Агросала қайта өңдеумен өркендейді

884

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет» деді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастыруды, Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.  Жалпы ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету.

Расында, бұл – еліміздің экономикасы үшін маңызды мәселе. Кез келген мемлекет үшін өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып артылған өнімді экспорттау тиімді. Ауыл шаруашылығын дамытудың маңызын мұнай бағасының күрт төмендеуі және қазіргі кездегі әлемдік пандемия жағдайы дәлелдеді. Себебі, шикізат өндірісіне, яғни, мұнайға тәуелді экономикамыз бағаның түсуімен әлсіреп, карантин жағдайында ең бірінші кезекте халыққа азық-түлік қажет екенін түсіндік.

1990-1991 жылдары шаруашылық жүргізу және егіндік жер толығымен дерлік мемлекет меншігінде болды. Бұл жағдай нарықтық экономиканың дамуына қайшы еді. Осы орайда ұжымшар және кеңшардағы мемлекеттік жер меншігін жекешелендіру, ауыл шаруашылығы жерін шаруа қожалықтарына, үй шаруашылықтарына, кооперативтерге өткізу басталды. Сол уақыттан бері біраз жұмыс атқарылды, алайда әлі де болса мәселе көп.

Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің 40 пайызы ғана қайта өңделеді, қалған бөлігі шикізат күйінде кетіп жатыр. Бұл орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауыттарын көбейтуіміз қажет. Себебі, қайта өңделген өнім бағасы жағынан өндірушіге тиімді әрі ірі нарықтарға шығуға жол ашады.

Келесі мәселе – ауыл шаруашылығындағы субсидия. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің көлемі орасан зор. Алайда, осы көмекке қол жеткізу қарапайым шаруаға бюрократиялық кедергілердің кесірінен қиындық тудырады. Атап айтатын болсақ, бір жылы берілген субсидия келесі жылы берілмей жатады. Ендеше, мемлекеттік субсидия бағдарламаларын кемінде 5 жылдық мерзімге бекіту қажет. Мемлекет тарапынан бөлінген арзан несиелер және субсидияны үлестіретін банктердің саны көп және олардың шаруаларға қоятын шарттары әртүрлі. Бұл жағдай қолжетімділікті төмендетіп, шаруаларды шатастырады. Осыған орай орталықтандырылған, агросекторға арналған қаржы институтын құру қажет.

Облыстың ауыл шаруашылығының даму әлеуетіне тоқталатын болсақ, өнімді қайта өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік зор. Мәселен, өңірімізде мал басы жеткілікті, бірақ, тері өңдеу орталықтары жоқ. Егер тері өңдеу орталықтары болса, шаруаларға шикізатты біршама жоғары бағада өткізуге және өңделген теріні ұтымды экспорттауға жол ашылар еді. Өңдеуге керекті шикізат көлемі жеткілікті, бірақ сол шикізатты нарықтық бәсекелестікке сай өңдеп шығару мәселесі өзекті болып отыр.

Қазір экономиканы әртараптандыру өте маңызды. Осы орайда еліміздің аграрлық мемлекетке айналу әлеуеті үлкен. Алдағы уақытта нақты шешімдер мен нәтижеге бағытталған жұмыстар атқарылатын болса, біз мақсатымызға жетеміз.

Баян ДҮЙСЕНБЕК, «Ару Ана» сүт өңдеу кәсіпорнының директоры, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<