Көтерем мал қалай оңалмақ?

6254

0

Елдегі қуаңшылық жігерді жаншып тұр. Қабырғасы қаусаған малдың суретін әлеуметтік желіден көріп, жанымыз ауырғанын несіне жасырайық? «Жұт – жеті ағайынды» дегендей, Сырдария суының азаюымен бірге, жауын-шашынның аз түсуінен Арал аймағында көк шықпады. Қыста өзін өзі жеп шыққан мал көкке жайыла алмай, күйсіздіктен көтерем болып жатыр. Мәселенің бір шешімі – су жеткізу. Бұл ретте бұлақтардың көзін ашып, ұңғымалар белгіленіп, каналдардың арнасын тазалау бойынша шаралар қолға алынып-ақ жатыр. Дегенмен, шаруаларды мазалайтын тағы бір сұрақ – көтерем малды оңалту.

Қыс бойы арықтап, әбден кетеуі кеткен малдың көктемде, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген көкөзек шағына жеткенде жатқан орнынан тұра алмай немесе сүйемелдеп, көтермелеп әрең тұрғызатын халге түсуін халқымыз «көтерем» дейді. Мұндай «көкбақа» аталатын малдың жілігінде май болмайды, су татиды. Қазақтың «мына малың союға жарай ма, жiлiгi тати ма?» деп жататыны осыған қаратылып айтылған.

Ежелден мал шаруашылығын кәсіп еткен халқымыз төрт түліктің дерт-дербезін тани білген, емдеуге шебер болған. Қазіргідей дәрі-дәрмек те жоқ, ветеринария дамымаған заманда малды емдеп-сауықтырып, ауруынан айықтыра алатын қабілеті болған.

«Көтерем ат құйыршығын да ауырсынар» деген сөз бар. Әлсіреп, арық­тап аяғын баса алмай қалған малды қайта­дан тұрғызу қиын. Бұрынғылар семіз жы­ланды өлтіріп, жұтқызады екен. Ба­сын кеседі де қалған денесін жарты қа­рыстан бөліп-бөліп жылқының ау­зын ашып тұрып, оқтаумен біртіндеп ите­ріп жұтқызып жібереді. Жыланның әр бөлігін жұтқызған кезде су құйып, кеңір­­дегіне айдап отырады. Аузына қара шай құйып, ұн ішкізу сияқты әдістермен де емдейді.

Көтерем ұзақ уақыт ашығу, авитаминоздан пайда болады. Ауырған мал организмінде май азайып, еті қатаяды, терісінің түсі өзгереді, салмағының 40-50%-ін жоғалтады. Малдың жатып-тұруы қиындайды, кейде мүлдем тұрмай жатып қалады. Жақсықылыш кентінің тұрғыны, ветеринар маман Оразғали Сарымсақов малды ашықтырмай, сапалы жем-шөп беріп, аурудан алдын ала сақтау қажетін айтады.

– Дер кезінде емдесе, баптап күтсе ауырған мал айығып кетеді. Витаминдер салған дұрыс. Бірақ салатын дәрумен түрлері де аз, әрі оларда мал ағзасына қажетті компоненттердің барлығы бола бермейді, тиімділігі төмен. Жақсы­қылыш кенті аумағында жағдай әзірге жаман емес. Кешегі қатты ыстық шөпті күйдіріп жіберді. Сондықтан шаруаларда жағдай енді нашарлай ма деген алаңдаушылық бар. Мал далаға жайылып келген соң да жемдеп, шөп салып отырмыз. Өйткені далада мал тояттайтын нәрсе жоқ, – дейді ол.

Оған қоса, мал жатып қалмауы керек. Соған жеткізбей күтім жасаған дұрыс. Жатып қалған малды аяғына тұр­ғызу тіпті қиынға түседі. Оның бір ғана жолы – екі мезгіл жемдеп, құнарлы шөп беру. Қазір қуаңшылық зардабын тар­тып отырған жұрт малына қолда барын салады. Көпшілігі кебек жем мен пі­шен беріп жатыр. Бірақ оның жұғымы аз. Сондықтан көтерем малды оңалту қиын­ға соғуда. Жем-шөп алуға қаражат та та­­­была бермейді. Маманның айтуынша, мүм­кіндігінше екі мезгіл жемдеп, жо­ңыш­қа сияқты құнарлы шөп беру керек.

– Соның өзінде келеге келе бер­мейді. Негізі мал қажетті дәру­менді көк­теменің кезінде, жазғытұрым алады. Қазір жілік майы таусылып, өзін-өзі жеп қойған малға барлық қажетті пайдалы дәрумендердің орнын толтыратын азық табу қиын болып отыр. Бұрынғылар мал сүйегін етінен ажырап, езіліп кеткенше қайнатып береді екен. Бірақ қарапайым шаруа бір малды оңалту үшін тағы бірін соя алмайды ғой. Оның орнына торта, тыран сияқты арзан балық-шабақты солай пісіріп, қайнатып берсе болады. Сондай-ақ, кебек жемді қайнатып, ұн қосып ашыту керек. Ашытқы қо­рын жасап, күнде үстемелеп отырып, екі мезгіл быламық қылып берген дұрыс. Сонда жемнің жұғымы жеңіл болады. Артында құнарлы шөбі болса, осындай айрықша күтіммен малды 10-15 күнде-ақ оңалтып алуға мүмкіндік бар, – дейді Оразғали Сарымсақов.

Көтерем малды қатарға қосудың тағы бір жолы – бір кесе ұн, екі кесе арпа, бір кесе күнбағыс майын қосып илеп, біріктіріп, суды құйып отырып, асқа­занға дұрыс жіберу. Артынан жем-шөбін молынан берсе, көтерем жылқы мен сиырды осылай да тұрғызып алуға болады.

Қазіргі Арал аймағында орын алып отырған мал өлімінің бір ғана себебі – көтерем болуы. Оған қоса, мал азығын дайындау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Ендігі амал қалған малдың амандығын сақтау десек, қолындағы қарасын құтқаруға ұмтылған жұртқа керек болар деген осы кеңестерді мамандардан сұрап білген едік.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<