Елдің болашағын бекемдейтін бастама

1005

1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай 30 мамырда жариялаған Үндеуін ерекше толқыныспен тыңдадық.

Өйткені, өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы  қазақстандықтарға да үлкен қасірет әкелді. Жазықсыз репрессиялар құрбандарын ақтау 50-жылдары, 80-жылдары жүргізілді және олар сол кездегі саяси ахуалға бейімделгендіктен, жартыкеш сипатта болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған үшінші кезеңінде құрбан болғандардың жаңа категориялары ақталып, көптеген арыстарымыздың халқымызбен қайта қауышқанын білеміз.

Десе де, аталған мәселе әлі күнге толық шешімін таппай келді. Оның негізгі себептерінің бірі – құзіретті органдар архивтерінің толық ашылмауы.

  Ел Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру жөніндегі тапсырмасы миллиондардың жүрегіне жол тапты десек, артық айтқандығымыз емес.  Дана халқымыздың: «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілінің астарында үлкен мән жатыр. Әруақты құрметтеудің баға жетпес сауапқа кенелтіп қана қоймай, тұрмыс-тіршілігіңді түзейтіні, жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіретіні белгілі.     

Енді біз  бұрынғы қасаң өлшемдерден бас тартып, репрессиялардың жазықсыз құрбандарының барлық категорияларын тәуелсіз сана тұрғысынан қамтып, оларды ақтау үдерісін толықтай  аяқтауымыз қажет. Солай болғанда ғана, өткен заман қателіктерін танып-біліп, олардан толықтай арылған, еңсесі биік, рухы еркін Қазақ елі талай мыңжылдықтар белесін бағындыратыны кәміл.

Жалпы, Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Үндеулерінің мазмұны еліміздің іс-қимылдар бағдарын, ішкі тұрақтылық мәселелері мен даму бағыттарын қамтып,  ұлттық мүдде тұрғысынан айқындалады.

  Ел Президенті өзінің кезекті Үндеуін: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдың ең қилы кезеңінің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету –баршамыздың перзенттік борышымыз» -деп түйіндеді. Нағыз ақиқат сөз. 

 Себебі өткені мен бүгінін теңестірген ел ғана тарих алдында еңсесін тік ұстай алады.

Бейбіткүл Кәрімова,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<