Намыстан жаралған, жеңіспен оралған

1820

0

Каратэ-додан Қазақстан чемпионы, 1-ші дан иегері, облыстың балалар мен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Әкімжан Нұрғалиевпен шағын әңгіме.

– Қызылордалық жас каратэшілер барған жерінен жүлдесіз қайтпайды, бір ха­лықаралық турнирден кемі 15-20 медаль олжалап оралатындарына үнемі куә боламыз. Бұл – каратэ тілімен айтқанда, сансэйлердің, яғни,  жаттықтырушылардың жұ­мыс нәтижесі.

– Сіз айтып отырған же­тістіктер каратэ-доға жете кө­ңіл бөліп отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен тікелей байланысты. Бұған об­лысымыздағы каратэ спор­тының негізін салушы, 5-ші дан иегері Тағдыберген Жан­алиевтің, 4-дан иегері Рүстем Әбжәмиевтің ерен еңбегін қо­сыңыз. Аймағымыздан 4 әлем чемпионын, 5 Азия чемпионын, 300-ден аса Қазақстан чемпионын шығарған да солар. Өзіміз де осы кісілердің мектебінен шыққанбыз.

– Біздің облыстық каратэ-до федерациясында қанша шәкірт, қанша ұстаз бар?

– Бүгінде Қызылорданың әртүрлі спорт мектептерінде оқитын 600-ден астам спортшы үздіксіз жаттығумен айналысады, олармен 15 жаттықтырушы жұмыс жасайды.

– Қайсыбір жылы орыс тілді газеттегі әріптесіміз Азия чемпионатынан екі бір­­дей ал­тын алып оралған каратэ­шілеріміз туралы жаз­ған ма­қаласына «Брюс Ли был бы доволен» деген та­қы­рып қой­ды. Әрине, кара белбеулі қа­ра­­домалақ­та­ры­­мыз осындай мадаққа ла­йық. Дегенде, әлем­дік дең­­гейге көтерілетін спортшыларымыз бар ма?

– Айтып отырғаныңыз – сол кезде 14-15 жас арасындағы Мөлдір Жаңбырбай мен Нұр­жан Ақпанбет. Екеуі де – талантты спортшы, екеуі әлем чемпионы. Қазіргі таңда Нұр­жан жаттықтырушылық жұ­мысқа ауысты, ал, Мөлдір әлі додаларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр, одан күтер үмітіміз таудай.

– Әйтсе де, пандемияға қатысты биылғы жылға белгіленген біраз жарыстар кейін қалып жатқан шығар?

– Биыл көктемде Словакия елінде өткен халықаралық турнирге қатысып үлгердік. Менің шәкіртім, Қорқыт ата атындағы университеттің сту­денті Диас Молдабеков бұл сында қола жүл­деге қол жет­кізді.

Әрине, пандемияга байланысты барлық жарыстар мен жиындар тоқ­татылып тұр. Тіпті, Токиода өтетін олим­пиа­даның өзі 2021 жылдың маусым айына шегерілді ғой.

Карантин талаптары бар­шаға ортақ, сондықтан спорт­шы­ларымыз өз жаттығуларын үй жағдайын­да, сырттан оқ­шау аулаларда жасайды. Об­лыс­тың дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйым­дастыруымен көптеген жарыс­тар онлайн жүйесінде өткізіліп жатыр. Қалай болғанда да халықтан қара үзбеуіміз керек. Спорттың бұқаралық сипатына селкеу түсірмеуге тиіспіз. Ең бастысы, жасөспірімдерді отансүйгіштікке, еңбекке, намыс пен батылдыққа баулудың жолын жоғалтқанымыз жоқ.

– Олимпиаданы айтып қал­дық. Каратэшілеріміз олим­­пиадаға бара ала ма?

– Қазіргі таңда 3 дүркін әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай Токио олимпиадасына ұпай жинап, дәрежелі жарыстарда бақ сынап жүр. Бұйыртса, осы қызымызды олимп алауының сапынан көріп қаламыз. Бұл сөз – әлемдік деңгейге қатысты қойған сұрағыңызға да жауап.

– Жалпы, біздің облыс каратэшілерінің еліміз бо­йынша еншілейтін орны қан­дай?

– Малайзияның Кота-Кинабалу қаласында каратэ-додан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Әсемгүл Ердәулет қола медаль иеленді. Рүстем Қараев жаттықтыратын Әсемгүл сол сында Тайланд спортшысын 2-1 есебімен жеңіп, сары құр­лық біріншілігінің үздік үш­тігіне енді. Ол, сондай-ақ, 2019 жылы Сантьягода өткен әлем чемпионатында да 3-орын алған еді.

Кота-Кинабалуда әлемнің 33 елінен бес жүзге жуық ка­ратэші қатысқан додада 20 спортшы ел намысын қорғады. Чемпионат қорытындысымен жалпы есеп бойынша жапон­дықтар бірінші, Қазақстан құ­рамасы екінші орынға ие болды. 

Осы нәтижемен өзі бұл спорт тү­ріндегі еліміздің же­тіс­тігін ғана емес, облысымыз­дың да орнын анықтауға болады.

Әсемгүл Ердәулетпен бірге Азия біріншіліктерінен олжа салып жүрген – Диас Молдабеков, Кемелбек Кабланбек, Дауренбек Берманов, Мұ­хам­­медали Маганатұлы се­кіл­ді спортшыларымыз да жет­кілікті. Біздің шәкірттеріміздің ара­­сында 20-дан астам ҚР спорт шебері, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар.

– Жан-жақтылық үшін білікті мамандардан дәріс алатын шығарсыңдар?

– Білім болсын, спорт болсын үнемі ізденіп, біліктілігін шыңдап отыр­маса, тоқырап қа­латыны шындық. Біз де жат­тықтырушыларға арналған се­минарға қатысып тұрамыз. Спорт­шылардың дайындық дең­гейін жетілдіру, өзара достық қарым-қатынасты ны­ғай­ту мақсатында облыстық спорт басқармасы басшылары мен  облыстық каратэ-до фе­­де­рациясы ондай шара­лар­­ды ұйым­дастырып отыра­ды. Мәселен, каратэ-додан ҚР вице-президенті, 7-ші дан ие­гері, республиканың аға жат­­тық­тырушысы Жасталап Са­науовтың 14 сағаттық прак­­­тикалық сабағына қатыс­тым. Осы семинарда мен Р.Әб­жә­миев, Е.Боханов, Н.Ақ­панбет, Р.Қараев, И.Леонид секілді әріптес­теріммен бірге арнайы сертификат иелендім.

– Өзіңе және шәкірттеріңе жеңіс тілеймін, Әкімжан. Де­ні сау, жаны азат жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан үлесің еселене берсін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<