«Ерекшеліктерге сай дайындық жасалуда»

2000

0

Келер жылдың 10 қаңтарында  ҚР Парламентінің Мәжілісі  және мәслихат депутататтарын сайлау өтеді.  Саяси науқанға әзірлік басталып кетті. Әрине, сайлау өткізу – үлкен жауапкершілік. Ал осы сайлаудағы өзгеріс­тер туралы не айта аламыз? Облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Ғалым Баймырзаевпен сұхбатымыз осы мәселелерге жауап іздейді.

– Ғалым Қонақбайұлы, Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мә­жілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа  қол қойды. Бұл жолғы науқанның басты ерекшелігін ашып түсіндірсеңіз…

– Сұрағыңыз орынды. 21 қазан күні Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын таға­йындау туралы № 439 Жарлығы жарияланды. Сонымен қатар,  Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалмақ. Сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Бұл сайлауды саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси  өміріне азаматтардың қатысуын  кеңейту аясында өткізу жоспарлануда.

Басты ерекшеліктердің бірі – «Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конс­ти­туция­лық  заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалады. Сондай-ақ,  тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді және  мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.

– Сайлауға қанша партия қатысады?

– Бүгінде  Әділет минис­трлігінде 6 саяси партия тіркелген. Олар: «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы, «Nur Otan» халықтық-демократия­лық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Сайлау кезінде бөлек бір мандат үшін емес, саяси партиялардың күресі болады. Олар өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынады. Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.  Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған. Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.

– Елімізде орын алып жатқан пандемияның сайлауға әсері болуы мүмкін бе? Бұл жағдайда  дауыс беру тәртібі қалай ұйымдас­тырылады?

– Осы сайлауды ұйым­дастыру және өткізу барысында Орталық сайлау комиссиясының және Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бірлескен қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар» басшылыққа алынады. Пандемия жағдайында сайлау процесіне қатысушылардың санитарлық қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, үгіт науқанында кандидаттардың таңдаушылармен онлайн-режимдегі кездесулермен қатар тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып жүзбе-жүз кездесулері ұйымдастырылады. Оған қоса дауыс беру күні дауыс беретін үй-жай тиісті талаптарға сай жабдықталып, медицина қызметкерінің қатысуымен өтетін болады.

– Шетелдік байқаушылар жайы қалай болмақ?

– Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 22 қазандағы №30/337 қаулысымен халықаралық байқау жүргізу институты ашылды. Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысына, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкіліне бір аудармашы өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде ілесіп жүре алады. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минис­трлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Оларды  аккредиттеуді жүргізу 4 қаңтарда cағат 18-де аяқталады.

– Біздің өңірдің да­йындығы қалай? Қандай жұмыс­тар жасалып жатыр?

– Науқан 10 қарашадан басталады. Осыған байланысты қазір учаскелік сайлау комиссияларын түгендеу әрі шекараларды бекіту жұмыстары жүруде. Сонымен бірге  Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген күнтізбе жоспарына сәйкес облыстық сайлау комиссиясының қаулысын бекіттік. Атқаруға тиіс жұмыс көп. Алдағы уақытта бәрі ретімен жоспарға сай  іске асатын болады.

– Қанша сайлау комис­сия­сы жұмыс жасайды? Өңірде мәслихат депутаттарының санына тоқталсаңыз.

– Облыс бойынша 385 сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. 9 аумақтық сайлау учаскесінде – 63 мүше, 376 учаскелік сайлау комиссиясында 2754 мүше жұмыс атқаратын болады. Ал мәслихат депутаттарына тоқталсам, Орталық сай­лау комиссиясының осы жыл­ғы 11 қыркүйектегі Қау­лы­сымен құрылған облыс бо­йынша мәслихат саны – 9, 1 – облыстық, 1 – қалалық, 7 – аудандық. Мандат саны барлығы облыс бойынша  – 152. Облыстық мәслихатта – 33 мандат, Қызылорда қаласына – 22 мандат, Арал, Қазалы, Шиелі,  Жаңақорған аудандарына – 15 мандаттан, Қармақшы ауданында – 13, Жалағаш, Сырдария аудандарында – 12 мандаттан. Ендігі жерде барлық азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

Әңгімелескен

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<