Кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы қандай?

447

0

Өткен жылы пандемияға ешкім дайын болған жоқ. Ол еңбек нарығына айтарлықтай әсер етті. Алайда, бұған қарамастан мемлекет бірқатар қолдау шараларын қарастырып, шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдіктер ұсынуда. Қазіргі ахуал қандай? Өзекті мәселе облыстық мәслихаттың «Кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының кеңейтілген  отырысында талқыланған болатын.

Маңызды шара кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы «Бизнеске арналған Үкімет» кеңсесінің жұмысымен танысудан басталды. Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысына ұласты. Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қылышбай Бисенов, Аида Әбибуллаева, Нұрболат Ибраев, Мағжан Ералиев бастаған депутаттар мен атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерінің және бірқатар қаржылық ұйым басшылары қатысты. Отырыста облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, облыста тіркелген кәсіпкерлердің саны – 55 738. Ал, жұмыс істеп тұрғандардың саны 49 671-ге жетіп, 7,3 процентке көбейген. Өңірде кейінгі 5 ай көлемінде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің 12,2 млрд теңгеге 1 287 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде 4,2 млрд теңгені құрайтын несие ауылдық елді мекендердің  жобасына бағытталып отыр.

– «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 8,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 780 жобасы субсидияланды. Берілген несиелердің 6,9 млрд теңгені құрайтын 430 жобасы тек Қызылорда қаласының үлесінде, қалған 2 млрд теңгенің 350 жобасы аудандарға тиесілі. Несие портфелі өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Басты себеп – өткен жылы бағдарламаға микрокредит беру құралы енгізіліп, банктердің микрокредитті онлайн форматта беру тәртібін іске қосуы. Бұдан бөлек, өткен жылы «2023 жылға дейін облысты экономикалық дамыту жоспары» қабылданып, бизнеске 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны іске асыру ұсынылған болатын. Оның 7 млрд теңгені құрайтын 89 жобасы іске асырылып, мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жоспар қайта өзектендіріліп, инвестициялық жобалар саны 400-ге дейін ұлғайтылды. Оның ішінде тек осы жылы инвестиция көлемі 13,8 млрд теңгені құрайтын 96 өнеркәсіп жобасын қаржыландыру көзделуде, – деді Фердоуси Қожабергенов.

Сонымен қатар басқарма басшысы пандемия тойханалар қызметіне тоқтау қойғанын да алға тартты. «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» аясында өңірдегі 128 тойхананың 16-сы қызметтерін өзге салаларға бағыттады. Айталық, Арал ауданында орналасқан «Ақниет», «Алмаз» тойханалары сауда нысанына, «Хан шатыр» асханаға, «Нұрсұлтан» мейрамханасы кондитерлік өнім өндіретін цехқа, Қармақшы ауданында орналасқан «Алтын Ғасыр» киім сататын сауда орталығына, «Мәлике Ана» балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехқа, «Мирас» құрылыс материалдары дүкеніне ауыстырылса, «Айқын» тойханасы құс шаруашылығына бейім­дел­ді. Сол секілді жұмыстар Қызылорда қала­сында да жүргізіліп, «Ұлытау» тойханасы шырын, сусын және «Orda» тойханасы автоматтандырылған лаваш шығару өнді­рістерін іске қосуда. Қазір мұндай жұ­мыстар барлық аудандарда жүргізілуде. Өн­діріс саласымен бірге тойхана иелері мал, құс шаруашылығымен де айналысуда. Осы ретте облыс әкімдігі тарапынан тойхана қызметінің бағытын ауыстыруға ниет біл­дірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орта­лығы арқылы жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Келесі кезекте облыстық кәсіпкерлер палата­сының директоры Ғалымбек Жақсы­лықов өткен жылы саланы дамыту үшін Үкі­мет салықтық ынталандырулар беріп, несие­лен­­діру аясын кеңейткенін айтты. Бизнесті жүр­гізу шарттарын одан әрі жеңіл­дету шаралары қабылданғаны және оны дамыту облыста жалғасын тауып жатқанын баяндады. Ал, «Қызыл­орда» өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ» ЖШС директоры Самат Ерниязов бүгінгі күні ауыл кәсіпкелерінің жалпы құны 660,5 млн теңгені құрайтын 136 жобасы мақұлданғанын жеткізді.

– Жобалардың 62 процентін мал шаруашылығы, 21 процентін қызмет көрсету саласы құрайды. Өңдеу өнеркәсібі саласында тек 5 жоба мақұлданған. Осы уақытқа дейін орталыққа әртүрлі көздерден 8 млрд, оның ішінде облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде 8,3 млрд теңгеге 1 927 бизнес-жоба қаржыландырылып, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Қаражаттың шамамен 11,3 проценті өңдеу өнеркәсібіне бағытталды, – деді Самат Ерниязов.

Жиында Үкімет тапсырмасына сәйкес, өңірде «Атамекен» кәсіпкерлер палатаcының қатысуымен жаңа микроқаржы ұйымы құрылып жатқаны айтылды. Мұндағы мақсат – «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтаған жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыру. Ол үшін Үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына өзгеріс жасап, бағдарламаға микрокредит беру құралын енгізді. Оған республика бойынша 22,5 млрд, оның ішінде Қызылорда облысына 1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, отырыс қорытындысында  депутаттар тарапынан сауалдар қойылды және саланы дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<