Таным мен талғам тізгіні

423

0

Бірнеше буын ұрпақты өнегесімен өрге сүйреп жүрген, сөзі берекелі, аузы дуалы ел зиялысы Серікбай Иманбайұлы Қошқаровтың шығармашылығы Сыр жұртшылығына жақсы таныс.

Ұлт руханияты – ежелден бері беткеұстар перзенттеріміздің мұрасы бейнебір тамшыдай болып қосылып, жинақталған ұлы теңіз десек, Серікбай Иманбайұлы – сол теңізді молықтыруға, әл-қадірінше атсалысып жүрген қарымды қаламгер. Кейінгі жылдары республикалық баспасөз беттерінде қоғамдағы түйткілді мәселелерге арналған қадау-қадау публицистикалық, талдамалық мақалалары және бірнеше кітабы жарық көрді. Әсіресе, бұл тұрғыда әңгімелер, ой-толғамдар, мақалалар топтастырылған «Жерұйық» кітабының орны ерекше. Осынау туындының жанрлық ерекшелігі, тілдік-стильдік сипаты, көркемдік палитрасы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Б.Кәрібозұлы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ғ.Тұяқбаевтың мақалалары жарық көрді. Белгілі әдебиеттанушы-ғалымдардың кітапқа берген жоғары бағасы көптің көңілінен шыққаны айқын.

Жалпы, ұлттық әдебиет пен философияның, яғни сөз өнері мен ой өнерінің таразы басын тең ұстау шеберлігі оның қай шығармасынан да қапысыз байқалады. Аллегория мен метафора, тұспалдан нақтыға, жалқыдан жалпыға, қайшылықтан бірлікке өту – оқырманның жан-жүрегін аялай білетін Сәкеңнің ой үрдісіне тән сипаттар. Көсемсөздің ақ семсерін қиялай сермейтін публицистикасының өзінде «Дос көңілі – шарайна, сындырып алма абайла» сарыны басым. Өйткені, ол – табиғатынан мейірімді жан. Сюжеттік мазмұны, композициялық құрылысы жағынан әртүрлі әңгімелері қысқа диалогтар мен астарлы юморға, қазақи теңеулер мен ой-толғамға, тәрбие мен тағылымға толы. Әңгімелеріне тән ерекшеліктің бірі – кейіпкерлерінің мінез-құлқын екшеп, одан адамшылық тамырларды тауып отыруы дер едік. Ағамыздың сананың сеңін қозғап, сөздің сөлін сығатын шешендігін  де  айта кету ләзім.

Ұлы Абайдың ілімін түсіндіру, уағыздау, насихаттау – Серікбай Иманбайұлы шығармашылығының тағы бір қыры. Өзінің айтуы бойынша, заңғар жазушы  М.Әуезовтің «Абай жолы» романын алғаш бесінші сыныпта оқыпты. Міне, содан бері алпыс жылдан астам уақыт өтсе де аталған кітапты зерделеуін үзбей, өмір жолында кездескен күрмеуі көп күрделі сұрақтардың жауабын содан тауып келеді. Сондықтан, хакім Абайдың: «Адам болам десеңіз, …талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды бес нәрсеге асық бол деген өсиеті оның туындыларының тұтқасы іспеттес көрінетініне таңырқамауымыз қажет. Бүгінде мұқабасы мүжілсе де, мазмұнының өміршеңдігін жоғалтпаған қастерлі құндылық – «Абай жолы» ағамыздың жұмыс үстелінде тұр.

Сәкеңнің ғалымдық, ұстаздық және ұйымдастырушылық қызметтері – бірін-бірі толықтырған, бірі-бірімен астасқан дүниелер. Қандай қызметте немесе ортада жүрсе де тәлім-тәрбиесінің мәйегін, ізгілігінің сәулесін айналасындағылармен бөлісіп, үйретіп қана қоймайды, өзі де жақсы адамдардан үйренуге бейіл. Біз білетінде «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымы – ол үшін жай сөз тіркесі емес. Таудай іс тындырса да, дабырайтып жатпай, «болдым-толдым» демей, тиянақты еңбектің, риясыз ізденістің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Ел ынтымағын еселеу, береке-бірлігін күшейту, бұрынғылардың жөн-жоралғыларын, тәлім-тәжірибелерін өскелең ұрпаққа аманаттау сынды ұстанымдарды басшылыққа алған ол өзінің мол өмірлік тәжірибесін әрі оқығаны, көргені мен көңілге тоқығанын кейінгі буынға шаршамай-талмай бөлісуде. Азаматтығын ажарландырған да, адами болмысын кемелдендірген де – осы қасиеттері.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету мінезден» дейді. Сыр өңіріне танымал азаматтың ұлт руханиятының туын жоғары сатыға көтеру жолындағы қызметін бейнелеуге осы қағидалы сөздер әбден лайық деп ойлаймын.

Қали ОМАРОВ,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз