«Қызыл Жұлдызды» майдангер

813

0

«Уақыт – зымыран» деген, кешегі ұрпақтың ұғымында Ұлы Отан соғысы, кейінгілер екінші дүниежүзілік соғыс деп аталған алапаттың аяқталғанына 76 жыл өтіпті. Ерлердің есімі әлі ұмытылмайды. Редакцияға арнайы келген Сапарғали есімді жігіт әкесі Жаман Қорғанбековты еске алып, перзенттік парызын орындағысы келетінін айтты. Әңгіме барысында туған ауылында ол кісінің атына көше беру туралы мәселе көтеріліп жатқанын және ескертіп қойды.

Иә, өмір деген осы. Әкесі Жаман соғыстан аман-есен келіп, бейбіт өмірге араласып, беріде қайтыс болғанымен, соғыс жылдарындағы ерліктері мақтан етуге лайық екен. Ол кісі 1916 жылы Сырдария ауданындағы Киров ауылында дүниеге келіпті. Қазір ол елді мекен қалаға қарайды. Еңбекке ерте араласқан Ж.Қорғанбеков соғысқа дейін шаруашылықтың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Ұжымдастыру белең алған тұста колхозға мүше болып, шаруашылыққа белсене араласты. Жас жігіттің болашаққа деген жоспарын сұм соғыс бұзды.

 Алапат  соғыс басталғанда артиллерия құрамында Укринадан бастап батыстағы мемлекеттерді азат етуге қатысқан. Польшаны азат етіп, соғысты Берлинде аяқтаған. Ең кереметі – жауынгер фашистермен айқаста ерекше көзге түсіп, 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Баласының ұқыптылығы шығар, әкесінің осы орденінің реттік санын да бізге әкеліп көрсетті. Соғыс тарихынан азды-көпті хабарымыз бар, «Қызыл Жұлдыз» ордені айрықша ерлік үшін беріледі. Сондай-ақ, ардагер әкесі «За освобождение Варшавы», «За взятие Берлина»,  «За победу над Германией», тағы басқа медальдармен марапатталған. Олардың ішінде ең құрметтісі – жауынгерлік «Ерлігі үшін» медалі. Осындай марапат иегері бүгінде қандай құрметке болса да лайықты деп ойлаймыз. Жаман ақсақалдың бейбіт өмірдегі алған марапаттары да аз емес. Ол кісі соғыстан кейін ауылда бақташы болды, шаруашылықтың барлық саласына атсалысты. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Кешегі соғыс қасіреті жағынан бұрынғылармен ешқандай сәйкес келмейді. Бірақ, сол ұрпақтың лайықты өнегесін айрықша атап өтуге болады. Фашизммен болған сұрапыл соғысқа Қорғанбек атаның ұрпақтары – Жаһанша, Қойшыбай, Ұлмекен, Қараша, Жаман түгелімен қатысты.

Ал Жаман Қорғанбеков ақсақал бейбіт өмірдің қызығын көріп, 1982 жылы дүниеден озды. Бүгінде одан тараған ұл мен қыздар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, әртүрлі салада еңбек етуде.

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<