Игі бастамалар қолдау табады

1368

0

Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің жаңа экономикалық бағытының және елмен етене жақын «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Партия алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралдары арқылы жұмыс істеуді мақсат еткен. Мәселен, партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламада азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылса, соның бір тармағы ретінде кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың да жағдайын жақсарту көзделген. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, об­лыстық мәслихаттағы  кәсіп­керлікті дамыту, жас­тар ісі және құқықтық мәсе­лелер жөніндегі тұрақты комис­сияның төрағасы Мақ­сұт Нәлібаевпен болған сұх­ба­ты­мыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.

– Мақсұт Ыбырай­­хан­ұлы, мәсли­­хатта өзіңіз төр­ағалық ете­тін ко­мис­сия­ның не­гізі қызметі қан­дай, құ­рамында қанша адам бар?

– Бұл комиссияның түпкі мақсаты  –  өңір­де кә­сіпкерлікті дамыту, кәсіп­керлерге қолдау көр­сету. Құ­ра­мына келсек, 8 депутат бар. Негізгі қызметі – кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құ­қықтық бағыттағы мәселелерді алдын ала зерттеп, тиісті бас­қармалармен бір­лесе талқылап, нақ­ты шешім шығару үшін мәсли­хаттың кезекті сессиясына ұсыну.

– Бұл жұмыстарды алдын ала жоспарлап отырасыздар ма, қоғамда кө­те­рілген мәселелер, тұр­ғындар ұсынысы негі­зінде жи­нақ­тайсыздар ма?

– Негізінен біздің комиссия жылдық жоспарын бекітіп, сол бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Жоспар өңірде қордаланған мәселелер негізінде дайындалды. Халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Депутаттық сауалдар арқылы тұрғындарды қабылдау, кездесу барысында көтерілген мәселелер негізінде дайындап, шешілуіне қаржы қарастыруға мәслихатқа ұсы­намыз.

– «Nur Otan» партия­сы депутаттық фрак­циясының мүшесісіз. Пар­тияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағ­дар­ламасын іске асыру­дың Жол карталары әзір­ленді. Осы құжатта кәсіп­керлікті дамыту бағытында биыл қандай жұмыстарды жүзеге асыру көзделді және жүзеге асқандары бар ма?

– Сайлауалды  бағдар­ла­маны жүзеге асырудың Жол картасы 7 негізгі бағыттан тұрады. Соның ең бірінші бағыты – «Экономикалық тұ­рақты аймақ». Осы бөлімде  кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселесі ерекше көрініс тапқан. Атап айтсақ, биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде өңірде 150 жобаны субсидиялау, 75 жобаны кепілдендіру, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 55 мыңға жеткізу көз­делген. Бірінші тоқсанның қоры­тындысымен ша­ғын және орта бизнес субъек­тілерінің 598 жобасы несие портфелі 7,2 млрд теңгеге субсидияланды. Ішін­ара ке­пілдендіру құралы бо­йынша 438 жоба 2,5 млрд теңгеге кепілдендірілді. Одан бөлек, жақында кәсіпкерлік және туризм басқармасына қарасты «Қызылорда» өңірлік ин­вестициялық орталығы» микро­қаржылық ұйымының бақылау кеңес отырысында об­лыстың кент және ауылдық кә­сіпкерлерінің несие­лендіру үшін ұсынылған жоба­ла­рын қарадық. Сонда облыс бойынша ұсынылған 1 млрд 590 млн теңге болатын 202 жобаның ішінен инвес­тициялық орталықтың қаржы мүмкіндігіне сәйкес жалпы соммасы 660 млн теңгені құрайтын 143-і қолдау тапты. Бұл – кәсіпкерлер үле­сінің көбеюімен қатар, жаңа жұмыс орындарының да артуы. Біз кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтамыз әрі азаматтардың сапалы өмір сүруіне жағдай жасаймыз.

– Қолдау тапқан жобалар қандай бағыттарды қам­тиды?

– Егін, мал, балық және құс шаруашылығы мен қызмет көрсету, өндіріс, сауда салалары.

– Қазір пандемияға орай, көптеген кәсіпкерлер биз­несін тоқтатып, кей­біреу­лері өзге бағытқа ауыс­тыруға мәжбүр болып жатыр.  Жалпы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны мәлім бе?

– Жоғарыда атап өткенім­дей, «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламада ал­дағы 5 жылда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 55 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 47,9 болса, биыл 49 мыңға жеткізуге жұмыс істелді. Қазіргі статис­тикалық мәліметтерге сүйен­сек, 1 сәуір­дегі жағдай бо­йынша жұмыс істеп тұрған кәсіп­керлік субъектілерінің саны 49090 бірлікті құрады. Демек, бұл бағытта біздің партия көздеген мақсат орындалуда.

– Жол картасында көз­дел­ген жұмыстардың жү­йелі орындалуына кім ба­қылау жасайды?

– Әрине, бақылау керек. Бұл, ең біріншіден, партияның облыстық филиалының төр­ағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының тікелей ба­қы­лауында. Құрамында депутаттардан басқа белгілі қоғам қайраткерлері, сарапшылар және журналистер бар рес­публикада 14, өңірімізде 12 аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңестер де Жол картасында көзделген әрбір іс-шараның жүйелі, сапалы орындалуын, оған қаралған қаржының тиімді жұмсалуын қадағалап отыр.

Әңгімелескен

Гүлжазира

ЖАЛҒАСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<