Еңбек ширатады, өмір үйретеді

610

0

Ол бала кезінде ойыншық жүк көліктерін жанынан тастамайтын. Үлкендердің «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына да «Осы көліктерді тізгіндеймін» деп жауап беретін. Кейіпкеріміз Медетхан Жанғабыловтың арманына әкесі қанат байлады. Ол әкесінің арқасында жүк көлігі мен автобусты тізгіндеуді үйренді.


Медетхан – Шиелі ауданының тумасы. Орта мектепті тәмам­дағаннан кейін Сарыөзек поли­гонындағы танк бригадасында әскер қатарында болған. Еңбек жолын қаланы көркейтуге атсалысқан «Қызылорда-Анкор» серіктестігінде бастаған. Мұнан соң «Құмкөл-ЭКО» серіктестігінде кен орнында жол талғамайтын көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ал қазір «Адем-Жан» ЖШС-да арнайы техниканың жүргізушісі қызметін атқарады. 10 жыл ішінде самосвал, кран-манипулятор қондырғысын және автомиксер-бетон тасығышты басқаруды үйренгенін айтады.


– Бұл жұмыс еңбек нарығында жоғары бағаланады. Себебі, құрылыс қай уақытта да қарқынды. Бірақ, арнайы көлікті айдау белгілі бір кәсіби дағдыларды қажет ететінін естен шығармау керек. Мұндай көліктерді істен шықса, жөндеуден өткізе білу, тілін табу маңызды. Оны таза әрі жарамды күйде ұстау керек. Алайда, жастардың көпшілігі бұл жұмысты ауырсынып, қашқақтайды. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болады. Осыны жастарға ұғындырсақ деймін, – дейді ол.


Қазір кейіпкеріміз жұмыс істейтін компания бетон қоспасын өндірумен айналысады және инертті материалдарды, соның ішінде қиыршық тасты, құмды және басқаларды тасымалдау бойынша қызметтер ұсынады.

Бұған дейін «Адем-Жан» серіктестігі «Болашақ» университеті кешенінің, «Сұлтан Плаза» қонақ үйінің, «Жібек жолы» сауда-ойын-сауық ор­та­лығының, «Тарлан» спорт кешенінің құрылысына және де «Әйтек» гидроқұрылысын қайта жаңартуға, Жалағаш ауданындағы көпір мен автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге атсалысқан. Мұнда Медетхан секілді еңбек адамдарының үлесі зор. Бұл ретте кейіпкеріміз ел арасында «Құрылыс басында болсаң, денсаулығыңды құр­тасың» деген түсініктің барын, бірақ керісінше өмір үйрететінін, мұндай еңбек адамды қайрайтынын, шынықтыра түсе­тінін айтты. Осылайша, бізге күнделікті тіршілігін ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Әрі қарай Медетхан құрылыс алаңына асығып, арнайы жүк көлігіне жайғасып, жүйтки жөнелді.


Мөлдір Қалымбет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<