Жылқышы Пернебек

662

0

Шиелілік Пернебек Аханов бала кезінен мал шаруашылығына жақын өсті. Әкесі Ахан ұзақ жылдар бойы қой өсірумен айналысты. Бұл шаруа екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ауыр еңбекке шыдамды жан ғана еңбектің жемісін жейді. Әкесінің қарбалас тіршіліктің қамымен әрдайым малдың қамын күйттеп жүретіні естен шықпайды.

2006 жылы үлкен істі қолға алып, жылқы шаруашылығына бет бұрды. Бертін келе, бұл шаруаның барлық қыр-сырын толықтай түсініп алды. Осылайша малдың басы да көбейіп, жайлау төсінің сәнін кіргізді.

– Ата-бабамыз жылқыны жоғары бағалаған емес пе?! Мен бала кезімнен бұл жануардың барлық қасиетін сезініп өстім. Одан алынатын өнімдерді дайындау жолдарын да жақсы білемін. Өзімнің жеке тіршілігімді бастауға байланысты таңдау тұрғанда жылқы шаруашылығын дамытуға көңіл бөлдім. Содан бері уақытпен санаспай еңбек етіп келемін. Тұтынушыларға ет және қымыз өнімдерін ұсынып жүрміз. Ауыл маңындағы арнайы орында тұрғындардың қымыз ішуіне мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, көпшілікті ет өнімдерімен қамтамасыз етеміз, – дейді ол.

Қазіргі таңда шаруа қожалығында 600-дей жылқы бар. Биыл мал төлдету науқаны да ойдағыдай өтті.

Баптай білсең, жер жомарт

Жайылма – қарбызымен қадірлі. Шілде айы туысымен жұрт осы ауылдың қарбызын іздей бастайды. Өйткені дәмі тіл үйіретін бақша өнімдері осы кездері жұрттың жеңсік асына айналып шыға келеді. Ауыл шаруалары биыл 600 гектарға жуық аумаққа бақша өнімдерін еккен. Мұндағы ірі шаруа қожалықтарының бірі – «Бектас» шаруашылығы өнімін ерте пісіріп, саудаға түсіргендер қатарында. Қожалық бригадирі, бағбандықпен айналысып келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болған Құрбанай Тұрсынбаев «Озат бақша өсіруші» номинациясымен марапатталды.

– Біздің жақта қарбыздың орташа өнімділігі әр гектардан 30 тонна. Өз басым өнімділік көрсеткішін гектарына 60 тоннаға дейін жеткіздім. Әрине, бұл жер жағдайына байланысты. Мысалы, Жамбыл облысының шаруалары 80 тоннаға дейін өнім алады екен. Бау-бақша өнімі тез сатылуы үшін бағасы орташа болғаны жақсы. Бірақ биыл су тапшылығынан қиындықтар болды. Сол кездері аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова біздің егіс басына арнайы келіп, жағдаймен танысып кеткен болатын. Ауыл шаруаларына су жеткізіп беруге өзі тікелей ықпал етіп, бүгін бағбанның еңбегін елеп, марапат беріп жатқан облыс әкіміне алғысым шексіз, – дейді ол.

«Бектас» шаруашылығының өзі биыл 40 гектар жерге қарбыз екті. Таудың таза суымен суғарылып, тың топырақта өніп шыққан өнімдер адам ағзасына да пайдалы. Сондықтан да болар, сонау ел шетінен көліктерімен келіп, Жайылманың қарбызын алып кетіп жатқандардың қара-құрасы биыл да көп болды.

– Тіпті, Ресейден келіп жатқандар бар. Егіс басынан 90 теңгеден сатылды. Бақша егудің тағы бір қиындығы – алушының уақытында келуі. Себебі бақша өнімінің өмірі 10-15-ақ күн. «баптай білсең, жер жомарт» деген бар ғой. Еңбек еткенге бақыт басын иеді, – дейді Құрбанай Тұрсынбаев.

Шаруасы шашаусыз қожалық

«Мал баққанға бітеді» деп бекер айтылмаса керек. Кейінгі жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесі көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті дала қазақтары да мүлт жібермеуге тырысады. Түрлі жеңілдікті жөнімен пайдаланып, кәсібін өркендеткен шаруа қожалықтарының бірі – Арал ауданы  Аралқұм ауылындағы «Жақсылық» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда оған жеке кәсіпкер Беркімбай Алпысбаев жетекшілік етеді.

Ол шаруа қожалығы ісін 2017 жылы бастаған. Негізінен мүйізді ірі қара, оның ішінде асылтұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіреді. Мал басы төлі есебінен көбейген жеке игіліктің тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады.

– Төрт жыл бұрын осы қожалықты аштым. Әкем де, оның әкесі де мал баққан адамдар. Атакәсіптен қол үзбеген әулетпіз десем болады. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп жүрміз. Бүгінгі таңда мал қыстату науқанына қызу кірісіп кеттік. Ендігі мақсатымыз – жауапты кезеңнен сыр бермей шығу, – дейді ол.

Азынаған саршұнақ аяздың қамын жайдары жазда күйттеген қожалық бұл тұрғыда барынша ыждағаттылық танытуда. Себебі, биылғы қуаңшылық, су тапшылығына байланысты қиындықтар шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүр етіп отыр. Қожалық жер жаңартып, Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылы аумағына көшкен.

– Қуаңшылыққа байланысты осындай амалдар жасап жатырмыз. Мемлекет тарапынан да қолдау болып жатыр. Жаз айларында тегін жем жеткізіп берді. Оған қоса жылына бір рет жем-шөпке берілетін субсидия алдық. Бүгін міне, еңбегімізді елеп, марапаттап жатыр. Облыс әкімдігіне көрсеткен қолдау үшін алғыс білдіремін, – дейді Беркімбай Алпысбаев.

Кәсіпкер «Алтын дән-2021» мерекелік шарасында «Озат бақташы» номинациясымен марапатталды.Бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Жақсылық» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз. Шаруашылық басшысы Беркімбай Алпысбаевтың бүгінгі қам-қарекеті қазақтың асылтұқымды ақбас сиырының бір кезде баршаға тараған даңқын қайта жаңғыртуға бағытталып жүргендей көрінеді.

Әділжан Үмбет,

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<