Көліктік бақылау күн тәртібінен түспейді

1383

0

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетіне қарасты көліктік бақылау инспекциялары – еліміздегі автомобиль, теміржол және су көлігі саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау жасайтын құрылымдар. Оның негізгі міндеттерінің бірі – жол желісінің сақталуына, жолаушылар, қауіпті жүк тасымалына, отандық және шетелдік тасымалдаушылардың рұқсат беру жүйесі талаптарының орындалуына бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізу. Сонымен бірге техникалық қарап-тексеру операторларының көлiк құралдарын мiндеттi техникалық тексеруден өткізуді ұйымдастыру және жүргізу тәртiбiн сақтауына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.

Облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нәжмадин Шамұратовпен сұхбат барысында өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстар сараланды.

– Нәжмадин Шакизадаұлы, біздің облыстың территориясы шағын емес. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 811 шақырымы өңір аумағынан өтеді. Осындай үлкен аумақта бақылау жасауға қызметкерлеріңіз жеткілікті ме?

– Көлік жүйесі – Қазақстан инфрақұрылымының негізгі бір бөлігі және ел экономикасының даму деңгейіне елеулі әсер етеді. Облыс картасына қарайтын болсақ, оның ең басты ерекшелігі – көлік инфрақұрылымын және логистика мүмкіндіктерін аңғаруға болады. Сырдария өзені созылып жатыр, өзеннің бойымен теміржол және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы өтеді. Өңір экономикасы үшін мұның тиімділігі мол. Сол себептен де бұл салада заңдылықтардың сақталуы, оны бақылаудың маңызы зор.

Біз үш сала – теміржол, су және автомобиль көлігі бойынша бақылау жүргіземіз. Инспекцияда штат кестесі бойынша барлығы 22 маман болса, оның 11-і автомобиль көлігі саласында жұмыс атқарады. Қазіргі штаттық өзгерістерге сай барлығы бір бөлімге – көліктегі бақылау бөліміне біріктірілген. Біздің ең басты міндетіміз – жол желісінің сақталуына бақылау жасау. Облыстың оңтүстік аудандарында жер қойнауын пайдаланушылар көп орналасқандықтан, ол жаққа барынша көңіл бөлінеді. Жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын реттейтін ережеге сай белгіленген маршруттар бойынша жұмыс жүргіземіз. Ауыр салмақты, қауіпті жүктерді тасымалдайтын, шетелге жүк таситын көліктерге тексеру жүргіземіз. Сонымен қатар кейінгі екі жылда бізге жолаушы тасымалын қадағалау функциясы жүктелді.

Жалпы осындай бақылау жұмыстарын ішкі істер, жергілікті атқарушы, мемлекеттік кіріс органдарымен, көлік полициясы қызметкерлерімен бірлесе жүргіземіз.

– Техникалық байқау орталықтарының жұмысы туралы не айтасыз?

– Инспекцияның міндеттерінің бірі – техникалық операторлардың механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру мен өткізу тәртібін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Облыста 29 техникалық байқау орталығы тізілімге енгізілген. Қазір 36 стационар, 8 ұтқыр (мобильный) желі тіркелген. Өткен жылы 26 бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізілді.

Талдау және тексеру нәтижесінде, 20 техникалық байқау операторының бұйрық талаптарын өрескел бұзу деректері орын алған. Атап айтқанда, диагностикалық карталарда автокөлік құралын техникалық байқаудан өткізу кезеңінде оның орнына басқа маркалы автокөлік құралын өткізу, автокөлік құралдарын бірдей суретпен техникалық байқаудан өткізіп жіберу, техникалық байқаудан өткізу кезеңінде  стенд үстінде роликтiк тежеуiштің мүлдем болмауы секілді деректер анықталды. Сондай-ақ техникалық байқаудан өткен «Д» категориялы автокөлік құралының диагностикалық картасында келесі өтетін міндетті техникалық қарап-тексерудің мерзімі туралы жалған мәлімет енгізу және көлік құралының фотосуреттері болмауы кездескен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін және тежеуіш стендінің роликтерінде тұрған автомобильдің алдыңғы осін бір уақытта шолу қамтамасыз етілмеген.

Сонымен қатар, инспекция Қазақстан Республикасының көлік саласын реттейтін нормативтік құқықтық  актілер  талаптарының  орындалуы бойынша көлік саласындағы шаруашылық субъектілерге бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асырады. Өткен жылы инспекция тарапынан 18 шаруашылық субъект тексерілді. Оның ішінде шаруашылық субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау 8 шаруашылықта жүргізілсе, жоспардан тыс тексерілгені – 10 шаруашылық. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер негізінде инспекция тарапынан оларды жою туралы 8 ұйғарым ұсынылды.

– Қазір цифрландыру барлық салада жүзеге асырылуда. Жалпы көліктік бақылау жұмыстарына қандай жаңа технологиялар енгізілуде?

– Жүк жөнелтушілердің тауар-жүк құжатын ұсынбау деректерін болдырмау үшін жер қойнауын пайдаланушыларын сырттай бақылау жүргізуге пилотсыз ұшу аппараты – дрон құрылғысы сатып алынған. Сонымен қатар, жүк автокөлік жүргізушілерінің тоқтату талабын орындамауының алдын алу үшін кәсіби бейнекамера қолданамыз.

Дрон және бейнекамера құралдарын қолданып заңбұзушылыққа жол берген автокөлік жүргізушілерін жауапкершілікке тартып, айыппұл салдық. Өткен жылы 11 дерек бойынша жүргізушілер жауапкершілікке тартылып, 464625 теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар қазір «Көліктік бақылау органдары қызметкерлерінің әкімшілік құқықбұзушылықтар және әрекеттер жасау фактілерін тіркеп алу үшін техникалық құралдарды пайдалану қағидаларының» талаптарын орындауға жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің мамандары бейнежетон пайдаланады. Мамандар бейнежетонды бақылау-тексеру басталған сәттен аяқталғанға дейін тағып жүреді. Жазылатын аудио және бейнежазбалар есепке алынып, сақталады.

Инспекцияның  бейнежетондар мен таразы жабдықтарындағы деректерді пайдалану, беру және сақтау бойынша он күн сайын ішкі талдау жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды. Көлік комитетіне бейнежетондардың он күн сайынғы жазбалары жұмыс тобының қорытындысымен ұсынылады. Ол сыбайлас жемқорлықтың, басқа заңбұзушылықтардың орын алуына жол бермейді.

Алдағы кезеңде интеллектуалдық бақылау аспабы қолданыла бастайды.  Оның стационарлық және мобильдік түрі бар. Стационарлық құрылғылар аркаға, мобильдік құрылғы жылжымалы бақылау бекетінде орналастырылады. Олардың көмегімен келе жатқан жүк тасымалдаушының көлік заңнама талаптарының орындаған-орындалмағаны анықталады. Оның заңға бағынатын тасымалдаушылардың уақытын үнемдеуге көмегі көп.

– Жол желісінің сақталуы да басты назарда болар?

– Дәл солай. Жол желісінің сақталуын қамтамасыз ету үшін Шиелі, Жаңақорған аудандарында тасымалдаушылар мен жер қойнауын пайдаланушыларға ауыр салмақты жүкті тасымалдау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Көктем айларында жер, ал жаз айларында асфальт босаңсиды. Соған байланысты 1 наурыздан бастап 31 сәуірге дейін жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына көктемгі шектеу енгізіледі. Осы мерзімде біліктік жүктемені  жалпы массасынан 20%-ке төмендету керек. Cондай-ақ 1 маусымнан 31 тамызға дейінгі кезеңде ауа температурасы 25 градустан аспаса, жүк габариттері белгіленген талаптарға сай келсе, күндізгі уақытта да жүре береді. Ал ауа температурасы бұл көрсеткіштен асып кетсе, олар күндізгі сағат 10-нан кешкі 22:00 сағат аралығында тоқтайды. Ескерте кету керек, мұндай шектеулер тек республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ғана енгізілген. Ал халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек, азық-түліктер тауарларын, жолаушылар мен жүктерді, дәрі-дәрмек тасымалдаушылар және Қарулы күштер көліктеріне мұндай шектеу енгізілмеген.

– Жолаушы тасымалы бойынша қандай проблемалар бар?

– Бүгінде жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылар аз болмай тұр және олар осы іспен тұрақты түрде айналысып келе жатқандарға зардабын тигізуде. Негізінде бұл бағыттағы бақылау-қадағалау жұмыстарын атқару міндеті 2013 жылы полиция құзыретіне берілген. 2019 жылдан бастап инспекцияның құзыретіне қайта жүктелді. Сол кезден бастап инспекция мамандары заңсыз тасымалдаушылар көп шоғырланған аумақтарда заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі басқармасы, кірістер басқармасы өкілдері бірлесіп атқарудамыз.

Такси қызметімен айналысу үшін тасымалдаушылар бірқатар талаптарды орындауы керек. Атап айтқанда, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға бола тұра, жергілікті атқарушы органға такси тасымалдаушысы ретінде жұмыс бастау туралы хабарлама жолдайды. Рейс алдында автокөлік техникалық тексеруден, такси жүргізушілер медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Сонымен бірге жарты жыл сайын автокөлікті техникалық байқаудан өткізу, ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсету жөніндегі шарттың болуын қамтамасыз ету, автокөлік құралын таксометрмен жабдықтау секілді талаптарды орындауы қажет. Алайда, бұл талаптар орындалмайды.

Былтыр автомобильмен тұрақты және тұрақты емес бағытта жолаушыларды тасымалдау, заңсыз такси тасымалдаушы тараптан көлік заңнама талаптарына қайшы келтірген деректер бойынша барлығы 157 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

– Теміржол мен су айдындары бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– Өткен жылы инспекция теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 6 шаруашылық субъектісіне тексеру жүргізді. Атап айтқанда, 7 профилактикалық тексеру, 6 жоспардан тыс тексеру, ұйғарымды орындауына байланысты бақылау бойынша 5 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Өткен жылы 8 кірме жол тексеріліп, күтіп ұстау ережелерін сақтамауына байланысты бірқатар  субъекті  жолдарын  уақытша пайдалануға тыйым салынды.

Жолаушылар пойыздарына 32 тексеру жүргізілді. Тексеру барысында өртке қарсы қауіпсіздіктің, санитарлық талаптардың орындалмауы, басқа да түрлі кемшілік анықталып, 34 тексеру актісі жасалды.

«ҚТЖ-жүк тасымалы» ҰК» АҚ «ЖТ-Қызылорда бөлімшесі» филиалы ұсынған ақпарат бойынша 56 дерек тіркеліп, оның ішінде 44 инцидент, 6 оқиға мен 5 кірме жолда және 1 станциялық теміржолда жылжымалы құрамдардың рельстен шығып кету оқиғалары орын алды. Бөлімше көлемінде 136 оқиға болған. Оның ішінде адам, мал басу, пойыз тоқтау деректері бар. Заң талаптарын бұзғаны үшін  жол  тармақ иеленушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 443218 теңге айыппұл өндірілді. Былтыр 147 әкімшілік іс қаралып, 3094155 теңге көлемінде айыппұл  толығымен өндірілген.

Су көлігіндегі бақылау бойынша негізгі міндеттерінің бірі – су көлігінің қауіпсіз пайдаланылуына бақылау жүргізу. Су айдындарында бақылау жұмыстарын күшейту үшін ұйымдастырылған рейд барысында 482 шағын көлемді кеме тексеріліп, «Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды пайдалану қағидалары» талаптарын бұзғаны үшін 81 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Жазда облыстағы су айдындарында «Скутер» республикалық акциясы жүргізілді. Акцияның максаты – шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуына бақылау жүргізу және заң бұзушылықтардың алдын алу. Акция  барысында 207 шағын көлемді кеме тексерілді, 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында орналасқан 10 қалқымалы өткел (9 қалқымалы пантон өткел, 1 паром) тексерілді, қалқымалы өткелдер жарамды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 2017-2021 жылдар аралығында еліміз бойынша көліктік бақылау саласында 120-ға жуық қылмыстық іс қозғаған екен. Сала қызметкерлері тарапынан жиі кездесетін заңбұзушылық – пара алу және қызметтік лауазымын асыра пайдалану. Біздің облыстық инспекцияда осы деректерге енген фактілер болды ма?

– Жоқ, ондай фактілер жоқ. Біз сыбайлас жемқорлықты, басқа да заңбұзушылықтарды болдырмау және оның алдын алу бағытында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеміз. Көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында ықпал етуші жағдайлар және олардың алдын алу бойынша жұмыс күшейтілуде.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің жанынан құрылған «ANTIKOR ORTALYGY» жобалық офисінде көліктік бақылау мәселелері бойынша бұрыш ашылды. Онда  инспекция басшысы бекіткен кестеге сәйкес көлік саласындағы мәселелер бойынша аптаның әр сәрсенбі күні сағат 10:00-12:00 аралығында қабылдау өтеді.

Басшы ретінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың зардаптары және алдын алу шаралары бойынша әр қызметкермен түсіндірме жұмысын жүргіземін.

Барлық қызметкерлердің қатысуымен сыбайлас жемқорлықты болдырмау, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын және мінез-құлық қағидаларын сақтау мәселелері бойынша жүйелі түрде жиналыстар өткізіліп тұрады. Ішкі талдау жүргізетін комиссия құрылды. Комиссия автомобиль, теміржол және су көлігі саласындағы бақылау жұмысына ішкі талдауды жүзеге асырады. Нақты міндеті – сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылық көріністеріне бақылау жүргізу.

– Өткен жылы жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай болды?

– Автомобиль көлігі саласында 785 құқық бұзушылық анықталып,  65 млн теңге айыппұл салынып, 59,5 млн теңгесі республикалық бюджетке өндірілді. Бюджетке өндірілген алым сомасы 16 млн теңгені құрады. Атап айтқанда, еңбек және тынығу режимін бұзған деректер бойынша 392 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 7130675 теңге айыппұл салынды.

Инспекция өткен жылы барлығы 1590 мемлекеттік қызмет ұсынды. Оның ішінде электронды құжат қабылдау бағдарламасы арқылы 1497 қызмет көрсетілді. Инспекция кеңсесі арқылы тіркеліп көрсетілген, қағаз түрінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 35, қараусыз қайтарылған өтініштер саны – 211. Қайтару себебі – қызмет алушылар тарапынан құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, өтініштер дұрыс рәсімделмеген. Мемлекеттік қызмет алушыларға тиімді жағдай жасау үшін инспекция ғимаратында www.egov.kz өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар. Қызметтер инспекция басшылығының назарында. Уақытылы, сапалы ұсынылуына бақылау жүргізу үшін комиссия құрылған. Комиссия мүшелері «ИИС ЦОН АРМ МОНИТОРИНГ» арқылы үнемі талдау жүргізуде.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

 Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»