Көкейтесті (Әңгіме)

1072

0

Сол жақ қанаттан бірте-бірте биіктей көгеріп Тебіренбес шыңы, одан бері жарыса Едірей, Айғыр-Байтал шыңдары көрінді, «Газ-63» жол таңдамайтын жүк көлігі сарылықтағы бірде көрініп, бірде жоғалар шөп басып кеткен көне жолмен зулап келеді. Көліктің өкше ізі жаз болса қатқылдағы қақ, бөгеттерді жағалай қонатын қойшылар ауылынан шығып, Алланың әмірімен қысы-жазы әр жерден бұрқ-бұрқ етіп, бірі тоқтаса, екіншісі атқылап, Қарақұдық шыңы мен Айғыр-Байтал шыңы арасы табиғатына жан беретін бұлақты тұс – «Бұлақ» жайлауында отырған жылқышылар ауылын бетке алған еді.

Мана «Кабинада отырғаннан сыртта, таза ауада отырған жақсы» деп машина кузовына мінген үлкен кісінің көңіліне қараған ферма меңгерушісі кабинаға медфельдшер Нұрланды мінгізіп, жас шамасы алпысқа жақындаған ақсақалдың қасына жайғасқан болатын. Отыз бестердегі ферма меңгерушісі осыдан екі-үш күн ғана бұрын совхозға көмекке келгендердің өзіне бөлінгендерін жолға ала шыққан-ды. Аудан орталығы – Аралдағы түрлі мекемелер мен өндіріс орындарынан әр маусым сайын осындай көмекке келу дәстүрге айналып кеткен 1960 жылдардың соңғы тұсында, бұрынғы әдетпен жасы үлкендерді қойшылар ауылдарына бөлетін ол мына кісінің жылқышыларды қалағанын түсіне алмай келеді. «Аға, қойшыларда қазір алып бара жатқан жұмыс жоқ, малдың бәрі төлдеп болып қалды. Көмекші, сақманшылар толық, оның үстіне балалары да жазғы каникулға шығып келіп жатыр. Сіз бір ай болса да солардың қасында болмайсыз ба, өзіңізге жеңіл болады ғой», – дегенде ол: «Інім, қиын болса – көрерміз, не көрмеген бұл бас, мені сол жылқышыларға көмекке жібер», деп тұрып алған болатын.

Осы өңірдің шежіресіне қанық, жастығына қарамай талай оқиғалардан хабардар, бүкіл ауданға белгілі ветеринардың ферма меңгерушісі қызметіне ауысқанына жыл жаңа толған болатын. Айсыз қараңғы түнде адаспай жол табатын ізшілдігімен, қой жіліктерін бұрап сындыратын өнерімен, өлеңге жақындығымен елге танылған азамат сапарласына  байқатпай көз салып қояды, ол болса машина үстінде жан-жағына асқан ықыласпен, ыждағаттылықпен көз салады, кей тұсқа, тіпті, тесіле қарайды. Жан-жағында дөңгелене қалып жатқан сексеуіл, түйе жапырақтарға дейін мына кісінің осыншама емірене көз салғанына таңғала қарайтын сынды, шың беттен ескен желден бір қозғалып қояды.

Аралдағы Ерекешов Оразғали ағаның маған нағашылығы бар. Кеше телефонмен сөйлескенде сізге қамқор болуды тапсырып: «Ол кісі де нағашың» деген еді. Мен де біраз жайтты білетін едім, бірақ сізді топшылай алмай келемін.

– Е, інім, біз бір жел айдаған қаңбақ… Қайдан білесің?.. Айтпақшы, Оразғали сені маған жиен деп айтқан еді, бірақ мен бажайлап, толық сұрамаған едім, кімнің баласысың?  

– Әбілдің.

– Қай Әбіл? Тәжібайдың Әбілі емес пе?

– Иә.

– А…?! Ол сәл үнсіз отырып қалды да, тез қалыпқа түсті. – Оу, жеңгеміз Төртқара руынан сияқты еді, қайдан Алтынбайға жиен болып жүрсің?

– Кешегі аласапыранда, аштық пен індет кезінде көкемнің ағалары қайтыс болып кетеді де, жеңгелерін некелеп алады ғой. Ел бір заманда алты әйелді Әбіл деп те атаған.

– А… Онда жөн… Айтқандай, оның бір ағасының әйелі біздің апаларымыз еді-ау. Дұрыс, енді жобаға келе жатырсың. Е, қарағым-ай, Әбекеңнің баласымын де…

Неге екенін қайдам, ол бұдан әрі әңгіме бағытын бұрғанды жөн санады-ау деймін, сапарластары туралы сұрай бастады:

– Шопыр кім, ана фельдшер бала ше?

– Шофер Қуанышбай Жылмағанбетов деген жігіт, сіздің туысыңыз, ал, фельдшер жігіттің руы – Палуан, Нұрлан Есқараев деген удай пысық азамат. Анектодтың түр-түрін айтады, биыл медучилищені бітіріп келді. Аға, байқаймын осы өңірдің біраз адамдарын білетін сияқтысыз. Ал, мен болсам сізді тани алмай келемін…

– Е… Оны кейін білерсің, інім.

***

Күн бүгін қағулау, ауданнан келген комиссия мен қызыл жағалылардың ауылда жатқанына екі күн болды. Мына беті Дөңгелексор, Дүздібай, мына жағы Сарбастың тақыры, мына беті Теректіге дейін мұның малын табамыз деп кеткендер әлі оралмаған. Бұл болса ішінен күледі. «Ой, сорлылар, ай! Менде мал қалмағанын қайдан білсін. Ал, таба қойыңдар! Не табар екенсіңдер?!»

Қашаннан бергі қыстауы Ботақорадан қатқылға қарай көшіп шыққан беті еді, қызыл танау болып жеткен ауыл белсенділері «Сарықұлды Сібірге айдайтын болыпты, мал-мүлкі өкіметке түседі екен, үй-ішін құлып асты ұстап, пойызбен айдайды екен» деген хабар таратты.

Ие, қуырылған заман-ай… Не дерің бар?! Кәмпескенің хабары шығысымен бұл өткен жылы-ақ қам жасай бастаған болатын. Ақылдаспаққа Теректі құмының бергі мүйісінде отырған Кемалбай ахун ауылына барып еді, Құмсайдан Баймахан ахун келіп жатыр екен. Дін жолындағы екі ғұламаның бірі қалың құм ішін кішігірім баққа айналдырып, неше түрлі жеміс ағаштарын егіп, Бұхарадан көрген тірлігін жасап, мүриттеріне әуіт қаздырып, бақша салдырып отырса, бірі шойын жол тірлігінің бел ортасындағы Құмсай стансасын мекен ететін. Жан-жақпен байланысы бар Баймахан ахунның ақылымен бұл бәйбішені ұлы Құлмырзамен бірге бөлектеп, Қарашоқатқа қарай жіберген еді, ел іші гулеген әңгімеге толды, ахундар ақылымен бұл әдейі бәйбішемен ұрыс шығарған болатын, оны жұрт қайдан білсін, бірі «Мына байды ана тоқал айдап салып, ақыры тым жақсы әйел мен баладан айрылды» десе, екіншісі «Үш әйелдің басы пісе ме, түбінде болатын айқай еді ғой» десті. Бұл малды сатып та, көңілі қалағандарына беріп те, комиссия келгенде тізімге ілікпейтін шамада ұстап отырған кез еді.

Талайды көрген Сарықұл кіші тоқалы қаншама сездіргісі келмесе де, көңілінде алаң барын байқайды. Соңғы кездері ортаншы әйелдің: «Мына тоқал жөнінде сыпсың шыға бастады. Аштан өлгелі жатқан бейшараны алдың, қарқалази боламын дедің бе, не пұшпағы қанамады, көн қатса – қалыбына барады деген, осы мұсалдаттың қылуасы дұрыс болмай тұр-ау» деген ызыңы да мұның мазасын алып, көңілін май ішкендей етіп жүрген. Кеше комиссия хабарын жеткізгенде тоқал тіпті қуанып тұрғандай сезілді бұған. Иә, «Аралдан кәмәсия келеді екен, пәті қатты дейді жұрт, не істейміз?» деген оның аса қиналып тұрмағанын білді бұл. Білгенде, сезгенде не істей қоярсың, ауылды басып жатқан әскер болса – мынау, ізіңді бағып отырған ауылдағылар – анау. «Шыда, шыда Сарықұл!» деп қояды бұл өзіне-өзі, – «Не болса да – ертең белгілі болады».

Комиссия мұның мүлкін хаттап, қолдағы малды тізімдеп болған кезде күн де батты. Бәрін басқарып жүрген былғары күртелі қортық бастыққа біреулер жеткізген болуы керек: «Сәбет үкіметі әйел сабатып қоймайды, контра ұқтың ба, бәйбішені баласымен қоса қуып жіберіпсің, не деген оңбағандық, сені Сібірде шірітемін» деп айқайлап біраз жерге барып басылды. Одан соң ауыл белсендісі шықты: «Бұл Сарықұл бай – нағыз кәззап, малды азайтсам – кәмпескеге ілінбеймін – деп отыр. Мә, саған ілінбеген! – Ол екі қолының да бас бармағын сұқ саусақ пен ортаңғы саусақ арасынан өші қалғандай жылтыңдата көрсетті. – С-сені бар ғой, сені… түк малың қалмаса да итжеккенге айдатамыз. Біздің күніміз туған, соны біл!» деп. Олардың айқайына бұл мән де берген жоқ. «Е… белгілі болды… бәрібір мені айдатпақ екен ғой бұлар. Мынау соңғы кездері тым белсенді болып кетті ғой, өз туыстарының да бір-екі ауқаттысын жер аудартты – деп еді, рас шығар». Санада сапырылысқан сан ойлардың ұшына шыға алмай отырған бұл ләм-мим деп тіл қатқан жоқ, ортаншы әйел бәйбіше кеткеннен бері билік өзіне тигендей болып жүрген, «Мына біреусінің ыпыны жаман екен, сөзін қарашы» деп күңкілдеп қояды.

Көп ұзамай ошақ оты өшті, жұрт ұйқыға жатты. Алғаш рет бай, әйелі, он жасар ұлы үшеуі үй іргесіне жатты, енді хатқа түскесін мұның он қанат ақ үйі де, тоғыз қанат кіші үй де, асүй ретіндегі екі қос та мұныкі болмай қалыпты, бұлардан әрірек кіші үй іргесінде тоқал жатыр. «О, дүние-ай… Демнің арасында қардарлыққа тап болғанын қарашы, қай пейілінен тапты екен? Бірақ, одан дейсің бе, бәрі заманнан болып тұр ғой, былтырғы ахундар сөзі – сөз-ақ қой. Қап, мына Жантөренің көңілін қимағанын қарашы, күрең қасқаның үйірін де құртып жіберуі керек еді. Баланың бәсіресі деп ойлады, қолы бармады, қайтесің. Енді бәрі кеш. Тәуіп жақ бетке қарай асырған, солай қарай кеткендерге Сенбі еріп кетті деп еді, сол көрсетпесе – ешкім таба қоймас. Сенбіге не көрініпті, аштықтан бұралып өлгелі жатқан жерінен алып келді емес пе, тіпті жазылы түйеге өзі отыра алмағасын қоршаумен әкеліп еді-ау, Әйдарбектің бір баласы ғой деп». Жүрегі шаншығандай болды, ой мазалаған ол көпке дейін ұйықтай алмады. 

***

Сәске түс мезгілінде жан-жаққа кеткен белсенділер мен милициялар қайтып орала бастады, тек Теректі бетке кеткендерден хабар жоқ. Мыналар келісімен-ақ ауыл үстін шаң басты, қаншама мал тұяғы қойсын ба, төңірек те аза бастаған сияқты, құдық басы, тіпті, ақ құмға айналған. Жаудың бетін қайтарғандай болып келген әлгілер келе сала тамаққа бас қойды, әр топтың басшылары он қанат ақ үйдегі қортық бастыққа кіріп шығуда. Бір кезде қортық бастық үйден шығып, байдың Жаманқаладағы тамыр орыс ұстасына жасатқан рессорлы арбасының үстіне шықты да сөз бастады. Милициялар жұртты иіріп ұстап тұр.

«Тыңдаңдар! Сәбет өкіметі мен бәлшебектер партиясы ірі байларды тап ретінде жой, –деп отыр бізге. Жоямыз! Неге жоймаймыз бұл паразиттерді. Осы маңның өзінен бірнеше байды кәмпескеледік. Енді мына Сарықұл байды құртамыз! Мына екі үйді, он және тоғыз қанат үйлерді қазір жығасыңдар да, бірнеше түйеге теңдеп артасыңдар. Аралға алып жүреміз, бәлкім уезге, Қазалыға алып кетуі мүмкін. Бізге берілген тапсырма солай. Ал, мына былқылдақ арба біздің қарамағымызға өтеді, мына байды апарған соң, милициялардікі болады…».

Ол қолын құлаштай созып, ұранды бір сөз айтпаққа оқталған сәтте, терістіктен ауылға құлаған жылқы көрінді, қарамы жиырма шақты, Сарықұл Сенбінің жылқының қайда жатқанын көрсеткенін біле қойды. «Ой, сұм жалған-ай, туыс болмай туа шөккір-ай, үйіме адам кіргіздім десем, шаян кіргізген екенмін ғой, бір ұрандым – деп бауырға бассам, сұм жыланды асыраған екенмін ғой». Қортық бастықтың кәдімгідей жаны кіріп қалды, қасындағыларға әмір етіп, жылқыны құдық басындағы астаулар маңына қаумалай бұғалық тастата бастады. Құдық маңы көк шаң. Далада еркін жүрген, биылдыққа құрық көрмеген, сауылмаған жылқы көне ме, барлығын матауға да ет пісірімнен аса уақыт кетті.

«Күрең қасқа, күрең қасқам-ай» – деп жыламсыраған Жантөреге: «Балам, дыбысыңды шығарма. Мыналар байдың ұлы малды қимай жылапты – деп жүрер. Ақырын күтейік, Алла ақырын берсін! Күрең қасқаның да жалына қолың тиер уақыт туар балам!» – деді бәсең дауыспен Сарықұл. «Иә, Алла со күнге жеткізе гөр», – деді ұлын бауырына қысқан шешесі. Сарықұл ойға кеткен. «Ау, құдай-әруақ қайдасыңдар? Талады ғой мыналар. Мейлі талай берсін. Бірақ, сөздерін айтсайшы… Ызасын айтсайшы…Әкелерін мен өлтіріппін бе?.. О, несі?.. Ау,  түптеп келгенде осы жарлы-жақыбайларды асырап келген мен емес пе?.. Ие… баланың бәсіре малы… күрең қасқа айғырдың үйірі аман қала ма деп еді, оның да саудасы бітті…Мыналар мал қадірін білер дейсің бе?.. Жиделер қандай күйде екен? Әкесі айтқан… сен туғанда Қазалыдан әкеп егіп едім деп… Екі жиде… Саздыдан солтүстік-батысқа қарай қозы көш жерде еді, кейін бірнеше рет көрген, көне түбірлер өлгенмен, жаңадан балалап, көктегендері жайқалып тұр еді… Байдыкі деп оны да құртар ме екен… «Сол жағалықта отырғанда туғансың, сенің туған жеріңе әдейі ектім», – деп еді-ау, жарықтық. Қап, әттеген-ай… Мыналардың ұсқыны жаман екен… Айдауға, атақоныстан қууға бекіпті… Қайда айдар екен?.. Туған жердің бір уыс топырағын орамалға түйіп қоймағанымды қарашы әнеукүннен бері… Енді көремін бе, көрмеймін бе…»

Оның ойын қортық бастықтың айқайы бұзды. «Кәне, давай, тездетіңдер! Әй, байды үй-ішімен арбаға мінгізіңдер! Жүреміз! Күн кешкіріп барады». Бірнеше мылтықтылар бұларды арбаға мінгізді. Осы сәт… Алла-ай! Алла-ай, мына заман не болып кетті?!

Ұлымен бірге ортаншы әйел арба үстінде, «Піссімілла» деп бұл да тепкішекке аяғын сала берген сәт еді. Біреудің «шәңк» еткен даусы шықты. Бұл жалт қарады. Жаратқан-ай! Өзің жар бола гөр та! Көргені – үш ұйықтаса түсіне кірмеген сұмдық еді… Басы айналып, көзі қарауытты. Жіпсік көз Сенбі арбаға беттеген кіші тоқалдың білегінен шап беріп ұстап, даусын көтере: «Уәдең қайда? Бай айдалса, саған тиемін дегенің қайда? Қал!» деуі мұң екен, әлі жиырмаға да толмаған жас тоқал сауыншы Сенбінің ізіне ерді. Жантөре: «Әйапа, қайда барасың?», – деп шыр ете қалды, шешесі болса: «Өй, Әйапаңның маңдайына көк тігілсін… О, Құдай! Бар болсаң, жібер мыналарға зауалыңды… Қу тоқал-ау… Ындыны қанбаған сорлы-ау… Жертартқыр, жер мола болғыр-ау, сүйегімізді сындырдың-ғой…» Әйелі дауыс салып жылап жіберді, қортық бастық үзеңгіге шірене: «Міне, осылай… Вот…Жылайсыңдар әлі… талай жылайсыңдар… Бұл басы ғана.. Жас емес, көздеріңнен қара қан ағады әлі… Біз ағызамыз…», – деп күпіне сөйледі, – Ал, қозғалдық! Бастықтар күтіп отыр…»

Бастыққа жағынып қалғысы келді ме, Сенбі: «Аралға дейін осы құмды жиектеп отырсаңыздар түн ортасы ауа жетіп қаласыздар ғой», – деп еді, анау оған күдіктене қарады. – Қайда баратынымызда не шаруаң бар? Әлде жансызсың ба? Біреулерге хабар салайын деп тұрсың ба? Қалай жүретініміз – ол секірет… Мүмкін, сен… түнде… адам жинап, қаруланып барып мына байды құтқарып алғың келіп тұрған шығар, ә? Смәтри, ә?

Сенбінің жіпсік көзі жұмылып кеткен, қорыққаннан отыра қалды. «Тәуариш, бастық… Мен сіздерге тек жақсылық ойлап…».

Қуатит… Өшір үніңді…

Бұлар қозғалды, тап осы сәт тағы да сұмдық оқиға болды. Арбаға жүгіріп жеткен Сенбі  бай мен әйелі арасында жатқан үлкен қоржынды жұлып алды. Қазалыдағы татар байы Ғанибайдың тартуы болатын бұл қоржын, бір басына қапқа жуық зат кететін, тегінде Орынбормен екі ортада керуен тарту үшін түйеге арналып тоқылса керек, әспетті дүниенің бірі еді, оның екі басына да «жол азығы» деп құрт-ірімшік, піскен нан мен қарын толы сары май, сүзбе толтырылған еді. Байдың ұнжырғасы түсіп кетті, қайта әйелі мықтылау екен: «Әй, Сенбі… Жал біткен екен саған… Өлімнен сақтап қалып едік… Пәленбай жыл көтіңді көтере алмай, көтерем болып жатқаныңды ұмыттың-ау… Жол азығымызда нең бар… Қайтар», – деді тістене сөйлеп. Оған қыңқ еткен анау жоқ: «Байдың мінгенін мініп көрдік, енді жегенін біз де жеп көрейік», – деп ыржаң-ыржаң етті.

Бұлар жолға түсті. Қортық бастық мана түйеге теңделген киіз үйлер мен бағалы деген бұйымдарды бір топ адаммен Аралға жіберген, «Егер, жолда біреу тиісетіндей болса, аямаңдар, атыңдар!» деп қадай бұйырған. Енді өзі жол бастады, қасында екі әскер, бір милиция арба айдаушы орнында отыр, оның атын жетекке алған. Соңында аттылы екі милиция, «Ауық-ауық төбелерге шығып, жан-жақты барлай отырыңдар!» – деді оларға қортық бастық. Сарықұл бай тағы да ой азабын көтеруде. Арба дөңгелегі түбіршекке, шөп түбірлеріне тигенде ырғалып кетеді, әйелінің күңкілі естіледі: «Енді опынғаннан не пайда,  әлгі көргенсіз құлдың кеуілінде құрт бар екен ғой… Алла-ай! Өзінде жөнді ұсқын да жоқ, сорлы жылан көз… Тоқалды айтам да… сонымен әуейіленіп… астымен алысқан салдақы…»

***

Қарабұтақ беттен оралған Әбілге Сарықұл байдың кәмпескеленіп жатқан хабары кештеу тиіп, бірден атқа қонған еді, бай жайлауына жеткенде күн кешкіріп қалған болатын. Талай жыл тұз-дәмдес болған адаммен қоштасып қалуды мақсат еткен ол айдауыл топтың  шығып кеткен уақытын іштей есептеп, арба ізімен жүрмекке бел буды. Сыдыртып отырса ет пісірімде қуып жетуі керек. Енді жолға шығамын деп тұрғанда бай жылқышысынан жағымсыздау хабар есітті. «Імм… Бұл да бір заманның сынағы шығар… Байдың тоқалы Сенбімен қалып қойыпты… Апыр-ай, жасы келіп қалған Құлекең мына азарға шыдаса болар еді…» Жылқышыға не айтарын білмей абдырап тұрғанда, одан кейінгі әңгіме – Сенбінің байдың жол азығын тартып алып қалуын естігенде қаны атқақтап басына шапты, тістенген ол: «Әй, жетпіс жеті әкеңнің аузын… Сенбі! Мында кел!» деп айқайға басты. Бәстессе бір қойдың етін бір өзі жейтін, небір шу асауларыңды тыпыр еткізбей бір өзі ұстайтын палуан денелі Әбілдің қамшыгерлігін білетін жұрт, тіпті, ит екеш ит те ығып жүретін.

Жіпсік көзі жылт-жылт етіп Сенбі келді, алыстан сәлем беріп, жақындамайды. Сірә, қорқа соғып, қайбыртып тұрса керек. «Құлекеңнің қоржынында нең бар… қатыны аз болды ма саған… Бар! Әкел қоржынды!» Анау ышқына жүгіріп, қоржынды алып келді: «Әбеке, сынық құрт та алған жоқпын. Тиген жоқпын». Қоржынды Сенбі қолынан ат үстінен еңкейе жұлқи алған Әбіл тез тіктеліп, алдына өңгере салды да тақымын қысқан болатын.

Айдауыл топ көне керуен жолымен жүріп отырып, біраздан соң Құмсайға бет алыпты. «Стансадан мінгізейін деген ғой. Аралға апарса – онда мұның туыстары көп, соны есептеген екен ғой бұлар». Ол Сарқұлдарды Сайқұдыққа кірген тұста қуып жетті. Оларға жақындағанын не әнге, не зарға ұқсамайтын дауыстан білді бұл. «Е… Құлекеңнің зары ғой, жадымда ұстайыншы, менен басқа мұны кім естір енді…». Осы ойларға бекінген ол ара қашықтықты сақтап ащы запыранды өлеңді жадына тоқи берді.

Сәлем де Алтынбайдың баласына,

Көзімнің ағы менен қарасына.

Жаман құл тоқалымды алды тартып,

Құдай-ау, нанбайсың ба, нанасың ба?

Сәлем де Әйдарбектің баласына,

Сүйегім бөтен жерде қаласың ба?

Азары жаман иттің кетті өтіп,

Қарамад сақалдың ақ, қарасына.

Туған жер, қош айтамын, жұртыма да,

Жат жерде жан тапсырып, тырқиям ба?

Алтынбай талай жайсаң шыққан еді,

Кегімді қайтаратын ұл туар ма?

Қортық бастықтың дауысы тарғылдана шықты: «Әй! Контра! Қуатит… тіпті боздатып барасың ғой…» Осы кезде бұл да арбаға жақындаған еді, мылтық затворлары сарт-сұрт етті, «Стой!… Кім бұл?» – деген айдауыл дауысы қатар шықты. Бұл да дауысын қаттырақ, сенімді, нық шығара: «Мен Әбілмін. Тәжібайдың Әбілімін, Ағзумовтың тамырымын» – деді. Ағзумов аты аталысымен айдауылдар да, қортық бастық да кішірейе қалды. Қазалы уезі милициясы бастығының орынбасары, әрі Арал бөлімшесінің бастығы Ағзумов – ұлты татар, Қандыағаш жақтан келген, қаталдығымен қатар, әділ басшы болатын. Баяғыда Колчак әскерінің қалдықтарымен күресіп жүргенде оны ажалдан құтқарғаны бар еді, соны ұмытпаған ол әрі-бері өткенде мұның үйіне соғып тұратын, шешесіне құмалақ тартқызатын, діни сауаты да біршама деңгейде болуы керек, исламнан хабары мол шешесімен оңаша пікірлесетін. Бұл достықты білетін айдауылдардың босаңсығанын және түн қараңғылығын пайдаланған ол азық толы қоржынды байқатпай арбаға тастай берді. Сарықұл іс жайын бірден түсінді, «Қайтқан малда қайыр бар», – дейді ғой қазақ, «Ақұдай… Әбілсің бе?..Ей… бауырым-ай… е-е…ей…» Қараңғы түн… Егер күндіз болса бай сақалын қуалай аққан жасты көрер еді айдауылдар. Құдай оңдап түн болды… Бұл сан сезімдер тоғысының жасы: азаматқа деген ризалықтың, өзі көрген азардан туған ызаның, туған жерге деген қимастықтың жасы еді.

Алдажар ӘБІЛОВ.

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<