Тарихи кезең тамыры

435

0

Елімізде биыл екінші рет судья және сот қызметкерлері күні атап өтіледі. Қазақстан сотының төл мерекесі тек сот қызметкерлері үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды күн. Себебі, мықты елдің іргесін сот жүйесі құрайды. Бүгінде сала мамандары үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамытуда еңбек етуде.

Судья және сот қызметкерлері күні 2022 жылдың 31 наурызында бекітіліп, Қазақстандағы мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұған дейін сот қызметкерлері тамыздағы Конституция күнін жалпы мереке ретінде атап өтіп келген болатын.

Сондай-ақ, биыл өңіріміздің сот саласында айтулы белес – Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Облыстық сот тарихы сөз болғанда жерлес заңгерлер қатарынан Жоғарғы Соттың төрағасы лауазымы қызметіне дейін өсіп, қызмет атқарған азаматтарымыздың есімдерін айтқанда, 1932-1934 жылдары РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы болған Қ.К.Құлетов, О.Б.Адамбаев (1946 ж.), Бекайдар Жүсіпов (1970 ж.) сынды зиялы заңгерлеріміздің тұғырлы тұлғаларын атауымыз керек.

Облыстық соттың жаңа тарихи кезеңі 1938 жылы Қызылорданың облыс ретінде құрылуымен байланысты. Сол 1938 жылдың 4 наурызында облыстық сот құрылды. Осы кезеңнен бері Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі уақытта отандық сот жүйесі бірнеше мәрте реформаланып, өзінің тарихи даму кезеңдерінен өтті.

Жаңадан құрылған Қызылорда облыстық сотының алғашқы төрағасы болып 1938 жылдың 4 наурызында Ақдәулетов, төрағаның орынбасарлары болып Өтеулин, Бөкенбаев, А.Досамбаев тағайындалған. Облыстық соттың жаңадан құрылып, оның сот істерін конституциялық талапқа сай жолға қоюда бұл алғаш тағайындалған заңгер-қайраткерлер, судьялар табанды қызмет атқара білген.

Еліміз егемендік алғаннан кейін де сот жүйесін реформалау аясында оң өзгерістер жасалды. Бұл өзгерістер Қызылорда облыстық сотын да айналып өткен жоқ. «Елу жылда ел жаңа», егеменді елімізде тәуелсіз сот жүйесін құру бағытындағы бастамалар облыстық сот саласына айтулы жаңалықтар мен серпілістер әкелді.

1992 жылы қабылданған сот туралы заң жоғарғы соттың, облыстық, қалалық және аудандық соттардың сот төрелігін жүзеге асыру үшін бекітілді. Заң қабылданғаннан кейінгі 30 жыл ішінде сот жүйесі реформалар мен жаңғыртулардың бірнеше кезеңінен өтті. Жаңа заңдар – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтті, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтты.

Өлке тарихына көз салсақ, өзінің даму жолында заманға сай үнемі жетіліп, жаңғыра түскен облыстық сотта әр кезеңде қызмет атқарған аға ұрпақ өкілдеріне құрметіміз шексіз. Сала ардагерлерінің сіңірген еңбегі мен жасаған игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі. Аға буынның сара жолында әділеттіліктің туын берік ұстап, заңды бұлжытпай орындау арқылы халыққа қызмет жасау – әрбір сот судьясының қастерлі міндеті.

Бүгінгі күні облыстық сот судьяларының судьялық орташа өтілі он бес жылдан асады. Соттарда судьялар мен мамандардың жұмыс атқаруына барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Әділдік – әрқайсымыздың бойымызда болуы тиіс құнды қасиет. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, әділдік жолы ең қиын жол екенін ұмытпауымыз керек» деп атап өткен болатын. Міне, сол Мемлекет басшысы айтқан әділетті Қазақстанның алғашқы қадамы да сот жүйесін реформалаудан басталмақ.

Әрине, қазіргі қоғамда судьялар мен сот қызметкерлерінің орны бөлек. Олардың арасында халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ардагерлер де бар. «Өткені жоқ елдің болашағы жоқ» демекші, сот жүйесінде де өзіндік ұрпақтар сабақтастығы бар. Ардагерлер салған ақ жолдан айнымай келе жатқан жастар да көңіліңе қуат, жаныңа шуақ сыйлайды. Сондықтан, қоғамдық теңдікті, азаматтар құқығын қорғауда елеулі үлесі бар судьялар мен сот қызметкерлерінің мерейлі мерекесі – сот төрелігіне, әділдік алаңында аса зор шыдамдылықпен, асқақ абыроймен еңбек етіп жатқан судьялар мен мамандарға деген құрметтің белгісі.

Сәуле ӨТЕГЕНОВА,

Қызылорда қаласының әкімшілік

құқық бұзушылықтар жөніндегі

мамандандырылған сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<