Әлеуетті Әбітай

208

0

(Автордың «авторын» ардақтау)

Сыр елінің майталман фотожурналисі Болат Омарәлиевтің түсірген кез келген суретіне көз тоқтатпай, сырғақтап өте алмайсың. Себебі оның қарауылға іліктірген кейіпкерінің түр-тұрпатынан өзгеше мінез көресің. Мінез болғанда, жай мінез емес, айғайлап, атойлап, тыпыршып, тынбай, үнемі арпалысқа түсетін мазасыз мінез. Ал сол кейіпкеріңнің өзі кейде суреттің сыртына шығып кетердей шиыршық атып тұрады. Тіпті кадрды тастап, тұра қашқысы келгендей кейіп танытады. Мәселен, мына суреттегі адамға асықпай аңдап қараңызшы. Бой-сойы келіскен, қарағай тектес қарасұр кісі әлдеқайда беттеп барады. Жай кетіп бара жатқан жоқ, айналасындағыларды шегірейген көзімен ішіп-жеп барады. Еңзегердей еркек. Алпамсадай азамат. Найзадай тіп-тік. Қоңқақ мұрынды, қыран қабақты. Жол-жөнекей жолыққан әлдекімдерге сынай көз тастап қояды. Өр. Өктем. Өзіне өте сенімді. Жан баласынан ықпайтын, ешқашан туын жықпайтын жігерлі жанның аяқ алысы бұл. Қашанда өзінікін жөн дейтін, соның дұрыстығына имандай иланатын, айтқан сөзін өмірі қайтып алмайтын қырсық-қыңыр кісілер ғана осылай жүрсе керек.

Қазақта «туысы бөлек» деген сөз бар. Сірә, бұл да бір туысы бөлек, екпіні ерек бірбеткей пенде болды. Біздің Қаратереңде Жұмахмет деген ер мұрынды, өткір көзді, жалпақ жауырынды, қаймана қазаққа қадірлі көкеміз болып еді. Сол кісінің бір тілеулес әрі табанды тергеуші тамыры қаншама жауапқа тартса да, әлдебір қанішердің қанқұйлы қылмысын мойындата алмай қойыпты. Адамның адамына иілмейтін безбүйрек біреу дейді. Тергеуші оны қанша жерден тақымға алса да, пысқырмайтын көрінеді. Қайта өзін мысқылдап, әбден зықысын шығарыпты. Содан бір күні «Кәне, анауыңмен мен сөйлесіп көрейінші», – депті Жұмахмет көкем. Әлгі тұтқын біздің шалдың қоңқайған дәу мұрнына самарқау ғана бір қарап қойып, бедірейіп отыра беріпті. Сол кезде Жұмахмет көкем үстел үстінде тұрған ауыр күлсалғыш па, әлде қолақпандай сағат па, әйтеуір сондай қомақты бірдеңені жұлып алып, «Әй, айтасың ба, жоқ па?», – деп аюдай ақырғанда, оқыс қимылдан орындығынан құлап түскен әлгі кісі намыстан жарыла жаздап, әбден ызаға булығып, қылмысын мойындап қойыпты десетін. Аңызға бергісіз әңгіме, әрине. Бірақ жалпы желісі ақиқаттан аса аулақ болмаса керек-ті. Мынау да сондай дүлейдің бірі болмасын өзі…

«Бұл өзі неғылған адам шынында да?» деген әуестікпен зер салдық Болат мырзаның осы бір біртүрлі суретіне. Автор оның Әбітай деген жездесі екенін жазыпты. Еркін сөйлеп, еркін жүретіндігін айтуды да ұмытпайды. Арнайылап анайы сөзге басқанда қазақтың кәдімгі қара өлеңінің үлгісіне салып, әдемілеп-әспеттейтінін айтып, тәттілеп-тәптіштейді. Біреу-міреуді боқтаса да, соның өзін көркем кестелеп, бейнелеп-бедерлеп жеткізетін көрінеді. Жойқын жездесі өзіне қарап аузын аша бергенде ол жерде көп аялдамай, жылыстап кететінін де жасырмайды. Ауыл-аймақты түгел отырғызып-тұрғызып жүрген Әбітай жездесін алыстан біраз аңдып, ақыры суретке түсіріп алғанын рахаттанып отырып риясыз баяндайды. Ең соңында «Қой, құрсын, күлкі қысып, осыдан артық жаза алмадым», – деп қыстыға түйіндейді.

Олай болса, Бөкең әбден күлкісін сарқып болғанша, біз жалғастырайық мұны енді. Жазбаның соңындағы комментарийлерден ұққанымыз, бұл кісі қазақтың айтулы ақыны Иран-Ғайыптың – Иранбек Оразбаевтың әкесі екен. Е, енді белгілі болды. Бірақ Болат ағам өз жазбасында бұл жөнінде тіс жармайды. Бәлкім, ұмытып кеткен шығар. Бәлкім, елдің бәріне белгілі ғой деп ойлаған болар. Ешкімнен именбей, азуын айға білеп, ақырып теңдік сұрап жүретін Иранбек ағамның да ноқтаға басы сыймайтын жігіт екенін жұртшылық жақсы біледі. «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге» дегендей, алашқа танымал ақынның өрлігі мен ерлігінің сыры тегінің мықтылығында жатқанына дау жоқ.

Бұл – жай Әбітай емес, әлеуетті Әбітай. Ұлттың құнарлы қасиетінің бәрін бойына сіңірген абыройлы ақсақал. Тарпаңдардың тектісі. Тектілердің тарпаңы. Еліне еркелеген адам. Алған әйелдерінің саны бір қолдың саусағынан асып кетеді. Еріккеннен әйел біткенге жаудай тимеген, әрине. Тағдыры мен тауқыметі соған мәжбүрлеген. Яғни, себебі болған, салдары да жоқ емес…

Иран-Ғайып өз шығармашылығында әкесінің бедерлі бейнесін көркемдеп кейіптеді. Оның болмыс-бітімін, кескін-келбетін, мінез-мәнерін поэзияның позасына салып, қара өлеңнің майлы бояуымен жазды. Бұл – жырмен жеткізілген портрет. Бір қарағанда өлеңмен өрнектелген очеркке ұқсайтын, балладаның элементтерін де бойына жинақтаған осынау шығармада әкенің де, баланың да мінез-құлқы көрініс тапқан. Екеуінің ұстаным-ұйғарымы, қарым-қатынасы, таным-түсінігі алыстан андағайлап тұр. Иранбек ағам әкесінің өз мәнерімен өзін іліп-шалып, өлеңін әдемі әзілмен өрнектейді:

Арғы түбін Абаймен қатыстырып,

Бергі түбін Кенемен атыстырып,

Сол иығын шор біткен ожар қозғап,

Жеті атасын алады шатыстырып.

Бірегей нағыз өмір егесінде,

Масыл қырым ет тәрк денесінде.

Мұз құрсанған жырадай жік-жік болып,

Қыртыстанған құйқасы төбесінде.

Әке балаға қашанда сыншы екені анық. Ұғымтал ұлының абыройы асып, шығармашылыққа шындап бет бұрған сәтінде Әбітай көкеміз Иранбек ағама: «Балам, ақынмын деп ауылға ат ойнақтатпа! Өз еліңе өзің қонақ болма», – депті. Белгілі ақын осы қағидаға барынша адал болуға тырысты. Сыр жұртына әріптестерін ертіп келсе, алдымен солардың жай-күйін көбірек ойлайды.

Әлеуетті Әбітай сөз өнеріне ден қойған өрендерше журфакқа немесе филфакқа түспей, политехникалық институтты бітіріп шыққан Иранбектің әжептәуір бастық болғанын қолай көрген сияқты. Ақын ағамыз әр жылдарда үлкенді-кішілі мекемелерде тәп-тәуір жауапты қызмет атқарғанымен бірыңғай бастық болудың жолына көшкен жоқ. Ал Әбітай көкемнің өзі бірталай адамды қалағанынша жуасытып-өргізетін ірілі-ұсақты қызметтің дәмін татқан сыңайлы. Иранбек ағамның өз сөзінің сорабына салсақ, «төрт кластық біліммен бастық болған» Әбітай қырманның да жұмысын дөңгеленткен, қарауылдың да шаруасын адал атқарып, ешкімнің аяғын қия бастырмаған.

Абайдың «Аттың сынының» үлгісіне салып, сөз ойнататын Иран-Ғайып әкесінің берекелі бет-пішінін де әдемілеп әспеттейді. Бұл тұрғыдан алғанда суретшінің әдейілеп салған пошым-портретінің өзі ақынның айтулы өлеңінен садаға кетсін? Қарашы енді…

Бұлшық еті бетінің бөлек-бөлек,

Астыңғы ерні түсіңкі көп өкпелеп.

Орақ тілді, жез таңдай, от ауызға,

Қоңқақ мұрны қонып тұр көмекке кеп.

Тарақ батпай бурыл шаш киізденіп,

Жұтқыншағы жұдырық жиі ізденіп.

Тыным таппай туғалы жаны сірі,

Алақан мен өкшесі мүйізденіп.

Әйгілі шайыр жоғарыдағы шумақтарында бірыңғай кесір шалдың кескін-келбетін кейіптесе, енді бір қайырғанда портрет пен психологияның иірімдеріне қатар үңіледі. Түр-әлпетті түгендеп болып, кейіпкерінің ішкі әлеміне көшеді («Жабы мойын, бедеу бел, қозы құрсақ, Қыран тоят, секемшіл, сезімі сақ»), одан әрі адуынды ақсақалдың ащылау мінез-құлқының тереңіне бойлайды («Жұмған аузын аштырмай желімдейді, Небір айтқыш заржақты сөзі құрсап»). Қаһарлы қарттың әрекет-әдебінің құбылмалылығы («Қарасұр, озық еңсе, олақ аяқ, Қатты кетіп, тез қайтар оңай аяп. Бірде жомарт, бірде мәрт, бірде нәмарт, Мінезді бере салған аямай-ақ»), серілігі мен перілігі («Қатын көрсе қарайды қиығынан, Қылық ұрлап мойнынан, иығынан. Кейбіріне жүрегі жібіп жазған, Кейбіріне жымиып миығынан»), көп әйел алғандығы («Тағдыр тауқыметіне шара бар ма?! Қожадан да қыз алған, қарадан да. Сұрай-сұрай шығады жезде болып, Аудан мен ауылдағы бар адамға»), ақиқаттың атасы өліп жатса, аттандап тұра келетіні («Ұстасқанда ұтылмас туымы нық, Жиналыста сөйлейді суырылып. Бедірейіп шындықты бетке айтады, Кемшін іске апшысы қуырылып») Иранбектің осы тағылымды толғауында асқан шеберлікпен бейнеленді. Қазақы ұғымның, ұлттық колориттің иісі аңқып тұр бұл өлеңнен. Әкесінің қадыр-қасиетін перзентінен артық кім білмек?! Білген күннің өзінде оны дәл Иранбекше тереңнен қозғап, жүректен тербеп кім айтпақ?!

Біздің бұл теріп алғанымыз портрет-өлеңнің кейбір тұстары ғана. Ал бұл толғаудағы Әбітай шалдың бедерлі бейнесін танытатын, төгіліп түскен тіркестерден көз сүрінеді. Несі бар, соған татитын кейіпкер. Сал-серінің жұрнағы. Көненің көзі. Өнегенің өзі. Тазы мен құс десе, делебесі қозады. Жылқы десе, жанын салады. Оспан болыстың «бұған қомсынып бере қоймаған қызын бір түнде алып қашқан» жүрек жұтқан жанкешті. Солай бола тұрса да, қаны қарайып, қаншырдай қатып қалатын шектен шыққан қатігез емес. «Ойындағысы орындалса, мақтау сүйетін ақынжанды, аңқылдақ адам» екені де рас. Жүрегі жұмсақ, жаны жұмбақ. Жұртқа жылуын да молынан себе алады. Айтпақшы, Иранбек ағамның қызы – Алтайы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Абай ауылын мекен еткен дәл осы шақар шалдың қолында өскен. Тәрбиесін көрген. Тәлімін алған. Атаның айбынын, әженің әдебін санасына сіңірген Алтайы қарындасым үшін Әбітайдан әйбат адам жоқ. Әлемдегі ең мейірбан жан – соның өзі. Бұлай болуы заңды да…

О баста туған ауылдың түзу ұшқан түтінін иіскеп, жұпар ауасын жұтқан Алтайы Оразбаева ғылым жолына түсті. Ғылым болғанда, өзгелер жаппай шарлаған жаттанды тақырыптарды шиырламай, ұлттық құндылықтарға ден қойды. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институтын зерттеді. Еуразия даласындағы көшпенділер өркениетін зерделеді. Қазір М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында қызмет істейді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қысқасы, бұл қыз да тегіне тартты…

Енді қыңыр қартқа қайта оралайық. Ақын ұлы оның жарқын жүзінен, бет бейнесінен кеңдік көреді. Жазық пен жырды, қырат пен қырды ұштастырып, соның бәрін әкесінің әдемі өң-келбетіне көшіріп, этнографиялық портрет жасайды. Міне, қараңыз:

Қаршыға көз, қысыңқы аңғалағы,

Жазық маңдай мегзейді маң даланы.

Кеудесі аяққаптай, кеңірдегі

Келсаптай –

Көрген кісі таңғалады.

Қаша біткен қасының қияғы ірі,

Қызы қонған қияға, ұяға – ұлы.

Күн батарда көш жерден естіледі,

Қытымыр қатқыл шыққан құяң үні.

Сол Әбітай үнемі ауылдағы бір ғана кісіге шашын алдырыпты. Басқаға сенбегендіктен емес. Басқаша себебі болғандықтан. Өйткені, оның бас терісі қатпар-қатпар, жол-жол, сай-сай, бұжыр-бұжыр екен. Баяғы Ескендірдің шашын күзеймін деп мүйізін көріп қоятын әйгілі шаштараз секілді әлеуетті Әбітайдың әптер-тәптер бас бітімін игеру өзге ешкімнің қолынан келмейтін көрінеді. Былайша айтқанда, басқаға ұқсамайтын адам. Басы да, шашы да ұқсамайды. Жүрісі де, тұрысы да ұқсамайды. Ұқсауды қажетсінбейді де. Қайтеді жұрттың әбден таптаған, сыпырып-сиырып кеткен сүрлеуімен жүріп? Ілгеріде кеңес кезеңінен іргемізді енді ғана ажыратып жатқан тұста «Аспан – шала, бұлт – шала, Табиғатқа ол да – сын. Адам – шала, ұлт – шала, Қоғам шала болғасын!», – деп жырлаған өзінің шайыр баласы секілді Әбітай да пенде атаулының бет-жүзіне қарамай, әр нәрсені өз атымен атайды. Адамға бұрылса, басын ғана бұрмайды, бүкіл денесімен бұрылады. Ықыласымен құлайды. Болмысымен беріледі. Қара сөздің хас шебері Асқар Сүлейменовтің тәуір көрген адамына ақсиып күліп тұрып, «фашист» деп бойтұмар тағатын әдеті бар еді. Сол фашистің біреуі оның жігерлі жездесі – Әбітай екенін ендігі сезіп отырған да боларсыз…

Азуы алты қарыс Иранбек ақынның:

Әкем үшін мін тағар маған да көп,

Кей қасақы: «Жиен бе, «жаман» ба?» деп.

Кезіккені сұрайды алдыменен:

«Қалай, бала, «жынды» әкең аман ба?!» –

деп тілін «безеп», термелетіп төбесіне көтерген әкесі Әбітай көкем 1980 жылы 25 шілде күні дүние салды. Өзі 1905 жылы туыпты. Құжат бойынша 1903 жылы туған делінеді. Бұл суретке жетпіс жастың маңайында түскен болуы мүмкін деп топшылаймыз. Бәлкім, бұрын… бәлкім, кейін… Бірақ анық-қанығын бір білсе, әкесін де, баласын да талай рет суретке тартқан Болат аға біледі…

Әкесі мен баласы демекші… Бірде әке – Александр Дюма театрға барып, бала – Александр Дюманың әлдебір пьесасын ықыластанып көріп отырады. Қасына жайғасқан көршісі оған: «Сіз тіпті тура осы пьесаның авторы секілді алақаныңыз жыртылардай қол соқтыңыз ғой!», – депті. Сонда әке – Дюма: «Мен – сол автордың авторымын!» – деген екен. Сол француздың атақты жазушысы айтқандай, біз де бүгін ұлт пен жұртқа пайдасы тиген қаншама туындыға автор болған арқалы ақынның нағыз «авторының» рухына құрмет көрсетіп қояйық дегенбіз де…

Ей, Әбітай, Әбітай, қадамына құт қонған қандай бақытты шал едіңіз?..

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Болат ОМАРӘЛИЕВ (фото)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<