Мәдени мұра – мәңгілік ел құндылығы

2947

0

  ЮНЕСКО жанынан құрылған Ескерткіштер мен көрікті орындар мәселелері бойынша халықаралық кеңес Ассамблеясының ұйғарымымен 1982 жылдан бері 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні ретінде аталып өтеді. Елімізде де бұл мерекеге ерекше сипат берілген. Рухани даму бағытының түп-төркіні – тарихи-мәдени құндылықтарымызды терең танып, кеңінен насихаттап, сонымен бірге, қорғау шаралары қолға алынып отыр.

Мерекеге орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Тарихи-мәдени мұра: тәжірибелер, мәселелер және даму болашағы» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. 

Жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов бастаған әр өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме басшылары қатысты.

Семинар-кеңесті  облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова ашып, шараға қатысушыларды жиынның мақсаты мен мазмұнынан хабардар етті.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай қабылданған «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында аймағымызда көптеген шаралар атқарылып жатыр. Оның бір көрінісі, осы кезеңде облыс аумағындағы 517 ескерткіш мемлекет қорғауына алынды. Сондай-ақ, Сыр өңірінің Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық петроглифтері, Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында толық құжаттамалар топтамасы әзірленіп, қорғау аймақтары белгіленді, – деді Ж.Құрамысова.

Бұдан әрі жиынды облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Сапар Көзейбаев жүргізді. Ол мерекелік шара аясында ұйымдастырылып отырған семинар-кеңесте тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бағытында өзге өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар барысын айтып, осы саладағы өзекті мәселелер, сонымен бірге, алдағы жоспарлар сараланатынын жеткізді. Осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Айталық, бүгінгі таңда аймақта облыс әкімінің төрағалығымен ғылыми әдістемелік кеңес жұмыс жасайды. Кеңестің алға қойған ауқымды жоспары бар. Соның бір айғағы, 2015 жылдан бері Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне кешенді түрде археологиялық зерттеулер жүргізілген болса, алдағы уақытта Қышқала, Бәбіш Молла қалашықтарына қазба жұмыстары жоспарланып отыр.

Жиында талқыланған тақырыпқа байланысты пікірін білдірген Мадияр Елеуов, тарихи мәдени ескерткіштерді есепке алудан бөлек, оларды қорғау және насихаттау  мәселесіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда Сыр өңірінде қолға алынған шаралар көңіл қуантатынын атап өтті. Таяуда ғана Шиелі ауданында ашылған тарихи өлкетану музейіне өз қолымен құнды жәдігерлер табыстағанын «Мәңгілік Ел» ұғымының қадір-қасиеті осындай тарихи, рухани құндылықтармен сабақтас екенін айтты.

Жиынға қатысушылар «Сыр бойы – мыңжылдықтар мирасқоры» деп аталатын көрмені тамашалап, көңілдеріне көркем ой түйді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<