Сырдария өзенінің сулылығы «Тоқтағұл» су қоймасында судың жиналуымен тікелей  байланысты. Былтыр вегетациялық кезеңнің басында «Тоқтағұлда» су 2019 жылға қарағанда 2 млрд текше метрге аз болған. Ал, биылғы вегетациялық кезеңнің басында «Тоқтағұлда» бар болғаны 8,7 млрд текше метр жинақталған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз. Ал, 2019 жылмен салыстырғанда «Тоқтағұл» су қоймасының көлемі биыл 5 млрд текше метрге аз болды.

Осыған орай, биыл да су тапшылығы  қайталанып, тіпті күрделене түсті. Қалыптасқан жағдайдың алдын алу бойынша су шаруашылығы мекемелерінің аудан әкімдіктері, шаруашылық құрылымдарымен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде егілген дақылды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болды. Су тапшылығына байланысты, күріш егісінің көлемі қайта қаралып, 5,9 мың гектарға қысқартылып, 83,6 мың гектарға егілді. Оның орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріліп,  мал азықтық, майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 9,8 мың гектарға артты. Жалпы егіс көлемі 3,9 мың гектарға артып, 188,1 мың гектарға егілді. 

Су ресурстары комитеті мен облыс әкімдігінің вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу бойынша атқаратын бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Каналдар арқылы су алу режимінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылып, жедел шаралар қабылданды. Сонымен бірге шаруашылық құрылымдарына ішкі каналдар мен қашыртқыларды тазарту, су көзінен қашық немесе биік жерлерге егін екпеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Барлық магистральды және шаруашылықаралық каналдарға кезектестіріп су беру кестесі әзірленіп, күнделікті бақылауға алынды. Насос қондырғылары арқылы Қармақшы ауданындағы «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Құрайлы» каналына, Шиелі ауданындағы «Жаңашиелі» каналынан «Қамыстықақ» каналына, Қазалы ауданындағы «К-2-1» қашыртқысынан «Қазалы оң жаға» магистральды каналына су беру бойынша жұмыстар атқарылды.

Бұдан бөлек, қашыртқы суды қайта пайдалану үшін шаруашылықтар  93 насос қондырғы орнатты. Облыстық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғы сатып алу және  облыстық коммуналдық меншіктегі 69 шақырым болатын 10 каналды, республикалық бюджет есебінен 65 шақырым болатын 10 каналды тазалау, «Қызылорда», «Әйтек» су тораптарына жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Биыл егістікті сумен қамтамасыз етудегі қиыншылықтармен қоса экологиялық қажеттіліктерге су жіберу мәселесі күрделі болып отыр. Бүгінгі күні «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына  жіберіліп жатқан су көлемі  күрт төмендеп, секундына небәрі  30 текше метрді құрап отыр. Бұл өткен жылдың  осы кезеңімен салыстырғанда  45 текше метрге кем. Қазіргі кезде  облыс аумағындағы 207 көл 50 пайыз шамасында толса, 17 көл толық тартылған. Осыған байланысты, Үкімет басшысына Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша жоғарыдағы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерімен  келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныс бердік.

Атап өту керек, Арал ауданындағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру мақсатында біршама жұмыстар жүзеге асырылды.  Арал  ауданында қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланып, соның ішінде көлдер жүйесін сумен қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылданды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Аманөткел ауылының  тұсындағы өзеннің  «Бұрмақұлақ» су арнасы бөгеліп, Б.Өтемұратов қорынан 4,2 млн теңгеге ескі «Аспай» су ағытқысы қалпына келтірілді. Осының нәтижесінде 24 тамыздан бастап «Қулы», «Жасұлан», «Ақшақыз», «Аққойсойған» каналдары арқылы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесіне су түсе бастады. Қазір көлдер жүйесі суландырылып, экологиялық жағдайы жақсаруда.

– Мемлекет басшысы Жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жететінін атап өтті. Сонымен бірге, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу керектігін айтып, республика бойынша 9 су қоймасын салуды тапсырды. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылмақ?

– Республика аумағында салынатын  9 су қоймасының қатарына Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр тасқын су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасы енгізілген. «Қараөзек» су қоймасын салудың негізгі мақсаты – «Қараөзек» көлдер жүйесін және малазықтық база құру бойынша шабындық-жайылымдық алқаптарды және Қазалы, Арал аудандарының егістік жерлерін суландыру. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Келесі жылы құрылыс жұмыстары  басталады деп күтілуде.

«Әйтек» су торабынан төмен қарай  Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті  секундына 700 текше метр болса, қыста мұз ұстасу себебінен су өткізу қабілеті секундына  425 текше метрден аспайды. Су торабынан жоғары орналасқан аумақтарда су тасқынының алдын алу үшін, тасқын суды реттеудің бірден-бір амалы – өзен суын «Қараөзек» арнасы арқылы өткізу.

Жобаланатын су қоймасы  «Қараөзек» арнасы бойында үш каскадтан тұрады. Бұл арна «Әйтек» каналының бас құрылысы учаскесінен басталып,  Жосалы кентінің темір жол көпірінде аяқталады. Жүзеге асқанда 5,4  мың гектар суармалы жерді, 3,3 мың гектар көлдерді, 120,8 мың гектар шабындықтар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз етеді.

Жалпы Үлкен Арал теңізіне жыл сайын қайтарымсыз кететін суды және Сырдария өзені арқылы қыс мезгілінде 70 пайызы келетін суды облыс аумағында тиімді пайдалану жолдарын қарастыратын боламыз. Су тапшылығының алдын алу, су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану  бағытында Үкімет әзірлеп жатқан алдағы 5 жылға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына облыстың 237 су шаруашылығы жобасын енгізу бойынша ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін облыс аумағындағы  30 магистральды және шаруашылықаралық канал цифрландырылады. 2025 жылға қарай облыста 45 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілмек. Мысал ретінде биыл «РЗА» АҚ Қазалы ауданында 87 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жүгері егуді қолға алса, алдағы уақытта Шиелі ауданында жаңбырлатып суару арқылы 10 мың гектар жоңышқа, тамшылатып суару әдісімен Жаңақорған ауданында 3 мың гектар қызанақ егу жобалары іске асырылатын болады. Бұл арқылы су ресурстары неғұрлым ұтымды пайдаланылып, вегетациялық кезеңде оның тапшылығына жол берілмейді.  

– Мемлекет басшысының Жолдауында жер саласындағы ашықтықты, жер кадастрлық ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы деректердің бірыңғай ұлттық базасын құруды тапсырды. Осы бағытта қандай шаралар қабылданатын болады?

– Жер қатынастары саласын цифрландыру бойынша Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеуде. Осы жұмыстарды кезең-кезеңімен орындау бағытында облыстың Өңірлік геоақпараттық жүйесінің бірінші кезеңінде аймақтың бірыңғай картографиясы, геопорталдың платформасы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылды. Өңірлік геоақпараттық жүйе құру бағытында облыста 2021-2022 жылдары Қызылорда қаласы және оған іргелес елді мекендердің, ал 2023-2024 жылдары аудан орталықтары мен оларға қарасты ауылдық округтердің жер учаскелеріне түгендеу жүргізіледі. Нәтижесінде жер қатынастары саласындағы бюрократияны жою, жерді рәсімдеу процестерін жеңілдету мен ашықтығын қамтамасыз ету, жер саласындағы көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жолымен сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту шаралары қамтылады.

– Тағы бір айта кетерлігі, кейінгі уақытта субсидия мәселесі жиі көтеріліп келеді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асады?

– Мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланудың нәтижесінде аграрлық өндіріс тұрақты өсуде. Оған дәлел ретінде ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерінің өсімі жыл сайын артып келе жатқанын айтуға болады. Аталған қолдау дер уақытында жасалуда.

Биыл саланы қолдауға 13,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде егін шаруашылығын субсидиялауға 4,3 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 4,7 млрд теңге, инвестициялық субсидияға 2,1 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 2 млрд теңге және басқа да бағыттарға 0,6 млрд теңге қарастырылған. Дегенмен бүгінде мал басының басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың меншігінде. Тиісінше облыс бойынша өндірілетін еттің 81,7%-ы, сүттің 83,6%-ы жеке қожалықтар еншісінде. Алайда мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларында жеке қосалқы шаруашылықтарды субсидиялау жолдары қарастырылмаған.

Осы ретте Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударуды атап өтті. Оларға көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керектігі айтылды. Аталған заң жобасын қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің ұтымды пайдаланылуына, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдауға кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы іске қосу жоспарлануда. Ол жеке қосалқы шаруашылықтар, шағын фермерлерді азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттіліктерімен тік және көлденең кооперация тізбектері арқылы байланыстыруға мүмкіндік береді. Осыған орай, біз Жамбыл облысының «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасын іске асыру бойынша тәжірибесін зерттеуге назар аудармақпыз. Сол бойынша тиісті шаралар топтамасын енгізуге жұмыс жасаймыз. Бұл бағытта республикалық бюджетке 6,5 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.

Президент тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидия қаражатын талан-таражға жол бермеу мақсатында субсидиялау қағидаларын толықтай қарастырып, өзгерістер енгізу үшін тиісті ұсыныстарды орталық атқарушы органға әзірлеудеміз.

Әңгімелескен

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<