Мұнаралар – ғұрыптық ескерткіштер діңгегі (ғылыми талдау)

1347

0

 Сырдария өзенінің төменгі ағысын жағалай орналасқан киелі ескерткіштер қатарынан ортағасырлық қалалар, кесенелер, жерлеу орындары және басқалары табылады. Солардың ішінде оғыздар заманындағы сәулет өнерінің керемет туындылары – мұнаралардың орны ерекше.

Ортағасырлық мұнаралар туралы алғашқы дереккөздер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кездеседі. Осылайша Ресей патшалығы әскерінің генералы А.Макшеевтің еңбегінде Бегім ана, Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнараларының сипаттамалары алғашқы болып беріледі. 1865 жылы Сыр өңірінде жұмыс сапарымен әскер сапындағы тарихшы Л.Мейер болып өткен. Ол ортағасырлық Жанкент қалашығының сипаттамасын бере отырып, Бегім ана мұнарасы туралы келесі мәліметті жеткізеді: «одан (Жанкенттен) он шақырым (1 верста = 1066,8 м) жерде бейіт орналасқан, (ол) күйдірілген кесектен тұрғызылған сегізбұрышты мұнара секілді, биіктігі 8 қарымды (1 сажень = 2,1 м.) құрайды, (ол) Бик-мен-ана атауымен белгілі». Бұл киелі мұнаралар туралы кезекті деректер Түркістан әуесқойлар үйірмесі мүшелерінің жазбаларында кездеседі. 1897 жылы Түркістан үйірмесінің кезекті отырысында И.Аничков Сырдарияның төменгі алқабында орналасқан ежелгі ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының есебін береді. Баяндамада зерттеуші Сараман-Қоса мен Бегім ана мұнараларына тоқталып өтеді. Есептің мәтіні баспаға түсіп, оған қосымша Сараман-Қоса мұнарасының суреті бірінші рет жарияланады. Кейіннен 1910 жылы Л.Мейер мен И.Аничковтың жинаған мәліметтері И.Кастаньенің дайындаған «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің ескерткіштері жинағына» кіреді. Сонымен қатар, Бегім ана және Сараман-Қоса мұнаралары туралы қысқаша мәліметтер «Қазақстанның археологиялық картасында» бар.

Ескерткіштерге жоспарлы зерттеу жұмыстарын 1983-1986 жылдары Қазақ КСР-нің Орталық Кеңесі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы жүргізген. Далалық зерттеу барысында, бұған дейін А.Макшеев атап өткен  Ұзынтам мұнарасы архитектуралық әдіспен зерттеліп және Бегім ана мен Сараман-Қоса мұнараларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Экспедиция мүшелері мұнаралардың қасбетінің, жоспарының және қимасының сызбаларын сызады. Атап өтетін жайт, жұмыс барысында алғашқы рет Қызылорда облысында орналасқан сәулет ескерткіштерінің төлқұжаттары дайындалған.

«Қазжобақалпынакелтіру» институтының архитекторлары Б.Ибраев, Е.Байтенов, Ш.Әбдібаев және т.б. аталған ескерткіштерді ғылыми айналымға енгізеді.

2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Шығыс Арал маңында орналасқан ескерткіштерге «Шірік Рабат археология­лық экспедициясының» барлау тобы  археология­лық зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Зерттеу барысында археологтар Ж.Құрманқұлов және Ә.Тәжекеев мұнаралардың географиялық координаталарын белгілеп, ғылыми суреттерін түсіреді. Жұмыстың нәтижесі «Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы» атты ұжымдық еңбекте жарияланған. Археолог М.Қожа 2012 жылы мұнараларды аралап өтіп, олардың сипаттамасын береді.

Сонымен, осы уақытқа дейін мұнаралар көбінесе архитектуралық әдіспен зерттелгенін байқаймыз. Зерттеуші М.Қожа әділ атап өткендей, мұнараларды зерттеу барысында кешенді археологиялық-архитектуралық әдіс қажет. Бұл мақаланың негізгі мақсаты – мұнаралардың мерзімделуі мен қызметі туралы мәселелерді қарастыру. Алдымен олардың сипаттамасына тоқталайық.

Ұзынтам мұнарасы. Қазалы ауданы, Түктібаев ауылынан 15 шақырым жерде ор­наласқан. Ол шаршы пішінді қамкесектер­мен (22-23х22-23х5-5,5 см) күйдірілген кірпіш­терді араластыра отырып тұрғызылған. Не­гізінің диаметрі 7,30 м, биіктігі 10 м, қабырғасының қалыңдығы 1,7 м-ді құрайды. Ескерткіш қазіргі кезде қатты қираған, өзінің алғашқы кескінін жоғалтқан кіреберіс ойығы солтүстік шығысқа бағытталған. Кіреберіс ойығы орналасқан қабырғаға қарама-қарсы бетте үлкен саңылау пайда болған. Жоспарында дөңгелек тәріздес болып келген мұнара жоғарыға қарай тарыла түседі. Мұнара ішінде парабола кескінді күмбез камерасы бар. Шамасы, бұл бөлме күйдірілген кірпішпен қапталса керек. Мұнараның парапеті өзінің алғашқы бейнесін жоғалтқан. Ескерткіштің жанында қазақ қорымдары бар. Белгілі архитектор Е.Байтеновтің пікірінше, Ұзынтам мұнарасы Орта Азиядағы «мұнаралы кесенелер» атауымен белгілі ескерткіштердің прототипі болып есептеледі.

Ұзынтам мұнарасынан солтүстік батыста 12 шақырым және Қазалы қаласынан оңтүстік-батыста 68 шақырым қашықтықта орналасқан.

Бегім ана ескерткіші төңірегінен биіктеу жайдақ төбеде тұр. Генерал А.Макшеев жазып өткендей: «Мұнара төбе үстінде тұр, шамасы, ол жер кезінде арал болған сияқты, Қараарықтан 4 қарым, Арал теңізінің жағалауынан 10 қарым… Бұл жерде Қызылбаш ханның әйелі Чанджара жерленген». Мұнара шаршы пішінді (23х23х5-6 см) қамкесектермен тұрғызылып, сыртынан күйдірілген кірпіштермен қапталған. Ол жоспарында сегіз қырлы және жоғарыға қарай тарыла түседі. Биіктігі 10 метр. Мұнара діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары тастөбелік үлкен тесігі бар жоспарында дөңгелек күмбезді бөлме орналасқан. Бұл бөлмеге 4,8 м биіктікте орналасқан аркалы ойық апарады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенге дейін мұнараның тек жоғарғы жағында ғана күйдірілген кесектері сақталған болуы керек.

Ескерткіш жөнінде ешқандай анық мағлұмат жоқ, дегенмен халық арасында Жанкент қаласының апаты мен мұнараны тұрғызу себебі туралы кеңінен аңыз тараған. Солардың бірі бойынша, бұл оқиға Мәлік шахтың ұлы Санжар ханның Жанкентте билік еткен кезеңімен сәйкес келеді. Ол өзіне Қарабура әулиенің Бегім есімді сұлу қызын әйелдікке алады. Бір күндері хан әйелінің адалдығына күмәнданып, оның бұрымы мен сол қолын кесіп, зынданға тастауын талап етеді. Кейіннен Бегім сұлудың адалдығы дәлелденіп, кесілген бұрымы мен қолы қалпына келеді. Бірақ, Бегім құсқа айналып, Арал теңізінің жағалауына ұшып кетеді. Аңыз бойынша, осы жағдайдан кейін Қарабураның қаһарына ұшыраған Жанкент жыландардың шабуылынан құлайды. Қаладан қашып құ­тылған адамдар Бегім­нің рухын тыныштандыру үшін мұнара тұрғызыпты деседі.

Аңыздың келесі нұсқасы да Санжар хан мен Бегім ананың өмірімен байланысты. Оқиғаның желісі бойынша бірде аңшылық құрып шыққан Санжар хан жолай қару-жарағын ұмытып, сарайына бір батырын жұмсайды. Біршама уақыт өткенімен батыры оралмаған соң, ашуға мінген Санжар кері қарай қайтады. Ал қаруды алуға келген батыр болса, Бегім сұлудың сарайда ер адам жоқ деген оймен, бет-жүзін ашық ұстап, серуендеп жүргенін көреді. Бегімнің сұлулығына тамсанған ол есінен танып қалады. Сарайға келген хан әйелінің бөлмесінің маңында есінен танып жатқан батырды көріп, әйеліне опасыздық жасадың деп кінә тағады. Ақталғанын тыңдамаған Санжар ашумен оның бұрымы мен қолын білезік тұсынан шауып тастайды. Бегім үйін тастап, Арал маңындағы мұнарадан (Бегім ана мұнарасы) пана тауыпты. Бұл мұнара содан бері әулие Бегім ананың құрметіне салынған ескерткіш ретінде сақталып келеді.

Бегімнің әкесі Қарабура Санжар ханның қызына жасаған әділетсіздігіне ренжіп, Жаратушыдан әділеттік сұрап дұға жасайды. Бір түнде шашы мен қолының қайта қалпына келуі халықты таңғалдырады. Бірақ, әкесі сүйікті қызының жаралы жүрегін емдей алмайды.

Аңыз бойынша Жанкент қаласын жылан басып, ал халқы қаланы біржола тастап кетеді. Керуендер жылан басқан қаланы айналып өтсе, құстар ұя салмай, ал жануарлар жақындауға қорқады.

Бұл аңыздардың тарихи оқиғалармен байланысы болса керек. Мысалы, С.Ақынжанов ортағасырлық жазба деректердің негізінде, қыпшақтарға, кейіннен оғыз тайпаларына «жылан» атаулы тайпаның шабуыл жасағанын жазады. Ал тарихи деректер, оғыз мемлекетінің қыпшақ тайпаларымен болған шайқастың нәтижесінде құлағанына дәлел. Осылайша, ортағасырлық оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы тарихи шайқас, халық жадында жыланмен байланыстырылған аңыз ретінде сақталып қалуы мүмкін.

Сараман-Қоса мұнарасы. Қаза­лы ауданы, Кәукей ауылынан солтүстік-шығыста 3 шақырым жерде, Қуаңдарияның жағалауында орналасқан. Мұнара шаршы пішінді (25х25х5 см) қамкесектерден тұрғызылып, күйдірілген кірпіштермен қапталған. Ескерткішті ХІХ ғасырдың соңында көрген И.Аничков мұнараның биіктігі 15 сажень (32 м) деп жазады. Біздің ойымызша, ол мұнараның биіктігін жоғарылатып көрсеткен. Себебі, қазіргі уақытта мұнара жоспары дөңгелек тәріздес, негізінің диаметрі 5 м-ге жуық, ал биіктігі 15 м, қабырғасының қалыңдығы 1 м-ден үлкен екені белгілі. Ескерткіштің қабырғасы 11 м биіктікке дейін ішке қарай тарыла түседі, әрі қарай кесілген конус сияқты күмбезбен көмкерілген. Мұнараның іші бір-бірінің үстіне орналастырылған екі бөлмеден тұрады. Үстіңгі бөлме өзара байланысты екі деңгейге бөлінген. Оның төменгісінде (оңтүстік батыс жағында) үшбұрышты терезе ойығы бар. Қасбетте, оның астына сөре орналасқан. Жоғарғы бөлменің үстінде парапеттен қоршалған алаң бар. Алаңның үстінде жабындының жоқ болғанына қарамастан парапеттің солтүстік және оңтүстік қабырғаларында бір-бірден өтпелі тесіктері бар.

Ескерткішке жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейінгі, астыңғы бөлмедегі кіреберіс ойықтың орналасуындағы қателікті атап өту қажет. Мысалы, 1897 жылы И.Аничков түсірген суретті сараптасақ, кіреберіс ойық мұнараның түбірінен биікте орналасқанын байқаймыз. Ал, 1990 жылы Е.Байтеновтің сызбасында мұнараның кіре­берісі жердің деңгейінде орналасқан. Біздің пікірімізше, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенге дейін ескерткіштің төменгі жағы құлап, жалпы құрылысы төмендеген. Себебі, И.Аничковтың фотоқұжаттамасы мен «Қазжобақалпынакелтіру» экспедициясының зерттеу уақытына дейін арада бір ғасырдай уақыт өткен. Бұл көзқарасымыз, белгілі архео­лог М.Грязновтың бақылауына негізделеді. Орталық Қазақстандағы кесенелерді көр­ген ол, былайша болжам жасайды: табиғи факторлардың әсерінен қамкесектен тұр­ғызылған құрылыстың жоғарғы және төменгі жақтары бірдей бұзылады. Бұзылу салдарынан ескерткіш отырып, оның астында үйінді пайда болады.

Сараман-Қоса мұнарасына да байланыс­ты аңыз-әңгімелер ел арасында сақталған. И.Аничковтың жазып алған нұсқасы бойынша: «шамамен 20-25 ұрпақ бұрын, Сараман, Ноғайдан қыз алып кетеді, есімі Қоса, ол Үргеніште тұрған. Ол қызға ғашық болып қалған, бірақ Қосаның туыстары оларға жетіп алып, ұстап, қазір ескерткіш тұрған жерде оларды өлтіреді. Бірақ, қарақалпақ батырлары Жоба мен Айдос келіп ескерткіш тұрғызған. Бұл ескерткіш Сараманға арналған, ал Қосаға басқа ескерткіш тұрғызылған, жақын маңдағы құмда, бірақ ол сақталмаған. Аңыз бойынша, мұнара Арал теңізіне жақын жерде тұрғызылған».

Жоғарыда сипатталған мұнаралардың бірқатар ұқсастықтарын атап өтуге болады. Олар, өлшемдері 22-24х22-25х5-6 см болатын шаршы пішінді қамкесектерден тұрғызылып (Ұзынтам мұнарасынан бөлек), сыртынан күйдірілген кірпішпен қапталған. Сақталған биіктіктері 10-15 м аралығын құрайды. Мұнаралардың негіздері дөңгелек тәріздес келіп (диаметрлері 6 м-ге жуық) жоғарыға қарай тарыла түседі. Ішкі бөлігі бір немесе бір-бірінің үстіне орнатылған бөлмелерден тұрады.

Бұл киелі ескерткіштердің ішінде байырғы келбетімен Ұзынтам мұнарасы ерекшеленеді. Е.Байтенов Ұзынтам мұнарасын б.з. І мыңжылдықтың соңымен мерзімдейді. М.Қожа, С.Хмелницкийдің пікіріне сүйене отырып, Сараман-Қоса мұнарасын Х ғасырға, ал Бегім ана мұнарасын ХІ ғасырға жатқызады. Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштері жинағында мұнаралардың барлығы Х-ХІ ғғ. деп мерзімделеді.

Мұнаралармен қатар, Сырдария өзенінің төменгі ағысында ортағасырлық Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент қалашықтары орналасқан. Бұл ескерткіштер тобын С.Толстов «батпақты қалалар» мәдениетінің құрамына енгізіп, оларды оғыз қалаларының қатарына жатқызады. Өз кезегінде, бірқатар зерттеушілер, қарастырылып отырған конусты және күмбезді жабындылары бар мұнараларды да оғыз халқының сәулет өнерімен байланыстырады. Бұл жағдайда белгілі архитектор Е.Байтенов Сырдың төменгі ағысында орналасқан мұнаралар бір тарихи-мәдени контекстте пайда болуы мүмкіндігін айтады.

Осы пікірлердің негізінде, біз мұнараларды «батпақты қалалар» мәдениетінің контекстінде қарас­тырамыз. Біріншіден, мұнаралар «батпақты қалалар» мәдениетінің ау­мағында орналасқан. Екіншіден, мұнара мен «батпақты қалалардың» құрылысында пайдаланылған материал­дардың ұқсастықтары бар. Жоғарыда айтылып өткендей, мұнаралардың, өлшемдері 22-24х22-25х5-6 см болатын шаршы пішінді кірпіштерден тұрғызылғаны белгілі. Бұл құрылыс әдісі Жанкент қалашығындағы ғимараттардың құрылысында ұқсас. Мысалы, Жанкенттің шығыс бөлігінде орналасқан көп бөлмелі тұрғын үйдің қабырғаларын салу барысында, өлшемдері 25х25х5-6 см-ді құрайтын шаршы пішінді қамкесектер пайдаланылған. С.Хмелницкий өлшемдері 20-23 см болатын шаршы пішінді кесектер ІХ-Х ғасырларда Орта Азия архитектурасына тән екенін жазады. Үшіншіден, Жанкент қалашығы мен Бегім ана мұнарасын аңыздар байланыстырады. Осылайша, мұнаралардың «батпақты қалалар» мәдениетінің аумағында орналасуы мен құрылыс материалдарының ұқсастығы және халық аңызының тарихи фоны, мұнараларды оғыз кезеңінің ескерткіштерімен сәйкестендіріп, оларды ІХ-ХІ ғғ. мерзімдеуге мүмкіндік береді.

Анықталғандай аталған ескерткіштердің негізін қалаушылар – оғыздар, бірақ мұна­ра­лардың қызметі қандай? Әрине, бүгінде оғыздардың ғұрыптық ескерткіштері бел­гілі болмағандықтан, оны анықтау күр­делі мәселе болып отыр. Дегенмен, халық фольклорын сараптау негізінде бұл ескерт­кіштердің қызметтік мақсаты туралы екі пікір қалыптасты. Мұнаралар жерлеу үсті құрылысы немесе жерлеуге қатысы жоқ, бірақ, уақыт өте мұнара айналасы қорымға айналып киелі қызмет атқарады. Мысалы, Бегім ана мұнарасына байланысты аңызда былай айтылады: «Бұл жерде Қызылбаш ханның әйелі Чанджара жерленген». Мұнаралар мемориалды ескерткіштер қатарына жатады. И.Аничков Сараман-Қоса мұнарасына байланысты аңызды сипаттай келе былай деп жазады: «бұл мұнара… өзінің келбетімен жерлеу ескерткіштеріне жатпайды».

Е.Байтенов және тағы басқа бірқатар зерттеушілер екінші пікірді қолдайды. Белгілі ғалым, сәулетші Б.Ибраев: «жергілікті халық мұнараларды түнеу ғұрпымен байланыстырған» – деген тұжырымға келді. Ол бойынша, мұнаралар – сол жерде қайтыс болған адамның рухымен қарым-қатынас орнату үшін арналған орын. Әрбір мұнараның жеке атаулары бар және олар жергілікті әулие немесе белгілі бір құдыретке тиесілі. Сол себепті мұнаралардың атауын білу, адамның сол жерге келу мақсатына көмегін тигізеді. Б.Ибраев оны Бегім ана мұнарасының жанында көптеген «құрбандыққа шалу» рәсімінің іздері (матаның үзінділері, тиындар, қойдың бас сүйектері мен мүйіздері) сақталғанын алға тартумен түсіндіреді. Бегім ананың рухы тек әйел адамдарға көмектеседі және ол жерге ер адамдардың баруына болмайды деген түсінік қалыптасқан. Зерттеуші ескерткішке келген адамдардың бедеуліктен, сал ауруынан және тағы басқа ауру түрлерінен ем тапқаны туралы жағдайларды естігенін атап өтеді.

Археолог М.Қожаның көзқарасы да осы болжаммен сәйкес. Ол сырдариялық мұнараларды өзге «дің» және «діңгек» түбірлерімен аяқталатын еске алуға арналған ғұрыптық ескерткіштермен (Қарадің, Діңгек, Ак-Сарай-Динг) салыстыра отырып, мұнараларды қайтыс болған адамның рухына арналып салынған деп есептейді. Бұл зерттеушілердің пікірлері мұнара ішіндегі бейіттің болмауымен түсіндіріледі.

Осылайша, екінші тұжырымның дұрыстығына негіз бар болғанымен, біздің ойымызша, бұл мәселе толықтай шешімін тапқан жоқ. М.Қожаның былайша сипаттамасы бар: «Ұзынтам мұнарасы үйіндінің үстіне орналасқан. Ол келбетімен қорғанды еске салады» Мұнаралардың қызметін анықтау, оларды далалық археология әдісімен (археомагниттік барлау және қазба жұмыстары) зерттеу арқылы мүмкін болады. Осы әдіс арқылы зерттеген жағдайда олардың қабір үсті жерлеу құрылысына қатысы бар немесе жоқтығы анықталады. Сонымен қатар, мұнаралардың толық өлшемдері көрсетілген сызбаларын жариялау қажет.

Сырдың төменгі ағысында оғыз мұнара­ларымен конструктивті ұқсастықтары бар мұнараларды тұрғызу дәстүрі қайта жанданады. Қазіргі уақытта XVIII-XX ғасырлармен мерзімделетін 40-қа жуық мұнара (Жомарт, Сарыбайқазган, Көсе, Айвал, Орақ, Қараөзек, Еламан, Қызылбас, Наурызбай, Шалбас батыр және тағы басқалары) белгілі. Кейінгі кезеңге жататын мұнаралардың көп бөлігі Сырдың көне арналары – Қуаңдария мен Жаңадария бойын жағалай орналасқан. Осылайша, ортағасырлық оғыздардың құрылыс өнеріндегі дәстүр кейіннен қазақ сәулет өнерінде жалғасын табады.

Ә.ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

жанындағы «Археология және

этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD.

Ж.СҰЛТАНЖАНОВ,

тарих магистрі,

Эберхард пен Карл атындағы

Тюбинген университетінің (Германия)

PhD докторанты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<