Әлемдегі ең бай адам Джефф Безостың 7 құпиясы

639

0

CNN телеарнасының мәлімдемесі бойынша Джефф Безос әлемдегі ең бай адам атанды. Bloomberg Billioners Index индексіне сүйенсек, оның қаңтардағы табысы 106 млрд долларды құрайды. Ол Amazon сайтынан бөлек The Washington Post журналын және Blue Origin атты аэроғарыштық компаниясын басқарады. Дарынды кәсіпкер жетістікке оңай жеткен жоқ. Назарларыңызға Джефф Безосты жетістікке жетелеген 7 құпияны ұсынамыз.
1. Жар таңдаудан жаңылыспаңыз
Джефф және Маккензи Безостың шаңырақ көтергендеріне 24 жыл. Маккензи Безосты кездестіргенге дейін Джеффтің жеке өмірі сәтсіздіктерге толы болған екен. Джеффтің сөзінше, ол тіпті достарының кеңесімен түрлі кездесулерге барған. Алайда кездесулердің барлығы сәтсіз аяқталған. Кейіннен Джефф нәзік жанды арулардан муза іздегенін мойындайды. — Мен өзіме идея беретін, оны жүзеге асыруға көмектесетін, көпшіліктің арасынан ерекшеленуге мүмкіндік беретін әйелді іздедім. Маккензиді бір көргеннен-ақ оның тапқыр жан екенін және мен өмір бойы іздеген асыл жан екенін түсіндім, — дейді миллиардер.
 2. Жұмысыңызды ретке келтіріңіз
— Мен әр ісімді өз кезегімен жүзеге асыруға тырысамын. Егер мен достарыммен немесе отбасыммен тамақтансам, басқа дүниеге көңілімді бөлмеймін. Егер электронды поштамды оқысам, басқа нәрсеге мазаланбаймын. Мен кедергі келтіретін дүниелерге көңіл бөлгім келмейді,- дейді миллиардер. Демек, сіз де әр ісіңізді Джефф Безос секілді ретімен орындайтын болсаңыз, уақытты да ұқыпты пайдаланып үйренесіз.
3. Дұрыс таңдау табысты өмірге жетелейді
 Әр адамның екі таңдауы бар. Бірінші таңдау: тәуекелге бармай, күнделікті жұмысыңды істеп, қарапайым ғана өмір сүру. Екінші таңдау: сынақтардан сүрінбей, жеңіс пен жеңілістерде батылдық танытып, өмірден өз орныңды табу. Джефф Безостың өмірі түрлі сынақтардан тұрған. Ол 1994 жылы Уолл-стритте қаржылық компанияда бағдарламалық жасақтаманы жасаумен айналысқан. Джеффтің бұл жұмыста тапқан ақшасы «нан мен майға» жететін. Бірақ бір күні ол бастығына жеке интернет-дүкенін ашу үшін жұмыстан шығатынын айтқанда бастығы: «Бұл шынымен де жақсы идея екен. Бірақ сен сияқты беделді дәрежесі, жұмысы бар адам үшін емес. Сен бар жұмысыңды тастап кетуге дайынсың ба?». Джефф мақсатына жету үшін тәуекелге баруға дайын еді. Бүгінде миллиардер Джефф Безос Amazon сайтын құруға жұмсаған жылдарын есіне алып: «Мен 80-ге келгенде тәуекелге барғаным үшін өкінбейтінімді білдім. Интернеттің не екенін түсінгеннен кейін өмірімді жаңадан бастауға ұмтылдым. Мен жеңіліс тапқан күннің өзінде де, өзімді жеккөрмес едім. Себебі мен бар мүмкіндікті пайдаландым»,- дейді. Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, миллиордерден үлгі алыңыз. Тәуекелге бел буып, ойыңызда жүрген, бірақ орындауға батылыңыз жетпей жүрген ізгі амалдарыңызды жүзеге асырыңыз.
4. Басты және қосымша жоспарыңыз болсын
Егер Amazon сайты жарық көрмегенде, қандай кәсіппен айналысатын едіңіз деген сұраққа миллиардердің екі жауабы бар. Бірінші: «Мен бақытты бағдарламашы болар едім. Бәрін басынан бастау — мен үшін қиын емес». Екінші: «Кейде өзімді өте жақсы, бірақ өз жұмысын баяу орындайтын бармен болатын едім деп ойлаймын. Маған коктейльді дайындаған ұнайды. Дәмді коктейль дайындай білудің өзі өнер деп санаймын. Өзім коктейльді асықпай, жасаймын. Баяу қимылдасам да дәмді коктейль дайындау қолымнан келеді. Менің барымда «Коктейль дәмді болсын ба, әлде тез дайындалсын ба?» деген жазу болатын еді». Осыдан Джефф Безостың тек бір жоспарға сенбегенін, қосымша жоспары болғандығын байқауға болады. Алдыңызға мақсат қойған кезде тек қана жеңісті емес, жеңілісті де ойлаңыз. Сіздің басты жоспарыңыз жүзеге аспаған жағдайда да, жақсы өмір сүруге мүмкіндік беретін қосымша жоспарыңыздың болғаны абзал.
 5. Жеңімпаз болу үшін жеңілу керек
Джефф Безос және оның әйелі бала тәрбиесіне келгенде стандартты емес әдістерді қолданады. Көбінесе ата-ана кішкентай баласы жарақаттанып қалмауы үшін ұшы үшкір, кескіш заттарды баланың қолы жетпейтін жерлерде сақтайды. Қайшы, пышақ сынды заттарды ұстатпайды. Ал Безостердің отбасында бәрі өзгеше. Олар балаларына 4 жастан бастап өткір қайшыларды қолдануға рұқсат берген. Кейіннен балаларының электр құралдарын қолдануына да қарсы болмаған. Бұл жайында Джефф: «Қателік жасамайтын адам, өз қатесіне өкініп, өзін-өзі дамытуға, қателігін түзеуге ұмтылмайтын болады. Мен шынайы өмірді тануға талаптанбайтын баланың әкесі болғанымша, тоғыз саусағы бар баланың әкесі болуды қалар едім».
6. Жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы байланысты сақтаңыз
 Джефф Безос әр ісінде теңгерімнің болуын қадағалайтын адам. Оның пікірінше, жұмыс пен жеке өмір әрдайым бір-бірінен тәуелсіз, инь және янь секілді бір-бірін толықтырып тұрғаны дұрыс. Егер үйде бақытты болсаңыз, жұмыста да үздік қызметкер атанасыз деген сөз. Егер жұмыста мықты маман болсаңыз, үйде балаңыз үшін керемет ата-анасыз. Amazon компаниясының басшысы танымал бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында балаларға, үй ішіне арналған бос уақытты жұмысқа арнау бұрыс екендігін айтқан.
7. Балалардан үлгі алыңыз
 Мықты маман болудың кемшіл тұстары бар. Сіз өз ісіңізді жетік білгеннен кейін, зерттелмеген, тек сенімге ғана сүйенген қағидалармен жұмыс істегенде қиындыққа тап болуыңыз мүмкін. Себебі сіз кез келген тығырықтан қалай шығу керектігін нақты білесіз, ал сол тығырықтан шығуға көмектесетін мүмкіндіктерді білмейсіз. Келешекте осындай қиындыққа тап болмау үшін балалардан үлгі алыңыз. Балалар айналаны зерттеуден шаршамайды. Білмеген нәрсесін сұрауға ұялмайды. Балалар көп сұрақ қойса да, сұрағына жауап табады. Қандай жағдай болмасын, бала сияқты өз-өзіңізге бірнеше сұрақ қойыңыз. «Осылай істесем қалай болар екен?», «Егер осы ойымды жүзеге асырсам ше?». Әлемнің барлық данышпандар әрдайым ізденісте жүріп, сұрақтан туған сұраққа жауап іздеумен жетістікке жеткенін ұмытпаңыз.  

 Айару Өтенбаева Дереккөз:
 7kun.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<