Жолдың қысқасы, ұзағы болады. Жолдың дұрысы мен жалғаны, тігі мен бұлтарысы бары да мол. Жолдың қиыны, жеңілі бар, ашығы мен күңгіртіде. Жолдың сәттісі, сәтсізі, бір күндігі, апталығы, айлығы мен жылдығы да бар. Жол, жол, жол… Айтып, тауысу мүмкін емес. Есіктен шықсаң жолға кіресің. Үйге оралсаң жолдан түсесің. Онда жолдың мәні зор болғаны да.
Егер осы жол Алланың қолдауымен, әке-шеше тілеуімен, ананың құрсағында басталса ше? Бабалардан қалған дарқан даланың игілігі мол бұрышы, өзек пен айдын-шалқар көл ортасындағы саялы, берекелі дөңесте орын тепкен шағын ауылда жалғасса ше? Егер сол жол ананың ақ сүтімен қоса қасиетті бабалар өнегесін қоса сіңірген балғын шақпен ашылса ше?
Бұл жолмен кім жүріп, кім өтпеген? Сол жолда олар нені көріп, нені тамашаламады, неден алыстап, неден шошып, неден жиренді? Кейінгіні қалай сақтандырды? Соңындағыға не қалдырды?
Ғаламдағы бар жан ішіндегі ең жақыны мен қымбаттысы ата-анаңның ақылын естисің жол басында. «Бұлай істесең елден ұят болады», «Мұныңды жұрт көрсе не дейді, балам», «Бұл мінезден қашық бол, жұрт күледі», «Өтірік айтпа, балам», деп еді ғой сол ардақтыларың. Ұрыспай, күле қарап, жәйлап айтқан осы салмақты сөздер әрдайым жаныңнан табылды ғой. Әлде, сол уақта сен өзің де ақыл-кеңеске шөліркеп асылдарыңнан осыны күтіп пе ең? Болмаса, бұл ата-аналарың арқылы саған Алланың берген алғашқы сый ма еді? Түрлі теріс істен сақтайды екен сол сөздер, сондықтан болар олардың әлі жадыңда, санаңда мызғымай жатуы.
Осындай тәрбие, түпкі өнегесі мығым, терең адам бүкіл болмысында жағымсыз іске араласпай, бастапқы ұстанымына қайшы келер істерге маңайламай, қайсарлық пен шыдамдылық, байсалдылық байқатады. Мұны талайы көрген. Текті азамат деп жатады. Шамасы, осы жағымды сөз зерделі ата-бабасынан игілігі мол, өнегелі тәлім-тәрбие алған азаматтарды бағамдайды. Демек, тектілік тұқым қуалайды. Жастайынан санасына жағымды өнеге сіңіп қалған адамдар кейін де сол қасиетті ұстаным құшағынан шыға алмай, теріс қимылдарға көнбейтіні содан болар. Өйткені, бұрыс, жағымсыз істерге оларды сол тектілік босатпайды, жібермейді, қорғайды. Сондай азаматтармен қатар жүру ол да Ұлы Құдіреттің берген сыйы. Болмыс сыры мен қырын терең сезіне бастайсың, көрген, кезіккен, куә болған оң өнегені пайдалануға, қолдануға, таратуға ұмтыласың. Айналаңа көз салсаң осындай текті азаматтарды көріп, тануға әбден болады.
Ертеде қала түбіндегі ауылда болғанды еске салайын. Жоғары оқу орнын кеше бітірген жас маман басшыға өтінішін білдіріпті. «Қалада тұратын, бірақ, далаға үйренген қарт ата-анамды қолыма алғым келеді, салынып жатқан екі отбасылық пәтерді кең бір үйлік етіп беріңіз» деп. Айта кету керек сол уақыттың өзінде де күрделі іс. Кезекте қанша отбасы күтіп тұр? Басшы көп ойланбастан бірден келісімін беріпті жақында ғана жұмысқа тұрған жас маманға. Қандай ірілік десеңізші! Әлде, тегеурінді басшыны жас жігіттің ата-анамды қолыма алайын дегені қатты риза етті ме екен? Қалай болғанда да сол ауыл басшысының бұл мықтылығы мен тектілігі. Мен осыны сол кезде өз көзіммен көрген едім. Түсінер, бағалар болсақ, осы керемет өмірлік тәрбие мен өнеге емес деп айта аламыз ба?! Осындай жақсылықты өз басымен көріп сезген сол жас маман кейін өзгеден көрген айрықша жақсылықты жанындағыға, айналасындағыларға жасауға бейім тұрады емес пе?
Жолдың алғы шетінде болымды азамат осындай мықтылық, ірілік, тектілік байқатып өмірі алда жасқа жақсылық үйіріпті. Сол жолдың тағы бір тұсында екінші басшы азаматты қызметке алу үшін мол қаржы талап етіп, шатаққа ұрынып, істі болып жататын көрінеді. Кейде ойлайсың, сол ғаріптер осындай пәс қимылға неден азар көріп барды екен деп. Әлде, соларға ата-анасы жас кезінде: «Балам, өзгенің ала жібін аттама, біреуге қиянат жасама» деп айтпаған-ау, шамасы! Иә, бұлардың мол зиянымен қатар, әжептәуір пайдасы да бар екен-ау! Осы пейілдері тар, аласа, тек өз қамы үшін барын салатын пенделерді тағдыр жолықтырып, ел алдында әшкерелеуі, өнегелі, текті азаматтар көтерілген шыңды одан сайын биіктетіп, одан сайын оқшауландырып, одан сайын аспандата көрсету үшін ортаға салатын сияқты.
Ата-анаңнан соң түбегейлі білім алудың жолы білім ордалары. Қаншама уақыт өткенмен әлі жадымда өнегесі биік, білімі терең, сөздері алтын қадірлі ұстаздарым. Жүріс-тұрысы, іс-қимылдары, жанымыздағы жағдайы төмен достарымызға жасаған олардың кең пейілді көмектері есімізде. Оқу орнында жас азамат жастықтың қызығына ұрынып, түрлі жеңіл істерге баратыны белгілі. Мұндайда ол түпкілікті мақсатынан біршама алыстап, тек сол сәттегі уақытша қызыққа бой ұрып, негізгі межені ойдан шығарып алады екен. Біразы осы мінезге ұрыншақ. Өмір бір-ақ рет беріледі, соны барынша пайдалану керек деп ойлайды. Арасында шамалысы ғана басында қойған мақсаттан бұрылмай, таймай, күнделікті тірлігін соған мығым бағындырып, тыңғылықты істер атқара біледі. Мұның негізінде сол талаптыларда терең білім шоғырланады. Сөйтіп олар бастауыш күш пен тіреуге айналады.
Сонау жылдар, шамасы, шыбынға жайлы болды-ау, көбейіп кетіпті. Оларды қолдан жасалған резеңке ұрғышпен сабалап жүрмін үй ішінде. Көрпеше үстінде қисайып жатқан әкем жақтырмай: «Неге далаға шығарып жібермейсің оларды, балам» дейді ғой. Қазір интернеттен көріп қаламын, өркениетті елдерде есік алдындағы итіне дұрыс қарамаған, ашықтырған, қинаған иесін бес-алты жылға бас бостандығынан сот арқылы айырады екен. Онда сол мемлекеттерде адамның бәсі қандай болды екен? Шамасы, сол ел адамдарының жүрегі менің иманды болғыр марқұм әкем жүрегіне ұқсағаны-ау! Қазір, ардақты әкемнің айтқандары есіме түссе үйге кірген бірлі-жарым шыбынды терезені ашып, шығарып жіберемін. Бірақ, шыбынға жайлы, жұмсақ болғанмен, жөн-жосығы пәс пенделерге аса жайлымын деп айта алмаймын.
Жақында дәрігерлер ортасына түсіп қалдым. Жүрегі сыр бергендер көбейді, асқазаны ауыратындар азайды дейді. Неге бұлай болды екен? Адамды адамға жақындататын жүрек емес пе? Барша оңды тірлікті жасау үшін адамның бар көңілі мен ойын бір арнаға салып, оның барша игілікті қабілетін биік мақсат үшін жұмылдыратын да жүрек емес пе? Жақсы көру мен жан ашу, көмектесу мен болысу, пікірлесу мен ойласу, жақындасу мен араласу, табысу мен біріктіру емес пе жүректің түпкі міндеттері? Соны жасаған сайын жүрек рахаттана, күшейе, шыныға түспей ме? Сірә, солай болмаған-ау! Әйтпесе, жаңа тізбектеп көрсеткен жүректің міндеттері қажет болмай қалды ма екен? Әлде, осы басты міндеттерді орындауға мықты кедергі шықты ма? Кешеге дейін асқазаны ауыратындар мол еді ғой. Асқазанға қай жағынан жеңілдік туыпты? Әлде, жүрекке салмақ түсірмейтін, оны айтасың, тіпті қажет етпей былай ысыра салатын оп-оңай алыс-берістің екпіні күшейіп кетті ме екен? Сөйтіп, жүрек тасада қалды ма, елеусіз болды ма, қиянат көрді ме? Көп ортасында біреу елеусіз, бағдарсыз, ескерусіз қалса, ол қараптан қарап қиындыққа, күйзеліске, дағдарысқа кезігетіні белгілі ғой. Бұл да сондай болған-ау!
Біреуін жамандап, даттап, өзгесін мақтап, сыйлап жатады. Үшіншісі тасада қала береді. Оны жұбатушы достары: «Сізге де осындай сый әлдеқашан тиесілі еді» деп алдаусыратып жатады. Қош. Солай-ақ бола берсін. Бір заманда олардың баршасы дүниеден озады. Жаназадағы жұрт ойлы. Молда: «Марқұм жақсы адам ба?» дейді. Баршасы жақсы адам дейді дауыстап. Бірақ, олар іштей өзге ойда. Әр адамның ішкі ойы болады. Оны ол ешкіммен бөліспейді. Ішкі ойлары өзгеше, басқаша. Сол ой, шамасы, Ұлы Құдіретке ғана белгілі. Сыйға жете алмаған пенде жөнінде саптағы жұрттың көңілі анағұрлым жылы, ерекше таза, биік. Мұны да Ұлы Жаратушы сезеді. Жақсы адамды Алла пейішке жібереді, соңында қалған ұрпағын бақытты етеді дейді молдалар. Өмірден өткен адамның соңында қалған барша жұрт, достары да, дұшпаны да мойындап, іштей ризашылығын білдіріп жатса, сол емес пе болмыстың нағыз биік бағасы?
Ата-ана не көрмепті? Анайылығы мен тұрпайылығы, кемшілігі мен өзгешелігі мол орыс патшасы заманында дүние есігін ашыпты. Енді ес біліп, есейе бергенде большевиктер төңкеріс жасады. Жаңа заман орнады. Ауылға бір күн ақтар жетіп үстемдігін орнатса, екінші күні қызылдар келіп билігін жүргізді. Мұндайда қандай береке, жанға жайлы ахуал болсын? Соңынан бай-құлақсыздандыру ел берекесін алды емес пе. Оның арты аштыққа тірелді. Қандай алапат қиындық десеңші?! Одан соң жұрт бір-біріне сенімсіздікке ұрынды. Соған итермеледі. Бірі екіншісі үстінен арыз жазды, жалған, жауыз ақпарат қардай борады. Сөйтіп, қазақтың қанша ардақты азаматы жер құшты. Енді ес жия бере соғыс басталды. Соғыс біткесін жұрттың көрген жоқшылығы өз алдына.
Осындай қиын өмірге мойымай, майыспай шыдаған бұрыңғының адамдары қандай мықты еді! Сөйтіп, ата-анам өмірінде бір дәрі ішпей, Ұлы Құдіреттің қолдауымен сексен бес, сексен екіге келді. Ардақтыларым жаратылысы, сірә, асыл екен-ау! Ал, біз қандаймыз? Шүкір Аллаға, жаңағы зұлмат ауырдың бірде-біреуін көрген жоқпыз. Кейде ағайынның артық еркелігін, адуынды әріптестің мықты екпіні мен биік талабын ауырсындық. Шамалы ғана шаршасақ ауруханаға жүгірдік, курортта демалдық, дәріні уыстап іштік. Атадан бала сүйем кем туады деген осы шығар.
Сол жолда жүрегі жылы, сөзі жұмсақ, ісі қонымды адамдар, кейде көп ішінен сенің бір айтқан жақсы сөзіңді, жасаған оңды ісіңді ерекше бағалаған азаматтар да, ортақ іске деген талабы мен ықпалы жоғары тұлғалар да кезігеді. Осының бәрі тағдырдың берген сыйы екен. Жастығыңа қарамай саған ерекше жақсылық жасаған адам өнегесі сені өзгеге жақсылық жасауға бағыттайды екен. Уақыт өткен сайын жүрегіңді жұмсартады екен. Жағымды іс-қимылыңды жұртқа жария еткен азаматтың мақсаты келешекте өзгенің оңды ісін дер кезінде көріп бағалауға мегзеп үйреткені екен. Жауапкершілігі биік, жанашырлығы мол, адуынды әріптестің жаныңда болуың сені ортақ іске барынша жанашырлық танытып, оның қыры мен сырын ұшты-күйлі, түбегейлі біліп, мықты маман болуыңа сүйреп итермелейді екен. Сөйтіп, болмыстың бас мақсаты өзгеге жақсылық жасау дегеннің басымырағын үгіт айтудан, кітап оқудан емес, негізі өзгеден тікелей игілік пен жақсылық көргеннен ұққандаймыз!
Шағын мекемедегінің күйі тәуір. Алдыңдағы ісіңді біл де, оңды атқар. Орташа ұжым мүшесі болсаң айналаң толып, жұртпен араласып, оң-солыңды тез танисың, ширыға түсесің. Үлкен, ордалы ұжымда жүрсең, егер ол өңірдің білім мен ғылым, мәдениет орталығы болып жатса, онда жағдайың тіпті күрделі. Әсіресе, отыздан енді ғана асқан жігіт үшін. Қандай тамаша заманды басымыздан өткердік. Алдымызда таудай-таудай ағаларымыз бар еді. Жиындарда олар алда, кеудеде, біз аяқ жақтамыз. Білімдері терең, көргені зор, өнегесі биік, абыройлары асқан. Аузынан шыққан сөзі асыл, айтқандары бөлек, ортаға шашқаны береке. Сол алыптардай болсақ екен деп армандадық. Шамамыз жеткенше осы қазынадан алып қалуға, үйренуге ұмтылдық, ұқсап бақтық. Әсіресе, зор денелі, бойы да биік, жүрегі аса кең ағамен жақын болдым. Ол кісімен осында жұмысқа тұрғалы өткен алғаш жиналыста таныстым. Сол күні-ақ аға мені кабинетіне ертіп барып, пәннің оқулық сағатын есептеуді үйретті ғой. Сұрап, өтініш білдірмесем де. Неткен қамқорлық, қандай кеңдік, не деген ірілік! Бірде сол ағамен көшенің қиылысында қарсы кез бола қалдым. Жаяу жүргінші өтетін жолақ үстінде. Ол кезде барлығы жаяу. Мықтылары таксиге мінеді. Аға қолымнан қатты қысып ұстап алған, жібермейді ғой. Жағдайымды тәптіштеп сұрайды. Тұрмыз көше ортасында қозғалмай. Екі жағымыздан екі такси ентелеп тұр. Соңдарында жалғасы көрінеді. Ыңғайсыздана бастадым, қолымды жайлап қозғаймын. Аға жіберетін емес. Таксишілер ол кісіге жылы қарап қояды, шамасы танитын сияқты. Аға қалаға белгілі ғой. Бір уақытта қолын әйтеуір босатты-ау. Аға алға, мен кейінге қозғалдым. Сондай ерек заман болған. Мұны қалай ұмытарсың?! Көше қиылысында таксилерді үйіріп қойған ағаны! Ендеше, біздің азды-көпті жетістігіміз болса, ол өткендер тәрбиесі әсері мен нәтижесі. Онда, біз сол аруақтар алдында қарыздармыз!
Сол заманның бірнеше шағын ауылын иемдеген кәдуілгі разъезінде туып-өсіп, жетіжылдық мектебінде білім алып, дәуірдің қитұрқы құбылыстарына орай кейін жер бетінен көшкен елді мекеннің түлегі болу оңай ма? Бүгін кейде үлкен қаланың жаны құжынаған ортасында жүріп, кейбіреуінің бұл жалғанда сенің бар екеніңнен хабарсыз, біреулерінің таныс болғанмен сенімен мүлде шаруасы аз жандар арасында болып, сол жер бетінен көшкен ауылыңды қатты аңсайсың, балалық шағыңда жүрген тұсты тағы бір басып, аунап-қунап, тек өзіңе ғана белгілі жайттарды ойға алып, келмеске кеткен өмір болмыстарын еске түсіргің келгенмен не істемексің, не шамаң бар?
Уақыт келе ойланасың, бұл не болды деп толғанасың, жолдың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс деп күмәнданасың. Бәрін білетіннен сескенемін, қауіптенемін, шыдай алмай кейде оларға тойтарыс та беретінім бар. Өз кемшілігін түгендеп, санап, талдап беретін азаматтар болады дейді. Қандай қызығарлық, таңданарлық, үйренерлік жағдай? Бара-бара сол азамат мүлде кемшіліксіз қалатын шығар бір күні. Біз болсақ мың кемшілігіміздің шамалысын ғана топшылаймыз. Білмейтініміз, сезбейтініміз қаншама? Әлде, біреулерге өз кемшілігін шынымен білмегені пайдалы ма? Сол рас та болар. Оның өзіне, әрине. Ал, айналасына ше?
Ауылда өстік, туған жер мен бабалар өнегесі байланысын әкелер тәрбиесі мен өсиетінен сездік. Елді мекен үлкенінің орны ерекше еді. Ол көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, ойлы, орны ерек кісі. Айтар сөзі мәнді, кімді де болса кідіртуші, кез келген өмір бұлтарыстарына орынды бағыт беруші, ұлғайғанға да, кіші мен жасқа да лайықты жол көрсетуші. Кейде әр отбасына кезігіп қалатын қиындықтар сол ақсақалдың назарынан тыс қалмайды, қажет болса баршаны осы күрделі түйткілдің шешімін табуына ұтымды жұмылдырады. Екеуара болып жататын кейбір ренжісулерді де ауыл ағасы заматында шешіп, тыйып, тоқтатып жатады. Тіпті сол ауыл бір үлкен отбасындай дерсің. Көршіңнің сенен сұрамайтыны, сенің одан алмайтының жоқ, сірә. Құдды өз бауырларыңдай сияқты.
Мақтанғаным емес, біз балалық шағымызда бабалар өнегесін ата-аналарымыздың, қала берді ауыл азаматтарының бір-біріне деген ыстық ықыласты жанашырлық қарым-қатынасы мен көзқарастарынан-ақ байқап, сезіп, бойымызға, санамызға барынша мол жинап ұққанбыз, түйгенбіз, сіңіргенбіз өзгерместей етіп, уызына мол жарыған томпақ қозыдай. Мұғалімдеріміз де сондай еді-ау, шіркін! Бабалар құндылықтарын айтып түсіндіргенде көздері от шашып ұшқындап тұратын! Шамасы, сол аса биік шабыт оларға «Құлыным, жалғыз біздің емес, елдің баласы бол» деген әкелер өсиетінен, «Бәледен және қате іс пен күмәнді тірліктен қашық жүр, балам» деген асыл аналарының маңдайын сыйпаған ыстық алақанынан жұққан-ау! Бүгінгі заман бөлектеу. Немерелеріміз, шөберелеріміздің жағдайы өзгеше. Олар, әрине, ақылды, білімді. Әйткенмен, бұларға дәріс беретін оқытушыларының рухани ұстанымы бізге сабақ берген ұстаздар деңгейіндей ме, жоқ па? Күмән баршылық.
Қазіргі жас өрендер кезінде біз сияқты салмақты ауыл тәрбиесін көріп келеді деп айтуға тіл бармайды. Өйткені, бүгінгі жаһандану дүбіріне ілінген ауылдың жай-күйі анау айтқан емес. Сол ауылда қазір біз көрген орақ тілді, ғасырлар жауһарларын жан-жағына шашқан, тұрған бойынан қасиетті бабалар өнегесі мүңкіп, тамшылап, тарап, жұғып жататын ақасақалдар қалды ма, бар ма? Кем дегенде айына ауылға бір соғып, адалдықты, ірілікті, мықтылықты, азаматтықты дәріптейтін қиссалар төгетін жыраулар бас көрсете ме қазір? Біз баяғыда аса таңғалған, шаттанған көктемде, жаңарған шуақты күн әсерінен зор қуат алған, наурыз көжеге тойып, құдды бір шамалы масаң адамша, әкелеріміздің шуласып, таласып доптаяқ ойнағанын қазіргі жасөспірімдер естіп, біледі ме екен осы? Қайдам?! Бүгін уылжып тұрған, санасына не төгіп, нені құйсаңда со бойы жұтып, қағып, сіңіріп алар мектеп жасындағы өрендерге ағытар, төгер бағыт пен жол қайда сонда?
Жастар тәрбиесінде ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалатын түпкілікті, аса маңызды, қасиетті қағидалары мен ұстанымдарынан гөрі жасандылық пен жаһандануға ілесуге байланысты прагматизм немесе бүгінгі өмірдің қиындығына барынша бейімделу бар күмәнді түрлері басымдық алып жатқанын байқап, сезіп, көріп отыра үндемей қалғанымыз бола ма?! Біздің ойымызша, орта мектептің, құй жоғары оқу орнының басты міндеті – ол жасөспірімнен нағыз ұлтжанды қазақ азаматын тәрбиелеп шығару. Жақсы, сапалы, білікті маман дайындау ісі осыдан кейін тұруы тиіс.
Қазіргі ата-аналар жағдайын бағамдайық. Олардың біразы қазақ бола тұра көбі дерлік өзге тілділер. Сол ата-ананың өзінде де қазақы өнеге мен қасиетті үрдістің қоры кемшін. Қазақ тілінде я сөйлей алмайтын, я шала сөйлейтін ата-ана ұрпағына қайбір жетіскен бабалар тәрбиесін жеткізе алар екен? Сол аймақтағы, сол қыстақтағы рухани ахуалға келер болсақ, қазіргі жаһандануға солайымен ұшыраған. Қалалануға со бойымен берілген ауыл тұрғындарында қазір бұрынғы уақтағы қасиетті бабалар үрдісі мен өнегесін дәріптейтін ақсақалдар тіпті азайған, оны айтасың, жоқ десе де болады. Мектеп қабырғасында да жасөспірім тиісті тәрбие алып жатқаны шамалы. Бұған қоғамда орын алып жатқан көлеңкелі жағдайлар дәлел болса керек. Сонда осы тығырықтан шығу жолы қайда?
«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», «Өзгенің ала жібін аттама», «Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Ерді намыс өлтіреді», «Көп білем деп шалқайма, білгеніңнен білмейтінің көп», «Қиянат жасама, Алла кәріне ұшырайсың», «Ауруын жасырған өледі», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің», «Атқарған ісіңнің қайырын тіле», «Шешесін көріп, қызын ал», «Өмірде біріңе бірің қонақсың…». Бұл бабалардан қалған асыл қазынаның азғантай түйірі ғана. Осы асыл сөздердің біреуіне шамалы талдау жасап көрелік. «Қиянат жасама, Алла кәріне ұшырайсың» депті бабалар. Қиянаттың шыңы біреудің ақшаңды, мүлкіңді зорлықпен тартып алуы. Қауқарсыз екеніңді сезген басшының теріс қылығы да үлкен қиянат. Жөн-жобадан хабары аз туысыңның ретсіз теріс қарауы да қиянат. Әріптесіңе айтқан жөнді ұсынысыңды, оның алғашқыда ешқандай сын айтпай, толық мақұлдап, келісім білдіріп, кейіннен аяқсыз, жауапсыз қалдыруы да барып тұрған қиянат. Осыны алаңсыз жалғастыра беруге болады. Бабалар қиянаттың емін де айтып кетіпті, Алланың кәріне ұшырайсың деп. Өмір көргендер мұның растығын дәлелдейтіні белгілі. Жақында фейсбукте өзінің ісін оңды атқаратын, өзгеге қиянат жасамайтын адам нағыз азамат деп жазып едім. Бір сәт көз жұмып, еліміздегі барша адам нағыз азаматқа айналыпты делік. Онда, сөз жоқ, ертең-ақ өркениеттің алдыңғы қатарындағы елдер арасынан бір-ақ шығар едік.
Жоғарыда айтылған сөздер сырына үңілсек, олар соңғы жетпіс, я жүз жылда келген емес екен, олардың түбірі қазақ халқының жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, сыналған, зерделенген, соның негізінде ел аузына түсіп, қайталанып, өзгерместей мойындалып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне пайдаланылып келіпті. Бұлардың барлығы артта қалған мыңдаған, миллиондаған жандар саналарында сұрыпталып, өмірлерінде іріктеліп соңында ғана халық игілігіне өткен екен. Бұған ешбір дау да, күмән да жоқ. Ендеше, осылардан артық, осылардан құнды, осылардан әділ, осылардан қымбат, осылардан асыл, ұлтжанды азаматты тәрбиелеп беретін қағидалар мен бағытты табу мүмкін емес шығар! Онда, осының әрқайсысы өз алдына бір кітап емес пе?! Осы сан кітаптан сығымдап, бірнеше жүздеген жылдар бойы мың сыналған, дұрыстығы мен әділдігі мәңгілік дәлелденген, қазақтың қазақ болуына ғасырлар бойы жарап келген, адам мен қоғам арасындағы қағидаларды бас кітап етіп, оның атауын «Ұлттық тәрбие негіздері» деп неге атамасқа?!
Осы кітапта, осы пәнде жаңа ғана айтылған бабалар қағидаларын ойы мен бойына сіңіріп сақтамағандар қандай қиындықтарға, нендей кемшіліктерге ұрынып, соңында өмір жолы бұзылып, тас-талқан болып, ел мен қоғамның дамуына соншалықты зиян-зардап келтіретінін талдап, тайға таңба басқандай көрсетіп, айқындап неге бермеске? Сонда ғана зерделі жас бүгінгі біз көріп келе жатқан теріс қылықтардан ауылын көш жер әрі қондырады! Осы пән жастың өмір бойғы бағыт-бағдарын анықтап, оның мызғымас ұлттық рухани болмысын қалыптастырады. Жаһанданудың аса жоғары қарқынмен жүріп жатқан бүгінгі күні қазақ жасөспірімінде бөтен рухани ықпалға қарсы тұрып, адуынды төтеп бере алатын иммунитетті осы пән орнатады. Тәрбие ісіне азды-көпті қатысым бар. Жастар тәрбиесінің бұрынғы мен қазіргісі аражігінен де хабарым бар. Ойланамын, толғанамын, ізденемін. Тапқаным осы. Кешіріңіз! Менің тапқаным емес. Бұл, атам Қазақ айтқанының мән-мағынасын түсінгенім ғана!
Жол құтты, сапар оң болсын!
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<