Жаңақорғанда жаңалық көп

539

0

Сейсенбі күні Жаңақорған ауданында баспасөз туры өтті. Аймақ тілшілері оңтүстік аудандағы түрлі кәсіпті жандандырған азаматтармен кездесіп, игілікті істеріне куә болды.

БАҚ өкілдері алдымен «7KZ Сыр табиғаты» ЖШС-на барды. 2017 жылы құрылған серіктестік аудан орталығындағы «Агроаймақ» маңынан 50 гектар жер алған. Облыс бойынша алғаш рет тұқым шаруашылығын ашып, жеміс көшеттерін дайындап келеді.

Жемістің өз дәнегі арқылы көшет өсіретін серіктестік меңгерушісі Амантай Сарбасовтың айтуынша, биыл 12 мың түп жеміс ағашын сатыпты. Оның ішінде алма, алмұрт, алхоры, өрік, шие және шабдалы бар.

– Жемістердің түрлі сорты жеткілікті. Сонымен қатар бақта декоротивті талдар мен аула гүлдерін өсіреміз. Қазір 10 гектар алма бағын күтімге алдық. Қосымша жылыжай салдық, жылына екі мәрте өнім жинаймыз. Мал шаруашылығымен де айналысамыз. Көліміз бар, құс та өсіреміз. Осы тіршіліктің арқасында 25-30 адамды жұмыспен қамтыдық, – дейді ол.

Нұрқанат жасаған әбзелдер

Бүгінде бұрынғы баба өнерін меңгергендер аз. Меңгергені былай тұрсын, білетіні де көп емес. Әсіресе, жылқы мініп өскен қазақтың қазіргі ұрпағы оның жасына қарай атауын не түсін анық айта алмайды. Үстіне жабар ер-тоқымы мен әбзелдері туралы сұраудың өзі артық шығар.

Жаңақорғандағы сапар барысында осы өнерді, дұрысы ат әбзелдерін дайындайтын Нұрқанат Тұрғанбектің шеберханасына бардық. Аудандағы аграрлы-техникалық колледждің түлегі жылқыға қажетті жабдықтың барлығын өзі жасайды.

– Бір ер-тоқымды жабдықтауға үш күн уақыт кетеді. Жасалуы мен сапасына әрі сәндеуіне қарай 40 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін бағаланатын ер-тоқым бар. Қажетті материалдарды көрші Түркістан облысынан аламыз. Ал дайын болған өнімді көтерме бағамен басқа қалаға жібереміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Бауырларыммен бірге қолдан жасаған ат әбзелдері өзге аймақтарда да сұранысқа ие. Кейде үлгермей жатамыз. Өйткені, сапаға қатты мән беремін. Жүрдім-бардым істеген дүние қандай да бір қажетке жарамаса, тұтынушының да ренжитіні анық, –дейді ол.

Түрлі көрмелерге қатысып жүрген Нұрқанаттың қолынан 50-ге жуық зат шығады. Атқа салар ердің өзінен бөлек, жүген, тартпа, қамшы сияқты керекті бұйымдар оның шағын шеберханасынан табылып тұр. 22 жасар жігіттің ұлт өнерін ұлықтаудағы шеберлігі бізді де қуантты.

Құрылысқа қажеттілер өзімізде бар

Екі жылдан бері құрылысқа қажетті тор шығаратын Сейдахмет Сарбасов төрт азаматты жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыспен жұмыс істейтін кәсіпкер арнайы құрылғы сатып алып, айына 5 тонна өнім шығарып келеді.

– Жобаның құны – 5 млн теңге. Жеңілдетілген несиемен Ресейдің Челябинск қаласынан арнайы автоматтандырылған станок алдық. Осында қондырып, тапсырыс бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, ұзындығы мен биіктігін келуші өзі айтса, дәл солай тоқып, қолына ұстатамыз. Станоктың өзіне тиесілі стандартталған сымы бар. Сол бойынша шикізатты Алматыдан алдыртамын. Биіктігі 50 см-ден 2 метрге дейін, ал ұзындығы 10 метр, яғни бір бумада осындай ұзындыққа дейін тор шығарады. Тапсырысқа қарай мұның бәрі. Күніне 200-250 метр тор дайындалады. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, өнім көлемін арттырғымыз келеді. Басты мақсатымыз да осы, – дейді кәсіпкер.

Аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлер осы өнімді алып келеді. Жаңақорған кенті сыртынан салынып жатқан құс шаруашылығының қоршауына да пайдаланған. Ауданнан бөлек, көрші Шиелі, Қызылорда қаласынан тапсырыс жиі беріледі. Өнім бағасы да тордың биіктігіне байланысты.

Былтырдан бері қосымша жиһаз жасаумен де айналысатын кәсіпкер 10 млн теңгені құрайтын заманауи құрал-жабдық алған. Мұнан өзге жасанды тоған жасап, балық өсірумен айналысады. Биыл күріштікте қалған шабақтарды осында төккен кәсіпкер келешек мұнда демалыс орнын ұйымдастырмақшы.

– Біздің дарияда қандай балық өмір сүреді, мұнда да сол балықтар. Айына бір рет бидайды суға әбден жібітіп, осында аудартып отырамын. Қосымша азық есебінде ғой. Тоғанда балық өсіру де өз қызығушылығыммен қолға алынған бастама, – дейді кәсіпкер.

Қыркеңседегі қарекет

Жаңақорғандағы Қыркеңсе ауылында «Бекарыс Агрофуд» ЖШС жұмыс істейді. Негізгі кәсібі – мал мен егін шаруашылығы. Мұнда 1000 басқа дейін бордақылауға болатын алаң салынған. Шаруашылық қосымша сойған малды тексерістен өткізетін зертхана, қасапхана, төрт тоңазытқыш камерасына арналған қосымша ғимарат та тұрғызыпты.

Сондай-ақ биыл 100 гектар күріш, 10 гектар жаңа жоңышқа еккен шаруашылық өз өнімдерін дер кезінде жинап алыпты. Алдағы жылға 60 гектар күздік бидай себу жұмыстарын жүргізуде.

Су тапшылығын сезінген серіктестік басшылары ауылға 4 құдық қазып берген. Төрт түліктің жайын әріден ойлаған олардың бұл игілікті ісіне ауыл тұрғындары қуана алғыс білдіріпті.

Айтпақшы, шаруашылық алдағы жылы құны 250 млн теңге болатын 5 мың бас асылтұқымды репрудукторлы қой шаруашылығын құруды жоспарлап отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<