Қарағай бұтағына ілінген домбыра

1171

1

Сол бір оқиға… сол хикая жазылған дәп­те­рімді Атырауға қоныс аударатын 2000 жыл­дың күзінде жоғалтып алдым. Қа­пияда бір ғажайып әнді ұмытып қал­ған­дай, нақты деректен көз жа­зуым қолымды байлап, дағдарта берді. Қаламым жүрмеді. Мен құла түзде құсын алдырған аңшыдай аңырып, әлденеге елеңдеумен болдым. Сол сырды шерткен иманжүзді кісінің ойлы жанары, бұйығы мінезі көз алдымнан кетпей қойды.

Ал 2005 жылдың ақпан айының соң­ғы күндерінде біздің үйге Алматыдан хат келді. Хат жазған кісінің конверттегі аты-жөні көзіме оттай басылды. Кон­верт­­ті тез-тез ашып, ішіндегі газет қиын­дысын («Айқын» газеті. 26 ақпан, 2005 ж.) жүгірте оқыдым. Ә, дегеннен мына бір жолдар жүрегімді діріл қақтырды.

«1997 жылы маусым айында Алматы са­на­­ториясында емделіп жатыр едім. Бөл­­меме бір ақсақал іздеп келді. Қо­лын­да домбырасы бар. Өзі Семейдің азаматы екен. Таныстық. Әңгімеміз жарасты. Ол домбырада күй тартып, өткен-кет­кенді еске алыстық. Оған кешегі со­ғыс кезінде Гурьевтік азамат Сатқан екеуі­міз­дің домбыраны қарағайдың басына қалай ілге­ні­міз­ді айтып бердім. Үш күн өт­кен­де әлгі семейлік Сейітқазы Тә­бе­ре­ков де­ген кісі маған қайта келді. «Оу, Өмеке, ке­шегі әңгімеңізді бүгін теледидар­дан берді. Илья Жақанов қазақтың туы секілді орыс орманының ішінде ілі­ніп тұрған дом­быраны көрген бір кісіні 55 жылдан ке­йін тауыпты. Сол туралы айтып отыр екен», деді.

Мен таңғалдым. Әрине өкінішке қарай, қарағай басындағы домбыраны көр­­ген сол азаматтың кім екенін мен біл­­меймін ғой. Бірақ кейін Илья Жа­қа­нов маған келіп жолығып әңгімелесті. Жамбыл облысы, Талас ауданындағы сол кісіні тауып, бар оқиғаны қаз-қал­пын­да «жазып аламын» деп еді. Сөй­тіп жүр­генде өзі Атырауға көшіп кетті де, сәті түспеді».

Міне, мені дәйім тебірентетін эпизод… ана жылы бұл кісіден жазып алған май­дан оқиғасы толық еске түсті.

Енді мен бұл бір тұңғиық эпизодтың сырын шертіп көрейін. 1989 жыл. Наурыз айы­ның он тоғызыншы жұлдызы. Сол күні (Жамбыл облысы, Талас ауданы) «Ойық» совхозының сәулетті клубында ән кешін өткіздім. Дауысыма ыңғайлы ән­дердің бәрі-бәрін өзім орындадым. Қан­дай ән айтылса да, оның шығу тари­хы сел-сел әңгіме болды. Тағдыры, та­ри­хы бар есті әндерге сусаған жандар сүт­тей ұйып, сілтідей тынып, жан-жү­ре­­гі­мен беріле тыңдады. Біржан салдың «Ай­­бо­зымы», «Теміртасы», Ақан серінің «Қа­­ра­торғайы», «Балқадишасы», «Әу­дем­­жері», Естайдың «Хорланы», Абай­­дың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні, Үлебайдың «Дударайы», Мұхиттың «Зәу­реші»… міне, осы әндер кейбір же­ңіл­­тек жастардың өзін тыныштанды­рып, бір сиқырлы сезіммен буып тастады.

Зал ішінің осы бір сәтіне жаным сүй­сін­ді ме, әйгілі «Жас қазақ» әніне қа­лай ойысып кеткенімді байқамай қал­дым. Бұл әнді шығарған композитор Рамазан Елебаев Көкшетаудағы сал-серілердің ән дәстүрін біздің заманымызға қаймағын бұзбай әдемі жеткізген ірі талант, әрі клас­­сикалық әндердің ұлы атасы Біржан сал­­дың тұқымы екенін айтқанымда зал­дың орта тұсынан бір кісі қолын көтеріп:

– Біз мына иен далада мал соңында жүр­­ген марғау, еш нәрседен хабары жоқ адам емеспіз. Осы «Жас қазақ» әнінің қа­лай туған хикаясын бір-екі сөзбен айтып бер­ші, шырағым, – деді.

Мен қарияға бас изеп, ізет білдіріп, жай­лап сөз бастадым.

– Композитор Рамазан Елебаев Мос­к­ва консерваториясында оқып жүріп, не­міс фашизмімен соғыс басталған сәтте май­­дан төрінен бір-ақ шықты. Жан досы Тө­леген Тоқтаров екеуі айбынды батыр Ба­уыржан Момышұлының ди­визия­сын­да тізе қосып бір жүрді. Қан­мен жо­сылған орыс даласының Бородино се­ло­сында Төлеген асқан ерлік жасап, мерт болды. Сол күні Бауыржан Момышұлы басқарған қаралы жиында Ра­ма­зан көзінен жасы сорғалап тұрып, «Жас қабір» деген әнін күңірентті. Қар жа­мылған қасіретті дала зеңбірек үнімен ғана емес, осы құдіретті әнмен тітіреді.

Кейін осы дивизияға гастрольдік са­пар­мен келген қазақ әртістерінің ішінде жазушы Ғабиден Мұстафин бұл әннің атын «Жас қазақ» деп өзгертіп, қай­та­дан сөз жазды. Әлбетте, қазіргі сөзі. Сол сықырлаған сары аяз қысқан тар бл­ин­дажда әнді Жүсіпбек Елебеков Ра­ма­занның өз аузынан үйреніп, елге жет­кізді.

Көп ұзамай құралайды көзге атқан хас мерген Рамазан Елебаев та Төлеген Тоқтаров секілді жойқын ерлікпен қаза тапты. Алтын айдарлы, асқақ сезімді ком­позитор Рамазан Елебаевтың Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арнаған «Жас қазақ» әні «Три танкиста», «Катюша», «Священная война» ән­де­рі­мен үндес боп, ерлік рухтың өл­мес-өшпес гимніне айналды.

Иә, сол соғыста Рамазанның бір қо­лын­да винтовкасы, бір қолында бая­ны жүрді. Сұрапыл шайқастың қас-қағым сәттік бір тыныс алған шағында Рама­зан баянын құлаштай созып, орыс, ук­ра­ин, татар, қазақ әндерін шалқытып, қа­жыған, шаршаған жауынгерлерге рух берді. Әр жүрекке жеңіске деген жарқын үміттің отын жақты. Сенімін күшейтті. Әнде­ріміз қара ниетті жауымызға жай оғындай тиді. Біз неміс фашизмін әл­гін­дей әндердің қаһарлы күшімен жең­дік. Міне, музыканың құдіреті! деп сө­зімді саябырлата бергенде залдың ал­дың­ғы қатарынан тағы бір кісі орнынан түрегелді. Мен әңгімені тоқтата қойдым.

– Илья, шырағым, мен мұғаліммін. Әкең Жақан ағаймен әріптеспін. Өкшелеп ке­ле жатқан інісімін. Сыйласпыз. Екеу­­міз де соғысқа қатыстық. Тәңір иіп, ел­ге аман-есен оралдық. Кешегі бір күн­­­дері Сарысу мен Талас аудандары бі­­рік­кенде мұғалімдердің жиындарында жиі-жиі жүздесіп, қиямет соғыстың ауыр күндерін еске алып, әңгімелесіп жүр­дік. Тән жарасы жазылады екен, жан жа­расы жазылмайды. Солай. Мына ұлы тір­шілікте соңғы деміміз біткенше сол со­ғыстағы мерт болған ерлерімізді са­ғы­нышпен сарғая жүріп, іздерміз, жоқ­тар­мыз… көтерерміз рухын.

Айтайын дегенім – мына бір жайт. Оны ойласам талықсиды жүрегім. Біреу оған сенеді, біреу сенбейді. Бір аласапыран шабуыл кезі. Қар жамылған орыс орманы. Жау оғы жаңбырдай жауып тұрды. Біз қалың қарға омбылап, «За Родину!», «За Сталина!» деп уралап жүгіріп бара жаттық. Бір кезде оң жағыма жалт қарап ем, биік қарағайдың басында ілулі тұрған домбыраны көрдім. О, тоба! Домбыра! Көрген сәтте қаққан қазықтай қалшиып қатып қалыппын. Жүрегім өрепки соғып: «О, құдірет, домбыра… домбыра ғой, мынау!» дей бергенімде, біреу ту сыртымнан «Вперед!» деп айқай салды. Командир екен. Сол заматта тұла бойым өрт болып жанып, кәлимаға ті­­лімді зорға… зорға келтіргендей кү­бір­­леп: «О, қасиетіңнен айналайын, қа­­зақтың қара домбырасы! Қазақтың жаны мен тәні! Көкірегі мен қуаты! Күй­леп ала жөнелсе, Асанқайғыдай зар төгіп, Бетпақтың қақыраған шөлінде ақсақ құландай жосылып, Қаратаудың ну шатқалында бұлбұлдай сайрап, Шу мен Талас дариясының, Жайлаукөл мен Қамқалының… Билікөл мен Көлмекөлдің аққуындай сылаң қағатын, о, киелі домбыра, сен де бізбен бірге майдан төрінде жүр екенсің ғой!» деп заматта туған жерім елестеп, осы сөздер тар кеу­дем­ді тепкілеп, екі көзімді ыстық жас күй­діріп, қарағай басында ызыңдап тұр­ған домбыраға жаутаң-жаутаң қарап, ура­ла­ған жауынгерлердің сапында сүріне-қабынып, солықтап жылап кете бардым, Илья, шырағым.

Осы бір жайдың есіме түсіп кеткенін қа­рашы, Илья шырағым… көз алдымда зеңбірек үнімен солқылдаған орыс орманы. Көк тіреген биік қарағайдың бұ­­тағында ызыңдаған қара домбыра… қан­­дай ер тастап кетті екен, сол домбы­ра­ны?!.

Қария осылай деді де үні дірілдеп, орнына жайлап отыра берді. Залдан күр­сі­ніс лебін сездім. Өз жүрегім де ауырлап ұйып кетті.

* * *

Сол ән кешіндегі әлгі қарияның сөзі жү­ре­гімді тебірентті де жүрді. Кезінде сол кісінің аты-жөнін жазып алмаппын. Тірі болса көргім келеді…

Осы оқиғадан кейін арада сегіз жыл өтті.

* * *

1996 жылы қарашаның бір қоңыр ке­шін­де Алматыда Ғылым ака­де­мия­сы­ның мәдениет сарайында тағы бір ән-кешін өт­кіздім. Кейін бұл кеш теледидардан бір­неше рет берілді.

1997 жылдың жазы. Бір күні маған:

Берекесіз тобырдан,

Бірлігі күшті аз артық!

Не болмаса:

Дүниеден өтсе данышпан,

Сан жүйрікпен қағысқан.

Жинақтар ешкім болмаса,

Артында қалған сөз жетім! – дейтін қалың нулы Найманның атақты арысы, Абылайханның ең жауапты елшілікке баптап салатын саңлақ биі – Ақтайлақтың ұрпағы… Абай сүйген Қуандық қыздың әкесі – Сабырбай ақынның тұқымы, медицина ғылымының докторы Мұқтар Айтқазин бір сұхбат құрып отырып былай деді:

– Сіз бір ән кешінде музыканың құ­ді­рет­ті күшін айтып, соғыс кезінде дом­быра­сын қолынан тастамаған жа­уын­­гердің оқиғасын келтіріпсіз. Сол дом­бы­ра­ның иесін білетін қарт жауын­гер осында, Алматыда тұрады. Ағайынбыз. Ол кісі Аягөзден, аты-жөні – Өміртай Ақ­мадиев. Ұзақ жыл бойы Аягөз қала­сы атқару комитетінің төрағасы болып қыз­­мет етті. Семей облысы ғана емес, Қа­­­зақстанға белгілі өте беделді жан. Жұ­ба­йы Шәйза жеңгей мұғалім еді, 1991 жы­­лы қайтыс болған.

Аягөзде батыр Баукең Момышұлы кезінде Өміртай ағамыздың ең қадірлі қонағы боп жүрді. Екеуінің шүйіркелесе әңгімелескен сәттерін білемін.

Өміртай ақсақал сіз жайында менен сұрады да. Сыртыңыздан ие­ле­ніп: «Ілағаңды білемін. Екеуіңізді жүз­дес­ті­рем» деп, уәде бердім.

Мен бұл сөзге елең ете түсіп:

– Қашан? – дедім, іштей дегбірсіздене қалып.

– Осы жақын күнде, – деп күлімсіреді Мұқтар.

 * * *

Содан көп ұзаған жоқ, Мұқтар Айт­қа­зин мені Өміртай ақсақалдың үйіне алып келді. Қызының қолында тұрады екен. Сәлемдестік. Кісіні ойлы жанарымен өзіне үйіре тартатын, жылы жүзді инабатты жан шай үстінде бізді байсалды, салиқалы әңгімемен баурады. Үні сондай жұмсақ. Сәл ойлана қалса, аялы қоңыр көзінде бір алыс дүниенің бұлдыраған елесі көрінгендей болады. Салалы саусағымен қас-қабағын сипалап, қасында отырған бізді ұмытқандай жа­быр­қау­лы хал кешеді. Жеңіл күр­сі­не­ді. Көзі жасаурап:

– Илья, шырағым, теледидардан сен хикаясын шерткен сол домбыраның иесі менің майдандас досым еді. Сол майданда қарағай басына ілінген сол домбыраны көрген мен сияқты бір жауынгердің әң­гі­месін сен, міне, соғыс біткеннен кейін көп жыл өткенде еске салдың. Осындай да жүрек толқытар сәйкестік бола­ды екен. Майдан жолы, достарым есіме түсіп, көзіме жас алдым. Басымнан кеш­кен сол оқиғаны толығырақ айтайын, енді.

Неміс фашизмімен қанды шайқастың жүріп жатқан кезі. Жасым он тоғызда. Көп­­тің бірі болып ел қорғауға аттандық. Ал­ғаш­қыда Забайкалье әскери окру­гін­де­гі барлау мектебінде бес ай оқыдым. Содан кейін мені Мәскеу іргесіндегі Коломна қаласында құралған 4-тұрақты армияның құрамындағы 135-атқыштар ди­визиясының 120-барлаушылар рота­сы­на бөлді. Бұл рота – неміс тілін бі­ле­тін батыл да тапқыр, инженер-техник жігіттерден арнайы жасақталған рота. Ро­тамызда өзіммен бірге тағы төрт қа­зақ жігіті бар. Бәріміз бірге тұ­рып, бір­ге жүреміз. Біздің дивизия Ка­ли­нин, 1-Украин майдандарында ұрыс жүр­гіз­дік.

Барлаушылардың адам сене бер­мей­тін шырғалаң істері көп-ақ. Біз әр кез барлауға, шығарда жолдастарымызға әке-шеше, бауырларымызды, үйлен­ген­де­ріміз болса, жан-жарымызды, ба­ла­­ларымызды айтып, мекенжайымызды қал­дыратын едік. Сол жолы олай етуге мұршамыз болмады. Шұғыл түрде тап­сырма алып, қарбалас күйде кете бардық. Барған жеріміз – Тверьдің қалың ор­маны. Жау күші мықты шоғырланған жер. Көздеген бекіністі лезде тауып, сол күні түнде бейғам жатқан немістерді тұт­қиылдан бас салып, бұл армияның құжаттарын қолға түсірдік. Түн жамылып, қалың орманға сіңдік те кеттік. Іштей мәзбіз. Қуанып бір-бірімізді сүйе береміз. Құдайдың тағы бір таңы атты. Күндіз жүру қиын. Қауіпті. Бірақ қа­лай­да дивизияға тез жетуіміз керек. Жыра-жыра, бұта-бұтаны тасалап, бұқ­пан­тайлап келе жатқанда тағы да табан ас­тынан немістерге кезіктік.

Енді не істейміз? Шегіну мүмкін емес. Бойымызды қатер биледі. Бір-бірі­мізге тұнжырап, үнсіз қараймыз. Қар­сы алдымызда бетпе-бет немістер тұр. Біз де немістерше киінгенбіз. Дәл осы сәтте Оразхан Сұраншынов қолын көте­ріп, алға шықты. Жүрегіміз дір ете түсті. Ол бізге «қапы қалмаңдар» деп көз қыса ым­дап, белгі беріп, немісше сам­бырлай сөйлеп, сайрап ала жөнелді. Не­містер аңы­рып, Оразханның сөзін жай­барақат тың­дап тұрған сәтте біздің жігіт­тер олар­ды бас салды. Әп-сәтте авто­маттар са­тырлап, ұрыс басталды. Қас қағым сәт­тік топалаңда немістерді баудай тү­сір­дік. Бізден де бірер жігіт шығын болды. Жазмыш ісіне не дерсің, со­ғыстың аты – соғыс… бұл жолғы тапсырма да қия­мет­пен орындалды.

Тағы бірде… орыс орманы. Желсіз тынған жылы күн. Түс қайта жапалақтап қар жауды. Біз кезекті барлауға шығуға әзірленіп жаттық. Кіші бесін болды. Бір кезде Гурьевтік Сатқан Серікбосынов өзімен бірге алып жүрген домбырасын құшырлана бебеулетіп, Құрманғазының дауылды күйлерін бірінен соң бірін төкті. Сол шамырқанған күйі Махамбеттің:

Атадан туған аруақты ер,

Жауды көрсе жапырар

Үдей соққан дауылдай! – дейтін, соған ілесе:

Еріскендей ер болса,

Соғысқандай жер болса,

Бірме-бірге келгенде,

Әлі де болса бір тәңірге жылармын!

– дейтін термелерін отты уытпен өрше­ле­не айтты. Сәл іркіліп, тоқтай қалса, дом­бы­­расын төсіне басып, сәбиін еркелетіп отыр­ған жандай мейірлене өбектеді. Біз оған таңғала қарадық. Сатқан домбырасын қайта-қайта сүйіп, орнынан ұшып тұрды да кәрі қарағайдың түбіне барды. Ойланды. Төмен қарап, ұзақ мүлгіді. Ол басын көтеріп, зәулім қарағайдың ұшар басына шалқайып тұрып көз тікті. Сосын қарағайға жарқанатша тырмысып, тез-тез көтерілді де домбыраны сүйіп, бір бұ­тақ­қа ілді. Іле жерге түсті. Қасымызға же­тіп келді. Екі көзінен тамған жас омырауын сулапты. Жас бөрідей жұлқынып жү­ретін айбынды жігіттің сынғанын қа­ра. Сатқан үнсіз егіліп тұрды-тұрды да қарағайға қарай қайта жүгірді. Жан сала өрмелеп, домбырасын бетіне басып, тағы сүйді. Жерге түсті де іле-шала қа­ра­ғайға үшінші рет көтерілді. Дом­бы­ра­сын тағы сүйді.

Сол сәтте команда берілді. Біз жа­пыр-жұпыр сапқа тұрдық. Көзінен жасы сорғалаған Сатқан да жүгіріп кеп қата­ры­мызға тұра қалды. Біз қалың қарды омбылап, мәліндей шұбатылып, орман ішіне бет түзедік. Сатқан домбыра жаққа жал­тақ-жалтақ қарап, бізбен бірге кете барды.

* * *

1944 жылдың шілдесі.

Барлаушылардың тағы бір кезекті тап­­сырмасы… арамызда өзі семейлік жер­­­ле­сім, рота политругі Василий Бу­ла­буев есімді сері жігіт бар еді. Ол қа­зақ­ша таза сөйлеп, ылғи көңілімізді көте­ріп, «Три танкиста», «Катюша», ән­де­рін шалқытып, жігерімізге жігер қо­сатын. Сол әндерді бәріміз қосылып шыр­қайтынбыз. Әсіресе, Сатқанның ән­ші­лі­гі ерекше еді. Дауысы биік те ашық, сондай қуатты еді. Василий екеуі «Свя­щенная война» әнін қаһарлы сұспен айт­қанда, сірескен орыс орманы гуілдеп ала жөнелетін-ді. Осы жолы немістердің шебінде сол жайсаң жігіт Василийден айы­рылдық. Мен де есімнен танып, аяғымнан жараландым. Сатқан мен Ораз­хан мені бір жарым тәулік бойы кезек-кезек арқалап, 419-дала госпиталіне жет­кізіпті. Ал Сатқан қайда? Оразхан қай­да? Есіл ерлерім… сол күннен бастап еке­уінен көз жазып қалдым.

Оразхан Сұраншынов – Жамбыл облысының жігіті. Орта бойлы, қара торы, отты көз, құрыштан құйылған бір мығым болмыс. Құралайды көзге атқан мерген. Радист. Неміс тілінде еркін сөйледі. Қиын сәтте жол табатын батыл еді, қайран ер!

Сатқан Серікбосыновты – «Гурьевтің Махамбеті! Құрманғазысы!» деуші едік. Әнді де, күйді де дариядай толқытушы еді. Қаршығадай жұтынған, нып-нығыз, ықшам жігіт еді. Өзі жайлы: «Әке-шешеме бала тұрмай, шетіней беріпті. Бір күні іңгәлап мен туыппын. Ауылдағы әжелер ырым ғып, мені әке-шешеме бұл­дап, сатыпты. Сөйтіп атымды Сат­қан деп қойыпты», деп күлуші еді. Жалын атып тұратын жанарына бү­кіл әлем сы­йып кеткендей, дүниеге өзге­ше бір іңкәрлікпен қарайтын, сырлы сезімді, ойнақтаған сері жігіт еді. Оның ой­мақ­­тай ғана қызыл шырайы бар аққұба жү­зін­дегі мап-майда секпілі де көз алдымда. Сатқанның қоңыр үнді домбырасын бал­бырата тартып:

Береміз Отан үшін жанымызды,

Құрбан ғып жиырма жаста сәнімізді.

Ел үшін, Отан үшін, ұрпақ үшін,

Төгеміз денедегі қанымызды!

Қандай сөз, қанатты сөз –

«Жеңіс» деген

Ежелден аталы сөз ер істеген,

От алып, осы сөзден рухымыз,

Қатал күн қан майданда беріспеген! – деп салатын отты әні де жүрегімде…

Сол сұрапыл жылдардан бері осы қанды көйлек достарымды бар дүниеге жар салып, шарқ ұра іздеумен жүрмін, Ильяжан… біраз әскери бөлімдерге, өзі­міз болған орыс қалаларының әскери ар­хив­­теріне талай рет хат жаздым. Ор­аз­­­хан­нан да, Сатқаннан да бір хабар жоқ. Ақтық демім біткенше сұрау салумен өтер­мін, дүниенің төрт бұрышына жа­лы­­нып…

Қарағай бұтағына ілінген домбы­ра­ның куәгері Өміртай Ақмадиев ақсақал шерт­кен бар хикая осы…   

 * * *

Гитлерлік Германиямен болған қасі­рет­ті соғыс басылған сәтте жасындай жар­қыл­даған от жүректі Қасым ақын:

Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым,

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.

Келемін қайтып, өлеңімді айтып,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

– деп қанға бөккен майдан төрінде жан ға­шығы Сақыпжамалға жетуге асы­ғып, оның қайда екенін білгісі келіп, бар дүниеге жар салып еді. Қасым Сақып­жа­ма­лын тапты да. Екеуі армансыз ғұмыр кешті. Бақыт дегеніңіз осы екен!

Ал қырғын соғыстың қыл көпірінде аяғы­нан қаны сорғалаған Өміртай Ақма­диев­ті алма-кезек арқалап, аман алып қалған Оразхан Сұраншынов (бәлкім Сұраншиев болар – И.Ж.) пен Сатқан Серік­босынов (мүмкін Серікболсынов шығар – И.Ж.) қайда? Қалайша із-түзсіз жоғалды? Сол достарын іздеуден бір тын­баған аягөздік Өміртай ақсақал, Құ­дай­­ға шүкір, ортамызда жүр, Ұлы Жеңіс мерекесін қарсы алып.

Бұл ғажайып адамдардың ерлік ісін енді ғана қағаз бетіне түсіріп, бүгінде мен Аты­рауда тұрып жатырмын. Өміртай ақса­қал соноу Алматыдан хат жазып: «Илья шырағым, атыраулық Сатқан Серік­босыновты сол төңіректен… Еділ мен Жайық, Ойыл мен Қиыл, Жем мен Сағыз, қарт Каспийдің жағасынан іздей жүр­ші?» деп қиылады. Осы хикая­ны шертіп, мен де екі көзім төрт болып, Өмір­­тай ақсақалдың қанды көйлек жол­дасы, хабар-ошарсыз кеткен барлау­шы, аты­рау­лық азамат Сатқан Серік­бо­сы­нов­ты іздеп отырмын. Мына жарық дүниеде есіл ер Сатқанның туған-туыстары бар шы­ғар… тілекке орай бар болса, осы әңгі­ме­ден кейін «менімен тілдесіп те қалар» деген үміттемін!

Илья ЖАҚАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<