Жолдың танабында қолдың табы бар

500

0

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар.

 Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

 

Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

Біз күн сайын жосылған жолдарға түсіп, көсілген көлікпен жүйткіп бара жатамыз. Сол бір дала тамырында қанша жұмыскердің тері төгіліп, қара жолға сіңген қаншама қолдың ыстық табының бетке ұрып жататынын білеміз бе? «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді», – деп, әрине, мұндай терең сырға бойлай бермесіміз анық.

Кеңес дәуірі кезінде осы облыс көлеміндегі асфальт жолдардың тонын тоздырмай, жонын жүдетпей тынымсыз жұмыс істеген мекеме болатын. Әуелде ДЭУ-14 болған сол жолшылар мекемесі кейін 531 болып қайта құрылды. Арал мен Жаңақорған арасындағы «Самара-Ташкент» бағыты аталатын күрежол республикалық бағыныста болғанымен, 3-ші санаттағы жолдың ағымдағы жөндеу жұмыстары сол ДЭУ-531-дің құзырына қарады. А.Василевский, А.Жәрімбетов, Т.Бәйімбетов, Ә.Қалымбетов секілді білікті мамандар басшылық жасады.

Осы мекемеде табан аудармай 38 жыл қызмет еткен орташа және күрделі жол жөндеу прорабы Пірназар Төлегеновтің есімі бүгінде қатары сиреп қалған әріптестері арасында бойтұмардай қадірленеді. «ҚР Құрметті жолшысы», зейнеткер Досмақұлы Қуаныш ағамыз ол кісі жөнінде былай әңгімелейді:

– Жолшылар қақаған қыста да, қаталаған ыстықта да дамыл таппайды. Тынымсыз, міндетіне мәттақам маманның бірі Пірназар аға болатын. Бекітіліп берілген көлігі бола тұра, оны мекеменің мүддесіне жұмсап жіберіп, өзі дөңгелеген біреуге мінгесіп кете беретін. Денсаулығына да қарамайтын. Бір күні жұмыс басында ағаның қисайып кеткен бетін көріп, шошып кеттік. Жүйкеге суық тигеннен болыпты. «Ойбай, орныңызға біз істейміз» деп емделіп келуге зорға жібердік. Содан алтын ине салдырып жазылып шықты. Ол кісі басшылықтың айтқанын атасының тапсырмасындай орындайды, аузынан ешқашан да «бармаймын!» деген сөз шықпаған адам.

Жөндеу деп аталғанмен кейде шақырымдаған жолдарды жаңалап саламыз. Дәл бүгінгі күнгідей бес қаруы сай техника жоқ, қолмен атқарылатын ауыр жұмыс көп еді. Бір жылы сол ауыр жұмыс үстінде Нәзира деген жұмысшымыз қайтыс болды. Жұрт жол азабын тартпасын деп, бар азапты өзі тартқан қаншама жандар денсаулығынан айрылды.

Пірназар аға зейнетке шыққан соң да осы мекемеде жұмысын жалғастырды. Басшылық жібермеді. Тәжірибесін пайдаланды.

Аға өзінің берік ұстанған адамдық қағида­ларымен де айналасына сыйлы бола білді. Жақсы көрген, жетік меңгерген мамандығының қыр-сырын кейінгілерге үйретіп, оларды жақсы маман болуға баулыды. Сондай шәкірттерінің бірі Серік Ысқақов жол саласының майталманы атанып, абырой иеленсе, енді бірі Тұрар Бәйімбетов үйренуші­ден мекеме басшысына дейінгі сатыдан өтті.

Қуаныш аға осылай дейді.

Біздің білгеніміз 1928 жылы қазіргі Сырдария ауданы Айдарлы аулында дүниеге келген әкеміз бар өмірін еңбек пен ағайынына, отбасына ғана арнаған адам. Жас кезінде бір мылтықпен бір ауылды асыраған мерген болыпты. Қоян-қырғауылды сүйретіп келіп, әр есіктің алдына лақтырып кетеді екен. «Пірназардың атқышын-ай» дегендер де болыпты. Сонан сұқ өткен, бір күні мылтығы теріс атылып, екі саусағын жұлып кеткен. Айта берсе, бұл кісінің жақсы қасиеттері атанға артарлық.

«Анадан туғанда бойға дарыған қасиетін өле-өлгенше жоғалтпаған жан. Жұманазар ағасының алдына шықпайтын, сөзін бөлмейтін. Ағасы тұрғанда өзі біліп тұрған нәрсені айтпайтын. Ол кісіні замандастары «Пірназардың етегіне намаз оқуға болатын адам» деп дәріптеуші еді» – дейді інісі Қожахмет.

Пірназар әкеміз мектеп бітірген соң әнші боламын деп талпыныпты. Домбырамен ән салып, күй тартатын туабітті таланты болыпты. Бірақ Төлеген ақсақал «әртіс боламы несі, еңбек ет!» деп баласының желігін басып тастаса керек. Мүмкін пешенедегі жазуы осы шығар, дегенмен көкеміз сахна өнеріне келсе де, аты алысқа кеткен дарын иесі болатыны даусыз еді.

Мені әсіресе Пірназар әкенің кеңдік, көрегендік, мейірбандық секілді адами құндылықтары қызықтырады. Кітап, газет оқымаса бір сәт те отыра алмайтын көкеміздің кеудесі де жазылған кітаптай екен.

Мына бір оқиғаны естігенде ол кісінің көңіл дархандығы мен жастардың қамын жейтін қомқорлығына тәнті болдым. Бірде өзінің қызметтік көлігін айдайтын жас жігіт: «Аға, ертең мені жұмыстан босата аласыз ба, үйімді көшірмек едім» – депті. Сөйтсе ол жалдамалы пәтерде тұрады екен. Пәтер жалдаушының жағдайы белгілі ғой, қожайынға жақпасаң, «итіме күрке керек» деп шығарып жібере салады.

Ертеңіне Пірназар көкені мекеме бастығы шақырады. Қолын қысып тұрып:

– Сіз осы ұжымның ең іскер, ең үлгілі мүшесісіз. Мекеменің салған үйінен сізге пәтер бөліп отырмыз, – деп құттықтайды. Сонда көкеміз қуанып кетіп:

– Сол пәтерді менің шопырыма беріңізші, – депті.

– Сізге ше? – дейді бастық сәл тосылып.

– Менің ер жеткен екі балам бар, үйді өзім салып алам. Ал, мына шопырдың баласы әлі бесікте жатыр…

Сөйтіп, көкеміз өзіне тиесілі болған екі бөлмелі пәтерді алты аласыз жас отбасына бергізіпті.

«Жол салғанның сауабы мол» дейді дініміз. Лайм, солай болғай. Көкеміз тарихқа белгілі Тұрсынбай датқаның тұқымы Бибайша анамызбен бірге артына тәрбиелі ұрпақ қалдырды. Балаларының бәрі жоғары білім алды. Бүгінде немересі Нұрсұлтан – «Қызылорда жылу электр стансасының» энергетигі. Атасының ізгі қасиеттері осы немересіне түгел көшіп алған секілді дейді отбасындағылар.

Осындай оялы өмір кешіп, адал еңбек еткен Пірназар әкемізді мекемесі зейнетке жеңіл автокөлік сыйлап шығарып салды. Бірсыпыра Үкіметтің, министрліктің де марапаттарын  иеленді. 1994 жылы дүниеден озды.

Бірақ, ең бастысы жол танабында қолының табы қалды. Оны бүгінгі ұрпақтың сезінуі тиіс.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<