Сырдың төрт қауыны

350

0

Рысбай Кәрімов 13 қыркүйек 1943 жылы Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылында туған. Еңбек жолын колхозшы болып бастаған. Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін бітіріп, «Таң» кеңшарындағы №118 мектепте мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. «Таң» кеңшарына қарайтын К.Маркс ауылдық кеңесінің хатшысы, өндіріс бригадирі, агроном болды. Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Аққұм» кеңшары партия комитетінің хатшысы, №15 кәсіптік-техникалық училищенің директоры, Жалағаш ауданы әкімдігінде бөлім бастығы, аудандық жер инспекторы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы қызметтерін атқарды. 1979 жылы өндірістен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алды. Кейін Бұқарбай батыр ауылдық округінің әкімі, Жалағаш кенті әкімі аппаратының бас маманы болып зейнет демалысына шықты.

«Елім деп соққан жүрегі», «Ржев қазанында қайнағандар», «Алаш арыстарының тауқыметті тағдырлары», «Ерлердің есімі ел есінде», «Өмірім – елімнің тарихы», «Жылдар, адамдар, тағдырлар», «Ағайынды Босшановтар» атты кітаптардың авторы. Республикалық, аймақтық және жергілікті баспасөз беттерінде 500-ден аса мақаласы жарық көрген.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жалағаш ауданының құрметті азаматы. Р.Кәрімов – ұзақ жылдан бері «Сыр бойы» газетінің тұрақты авторы.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамызды мерейтойымен құттықтап, тағы бір туындысын оқырман назарына ұсындық.

Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің құрамында қызмет атқаратын Рүстемнің ротасы 1964 жылдың мамыражай мамыр айының алғашқы түндері аяқтан тік тұрып, дабылмен көтеріліп, белгіленген уақытта қару-жарақ тұрағына жеткенде Литва елінің түнгі тұманды аспанынан күннің көзі жаңа көріне бастаған. Әскер өміріне төселіп, мерзімді үш жыл қызметтің екінші жылын бастаған бұл жігіт сақа жауынгер болып қалған еді. Өзіне бекітілген, ядролық қондырғы орнатылған МАЗ-502 көлігінде бұйрықты күтіп отыр. Кеше ғана Ұлы Жеңіс мерекесін бөлімде атап өту салтанатты сапында бөлім командирі, майдангер полковник А.Горкин оның әскери-саяси дайындықтағы, жауынгерлік мамандықты игерудегі жақсы жұмыстарын елеп, «Кеңес әскерінің үздік жауынгері» төсбелгісін және әскери ауыр күрделі көлікті жетік игергені үшін екінші сыныптағы жүргізуші куәлігін қаруластары алдында салтанатты жағдайда тапсырды.

Әдетте дабылмен көтерілген олар көлік құрал-жабдықтары мен бақылау-тексеру бекетінен өтіп, орман арасындағы №1 негізгі ұшу-ату алаңына жетіп, іске кірісетін. Бұл жолы жағдай басқаша. Дабыл тоқтатылып, тұрақ алаңында барлық жауынгерлік құрам сапқа тұрғызылып, бөлім командирі ұрыс жағдайына негізделген кезекті ядролық қондырғыны атып- сынау мақсатында ұзақ мерзімге іссапарға аттанатындарын айтты. Бұл оқу-жаттығуда бірнеше тіктұмсықтар Солтүстік мұзды мұхит аймағына, нақтырақ айтқанда Жаңа жер аралындағы ядролық сынақ алаңына атылады. Сондай-ақ, Бостандық аралынан жауынгерлік тапсырмаларды орындап қайтарылған ракеталар ядролық сынақ полигондарында жойып-жарылатынын, бұл тапсырмалар құпия түрде жүргізілетінін әскери тәртіппен қысқа да нұсқа да жеткізді.

– Бұл – ұлы Отанымыздың қауіпсіздігін қорғаудағы мемлекеттік тапсырма. Осы тапсырмаларды орындау жоғары жақтан біздің бөлімге жүктеліп отыр. Мен бұл жауапты тапсырманы бөлімнің бірінші құрамына орындауды бұйырдым. Іске сәт! Жиналыңдар, түнде «Жусалай» теміржол бекетінен аттанатын боласыңдар, – деді.

Олар іске кірісіп, сол түні үлкен әскери тіркеме жүріп кетті. Бағыттары – шығыс жақ. Бір апта жүріп Астрахань бағытындағы теміржол бойындағы шағын «Ахтуба бекетіне таң алдында жеткен тіркемесін шағын тепловоз даланы қуалай тартылған теміржолмен ұшы-қиыры жоқ, сүреңсіз сары далаға қарай тарта жөнелді.

Келесі күннің сәскесінде соңғы нүктеге жетіп тоқтады. Бұл соғыс жылдарында салынған алғашқы атом қаруларының түрлі қуаттағы қондырғылары сыналған Капустин Яр ядролық полигонның ауласы болатын.

Құрама палаткаларын тігіп, қондырғыларын орнатып, далалық әскери өмірін бастап кетті.

Күні-түні жатпай қырып-жоятын қаруларды қолдану және одан қорғанудың тәсілдерін игеріп, оқу-жаттығу жұмыстары соғыс жағдайына жақын түрде жүріп жатты.

Үздіксіз бір ай дайындықтан кейін бөлімше Мәскеуден келген мемлекеттік комиссияның алдында атып-сынау жаттығуын өткізді. Жаттығу өте жоғары деңгейде, көрсетілген регламентке сай өтіп, ядролық тіктұмсық арада отыз бес минут өткенде Жаңа жер аралындағы белгіленген нысанаға ауытқусыз дәл түсті.

Оқу-жаттығудың қорытындысымен Рүстем партия мүшелігіне кандидат болып, ата-анасына бөлім командирі Алғыс хат жолдап, еліне қысқа мерзімге демалыс берген.

Бұл мезгіл тамыз айының алғашқы күндері болатын. Әскери қызметте бір жарым жылдай болған ол әке-шешесі, туған-туыстарымен қауышып, мауқын басты. Санаулы күндері аяқталып, Жосалы стансасынан Сырдың төрт қауынын тор қапшыққа салып алып, «Алматы-Мәскеу» пойызымен Литва еліне жүріп кетті.

Ауылдағы әсері жастық шақтың қиялымен астасып келе жатқан Рүстемнің көңіл-күйі көтеріңкі болатын. Ұйып кеткен екен, түн ішінде купеге дабырлап кірген кісілердің даусынан оянды. Ірі денелі, орта жастағы полковникті екі төменгі шенді офицер қол жүгін көтеріп кіргізіп, бос тұрған төменгі орынға орналастырды. Үлкен шендіге сәт сапар тілеп, көрсеткен құрметтері аз болғандай бір шишаны ашып соғыстырып, қоштасты. Олардың іс-әрекеттерін бақылап жатқан Рүстем де тілге келіп:

– Жолдас полковник, бұл қандай қала? – деп сұрады.

– Бауырым, бұл – Саратов қаласы, – деп көңілді жауап берді полковник.

– Қайда барасың? – деп ол да сұрақты төтесінен қойды. Рүстем өзінің Литва ССР Каунас қаласында әскери қызмет атқаратынын, елінен кезекті демалыстан келе жатқанын айтқанда, полковник қуанып кетті.

– Өте жақсы, Мәскеуге дейін маған қызмет жасайсың, – деді.

Өзінің Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаратынын, іссапардан келе жатқанын айтып, әңгімелері жарасып кетті.

– Жарайды, солдат, демалайық жол ұзақ, ертең әңгімемізді жалғастырармыз, – деп ұйқыға кетті.

Ертеңіне жуынып-шайынып, ас ішуге кіріскенде полковник:

– Сен ана қалтаны аш, барын столға қой, – деп сыпайы бұйырды.

Қалта толы тағамның түрі: пісірілген тауық, шұжық, шошқаның салысы дейсің бе, т.б. тіскебасардың бәрі де осында екен.

Екінші жәшікте ішімдіктің небір түрі көз тартады. Осыларды көрген Рүстем «бұл кісінің іссапары жақсы өткен-ау» деп ойлады. Түнде жүзін дұрыс көре алмаған. Полковник жылы жүзді, әскери адамнан гөрі, дәрігерге не ғалым адамға ұқсайды екен.

Үстелге қойылған тағамдарды ала бастағанда қожайын:

– Ана армян коньягінен құй, деп бұйырды. Коньяк құятын шағын ыдыстың болмауынан Рүстем орыс стаканының ортасына дейін құйып үлкен кісінің алдына қойды.

– Неге өзіңе құймайсың? – деді ол.

– Жолдас полковник, мен ішпейтін едім.

– А как так, что ты за солдат?

Рүстем өз жағдайын айтып, ішімдікке жастайынан әуес болмағанын, оның үстіне дін жолын ұстаған әкесінің жат әдеттен аулақ болуын қалағандығын айтып, полковникке біраз мағлұмат бергенде ол да түсінгендей болды.

– Арақты, жалпы ішімдікті мұсылман халқы орыстардың атасының асы деп атайды. Менің өмірім әскерде өтіп келеді. Қызмет бабымен Ташкент, Самарқан, Душанбе, Ленинск, т.б. Орта Азия қалаларында болдым. Ол жақтың халқының әдет-ғұрыптарын жақсы білемін.

Біздің ұлы қолбасшымыз Суворов: «Орыс солдаты, моншадан кейін, бұтындағы шалбарыңды сатып жүз грам іш» деген. Іссапардан көтеріңкі көңіл-күйде келе жатқан соң, аздап алып жатқаным ғой. Бізде мұндай мүмкіндік бола бермейді, ар жағын өзің түсінесің ғой, – деді.

Полковник біздің өңірде қызмет атқарған жылдары Сырдариядан балық аулағандарын, киік етінен қуырдақ жасағандарын, қызықты әңгімелерін айтып, ертеңіне түс ауа Мәскеуге де жеттік.

Сыртқа шығуға жиналып, жүк салғышты ашқанда қауындарға көзі түсті.

– Да, это – действительно қауын, – деді.

Біздің аймақта қызмет атқарған жылдары Сыр бойының қауынын Мәскеуге ала келетінінен, достарына сыйға тарататынынан біраз хабардар етіп, «бір қауыныңды сат» деп қолқа салады. Рүстем де дәмдес болған үлкен шендінің көңілін қимай, бір қауынын берді. Ол балаша қуанып, рахметін жаудырып қоштасты.

 Рүстем Қазан вокзалынан метроға отырып Беларусь вокзалына жетіп, жол құжаттарын реттеп, перронға шықты. «Мәскеу-Калининград» пойызының жүруіне әлі біраз уақыт бар. Шеткі орындықтардың бірінде жолаушыларға көз салып отыр. Төрт-бес кісінің қолпаштауымен өтіп бара жатқан орта жастағы келісімі келген әйел мұның жанына келгенде кілт тоқтап:

– Жас жігіт, мына қауын қай жерден? – демесі бар ма…

Қасындағы кісілердің де назары Рүстемге ауғанда қысылып, аузына сөз түспей:

– Қазақстан, Қызылорда облысының қауыны, – дегенде әлгі әйел қасындағыларға қарап:

– Василий Иванович, мен Орта Азия республикаларында Бұқара, Ферғана, Чаржау, т.б. жерлерде ғылыми жұмысыма байланысты жиі болып жүрдім. Солардың ішінде Сырдария өзенінің жағалауындағы алқаптарда егілетін қауын биологиялық жағынан таза, сақтауға, тасымалдауға төзімді келеді. Егер мына жігіт бір қауынын сатса, форумға қатысушыларға біздің елдің тамақ өнеркәсібінің игерілмей жатқан мүмкіндіктерін баяндар едім, – деді.

Әлгі Василий Иванович те бұл кісінің үлкен ғалым екенін, шетелге халықаралық форумға өз саласы бойынша кетіп бара жатқанын айтып, апайдың тілегін орындауды өтінді. Мен Сыр қауыны атына айтылған мақтауды естіп, біреуін ұсындым. Олар іздегені көктен табылғандай, алғыс айтып, қолымды қайта-қайта қысып қоштасты.

Пойыз купесіне жайғасып, ыстық пен қапырықтан бой жазып, жеңіл киініп демалып отырғанда улап-шулап, сықылықтап, баса-көктеп үш қыз кіріп келді. Ұзын бойлы, үрпек шашты сары қыз белсенділік көрсетіп, жарықты жағып, бірден билеп-төстей бастады.

Батылдығы сондай жеңіл жапқышпен жатқан Рүстемге төніп келіп, ер адам екенін білді де:

– Жас жігіт, тұр, далаға шығыңыз, біз киінейік, – деп бұйырды.

Рүстем орнынан тұрып сәлемдесіп, сыртқа беттей бергенде, оның өзге ұлт екенін біліп:

– Ирина, тут твой земляк, – деді. Қанша уақыт тұрарын бір Құдайдың өзі білсін, әлгі үрпек шашты сары қыз «кіре беруіңе болады» дегенде жүрегі дүрсілдеп ішке енген еді.

Бұрын-соңды мұндай ортада болмаған. Төсегіне жантая бергенде әлгі қыз:

– Жігітім, мұның болмайды, танысамыз, – деп таныстыруды өздерінен бастады.

– Біз – Минск медицина институтының соңғы курсының студенттеріміз. Мәскеудің №1 медицина институтында өндірістік практикадан өтіп, қайтып барамыз.

Рүстем де өзін таныстырып, қазақ екенін, Каунас қаласында әскери қызмет атқаратындығын, демалысы аяқталып қайтып келе жатқанын айтты.

– О, сіздің жерлесіңіз, біздің сүйікті құрбымыз, оқу озаты, бес минутсыз дәрігер Ирина Есеновна Айнакулова, – деп таныстырды. Жүрегі атша тулап, бірден Иринаның жүзіне қарай алмады. Сәлден кейін назар салғанда ауылдағы қаракөз қарындастарды көргендей болды. Ол да Рүстемге қарап отыр екен.

Бұл екі жыл жұмыс өтілімен оқуға түскен бойда күріш орақтан келген соң, әскерге шұғыл түрде шақырылып кеткен еді. Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түскенде осы қыздар сияқты жоғары білім алып, маман болып шығатын. Рүстемнің ойын «Солдат, тамақтанамыз» деген қыздардың әмірі бұзып жіберді. Барын столдың үстіне қойған қыздар ауқаттануға кірісті. Жігіт қарны ашып отырса да сыпайылық сақтап ауыз тиді. Астың орны жиналған соң сары қыз:

– Ал жерлестер, өздерің оңаша отырып танысыңдар. Біз көршілес купедегі қыздарымызға кеттік, – деп екеуін оңаша тастап кетті. Қысылып отырғанын сезген Ирина өзін таныстырудан бастады:

– Әкем Айнақұлов Есен – соғысқа қатысқан, Жамбыл облысының қазағы. Әскери дәрігер, шешем Валентина Николаевна Иванова – ол да әскери госпитальдарда дәрігер болып қызмет атқарған. Кейіннен әкем Минскідегі әскери госпитальда бөлім меңгерушісі, подполковник шенінде қызмет атқарып жүргенде кенеттен қайтыс болды. Анамыз бізді тәрбиелеп өсірді, ер жеткізді. Үлкен әпкем медицина институтын бітіріп, беларусь жігітіне тұрмысқа шықты. Олар Витебск қаласында тұрады.

Мен – өзің білетіндей, болашақ дәрігермін. Інім Алексейдің қазақша аты – Алихан. Әкем оны солай атайтын. Минск политехникалық институтының екінші курсында оқиды. Әкем еңбек демалысын алғанда, бізді ертіп Жамбыл қаласындағы туыстарының үйіне барып, қыдырып қайтатын едік. Ол өзі балалар үйінде өскендіктен бе, өте бауырмал, балажан болатын. Зейнет демалысына шыққаннан кейін «елге, Қазақстанға кетеміз, сені қазақ жігітіне күйеуге беремін, Алиханды да қазақ қызына үйлендіремін» деп жүретін. Бізді сол өмірге дайындады. Қазақша үйретуге тырысатын, қазақша кітаптар оқытып жүретін. «Бұл – менің сендерге тапсырған аманатым, орындауға тиіссіңдер» дейтін.

Рүстем мектеп бітіргеннен кейін Н.Хрущевтің өндірісте қалу талабына сай жұмыс атқарғанын, педогогикалық институтқа түскенін, одан әскерге шақырылғанын айтты. Ирина төбеден түскендей:

– Бұл Хрущев алып елді аласапыранға түсірді. Өзім білемін, өзім шешемін деп ел басқарды. Соғыстың аяқталғанына көп уақыт болған жоқ. Кеңес халқы төрт жылға созылған соғыстан орасан зор зардап шекті. Ел экономикасын, білімі мен ғылымын дамытатын болашақ кадрлардың тамырына балта шапты, оларды тежеді. Оның бұл қатесін тарих ұмытпайды. Ел соғыссыз жағдайда азық-түлік карточкасына көшті. Экономикада тұрақтылық пен өрлеу жоқ, – дегенде оның батырлығы мен батылдығына таңғалды.

Әңгіме арасында қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сұраумен болды. Рүстем батылдыққа барып:

– Әкеңнің «қазақ жігітіне тұрмысқа шығасың» деген аманатына қалай қарайсың? – деп сұрады.

– Өзіңдей жігіт болса неге шықпасқа? – деді қыз.

Жүйрік пойыз Минск қаласына келіп тоқтағанда көтеріңкі көңіл күйде келе жатқан қыздар пойыздан түсіп, ата-аналарымен қауышып, мәре-сәре болып жатты.

Иринаның қол жүгін көтеріп келе жатқанда бұларға орта бойлы, толық денелі әйел қасында ұзын бойлы бозбаламен бірге вагонға жақындады. Қыз бар дүниені ұмытып әйелге «мама»  деп мойнынан құшақтағанда, әскерге аттанып бара жатып анасын тап осылай құшақтап сүйгені, «аман барып, сау қайт» деген тілегі ойына еріксіз оралған еді. Көптен бері сағынған қызымен қауышқан жеңгей өз-өзіне келіп:

– Кешіріңіз, мен Иринаның мамасы Валентина Николаевна Айнақұлова боламын, – деді.

– Маған сіз туралы Ирина айтқан деп, – жігіт ауыр жүк иығынан түскендей болды.

– Мама, сізге телефон арқылы айтқан жігітім осы, аты Рүстем, ал мына жігіт Алихан-Алексей деп қысқаша таныстырып өтті. Бұл да өзі туралы деректерден хабардар етіп, Қызылорда облысынан екенін айтты. Валентина Николаевна:

 – О, Қызылорда – қауынның отаны ғой, біз Есен еңбек демалысын алғанда, оның еліне балаларымызды алып, қыдырып қайтушы едік. Қайтарда Қызылордадан қауын алып келетінбіз. Келгесін достарымызға, көршілерімізге беретін едік, – деп өткен күнді еске алды.

Купедегі қауыны есіне түскен Рүстем вагонына жүгіріп барып, біреуін әкеліп Валентина Николаевнаға берді. Ол кісі балаша қуанды.

Бар болғаны бір тәулікке жетпейтін уақытта көңілі астан-кестең болып, жалғыз қауынын алып бөлімге жетті. Арада аз уақыт өткенде Иринадан хат келді. Орыстың бай тілімен тасқа басқандай жазылған хаттан көп нәрсені аңғаруға болатын. Бұл амандығы, қызметі жайлы жауап жазды. Кейін шабыттанған, желіккен көңілін ақылға жеңдіріп, хатты үзе бастады. Соңғы хатты алғанда бәріне көзі жеткен Ирина Минск қаласындағы жоғары командалық әскери әуе қорғаныс училищесін бітірген қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын, ол Түркістан әскери округіне қызметке жолдама алғанын жазыпты. Рүстем де бойында қазақтың қаны бар, шетте туып, шетте өскен қаршадай қазақ қызының, әке аманатын орындаған Ирина Есенқызының ерлігіне риза болып, бақыт тілеп, хат жолдады. Бұл 1965 жылдың тамыз айы еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<