
Күн өткен сайын көркіне көрік қосып, шырайы артып келетін қаламыздағы зәулім ғимараттар арасы енді әсем гүлдермен көмкерілуде. Қызылды-жасылды түске боялған петуния, стахис, тагетекс сияқты гүлдің түр-түрін кездестіреміз. Көздің жауын алатын мұндай өрнектеліп өрілген гүлдерді шаһардың орталық алаңынан бастап, Абай, Жібек жолы, Астана даңғылдарының бойынан күнде көріп жүрміз. Әсіресе, облыстық медициналық орталық жанында орнатылған қызғалдақ гүлі мен көбелектер сонау жерден көзге түседі. Түрлі-түсті майда гүлдер де біріктіріліп, үлкен себетке сыйып тұрған әсем дүние де еріксіз назарыңды аударады. Жалпы, біздің өңірдің климаттық ерекшелігіне сәйкес, кез келген өсімдік пен көшеттердің тез жерсініп кетуі екі талай. Алайда, ауа райының осындай қолайсыздығын сылтау етіп, қол қусырып қарап отыру да әбестікке жатады. Өйткені, дария жағасына орналасқан күрішті қаланы жасыл желекпен көмкеріп, гүлмен орау шаһардың шырайын одан сайын арттыра түсетініне ешкімнің дауы жоқ. Міне, мамандар осы жағын да ескеріп, Сыр елінің бас қаласын көркейтуде біршама жұмыстар жасауда. Дегенмен, мұндай әсем дүниелер қыстың қара суықты күндері мен қар-судың әсеріне қалай шыдас береді деген сауал да көкейімізге кілт ете қалды.

Біз қаладағы көркейту жұмыстарына байланысты мәліметтерді алу үшін тиісті мекеме басшыларын кездестіре алмадық. Шаһардың келбетін арттырудағы атқарылып жатқан шаруаларға қанша қаражат бөлінгенін білмейміз. Дегенмен, қала күні мерекесі қарсаңында өз ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Сіз қалай ойлайсыз? Аймақ ажарын аша түсетіндей тағы қандай жұмыстар жасалғанын көргіңіз келеді. Ой бөлісіңіз.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<