
Иә, айтпақшы, еткен еңбектің өтеуін қара жерден тілейтін ақбайлық қауымның жер бусана салысымен алқапқа асығатынын бүкіл ел біледі. Біздің кейіпкер әуел баста диқаншылықпен айналысып, ауылдағы «Ақбай» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болыпты. Өзі зейнет жасына жеткен соң жас күнінен икемі бар, ұсталықты жалғастырып келеді.
– Өзім тұратын шаңырақты тұрғыздым. Сол кезде-ақ оның ішкі-сыртқы келбетін келістіріп, көзге ерекше түсетіндей етіп жасауды ойлап жүретінмін. Солай еттім де. Үйдің қабырғалары мен бұрыштарын әсем етіп безендіру ісі менің қолымнан оңай келді. Кейіннен барып, үйдегі пышақ, ара секілді қарапайым заттармен ағаш қашауды әдетке айналдырдым. Бұл менің хоббиім деуге болады. Әйтпесе, осылардан табыс табайын немесе атақ шығарайын деген ой менде мүлдем болған емес. Туындыларыма қызығушылар болды. Бірақ мен оларды саудалаған емеспін, – дейді Жанәбіл аға.
Түркі жұртының негізін қалаушылардың бірі Ертұғұрыл жайындағы тарихи кинотуындыны білетін боларсыз. Көпшіліктің жүрегінен орын алған сол кинода Ертұғұрылдың сенімді серіктері саналған алып Тұрғыт пен Бамсы сардардың жауынгерлік қарулары айбалта мен қос қылыш еді. Ауыл балалары сол қаруларды ағаштан жасап беруді өтініпті. Балалардың көңілін жықпаған ағаш шебері жарақтарды айнытпай жасап шыққан. Мұражайға айналған ескі моншада көзге бірден түсер осындай туындылар жетерлік.
Ержан ҚОЖАСОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<