Сыр елім – аяулым

993

0

СЫР – АЛАШТЫҢ АНАСЫ

Айдыны кең ақ маңдай,

Жасыл жәннат жағасы.

Елбасымыз айтқандай,

Сыр – Алаштың анасы.

Ырыс тасып жатқандай,

Қазыналы даласы.

Сан мың шамды жаққандай,

Жарқыраған қаласы.

Сыр – Алаштың анасы.

Талай қиын шақтарда,

Болған елдің панасы.

Ел намысы тапталмай.

Түспеген ер бағасы.

Сыр – Алаштың анасы.

Суы бар бал татқандай,

Жанға шипа ауасы.

Жақын мұнда жатқандай,

Ғарыш пен Жер арасы.

Сыр – Алаштың анасы.

Жырдан бұлақ аққандай,

Сарқылмайтын сағасы.

Осында өріс тапқандай,

Салт-дәстүрдің сарасы.

Сыр – Алаштың анасы.

Айдыны кең ақ маңдай,

Жасыл жәннат жағасы.

Елбасымыз айтқандай,

Сыр – Алаштың анасы.

СӘЛЕМ СЫРДЫҢ ЕЛІНЕН

Астанаға арнау

Арайланған таңы бар,

Алқызыл гүл бағы бар.

Астана ару, сәлемін,

Сыр елінің қабыл ал.

Дархан, жомарт даласы,

Жасыл жәннат жағасы.

Елбасымыз айтқандай,

Сыр – Алаштың анасы.

Күн аумаған көгінен,

Нұр аумаған жерінен.

Ән мен жердің мекені,

Сәлем Сырдың елінен.

Қаратаудың өрінен,

Қызылқұмның белінен.

Қазынасы қайнаған,

Сәлем Сырдың елінен.

Тұлпар мініп, баптаған,

Сұңқар ұстап жатпаған.

Салт-дәстүрін халқының,

Сан ғасырлар сақтаған.

Шалқыған бақ, ырысы.

Жайқалған ақ күріші.

Бұрқыраған қырынан,

Жиде, жусан иісі.

Қорқыт ата туған жер,

Жанқожа жау қуған жер.

Жерұйық деп Асанның,

Желмаясын бұрған жер.

Тұранға жер жетпеген,

Тұмарға ер жетпеген.

Сыр суынан сескеніп,

Ескендір де өтпеген.

Дария бойы толған көл,

Қопалы су, қорған бел.

Жаугершілік заманда

Жанға пана болған жер.

Талай батыр, мақтаулы ер,

Абырой, бақ тапқан жер.

Дән атасы – Ыбырай,

Қос жұлдызын таққан жер.

Кеудесінде жыр тұнған,

Тұрмағамбет, Нұртуған.

Әбділда, Асқар ақындар,

Осында өрге ұмтылған.

Нартай топты жарған жер,

Сәбира бағы жанған жер.

Бұлбұл қызы қазақтың,

Роза әнін салған жер.

Байтақ елге бас қала,

Жайнап өскен жас қала.

Сұлу Сырдан сыланған,

Сәлем, ару Астана.

Жақсы ісі таралған,

Еңбектен бақ таба алған.

Сәулеттенген бүгінгі,

Сәлем ауыл, қаламнан.

Тұңғыш орда орнаған,

Халқы қалап, қолдаған.

Алғаш болған Астана,

Сәлем Қызылордадан.

Осында жұрт жаңарған,

Елге негіз қаланған.

Алғаш Жарлық жазылып,

Алғаш Заңдар таралған.

Мұнда дүрлер ізі бар,

Дүлдүлдердің жүзі бар.

Ақ жүректі жандары,

Адал дәм мен тұзы бар.

Әлемге аты таралған,

Жанған бақыт, бағы алдан.

Сәлем, ару Астана,

Ақ айдынды Аралдан.

Талай тарлан танымал,

Қазалымнан табылар.

Баспалдағы ғарыштың,

Байқоңырым тағы бар.

Төменгі Сыр етегі,

Сүлейлердің мекені.

Қорқыт жатқан Қармақшы,

Жеріне не жетеді?!

Ауыл, үйі аралас,

Сырдария, Жалағаш.

Берекелі, құт мекен,

Ырыс, бағы тарамас.

Әулиелі, киелім,

Жаңақорған, Шиелім.

Қазыналы қойнауы,

Қарт Қаратау – тірегім.

Астана – ел қуаты,

Бағыт, бағдар, мұраты.

Еліне арнап орнатқан,

Елбасымен бір аты.

Елбасы мен Елорда,

Есілдей кең бір арна.

Елім өсіп келеді,

Егемендік туы алда.

Астана аппақ ақ ордам,

Аппақ нұрдан жаралған.

Елбасының қолымен,

Күнде жайнап, жаңарған.

Байтақ елге бас қала,

Жарқыраған жас қала.

Жасандырған Елбасы,

Жасай берсін Астана!

Жаңақорған

Қайнаған қазынасы Қаратаудан,

Халқының қалауынан қанат алған.

Шырайлы Сыр елінің шығысында,

Жайнаған жәннат өңір –Жаңақорған.

Кенге бай қасиетті жері кенен,

Көлі ем, жанға дауа, желі де ем.

Атақты шипажай да бар осында,

Талайды таңдандырған еміменен.

Әр қырдан бір ғажайып кезігеді,

Әр жұрттан бір тарих сезіледі.

“Қожакент”, “Өзгент”, “Талап”, “Келінтөбе”,

“Қыркеңсе” бастар жаңа шежірені.

Қызырлы, ғажап өңір әулиелі,

Қанша жер, қаншама қыр бар киелі.

Атақты Әбжәлел бап, Хорасандар,

Атағын байтақ елге әйгіледі.

Киелі топырағы тегін бе еді,

Қаншама батыр, ақын елінде ері.

Ғұлама Сұлтан, Мұхтар, қайраткерлер

Сұлтанбек, Исатай мен Сейілбегі.

Батыры Әнуары – қаһарманы,

Жаужүрек елге мәлім атанғаны.

Арапбек, Шоман, Әли, Нақып, Қадыр,

Ерлердің бұзылмаған қатарлары.

Құландай туды осында дүлдүл ақын,

Шығарған ақындықпен Сырдың атын.

Бұл жерде Әлшекейдің ізі жатыр,

Танытқан талай елге күй қуатын.

“Бір өзі бір театр” Манап ақын,

Бұл жақта кім білмейді Манап атын.

“Ақ баян”, “Ақ шолпаным”, “Ақ гүлім” боп,

Әндері Бексұлтанның таралатын.

Талантты қай кезде де таниды елі,

Сыр қанша Бибіажардың әніндегі.

Көрсетті көркем сөздің құдіретін,

Дүкенбай, Тынымбайы, Адырбегі.

Биікте Тәңірберген ән нотасы,

Тұрғандай жырлап жердің тау да тасы.

Алдына ақындықты мұрат тұтқан,

Жүсібі, Базарбайы, Байботасы.

Әр қырдан бір ғажайып кезігеді,

Әр жұрттан бір тарих сезіледі.

Жасарып жаңа дәуір биігінде,

Жайнайды Жаңақорған шежірелі.

Шиелі

Сыр тұнған әр қиядан, әр жырадан.

Шиелі ғажап өңір маужыраған.

Бағында жайнап өскен алқызыл гүл,

Бауында алма, жүзім албыраған.

Ырысы, ақ күріші, маржандары,

Талайдың тасып содан жанған бағы.

Әлемдік рекордтың туын тіккен,

Ыбырай атаға кім таңданбады.

Бойдағы жинап қайрат, бар қуатты,

Ақ күріш атасы боп даңқы артты.

Сүйсінтіп туған елді кеудесіне,

Қос алтын жұлдызды да жарқыратты.

Шәкірті, секілді әрі бір баласы,

Шырынкүл, Заһирасы, Ұлбаласы.

Жадыра, Байдүйсен мен Маман, Нартай,

Қосылған бәрінің де қырда басы.

Бақытын еңбектен ел тапқан өңір,

Батыр, би, өмір сүрген датқа небір.

Есабыз, Асан, Қайып, Қыш аталар,

Оқшыда жеті әулие жатқан өңір.

Осында Жаназардай батыр өткен,

Ғажайып Бұдабайдай ақын өткен.

Тұрғанбай, Шоқай, Торғай датқалар да,

Ел билеп, жатыңды да жақын еткен.

Кім білмес ел сүйсінер аттарына,

Балаби, Торғай, Досбол датқаны да.

Мұстафа Шоқайұлы туған өңір,

Айналған бүкіл түркі мақтанына.

Шиелі – бұл атақты Нартай елі.

Сырнайын мың құбылтып тартар еді.

Құйылып кеудесінен жыры саулап,

Шалқытып, шырқап әнді шайқар еді.

Таусылмас кенен жырдың тұнған кені,

Бір биік ақындықтың тұрған белі.

Толғантса тоқсан ғасыр бір туатын,

Шиелі – Әбділда ақын туған жері.

Тарихта Шаһмарданның қалды атағы,

Әр жайды ғалым Асқар аңдатады.

Әуелбек, Мұхамеджан туды осында,

Белгілі “Мың бір түнмен” Қалмақаны.

Шиелі елі кенен, жері кенен,

Көркейіп келе жатыр кеніменен.

Жайқалта дән өсірген, мал өсірген,

Ақ, адал халық маңдай теріменен.

Қызылорда

Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,

Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.

Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,

Киелі, қасиетті Қызылордам.

Қорқыттың тербегендей күйі мәңгі,

Қырлардан әсем ән-жыр құйылады.

Сұлу Сыр жағасында сыланады,

Сымбатты Қызылорда шұғылалы.

Сымбатты Қызылорда – ұлы ордам,

Жүректе әні шалқып, жыры қонған.

Елімнің ең алғашқы астанасы,

Халқымның қасиетті туы болған.

Кезіміз кеше емес пе “Кімбіз?” деген,

Тегіңді, тарихыңды білгізбеген.

Осында алғаш қазақ елі атанып,

Құтылған едік аттан “қырғыз” деген.

Халқымның елдік, ерлік мұрасындай,

Көнеден жеткен бізге бір асылдай.

Сән құрған Қызылорда, ару қала,

Қалдырған бабалардың мұрасындай.

Жаңартып барлығын да бұрынғының,

Арттыра түсті қала сұлулығын.

Құрылып тұңғыш қазақ театры,

Осында ашты алғашқы шымылдығын.

Жас Мұхтар қозғап ойды тереңінен,

Осында көрінді “Еңлік-Кебегімен”.

Сәбит те жазды алғашқы романын,

Өткенді өткізіп ой елегінен.

Жас ақын болып Асқар жалындады,

Әбділда дауылпаздай дабылдады.

Белгілі Серке, Әміре, Қалыбектің,

Осында өнерімен танылғаны.

Осында Сәкен жыры оқылыпты,

Бейімбет, Ілияс өсіп, жетіліпті.

“Еңбекші Қазақтағы” фоэтонда,

Қалмақан көшір болып отырыпты.

Талпынып тауға биік, талаптанып,

Жас қала өсе берді қанаттанып.

Жыл сайын жасара да жайнай түсті,

Айрықша алаң, гүлзар абаттанып.

Қызылорда бар ғажайып басында тұр,

Алдағы алар биік асуда тұр.

Қырында қара мұнай қазынасы,

Айналып ырыс, баққа тасып жатыр.

Жанында ұлы дария тулап ағып,

Күмістей айна жүзін нұрға малып.

Қызылорда жайнап алда өсе берер,

Ту ұстап, тұрпаттанып, тұлғаланып.

Сырдария

Бір заңғар ақындықтың асқар белі,

Сырдария – әйгілі ақын Асқар елі.

Сардары болған өзі сатираға,

Осында алғаш қадам басқан еді.

Жанынан жыр саулатып, құйдыратын,

Қуаныш туды осында дүлдүл ақын.

Сыр тербеп сүлейлердің ізіменен,

Ғажайып күнде бір жыр тудыратын.

Шырын сөз, көмейінен бал таматын,

Шығарды осы жерде Қалтай атын.

Атақты Сәбира да туды осында,

Арттырған сахнаның салтанатын.

Әбіраш өрнектеді өмір сазын,

Сейфолла жырмен шертті көңіл назын.

Жасады көп адамға қамқорлығын,

Баспагер, жазушы әрі Әбілмәжін.

От ауыз, орақ тілді, жалын кеуде,

Би, батыр, болады ерді мәлімдеуге.

Жүсіпбек, Иса, Мүсілім, Бегайдарлар,

Қайраткер болып ерте танылды елге.

Жаппасбай, Нағи – соғыс қаһарманы,

Майданда мәлім батыр атанғаны.

Балдырған, Ахмет, Қасым, Ибадулла,

Көбейді Еңбек Ері қатарлары.

Тарихтың күрес өткен әр бетінде,

Бүгінгі күнін ұрпақ тәубе етуде.

Атақты ер Сейітпенбет, Сейіт, Нарбай,

Қашанда жүрді елдің жау бетінде.

Сайыпназар, Қалжан, Садық, Тапал ахун,

Аттары қатар бірге аталатын.

Бойынан өнеге мен үлгі жайған,

Киелі жандар еді бата алатын.

Атақты Құлболды ишан, қажы Мәді,

Жандары еді сұлу, қазыналы.

Әбдісадық ишан, датқа Басықара,

Аттары тарихта жазылады.

Қайраткер, қаншама би, батырлары,

Қаншама жыршы, әйгілі ақындары.

Өрбіген өнегелі, өскен өңір,

Бұл аудан Сырдария атындағы.

Жалағаш

Жалағаш жалаулы ел дархан жаны,

Жалқындап жатқан дәннің жал таулары.

Жасампаз жарқын жүзді ұл-қыздары,

Жайнаған жұлдыздары, жауһарлары.

Дария жағалауы жәннатындай,

Қарақұм салқар өріс сабатындай.

Қойнауы берекелі, құтты қоныс,

Қызылқұм қырға жайған қанатындай.

Мүлгіген жиде, тоғай, жыңғылдары,

Сайраған күнде таңмен бұлбұлдары.

Жалағаш – жауһар жерім, жасыл белім,

Ежелден өнерлі өңір, жыр құндағы.

Нысанбай жұртты әнімен таң қылатын,

Әбділда жырлап таңды таңға ұратын.

Төлеубай, Әбдікәрім жырын төкті,

Және өтті Әзілкештей әйгілі ақын.

Қаһарман ер Келмембет – батыр бабаң,

Жорықта жауар бұлттай шатырлаған.

Ұрпағы Бәйтік, Қалдан, Тоғанастар,

Жауына оттай тиді жақындаған.

Жалағаш Бұқарбайдай батыр елі,

Бір өзі бүкіл қолға татыр еді.

Әйгілі Сәрке батыр, Сейілдерден,

Жау қашып ащы азапты татып еді.

Бір түспей әркез биік талап таудан,

Жанына білім алып, жарақтанған.

Атанған “Темір нарком” атышулы,

Жүргенов осында өсіп, қанаттанған.

Ерлері ең биіктен табылыпты,

Қайраткер болып ерте танылыпты.

Етеді елі мақтан Шекер менен,

Кеңесбай Үсебаев, Қабыловты.

Ақпейіл, адал жүрек, дархан жаны,

Мардан да болды ісінің майталманы.

Жинаған жыр-қазына, шежіресін,

Халқына қызмет етті қайтарғалы.

Өсірді осы өңір талайларды,

Талайға бақыт қонып, бақ айналды.

Кім білмес дүниеге келген мұнда,

Министр Кетебаев Камалбайды.

Қазына, Айнаш халқы қалағандар,

Мәлім боп одаққа аты тарағандар.

Несіпбай, Ұзақ және Алдаберген,

Кеудеге алтын жұлдыз қадағандар.

Жалағаш жалаулы ел дархан жаны,

Жалқындап жатқан дәннің жал таулары.

Әр күні күліп көкке көтерілсін,

Бақытты болсын атқан әр таңдары.

Қармақшы

Бар кие, құдіретті жиып алған,

Қармақшы күні де арман, түні де арман.

Осында Сырдың барлық сүлейлері,

Қорқыттың тоқсан толғау күйі қалған.

Осында жырдың дүлдүл, дүлейлері,

Атақты Сырдың сұлу сүлейлері.

Жүйріктер сайысына қатысыпты,

Жүз ақын қатар шығып бір елдегі.

Әйгілі Базар – жырдың бастауы еді,

Талабын таныған-ды жастан елі.

Ұстазы болып талай сүлейлердің,

Ақындық жолын алғаш ашқан еді.

Жүректен жалпақ елге беріп отын,

Топ жарып Тұрмағамбет көрінетін.

Көмейден шыққан әні ағыл-тегіл,

Жыр болып саулап, тасып, төгілетін.

Дүр Оңғар – өлең сөздің дүлдүлі еді,

Сайраған Ешнияз сал – бұлбұл еді.

Омары Шораяқтың кестелі жыр,

Оюлы ойлы өлеңнің жүйрігі еді.

Сәрсенбай әні әсем сұлу еді,

Жиенбай – жырдың асқар биігі еді.

Перзенті Рүстембек, Көшенейлер,

Жұлдыз боп жыр көгіне туып еді.

Жасынан Шамшат жырға болды жақын,

Талай жан талабына қолды ұратын.

Топ жарған Қуандық пен Алмас жырау,

Шығарды талай жұртқа елдің атын.

Қармақшы шежірелі, сырлы таңы,

Жыр шығар сілкіп қалсаң бір бұтаны.

Шежіре “Алтындыасар”, “Жетіасар”,

“Қосқала”, “Шірік Рабат”, “Сырлы тамы”.

Қармақшы әсем саз бен әннің елі,

Осында қаншама жер бар киелі.

Еліне аңыз болған Марал баба,

Кім білмес Сүлеймендей әулиені.

Пышан би мәртебесі жоғары ұшқан,

Төребай, бір төбе би – Бекарыстан.

Келелі олар кеңес айтқан кезде,

Дұшпан да татуласып қол алысқан.

Бұл жақтан шыққан және батыр қанша,

Қар жауған қабағынан қатуланса.

Тәйімбет Көмекбаев жай таппады,

Жүздеген жауды жойып, жапырғанша.

Қаншама қайраткері, Еңбек ері,

Тұлпардай тыпыршыған кермедегі.

Цай Ден Хак, Сәлимасы, Әділбегі,

Бәйгеде жұрттың алдын бермеп еді.

Қармақшы – дүрлер елі, дүлдүл елі,

Сайраған сан әншісі бұлбұл еді.

Жүлдегер жүйріктердің бәйгесіне,

Жүз ақын қатар шыққан жырдың елі.

Қазалы

Қазалы – қазыналы ел, тынысы кең,

Қарыштап, қанаттанған мың ісімен.

Айрықша адал, жарқын адамдары,

Жүзінде күннің ыстық нұры сіңген.

Тарих таразылар жылдар жүгін,

Ашылар сан құпия, сырлар бүгін.

Білеміз қасиетті Қорқыт баба,

Киелі Қазалыда туғандығын.

Қазалы, қанша батыр, ақын, датқаң,

Шарпысса шар аспанды шатырлатқан.

Әйгілі Әйтеке би туды осында,

Дүр сөзін дүйім елге мақұлдатқан.

Жалаңтөс шыңдалған ер ұлы сында,

Бас иген батысың да, шығысың да.

Ұстаған баһадүрің, батыр, бегің,

Сан жылдар Самарқанды уысында.

Айбынып ат үріккен атағынан,

Қаймыққан қалың жау да қаһарынан.

Мақтаны болып бүкіл Сыр елінің,

Жанқожа аңыз батыр аталынған.

Жиналған кілең батыр жарақтары,

Жасқантып жаудың бетін қаратпады.

Ер Қосай, Ақтан батыр бірге жүрген,

Жаужүрек Жанқожаның қанаттары.

Шарлады Жетес бидің даңқы көпті,

Әділ сөз Бекарыстан айтып өтті.

Сырлыбай, Бекмырза хан, Сердалының,

Шарықтап талай елге даңқы кетті.

Бұл жақтың әр қиыры, әр қияны,

Тиген жер тұлпарлардың сан тұяғы.

Көсемі бүкіл шығыс жастарының,

Жұлдыз боп Ғани көкте жарқырады.

Жанынан жарық сәуле, шуақ алар,

Қаншама қасиетті ұлы ағалар.

Қайраткер Тәкей менен Әбубәкір,

Серғали, Сұлтан ғалым, ғұламалар.

Балқытқан бойын билеп үні көптің,

Бірі ғой әнші Роза құдіреттің.

Сөнбейді, қайта маздап алаулайды,

Ол жаққан жүректерге жылуы оттың.

Сезімнің сейілген жоқ әлі күші,

Көңілдің көкке ұшады тағы құсы.

Әнімен әсем сазды таңдандырған,

Мәдина бар жүректің сағынышы.

Қазалы – киелі елің, асыл халқың,

Құнарлы құмың інжу, тасың да алтын.

Ардақтап аяулылар, асылдардың,

Жаңғыртып жалпақ елге сыр даңқын.

Арал

Қарт Арал, қасиетті қайран Арал,

Айдынды, ақ толқынды арман Арал.

Балығы тайдай тулап, құсы шулап,

Атағын бар әлемге жайған Арал.

Байтағың бағалайтын, бас иетін,

Қадірің қанша еді, қасиетің.

Шалқыған ағыл-тегіл суың қайтқан,

Бүгінгі мәлім сенің қасіретің.

Тартылып су қайтса да жерің қалды,

Табанды, қайсар, батыр елің қалды.

Елжанды Елбасының көмегімен,

Көп ісің көңілдегі орындалды.

Деп жүрген елге бақыт, бақ дарысын,

Елбасың – тірек, сүйеу, мақтанышың.

Тастады теңізге де бөгет жасап,

Бір жағын ұлы Аралдың сақтау үшін.

Аралдан су қайтса да халқы қалды,

Қайтпайтын қайсар мінез қалпы қалды.

Кеудесін төмендетпей жоғары ұстап,

Бермесін табиғаттың тартып алды.

Жайқалып жасыл бақтар, гүл де өсуде,

Теңіз бен ел көңілі бірге өсуде.

Тулайтын толқындары Кіші Аралдың,

Кез жақын дәл қаланың іргесінде.

Аралым, шежіре-сыр, дастан далаң,

Ерлер көп атақ, даңқы аспандаған.

Қанша би, ақындарың, батырларың,

Түнеріп жауға шапса жасқанбаған.

Нұртуған жырын төгіп, селдететін,

Талабын талай жастың өрлететін.

Мүлгітіп, маужыратып қырат, қырды,

Қазанғап күйіменен тербететін.

Сүйсінтті Әбдіжәміл талай халқын,

Шығарды “Қан мен термен” Арал даңқын.

Зейнолла мәрмәр сұлу жырмен қашап,

Қалдырды тарихқа қалайда атын.

Жұлдыз боп жанған елдің бағындағы,

Қайраткер қанша дана, тау ұлдары.

Ұзақбай, Елеу, Қырымбек, Құдайберген,

Жарқырап ел ісінде жалындады.

Нұрлы Арал, шұғылалы, айдынды Арал,

Қамығып, қайтып суың қалдың ба Арал?

Кемерден асып, толып, келешекте,

Кездерің келер әлі айдынданар.

 Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<