«Тәжірибем толыса түсті»

598

0

Бас ауырып, балтыр сыздаса, ең алдымен, Алладан медет тілеп, онан соң дәрігер  көмегіне жүгінетініміз белгілі. Ал пандемия кезінде  ақ халаттылардың жүгі тіпті ауырлағаны анық.  Індет ілмегіне іліккен әрбір жанды аман алып қалу үшін  басын қатерге тіккен дәрігерлердің ерлігі ештеңемен өлшеуге келмейді.

Қауіпті дертпен кү­рес­те қалың көпшілікке кө­мегін аямаған жанның бірі – Сырдария аудандық ауру­ханасының кардиологы   Гүл­зат Тыныш­тық­баева. Ол 1986 жылы  Жалағаш ауданында дүниеге келген. Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі  О.Абдулпаттаев атын­­дағы №210 орта мек­тепті бітірген соң  М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік уни­верситетінде ­«Пе­­диа­­трия» мамандығы бо­йын­­ша білім алған.

Еңбек жолын Сырдария кеңес беру-диагностикалық емханасында жұқпалы аурулар кабинетінің дәрігері болып  бастаған. 2014 жы­лы  жалпы тәжірибелік дәрі­гер қызметіне ауысады.  2017 жылдан бастап осы ауру­ханада кардиолог болып  қызмет етеді. Пандемия кезінде  провизорлық бөлімшеде індетпен күрестің бел ортасында жүріп, талай науқастың өміріне араша болды.

–   Былтыр дәрігерлер  ауыр  кезеңді бастан өт­керді. Шілде айынан бас­тап аудандық ауруханада нау­қастардың толассыз кел­уіне байланысты екінші про­визорлық бөлімше ашылды. Күніне 11, 15 науқас түсетін. Сол кезде өзімді бей­небір соғыста жүргендей сезіндім. Күн-түн демей, бөлімшеде арнайы киіммен науқастарға көмек көрсету маған да, мейірбикелерге де, кіші буын қызметкерлеріне де оңай соққан жоқ. Бірақ қажырлы еңбектің, ­ұжым­ның ұйымшылдығының ар­­­қа­сын­­­да, жан-жақтан,  ау­­дан­дық әкім­дік, кәсіп­керлер та­ра­пынан көрсе­тіл­ген кө­мек­тің нәти­жесінде бұл індетті де жеңіп шық­тық. Әлемді жайлаған қауіпті кесел арамызда жүрегі жылуға, мейірімге толы адамдардың көп еке­нін  көрсетті. Айналасы аз уақытта өміріме азық болар тәжірибе жинадым. Осы орайда мен Тереңөзек кентінің тұрғыны (өзі ештеңе айтпауым­ды өтінген еді) Фрунзе Оспа­но­ваның жанашырлығы мен жомарттығын ерекше айтқым келеді. Фрунзе Тәуіп­­байқызы науқастарға және қызметкерлерге ыстық тамақ, айран, жетпей жат­қан қажет дәрі-дәрмекті әкеліп беріп,  үлкен көмек көр­сетті. Ол кісінің қиын сәтте жасаған жақсылығы әлі есіміз­де, – дейді  Гүлзат Қапбарқызы.

Гүлзаттай дәрігерлері­міз­дің табанды еңбегінің арқа­сында ауруды ауыз­дық­тадық. Бүгінде өңір «жасыл аймақта». Дегенмен, мамандар әлі де сақтық шараларына мән беріп, аурудан қорғанып жүруге шақырады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<