Әліпби ауыстырудың әлеуметтік лингвистикалық мәселелері

175

0

Тіл мен саясат – тіл дамытудың  өзара тығыз байланысты категориялары. Тіл – саясаттың әрі нысанасы (обьектісі), әрі құралы. Ал саясат – тіл тағдырын шешетін мемлекеттің өзіндік ұстанған бағыты, шаралар жүйесі.

Көптеген елдерде тіл саясатын жоспарлайтын негізгі субьекті деп әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттарды атайды. Ал адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі салалары деп әлеуметтік лингвистикалық әдебиеттерде тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі, терминологиясын қалыптастыру мен дамыту және әліпбиі мен емлесін жасау, жетілдіру мәселелері көрсетіледі. Осылардың ішінде әліпби – жазба тілді қалыптастырудағы адамдардың саналы әрекеттерінің бірі, тіл саясатының басты нысаны екендігін көреміз.  

Әліпби  – арғы тегі гректің  «alphabetos», яғни альфа және бета деген басқы әріптердің атынан алынған атау. Ол жеке дыбыстық элементтерді символ арқылы бейнелеп, тілдегі сөздердің дыбыстық келбетін бейнелейтін таңбалар жүйесі. Әліпбидің дүниеге келуі кез келген табиғи тілдердегі мәтінді жазуға мүмкіншілік берді. Жазудың шығуы мәдениеттің дамуына көп әсер етті. Тіл өзінің өмірдің түрлі салаларындағы қызметін кеңейтті, дамудың жаңа жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

Қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық т.б. жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі мәселе. Олай дейтін себебіміз:

Біріншіден, тіл табиғатына сай әліпби жасау мен таңдау мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытады.

Екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, оның өзіндік бет-бейнесін көрсетеді.

Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді.

Төртіншіден, таңдалып алынған әлібиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын танытады. 

Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы – ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлттық жаңғырудың бастамасы, еліміздің лингвистикалық егемендігінің белгісі деп санаймыз. Бұл үшін алдымен халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау т.б. жұмыстар жүргізілуі керек.

Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс.

2006 жылдың қазанында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халықтар Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағылшын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал біз қазір барлық мектептерде ағылшын тілін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», – дей келе «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай оның плюстері мен минустарын зерделеп алуымыз керек», – деген еді.

 Бұл мәселе бұдан кейін Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тағы көтерілді. Онда:  «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп айтылды.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту, әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосу, болашақ тілі болуына жағдай жасау – әрбір қазақ азаматының арманы. Біз бүгінгі күні әліпби ауыстыру арқылы осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктерді жоя отырып, жаңа тұрпаттағы тіл дамыту жұмысын саналы түрде қолға алуымыз қажет.

Жалпы әліпби – адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі. Қазіргі таңда елімізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау мәселесі өткір күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын.

Аман Абасилов, 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 

қауымдастырылған профессоры,  ф.ғ.к.