Медицина саласындағы заңгерлік қызмет өмірлік қажеттілікке айналды

1035

0

Өмір болмысы жылдам өзгеруде. Сол өзгеріске сай жаңа қажеттіліктер туындап жатыр. Біз қазір сот-медицина қызметі, медицина саласындағы заңгерлік қызметтің қажеттілігі туралы жиі айта бастадық. Қажеттілік неден туындап отыр? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін біз жоғары санатты тәжірибелі, тәуелсіз сот-медициналық сарапшы, білімді заңгер Рахымжан Жұбатырұлы Әліппен кездескен едік.

– Рахымжан Жұбатырұлы, алдымен сот-медицина сараптамасы, медицина саласында заңгерлік  жұмыстармен  айналысу қажеттіігі  неден туындап отырғанына тоқталсаңыз…

– Жасымнан әр нәрсеге қызығушылық танытуым өмірлік қажеттілікке айналды. 1980 жылы Ақтөбе медицина институтын бітіргеннен кейін осы сала бойынша облыстық сот-медицина бюросында интернатурадан өттім. Кейін Украинаның Харьков қаласында білімімді жетілдірдім. Еңбек жолым Тереңөзек-Жалағаш ауданаралық сот-медицина сарапшысы қызметінен басталды. Аудандық ауруханада дәрігерлік жұмыстарды қатар атқардым. 1996-2003 жылдары қызмет Жамбыл облысында сот-медицина бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылдан сот-медицина орталығы Қызылорда облыстық филиалы директоры болдым. Кейінгі жұмыстарым осы саламен байланысты болып, зейнетке шыққанға дейін басшылық қызметте болдым. Қызметте жүрген кезімде қосымша заңгерлік мамандықты меңгеріп, заңтану бакалавры мамандығын игердім.

Иә, өзіңіз айтқандай, қазір өмір жылдам өзгеруде. Жақсылықпен бірге келеңсіз көріністер өріс алып барады. Адам денсаулығына әдейі болмаса да біліксіздіктен залал келтіру, оның салдарынан қайғылы оқиғалардың болуы жиілеп кетті. Салада жұмыс істеу өте күрделі. Медициналық сараптама қызметін сауатты жүргізу үшін үлкен біліктілік керек. Жоғарыда айтқандай қайғылы оқиғалар көптеп кездесті. Әлі есімде, сонау 1985 жылы біздің облыста дәрігер-хирург өз жұмысында өрескел қателікке жол берді. Ота жасау кезінде науқастың жағдайы асқыну салдарынан қайтыс болды. Бұл облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа жиналысында қаралып, дәрігер-хирургтің қателігі дәлелденді. Ол тиісті жазасын алды. Осыдан біршама уақыт бұрын бір жақынымыз жол-көлік оқиғасы салдарынан мүгедек болып қалды. Ол Шымкенттегі “Ақ әулие” деген тәуіпке барып, емін алу барысында жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен қайтыс болды. Тағы бір мысал келтірейін, осыдан 4 жыл бұрын Қызылорда қаласының бір емханасында ағзасын тазалап, салмақ тастау үшін ем алуға барған келіншектің асқазан жарасы ашылып, қан кетіп, қайтыс болды. Артында аңырап балалары, ата-аналары қалды. Мұндай оқиғаларды сұлулық салонында жүргізілетін емдеу шараларынан көптеп кездестіруге болады. Массажистің бір әжеміздің ұршық сүйегін сындырып алғанын да көрдік. Айта берсе мысал көп. Әсіресе, кейінгі жылдары мұндай қайғылы оқиғалар Қазақстанның өзге өңірлерінде, сондай-ақ Ресейде жиілеп кетті. Ол жерде зардап шеккендер заңға жүгініп, кінәлілер жазасын алып жатыр.

Біздегі жағдай басқаша. Ешкім заңға жүгінбейді. Шарасыздық танытады. Әншейін “Құдайдың ісі, қайтеміз енді” деп қоя салады. Ал заңға жүгінген адам кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартады, кінәліден немесе клиникадан моральдық өтемақы алуға болатынын біле бермейді.

Міне, сот медицинасы және медициналық мәселелер  бойынша  заңгерлік қызмет осындай жағдайлардан сақтандырады. Кінәлілерді жазаға тартуға көмектеседі. Сонымен бірге ол басқаларға сабақ болу үшін барынша маңызды.

– Мәселенің байыбына енді келген сыңайлымыз. Бұл орайда сіздің сот-медицинасы саласының білікті маманы ретінде және медициналық мәселелер  бойынша заңгер ретінде қалың жұртшылыққа көрсететін қызметіңіз қандай?

– Жағдайды байыптап, тәуелсіз сот-медициналық сарапшы ретінде және заңгерлік мамандығымды іске асыру мақсатында Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң-кеңесші палатасына тіркеліп, медициналық мәселелер бойынша заңгерлік қызмет көрсетуді бастадым. Әрине, жұмыс күрделі, бірақ бұл өмірлік қажеттіліктен туындаған.

Қазір жеке клиника көп. Халық солардың жарнамасына күмәнсіз сенеді. Жеке зертханалар, халық емшілері, сүлік салушылар өз бизнесін тоқтаусыз ашып жатыр. Сырттан келіп біреудің ғимаратын жалға алады. Бизнес жасайды, пайда табады. Олардың тиісті құжаттары болуы мүмкін. Алайда ем қаншалықты тиімді жүргізілді? Бұл сауалдың жауабы күмәнді.

Әрине, өмір біз ойлағаннан біршама күрделі. Көп нәрсені іс жүзінде дәлелдеу қиынға түседі. Ол үшін табандылық, сонымен бірге біліктілік қажет. Осыдан екі жыл бұрын Атырау қаласының “Ана мен бала” орталығындағы шала туған нәрестенің өліміне байланысты бірнеше дәрігер бас бостандығынан айырылды. Бұл тартысты іс болды. Бірақ іске араласқан қорғаушылардың менің білуімше бірде-біреуінің медициналық жоғары білімі болмады. Осы саланың маманы ретінде нәресте өлімінің себебін, оның тірі немесе өлі, шала туу және ішкі ағзаларындағы жетіспеушіліктерді анықтауда көптеген факторлар нақты шешілмей қалды-ау деген күмәнді ойлар мазалайды да тұрады. Осындай істе медициналық білімі бар  заңгерге сұраныс  туып тұрғандай.

Міне, осындай фактілерді ескере отырып, өмірлік тәжірибемді ізгілікті іске пайдалануға болатынын түсіндім. Заңгерлік кеңес беремін. Бірнеше сот процестеріне қатысып үлгердім. Алға қойған мақсаттарым үлкен.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ