Жүргеновтер отбасының трагедиясы

524

0

ҚАРА  ЖҮРГЕНОВ

1937 жылы 2 тамызда Қазақ ҚСР халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов Алматы қаласында қамауға алынды. Бұл хабар кешікпей Қармақшы аудандық НКВД бөлімшесінің бастығы С.А.Пяткинге де жетіпті. Ол кідірместен Оңтүстік Қазақстан  облыстық НКВД басқармасына (ол кезде Қызылорда және аудандық НКВД бөлімшелері сол жаққа қарайтын – Ә.Б.) арнайы қысқа хат жолдап, мынаны мәлімдеген:

«Капитан Кальнингке. Бүгінде қамауға алынған халық ағарту комиссарының әкесі Қара Жүргенов, шыққан жері Қармақшы ауданы, 16-ауыл. 1928 жылы конфискеленген, сот арқылы үш жылға жер аударылып, кулактар лагерінде болған. Конфискелеуге дейін 450 ірі қара, 1000 майда малы болған және 7 батрак жалдаған. Жартылай феодал және баласы халық ағарту комиссары болған соң ауылда құрметке ие болды. Жат элементтер мен ауылдың активтерін маңайына жинайды. Олар да оны кез келген себептермен қонақ етіп сыйлайды. Кездесулерде ол теріс сөздер айтады. Бұл жайында 3-бөлімде (облыстық НКВД  басқармасының бөлімі – Ә.Б.) толық материалдар бар. Олар да оны бірінші категорияға (ату жазасына) жатқызуды қолдаған. Бірақ кезінде оперативтік қызметкерлер болмай, мұны жүзеге асыра алмадық. Сонымен қатар мынаны да еске алу қажет. Баласының қамалғанына байланысты ол Қарақұмға кетіп, жасырынуы мүмкін. Олай болған жағдайда оны іздеп табу қиынға түседі. Сержант Пяткин».

Өте құпия белгісімен жедел түрде жолданған бұл қысқа хат бірсыпыра сауал туғызады. Мәселен, Пяткин неге Қара Жүргеновті тұтқындауға асықты? Сексен жастағы қария Кеңес өкіметіне қандай зиян келтіруі мүмкін еді? Оны «бірінші категорияға» жатқызуға не себеп болды?

Әрине, жасы ұлғайған Қара Жүргенов Кеңес өкіметіне ешқандай да қауіп туғызған жоқ. Оның өлімі ар-ожданнан жұрдай және мансап қуған Пяткинге ғана керек болғаны анық. Сол кездері ОГПУ-НКВД басшылары  Ягода, Ежов және олардың сыбайластары Сталинге жағымпазданып, мемлекет мүддесін қорғауды желеу етіп, жаппай репрессия қажеттігін жақтап отырған. Олар өздерінің қылмыстық әрекеттерін орталық және жергілікті қауіпсіздік органдарының көптеген «соқыр» орындаушылары арқылы жүзеге асырған. Осындай орындаушылардың бірі Пяткин болатын. Архив құжаттарына қарағанда ол «өте іскер» адам болған көрінеді. Оған куә төмендегі мінездеме: «Пяткин С.А. жолдас жеке өзі Қармақшы ауданында жасырын ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымды ашып, 63 адамды жауапқа тартты. Оның 13-і  ату жазасына кесілді. Сонымен қатар, аудан бойынша 15 контрреволюциялық элементті ұстады, оның жетеуі ату жазасына кесілді. 13 адамнан құрылған көтерілісші бандаларды ұстады. Олардың барлығы да атылды. Террорлық көтерілісшілер тобына тергеу ісін қозғап, бұл іс бойынша 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды және де 16 шпиондық іс қозғады. Қармақшы аудандық НКВД бөлімшесін басқарған кезінде С.А.Пяткин өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра білді. Соның нәтижесінде кұрделі табыстарға жетті…».

Сонымен, Пяткин Шымкент қаласындағы басшыларынан қолдау тауып, 17 тамызда Қара Жүргеновті қамауға алған.

Тергеу мәліметтері бойынша, Қ.Жүргенов 1888 жылы Қызылорда ауданы, Қаракөл деген жерде туған. 1910 жылға дейін осы аймақта мал шаруашылығымен айналысқан. Бір кездері облыста болған. Сосын барып Ырғыз ауданына қоныс аударған. Сол жерде 1928 жылы бай ретінде конфискеленген, үш жылға жер аударылған. Жазасын өтегеннен кейін 1933-1934 жылдары 16-ауылға қайта оралған. Қазан төңкерісіне дейін 300 жылқысы, 70 түйесі, 140 сиыры, 700 қой, 6 қара үйі және басқа да дүние-мүлкі болған. Төңкерістен кейін 250 жылқысы, 50 түйесі, 80 сиыры, 400-500-дей қойы қалған. Осы цифрлардың соңына НКВД қызметкерлері былай деп ескертіпті: «Бұл шамамен жазылған, нақты қанша малы болғаны анықталмаған». 1937 жылы 14 тамызда оның қолында бір құлын мен екі түйесі ғана қалыпты. Ел аузындағы әңгімелерге құлақ салсақ, Қара Жүргеновтің малының көптігі соншалық, Сырдарияны кешіп өткенде ағып жатқан су байланады екен. Міне, сол малдан 1928 жылғы конфискеден кейін қалғаны осы.

Қара Жүргеновтің жеті ұлы, бір қызы болған. Ұлдары Қосжан мен Досжан Қараевтар отызыншы жылдардың бас кезінде малы конфискеленіп, өздері жер аударылған. Кейіннен екеуі де жазықсыз репрессияға ұшырап, атылып кетті. 1937 жылы тағы екі ұлы Темірбек пен Ысқақ та НКВД қолынан қаза тапты. Ысқақты да заңсыз қылмыстық жауапқа тартқан сол қиянатшыл Пяткин еді. 1937 жылы 19 желтоқсанда оны қамауға алып, «антикеңестік үгітті әкеңмен бірге жүргіздің» деп айыптаған. Соның негізінде  1938 жылы 27 қаңтарда соттан тыс үштіктің шешімімен ол Қызылорда қаласында атылған. Соңында зайыбы Ақшекер мен жалғыз ұлы қалған екен. Сол ұлы кейін соғыста қаза тауыпты. Сөйтіп, Ақшекер әжей қартайған шағында бір өзі қалған.

Қара Жүргеновтің төрт баласы бірдей жазықсыз жазаланған. Қалған балалары туралы бізде дерек жоқ. Журналист Мырқы Исаевтың  мәліметтеріне қарағанда, Жүргеновтер әулетінен репрессия жылдары 9 адам құрбан болған көрінеді.

Осыдан кейін Қара Жүргенов  Кеңес өкіметін мойындар ма еді? Тергеуші И.В.Ивановтың: «Сіз контрреволюциялық ұйымға мүшесіз. Қылмыстық әрекетіңізді тыңғылықты етіп айтып беріңіз» деп, үзілді-кесілді қойған сұрағына ол былай деген: «Мен ешқандай контрреволюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ. Бұрын бай және болыс болғаным рас. 1928 жылы Кеңес өкіметі менің барлық мал-мүлкімді конфискелеп, өзімді Ырғыз ауданынан Қарқаралы  округіне жер аударды. Сол сәттен бастап мен Кеңес өкіметіне өшпенділікпен қарадым…».

Әрі қарай Иванов тергеудегі Қ.Жүргеновтің сауатсыздығын және орыс тілін білмейтінін жақсы пайдаланып, өзіне қажетті жауапты қағазға орысшалап былай деп түсірген: «1929 жылы өзімнің беделімді пайдаланып, жеке басым Ырғыз ауданында болмасам да, Қарақұмда  кеңес өкіметіне қарсы күресу мақсатында бандалар ұйымдастырдым… Қармақшы ауданында шаруалар арасында контрреволюциялық үгіт жүргіздім…».

Міне, осындай «мойындау» сөздерін келтірген. Жауап алу хаттамасының соңына: «Сауатсыз болғандықтан қолының басбармағын басты» деп анықтама енгізілген. Жанында сияға боялған басбармақтың ізі бар. 

Осы жауаптың негізінде 1937 жылы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасының үштігі Қара Жүргеновті ату жазасына кескен. Үкім 25 қыркүйекте  Қызылорда қаласында жүзеге асырылған.

Қара Жүргенов жайындағы істі осымен жабуға да болар еді. Қазан төңкерісінің қайғылы беттерінің бірі – әкені балаға, баланы әкеге қарсы айдап салғанын айтпасқа болмас. Әкесі Қара Жүргенов пен баласы Темірбек Жүргенов он жылдан астам бір-бірімен кездеспеген. Әкесі малынан айырған Кеңес өкіметіне қызмет еткен баласына ренжіп қатыспаған. Ал баласы болса Кеңес өкіметінің қаһарынан сескеніп, ұзақ жылдар бойы әкесімен жүздесе алмаған. Ақыр соңында оның өзі де сол өкіметтің құрбандығына шалынды.  

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері

(жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<