Антқа адалдық – ардың ісі

920

0

Медицина мамандарының абыз ұстазы, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер Файзрахман  Жұмағұлов былтыр 88 жасында өмірден озды. «Таулар алыстаған сайын биіктейді» демекші, Файзекеңсіз өткен бір жыл бізге оның жарқын бейнесін, адами биік болмысын  ерекше айқындап, сағындыра түскендей.  Адам өмірі ізгі істерімен ұзарады емес пе? Файзекең – халық құрметіне бөленіп, есімі ел аузында жатталып қалған жан. Облыстың денсаулық саласының майталманы, отбасының алтын қазығы болған арда азамат.

Файзрахман Рахманбердіұлы 1932 жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Балалық шағы қиын-қыстау заманда, яғни, Ұлы Отан соғысы кезінде өткен. 1950 жылы орта мектепті алтын медальмен аяқтап, Алматы Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі мамандығы бойынша, оқуға қабылданып, оны 1956 жылы үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Қазалы ауданы Октябрь колхозының ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып бастаған. Жас маманның бойындағы зеректік пен ыждағаттылық, мақсаткерлік пен табандылықты аңғарған облыстық денсаулық сақтау бөлімінің сол кездегі басшысы Софья Мақашева жас дәрігер Жұмағұловты Тереңөзек орталық ауруханасы  бас дәрігерінің орынбасарлығына ауыстырады. Бұл  1960 жыл еді. Сол жерде 1962 жылға дейін  қызмет  атқарған. Онан кейін  Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Сол жерде  23 жыл бойы абыройлы еңбек етті.

Соғыс жылдары, соғыстан кейінгі жылдардың өзінде Қызылорда облысы бойынша  қазақтан шыққан дәрігер бірен-саран болатын. Ал Файзекең Қазалы ауданынан шыққан медицина институтын бітірген бірінші қазақ дәрігері еді. Аудандық аурухананы басқарған ұзақ жылда ол аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, қалыптасуына зор үлес қосты. Әсіресе, кадр даярлау мен құрылысқа ерекше көңіл бөлді.

Файзекеңді сонау 1966 жылдан білемін. Ол кезде облыстық денсаулық сақтау бөліміне орынбасар болып келген кезім еді. Файзекең жоғарыда айтып өткенімдей, Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері. Содан бері  қанша су ақты, қанша қыс өтіп, жаз алмасты, Алланың берген жасының арқасында ағалы-інілідей болып  қатар  жүрдік, сыйластық.  Файзекең қиын-қыстау заманда жаңа аурухана құрылысын қолға алып, 4 жыл ішінде ғимараттың салынуына ықпал етті. Іскерлік танытып, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуды алдына міндет етіп қойды. Аудандық, облыстық мінберлерде бұл мақсаттың орындалу жолында орынды ұсыныстар айтты, мәселе көтерді. Оның басшылығымен ауданда 9 ауылдық аурухана, 5 дәрігерлік амбулатория және 11 медициналық бекет жаңадан іске қосылды. 1968 жылы Қазалы қаласында 125 төсектік аудандық орталық аурухана ғимараты жаңа типтік жүйеде салынып, ел игілігіне берілді. Жалпы айтқанда туған жерін түлетуге зор үлес қосты. Азаматтың басына абырой, атақ, бақ, береке өзінің туған еліне адал еңбек сіңірумен келетін болса, осының бәрі Файзекеңнің бойынан табылатын еді.

Табиғатында бар ұстаздық, тәрбиешілік қасиеті өзінен кейінгі талай жас маманды кәсіпке баулуға жетеледі. Ізінен ерген әріптес інілеріне білгенін, көрген-түйгенін үйретуден жалыққан емес. Мәселен, белгілі медицина қайраткерлері, марқұм Оңғар Бекетов, Мақат Жансейітов, Аманғазы Аманов, Пазылбек Қадыров, Бітім Елеуова, Әмір Сисенов, Әжмәдин Дербсалин, қазір арамызда жүрген Нұрсұлтан Мұратбаев, Сержан Берденов, Тыныштық Мүбараков, осы мақаланың авторының бірі Аманкелді Қадірбаев, Жарылқасын Мырзалиев, Жәми Сембаев, Сәдуақас Мұстафаев, Сраждин Әлиев, тағы басқа дәрігерлер осы Файзрахман Рахманбердіұлынан тәлім алып, шекпенінен шыққан.

Оның еңбегі дер кезінде еленіп, лайықты бағасын алып жатты. Оған жоғарыда айтылған атақтары мен орден-медальдары куә. Атқарған қызметіне, биік парасатына қарай өзін өзгелерге сыйлата алумен қатар, өзгелердің де жақсы қасиеттерін орынды бағалай білген басшы болды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Соның арқасында денсаулық сақтау саласының одақтық, республикалық дәрігерлер съезіне делегат, жергілікті кеңеске бірнеше дүркін депутат болып сайланды.

Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Софья Мақашева Файзекең туралы: «Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» деп дана халқымыз айтқандай, Файзрахманды елінің атын шығарған ерге теңер едім. Әрине, оның ер-азамат атанып, өмірдің өрінен, абыройдың төрінен көрінуіне өскен елінің, өзін қоршаған ортаның ықпал еткені де айдан анық» деген еді.

Файзекеңнің 70 жасқа толуына байланысты туған елі Қазалы кентінде ұланасыр той жасалды. Той жасап жатқан адам аз ба? Бұл тойдың ерекшілігі сол – қазалылықтар ынта-ықыласымен мерейтой иесінің мәртебесін аспанға көтерді. Онсыз да беделі биік, азаматтығы мол Файзекең елінің сыйына бөленіп, бір жасап қалғаны күні кешегідей көз алдымызда. Менің түсінгенім, халқына қадірлі азаматтың мақсаты да осындай болса керек. Асылында, «жүйрікте де жүйрік бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деген мақал осындай азаматтарға арналып айтылғандай.

1985 жылы Файзекең Алматы облысына қоныс аударып, Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылындағы аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Сонда 1993 жылға дейін еңбек етті әрі сол жылдары ауылдың депутаты болып сайланып, қызмет атқарды.

Ол – білікті дәрігер, майталман маман, іскер басшы ғана емес, сонымен бірге үлкен отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы бола білген бақытты жан. Зайыбы Пернегүл екеуі 12 баланы өмірге әкеліп, тәрбиеледі, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, немерелерінің қызығына бөленді.

Мейірімділігі, қамқорлығы шексіз жанның шапағатын көргендер өздерінше пайымдар. Ал біз оның парасаттылығын жоғары бағалаймыз. Біз білетін, біз танитын Файзекең – барлық жағдайда үлгі, облыстың денсаулық сақтау саласында аты үлкен әріппен жазылатын адам. Өмірі, еңбек жолы кейінгілерге, әріптестеріне үлгі боларлықтай мазмұнды да мәнді. Осы мақалада саналы ғұмырын еңбекке арнаған, елі ардақтаған, елін сүйген үлкен жүректі азамат Файзекеңмен қойын-қолтық жұмыс істеген кездерімізді еске түсіріп отырмыз. Өйткені жылы сөзі, ағалық ақылы, парасаттылығы мен азаматтық болмысы жадымызда сақталып қалған.

Тұрғанбай МАХАНОВ,

Қазақстанға еңбек сіңірген дәрігер,

Аманкелді ҚАДЫРБАЕВ, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<