Ақшуақ әлем

1146

0

Ұлы далада миллиондаған жылдар ғұмыр кешкен бір халық болыпты. Сол халықтың атам заманда-есте жоқ ерте кездегі ұлы атасы «Қазақ» болған дейді. Біз сол халықтың ұрпағы екенбіз. Дұшпандарының құртып жібергендерінен, құртып жібере жаздағандарынан амалдап аман қалғандарының бүгінге жеткен қоңыр қозылары – біз боламыз. Жамырасып табысып та жатамыз, маңырасып кетісіп те жатамыз. Біз сондай ұрпақпыз, ақкөңіл, аңқау, аңғырт, аяулы ұрпақпыз.

Айжарық Сәдібекұлы

Тұтас ұлттың қасиет қайнарын шабыт бұрқағына айналдарған, адами болмыстың кемел тұлғасы, тұқиян тегінен ақжал толқындарымен ағысып, теңіз жағасында жалаң аяқ жарысып өскен, білім қуып, парасат пырақтаған, журналистика әлемінің Айжарығына айналған, тумысы бөлек тұлғаның алдында тұрмын. Бала деп басып сөйлемей, көкірегін ашып, өмірден алған тағылым-толғауының түбірі теңіз екенін ұғасың. Сөз шұғасын ақшабақтай ойнатып, әңгіме арқауын туған топырақтан өмір қып өрбітіп, пешенеде жазылған пайым парасатынмен шықпаған, мен ұқпаған әлем көгінен жарқыратып, жаныңа керек шуақ қой, біліп ал дегендей білік байрағын сезімде желбіретіп жатыр.

Көп білетін адамның көсеге пырағы қанымда жүйткігендей болды. «Осы сен бірдеңе түсініп отырасың ба» дегендей сынай қарап, ақжауындай ар сөзімен әлпештеп аялай қарап қояды. Менің де қуат қайсарлығым теңізден екенін білгенде әңгіме арнасын заманға, қоғамға, адами арнаның ақиқатына бұрып әкеледі. Кенет Айжарық ағамыз «Шұғыла шуағы» кітабын қолына алып, «осы кітапта менің толғаныс толқындарым бар, оқысаң …» деп көзәйнегін киіп, кең күрсініп алды да, «тыңдашы» деді.

«Бұл ғалам жаралғалы қанша адам із-түзсіз ғайып болып келмеске кетті. Қанша адам қара жердің тозаңына айналды. Қилы-қилы заманалар қаншасын ұмыттырды. Ойламаймын десең де ерікіз мұңға малтығасың. Бір заманда осы күні қарыштап жер басып жүрген біздер де тозаңға айналамыз-ау… О, сұм дүние…»

– Айжарық аға, кіндік мекеніміздің жер екені анық, бірақ сіз ұлықтаған ұран қаны ұлтым деп, өмір бәйгесінің  аламынында адами затқа олжа салса, әділеттің алмас қылышындай жарқылдаса, өлместің отын жақса пенде жүрегінің пәрмені сіздей қуатты болса «О, сұм дүние» деп күрсінуге бола ма?

– Сенде айтасың-ау, Нұрмаханов. Адамнан басқаның бәрі қымбаттап кетті білем. Кісінің көңілін қалдыру түкке тұрмайтын зауалға айналыпты. Тағы да ойға шомып: «Оңталап-ау, базардан алған балық еді, қылқандап отыр» деп алдыма ысыра бастады. Өкпе айтпайтын  өр мінез, қандай тақырып болса да, ой тұшытып, өмір пәлсапасын, теңізге тіреп, теңіздің тағдырын, адамның тағдыры екенін айшықтап, ар санаға дайыр дүре соғып, дәнектеп отыратын ағамыздың тағы қандай ойға шомылғанын түсінбей, олақ сөз айтып, тітіркентіп аламын ба деп, менде тіл құрықтадым. Кенет көзінің аржағынан әдемі әлем нұр шашып, мәңгілік махаббатын, Құдай қосқан қосағын, жан-жарын есіне алып, қасыңда сүйгенің болмаса, бәрі-бәрі бекер екен, жарықтық-ай, жарықтық. «Сен Марияш жеңгеңді көрген жоқсың ғой. Асыл махаббат, аяулы махаббат жүрегіме ұялаған шапағаты, шамшырағым екен. Күт мені, күт» деп күбірлеп, ұзақ отырды.  Мен бір сөзін түсінбедім.

– Иә, кездесуге, жеңге сөзді жүгіртіп, әзіл әрекеттеуге Құдай жазбапты. Бірақ, сіздің жазғандарыңыздан, жазбай танимын. Қалай құлай сүйгеніңізді білемін. Жария садақа демекші, жария махаббатыңыз, жүрегіңізді жұмақтайтынында, қуаттайтынында ұғамын, түсінемін.

– Еее, құлпырта сөйлеп, қыдықтап қажайтыным бар де. Қазақ дені сау ел боламын десе бәрінен  бұрын ару қыздарын аяласын. Ата-бабаларымыз «ару қыз» деп періштедей пәк қыздарын айтқан. Ару қыздарды алдағандар, қыздарға қиянат жасағандар Отанына да опасыздық жасайды. Ал жезөкшелердің обалы жоқ…

– Дүние деген алып кеңірдек, тойымы жоқ талтақтар, жағымпаз жалтақтар, күн үшін күбірткідей кемірген зәнталақтар, дүние деп демін тартқандар, дәуіріміздің дүние дес берместері көбейіп кетті аға.

– Ее, солай де. Дүние-кемел, әлем-ұлы. Жер жаһандағы мұхиттар ақтарылып, теңіздер тасып, дариялар арнасынан аса берсін. Дүниенің тобығынан келсе не дейсіз?.. Бабаларымыз: «Қорқыныштың көзі ала» деп тегін айтпаған-ау. Қорқыныш ақылды тұсап алды. Сатқындық сол қорқыныштан болады. Мына жалғаннан біреудің жетектеген тайлағы болмай, әлде кімнің айтақтайтын итіне айнымай адам болып өткеннен артық абырой жоқ.

– Рақмет аға, жақсы айттыңыз. Сізбен жолықтырған Алланың пешене жазбасына мың да бір шүкірлік айтамын.

– Образда сөйлеу, Оңталапқа жарасады деуші еді, театрыңның жағдай қалай?

– Бәрі жақсы. Бірілктің берекесін, халықтың қолдауын, жастардың жігерін жарқыратып келеміз. Айтпақшы аға, теңіз туралы бір драма, трагедия жазбайсыз ба?

– Сенде айтасың-ау? Өмір, өмір деумен тырбанып келеміз ғой. Сол өмір дегеніміз-айта беретін тіршілігіңіз басынан аяғына дейін қайшыласқан, тайталастан бір тынбайтын драма мен трагедияға толы екен. Өмірдің  адамгершілік жолы жіңішке, кесапатты жолы кең екен. Адамгершілік жолында жүргендерге, құдая тоба қашан да, қайда да жол-жөнекей жаманшылық табыса кетеді. Мына қалада қыж-қыж қайнаған өмір. Анау қабірстанда тылсым тыныштық… Не дейін саған, не дейін… Басы сайран, соңы ойран дүние. Сенің бір кезде бұл ғаламда ғұмыр кешкенің тек бір Алланың өзіне аян болып қала берер. «Әуелі топ-топ, сосын шоқ-шоқ, ақырында жоқ-жоқ» депті ғой дала данагөйі Мөңке бабамыз. Шыңырау ойға сүңгіп кеткендей тәтті тірліктің бетіне қайта құлаш ұрғандай ақшуақ әлемін ми қатпарында маужыратып миығын тартып маған көзін тіктеді. Мен тағы да тілімді жұттым.

***

Ұққаным ұлы адамдар қасымызда жүр екен.  Айеке, асыл аға, сіз тозаңға айналамайсыз, періште жүрегіңіз қалдырған жауһар жазбаларыңыз ұлт руханиятына қызмет ете бермек. Өмірден өткеніңізбен көңілден кетпедіңіз.

Тағы да көктем келді. Сіздің «Бұрынғының адамдары» атты кітабыңызды оқып отырмын. Тағы да менімен сырласасыз. Көптің көңліне шұғыла шуақ себесіз. Сіз адамзаттың асылдарымен бірге алшаң басып келесіз. Тағы да Ассалаумағалейкүм аға!

Онталап НҰРМАХАНОВ,

Қызылорда қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<