Ел құрметі ерен

623

0

2015 жылы 30 мамырда Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылған болатын.

«Жеңіс» саябағында салынған Роза Бағланова атындағы 300 орындық мәдениет үйінің алдына ескерткіш-бюст – әншіге арналған Қазақстандағы тұңғыш ескерткіш.

Мүсінінің авторы – ҚР Халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әбішев. Мүсін қоладан құйылған. Тұғыры бетоннан құйылып, сырты гранитпен қапталған.

Мұнан соң Р.Бағланованың 100 жылдығына еңселі ескерткіш Алматы қаласында ашылды.

1949-1960 жылдар аралығында Роза Бағланова өнер көрсеткен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қоладан жасалған ескерткіш әншінің сахнадағы шабытты сәтін бейнелеген.

Қола және гранит ескерткішінің авторлары, мүсіншілер – Д.Ағзамов, Ө.Ақжолтай, А.Жамхан, Ә.Қабыл.

Аңыз әншінің ғасырлық тойы тұсында Алаштың анасы Сыр елінің бас қаласы Қызылордадан  еңсе тіктеген тастұғыр – еліміз бойынша салынған үшінші ескерткіш.

***

Ұлы тұлғаға деген елдік құрметтің бір белгісі ретінде  «Аса көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясы бойынша  КСРО халық артисі, Қазақстанның Халық қаһарманы, әнші Роза Бағланованың бейнесімен 100 теңгелік  ақша жасалып шықты.  

Монета бетінің (аверсінің) орталық бөлігінде Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаны айналдыра «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI. NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу жазылған. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 TEŃGE» жазуы бар. Екінші бетінде (реверсінде) Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін 100 JYL деген жазу бар. Монетаны айналдыра «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, «ROZA BAǴLANOVA» жазуы, монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазу бар. Коллекциялық монета салмағы 15 грамм, brilliant uncirculated сапада, 100 теңгелік номиналмен 15 000 дана болып шыққан.

Коллекциялық монета Қазақстанның Теңге сарайында жасалған.

***

Қазақ сахнасының сәні – Роза Бағланованың өнеріне, өр бейнесіне, майдандағы ерлігіне, бозторғай үніне өлең арнамаған ақындар аз шығар. Сыр топырағынан түлеп, қазақ әнін төрткіл дүниеге танытқан әншінің сахнадағы, өлеңдегі, әндегі бейнесі туған жеріндегі еңселі ескерткішке айналған күні   солардың бірді-екісіне тоқталсақ.

Сәбит Мұқанов:

– Киіктің үйіріліп асығындай,

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Таулардан, өзендерден, мұхиттардан

Үнінің кідірместен асуын-ай!..

Киіктің үйіріліп асығыңдай,

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Төгілген көмекейден сыңғыр үнде

Мүлтік жоқ, иненің де жасуындай!

Киіктің үйіріліп асығындай,

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Қазақтың мәдениет сарайында,

Бұл да бір бағасы зор асылындай, – деп жырлапты.

Ал Қалижан Бекхожиннің «Өнердің бағындағы Роза – гүлім» атты жырында: 

– Қағып сен ән қанатын гүлстанда,

Лебіңмен мерей бердің туыстарға.

Сайрадың Европаның өрлерінде,

Үніңмен гүл сыйладың Үндістанға.

Өнердің бағындағы Роза-гүлім,

Тебіренем жұпарымен наз әніңнің.

Қалқашым, сандуғаштай сайрай берші,

Таратып дүниеге қазақ үнін! – деп тілегін арнаған.

–Үстінде сары пальто,

Сары тысты дәптері де.

Қызылорда институтының

Бір сары қыз отыратын

Қадалып қақ төрінде.

Кім білсін үш алды ма?

Емтихан кездерінде,

Кім білсін түсе алды ма,

Жігіттер көздеріне.

Ортада – ойшыл өлең,

Басталды той торқалы.

Сахнада мен – «қойшы Көбен»

Роза – «Сарқырама»

Роза Бағланова!

Сайрады сахнада,

Роза Бағланова!

Аңсаған арман етіп,

Жеттің сен өз күніңе

Қызылорда институтына

Соғып тұр.

Соғып тұр сен,

Балалық мезгіліңе.

Сонда сен жолығасың

Балалық өз үніңе! –деген Сырбай Мәуленовтің өлеңі де әншінің асыл бейнесіне қойылған ескерткіш секілді. 

Ал Күләш Ахметованың «Бозторғай» атты өлеңінде:

– Сағыныш боп сарқырап Сырдария – нулы айдын,

Қыпша белі майысып сабағындай қурайдың,

Екі көзі мөлтілдеп ән салады бозторғай

Орманында жат жердің, жағасында Дунайдың.

Жүрегіне солдаттың жігер қосып қаншама,

Бір-бір шөкім үміт — Күн үлестіріп баршаға,

Қою түтін ішінде ұшып жүрді жарық ән,

Лүп-лүп етіп шамдары ұйықтамайды Варшава.

Жеңіс керек Отанға, күрессе де кім қайтіп,

Қуыршақтай арудың құлын көңілі тынбай түк,

Алғы шепте адамның сенім-күшін ұлғайтып,

«Ах, Самара, городок» деген әнді тұрды айтып, –деген жолдар бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<