Баланың әлемі – ашылмаған арал

1171

0

Әр бала – бір жұлдыз. Тек оны дер кезінде жаға білу керек. Әсіресе бүгінгі балалардың ақыл-ойы алғыр, қарым-қабілеті ерекше деуге болады. Олардың даму ерекшелігіне орай ата-ана да өзінің білімін толықтырып, кемелденіп отырмаса ұрпағының соңынан ілесе алмауы мүмкін. Баласымен тіл табысуда кедергілерге кездесуі де ғажап емес. Осы ретте біз «Дана» дамыту орталығының директоры, балалар психологы Гүлдана Бабаомаровамен әңгімелескен едік.

– Гүлдана Ергешбайқызы, әр баланың әлемі зерттеуді қажет ететін өзінше бір арал деп қарастырайықшы. Осы уақытқа дейін қанша баланы зерттеп үлгердіңіз?

– Теория мен тәжірибені ұштастырып әр баланың табиғатын зерттеп жүргеніме бірнеше жыл болса, ал жеке орталықтың негізін салып, ашқаныма бір жыл толды. Бүгінге дейін 1000-нан аса баламен жұмыс жасап, жақсы нәтижеге жеттім. Менің бұл салаға келуімнің себебі – өзім ана болғаннан кейін ғана қызығушылығым артып, ізденуді бастадым. 2016 жылдан бері жалпы педагогика, психологиядан бөлек, бірыңғай балалар әлемін зерттеумен айналысып келемін.

– Жаңа әңгіме арасында 1000-нан аса баламен жұмыс істегеніңізді айттыңыз. Олардың ата-анасы сізге қандай мәселемен келді?

– Көп жағдайда ата-ана жасөспірім кезеңіне өткенде баласының тұйықталып бара жатқанын, кейбіреулері агрессивті болып кеткеніне шағымданып, менен көмек сұрайды. Мұның алдыңғысы 13-14 жаста орын алса, агрессивті мінез-құлық танытатындар – мектеп жасына дейінгілер. Себебін зерделеп қарағанымызда екі жыл уақытқа созылған карантиндік шектеулер дәл осы жастағы балаларға оңай тимегенін көрсетті. Мәселен, оқушылар ешқайда шықпай сабақты онлайн оқыды. Төрт қабырғаға қамалған бала телефонға телміріп тұйықталып қалды. Ешкіммен байланыспай, тек өз әлемімен қалу, әсіресе жасөспірімдер үшін қауіпті. Онсыз да қоғамға тез бейімделе алмайтын балалар мүлдем тұйықталып қалады. Мен көбіне суицидке бейім балалармен жұмыс жасадым. Тәжірибемнен мысал келтіре кетейін.

Бір қыз «ең соңғы үмітім сізсіз» деп іздеп келіпті. Небәрі 15 жасар қыздың өмірден түңілуі – ойланарлық жағдай. Бұл бойжеткенмен екі апта жұмыс істеп, соның нәтижесінде ол «психология саласының маманы боламын» деп алғысын жаудырып, өмірге деген сүйіспеншілігі оянды. Ал мектеп жасына дейінгі белсенді балалар не себебті агрессивті мінез-құлық танытады? Оларда қимыл-қозғалыстың шамадан тыс артық болуы агрессияға әкеп тірейді. Баласымен қарым-қатынасы дұрыс емес ата-аналар да жиі бас сұғады. Мұндай балаларға арнап үш айлық арнайы топ аштым. Ол жерде нейрогимнастика жасатып, арт терапиямен айналыстық. Әлі күнге дейін мұндай агрессивті балаларға арналған топтар сұранысқа ие.

– Бүгінгі ұрпақтың дамуы өте жылдам сияқты көрінеді. Бұл жақсы ма? Әлде екінші жағы бар ма?

– Бұрын «Елу жылда ел жаңа» дейтін едік. Енді бұл мақалды өзгертсе де еш айыбы жоқ тәрізді. Неліктен? Себебі қазір ақпараттар ағыны, күн сайын жаңа технологиялар көбейіп, оларды игеруге талпынып жатырмыз. Айталық, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялап өз алдына мемлекет болса, енді жаңа Қазақстан құруға ұмтылып жатырмыз. Мен көп ата-анамен бірге жұмыс істеймін. Олардың барлығы заманға сай ізденіп, сауатын арттырып отырады. Әсіресе жас отбасылардың бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі қуантады. Ерте жастан балабақшаға баруы да олардың танымдық деңгейін жоғарылатады. Мәселен, біз бұрын мектепке барғанда ғана әріппен танысып, жазу-сызуды үйренсек, қазіргілер оған дейін барлығын меңгеріп, бірнеше сөзді оқып, сандарды қосып-алуды біледі. Тіпті шағын ертегі кітаптарды еркін судырататындар да бар. Сонымен бірге телефондағы түрлі дамыту ойындар, бағдарламалардың да әсері кішкентайлардың тез жетілуіне септігін тигізуде. Егер дұрыс пайдалана білсек, біз ұтылмаймыз. Ал баланы дамытамын, жетілдіремін деп жүріп оның сезім әлемін ұмыт қалдырсақ, онда ұтылғанымыз. Бірге уақыт өткізуге, сырын бөлісуге, ашық әңгімелесуге көңіл бөлмейміз. Жай әңгімелескен бір бөлек те, оның ішкі әлеміне үңілу, көзқарасын білу, неге бейімделіп жатқанына назар аударған жөн. Жасөспірімдер арасында ұрлық-қарлықтың көбеюі, өтірік алдау, ауыр қылмысқа бару сияқты  әрекеттер  ата-анасының баласымен тығыз байланыс орнатпауынан туындайды. Бұл айналып келгенде психолог мамандарға сұранысты арттырды. Екі жыл онлайн жұмыс істегенде мен осындай жағдайларды аңғардым. Баланы телефоннан мүлде ажыратуға тағы болмайды. Жүйелі түрде уақытпен, пайдалы ақпараттарды алуды, дамыту ойындарын қарауды үйрету керек. Мен баланың танымдық деңгейінің тез дамуын маман ретінде де, ана ретінде де қолдаймын.

– Қазір байқасаңыз, көп ата-ана дефектолог, логопед мамандарды жағалап жүр. Баланың тілі неге кеш шығуда?

– Біріншіден, смартфонға тәуелділік. Ата-ана телефонды емізіктің орнына қолданады. Жыласа болды ұстата салады. Ондағы мультфильмдегі әр кадр секунд сайын алмасып, жаңарып отырады. Іс-әрекет көп те, сөздік қор аз. Оны жасап шығаратындар да көбіне қимыл-қозғалысқа мән береді.  Осындай дүниені көрген балада тек белсенді іс-әрекет жасау жағы дамып, сөйлеуі екінші орынға қалып қояды. Сондай-ақ, қазақша контенттер, мультфильмдер жоқтың қасы. Болған күннің өзінде персонаждардың бейнесі тартымды емес. Оған қызықпайды. «Алдаркөсе» мультфильмін көрсеңіз, қимыл-әрекеттері өте баяу, іш пысатындай. Қазіргі гиперактивті бала үшін ондай іс-әрекет әрине, қызықсыз. Бұл жерде мәселе тағы ата-анаға келіп тіреледі. Анасы баласымен іште жатқанда сөйлесуді бастау керек. Дүниеге келгеннен кейін де сөйлесуді тоқтатпау керек.

– Әне-міне дегенше «Балалар жылының» алтыншы айына аяқ бастық. Бұл атаулы жылдан не күтесіз? Қандай шаралар қолға алыну керек деп есептейсіз?

– Бала – біздің басты байлығымыз, көз қуанышымыз. Сондықтан, ең алдымен, мемлекет тарапынан баланың денсаулығына, әсіресе туабітті мүмкіндігі шектеулі балалардың ем-домына, олардың шетелге барып ота жасатуына ерекше көңіл бөлсе екен деймін. Мұндай көмектер әрине, берілетінін білемін. Бірақ, ол мардымсыз. Көп адамның қолы жете бермейді. Өйткені, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен баласының еміне, отасына ақша сұрайтындар көбейді. Менің алдыма да мұндай балалар жиі келеді. Әр баланың тең құқылы болуына, білім алуына, денінің сау болуына жағдай жасалса деген тілегім бар.  Мәселен, біздің орталыққа да қаражаты барлар ғана келе алады. Ал мұндай орталық барлығына қолжетімді болу керек. Мемлекет тарапынан дамыту орталықтары көптеп ашылып, білікті мамандармен, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе деймін. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, ата-анамен байланысты нығайтатын да арнайы кабинеттер, демалыс орындары болса артық етпейді.

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<