Дала өнерін кәсіпке айналдырған

2421

0

Қыш өнері – көнеден бастау алған кәсіп. Оның тарихы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Десе де оны жанға жайлы демалыс орнына, рухани қуат алатын орталыққа айналдыра білген кәсіпкер Бекзат Бақтиярұлымен әңгімелесудің сәті түсті. Өңірімізде ашылған «DaLa Crafts»  деп аталатын өнер және демалыс орталығына келушілер көп. Төрт жасар баладан бастап зейнет жасындағылар да құмыра жасау өнеріне қызығушылық танытып, сурет салуға да арнайы уақыт бөлетінін білдік. Құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы мен гончарлық өнердің қыр-сыры туралы сұхбат жасаған едік.

– Бекзат Бақтиярұлы, құмыра жасау өнерін қашан меңгердіңіз? Мұны кәсіп түріне айналдырудың сыры неде?

– Мен бұл кәсіпті бастарда көп ойландым. Алдымен менің ісім жұртшылыққа қуаныш, жақсылық сыйлау керек. Одан кейін оның пайдасы болғаны дұрыс. Алдымен Алматы қаласында ашылды. Қызылордада жұмыс бастағанымызға екі айдай уақыт өтті. Бұл кәсіпті бастамас бұрын оның қыр-сырын өзім жетік меңгеруім керек болды. Қазір өзім құмыра жасау шеберімін. Орталықта менен басқа да сурет салатын, құмыра жасайтын екі адам бар.

– Құмыра қалай жасалады? Қанша уақытты қажет етеді?

– Құмыра жасау үшін арнайы сазды Қапшағайдан алдырамыз. Бір құмыра жасауға маған 10-15 минут жетеді. Бірақ оны бір апта көлемінде күн түспейтін жерде қалыпты температурада кептіреміз. Кепкен құмыраны 800-1000 градуста күйдіріп аламыз. Сыртын бояп, әрлейміз.

– Бұл өнер түріне қызылордалықтардың қызығушылығы қандай екен? Келушілер көп пе?

– Иә, ашылғанымызға аз уақыт болса да қазір жұртшылыққа танылып қалдық. Арнайы уақытқа жазылады. Көбіне қыз-жігіттер, жас отбасылар, мектеп оқушылары келеді. Тіпті зейнет жасындағылар да уақыт бөліп, екі сағатын рухани демалысқа арнап кетеді. Олар балалық шағын еске түсіріп, бізге алғысын білдіреді. Кішкентай балалардың қол ұшындағы ұсақ моторикасын дамытуда пайдасы зор. Күніне 10 адам уақытпен жазылып, бір сағат уақытын тиімді әрі қызықты өткізіп, жасаған құмырасын өзімен бірге алып кетеді.

– Орталыққа келіп, пайдалы уақыт өткізу үшін қанша төлейді?

– Келу бағасы балалар мен оқушыларға 15 процент жеңілдік. Ал үлкендерге 5500, егер жұбымен келсе 7000 теңге төлейді.

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<