«Ауырмаудың жолы – мықты иммунитет»

1523

0

Коронавирустың алдын алуға, еміне қатысты әркім әртүрлі пікірде. Бірақ «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Айтылып жүрген пікірлердің анық-қанығы туралы терапевт-дәрігер Перизат Сейіловадан сұрап білдік.

– Коронавирус тұмауға қатты ұқсайды. Әйтсе де, оны қандай белгісі ерекшелеп тұрады?


– Тұмау да, коронавирус та – вирусты инфекция. Екеуінде де әлсіздік, мұрынның бітелуі, тамақтың ауырсынуы сияқты сезімдер кездесуі мүмкін. Коронавирус жұқтырған пациенттердің шағымдарына қарасақ, оларды иіс және дәм сезу қабілеттерін жоғалту, буындардың сырқырауы, температураның жиі көтерілуі, іш өту мен тыныштықта болатын ентікпе мазалайды. Бастапқы белгілері тұмауға ұқсайтындықтан, көбі бұған мән бермей, асқындырып бір-ақ келеді.


– Оның симптомсыз түрін қалай емдейді? Мұндай науқастар айналасына қаншалықты қауіпті?


– Коронавирустың симптомсыз түрі жиі кездеседі. Әсіресе, жастар арасында. Жұмыс орнында немесе отбасында коронавирус анықталып, олармен байланыста болғандар ПТР тексеруден өтеді. Сондайда кей пациенттерде оң нәтиже анықталғанмен, ешқандай ауру белгілері байқалмайды. Бұл аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын немесе пациент иммунитетінің күшті екенін көрсетеді. Мұндайда тек иммунитет көтеретін, вирусқа қарсы препараттар қабылдап, карантин талаптарын орындау керек. Екі апта бойы оқшауланады. Адам өзі ауыр­мағанмен, вирус тасымалдаушы ретінде үйіндегі егде жастағы немесе аяғы ауыр кісілерге қауіп төндіреді. Сол кісілерде індет ауыр түрде өтуі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларына селқос қарамаған жөн.


– Ауру белгісі жоқ адамның тест тапсыруы дұрыс па?


– Коронавирус жұқтырған адаммен байланыс­та болған жағдайда ПТР тест тапсыруға міндетті. Пациенттерде ауру симптомдары екінші аптаның соңғы күндері көрініп жатады. Медицина қызметкерлері осы санатта. Олар жиі тест тапсырады, нәтижесінде көбіне симптомсыз түрі табылады.


– Аурудың алдын алудың нақты бір жолы бар ма? Зімбір мен лимонды пайдалы деп жатады…


– Барлық аурудың алдын алудың бір ғана жолы бар, ол – мықты иммунитет қалыптастыру. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану. Шетелдік әдебиеттерде құрамында Д дәрумені, магний бар препараттарды қабылдау арқылы коронавирус­тың алдын алуға болатыны айтылған. Өйткені Д дәрумені ағзада болатын 300-ге жуық зат алмасу процесіне қатысады. Бірақ бұлар, оған қоса зімбір мен лимон нақты ем ретінде қолдануға келмейді. Оған көмекші ғана.


– Соңғы кезде қымыз, саумалға сұраныс жоғары. Ағарған өнім қалай көмектеседі?


– Қазір көп адам коронавирус асқынып кеткендіктен антибактериалды, вирусқа қарсы, гормоналды препараттарды қабылдап, иммунитетін әлсіретіп алып жатыр. Сол себепті ауруханада жатқан нау­қастарға иммунитетті қалыпқа келтіру мақсатында сүт өнімі, әсіресе, саумал мен шұбатты ұсынамыз. Аурудан толық айықтырмаса да күш беріп, тәбеті жоғалған науқастардың тәбетін қалпына келтіріп, оң септігін тигізіп жатады.


– Антибиотиктер мен басқа дәрі-дәрмектерді қолдану реттілігі қандай?


– Барлық дәрі-дәрмек, ең бастысы, науқас айт­қан шағымдар, рентген суретіндегі көрсеткіштер мен әртүрлі зерттеу қорытындыларына сай хаттамада жазылған ережелерге сүйеніп беріледі. Симптомсыз науқастарға антибактериалды емнің мүлде керегі жоқ. Шағымдарының өзгеруіне қарай дәрігерлер емді күнде түзетеді. Қосымша ем түрін қосып немесе кей препараттарды алып тастап отырады. Сөйтіп, науқастың сатурациясы жоғарылап, ентікпесі азаяды. Қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда шар үрлеу, тыныс алу және тағы басқаға қатысты әртүрлі жаттығуларды ұсынамыз. Ауру белгілері жоғалған күнде де мұны жалғастырудың артықшылығы жоқ. Бұлар өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне, барлық бөліктерін реттеуге көмектеседі.


– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<