СЕЛЖҰҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ СҰЛУЫ

538

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріп, қазақ елінің рухани даму бағытын айқындайтын ой-толғам. Қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс бағытты ұстану кешегі мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.

Тарихи тұлғаларды мәңгі еске сақтауда ескерткіштер мен кесе­не белгілердің орны бөлек. «Қазақстан­ның киелі жерлерінің географиясы» мәдение­тіміз бен салт-дәстүрімізді, бай тари­хымыздың құндылықтарын көрсетеді.

Аталған жобаға аймағымыздан 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ес­керткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Өйткені, Сыр өңірі – көне түркі мәдениетіндегі ежелгі эпикалық аймақтардың бірі. Мәселен, орта ғасырдағы оғыз аруы – Бегім ана жайындағы аңыздар та­лайдың таңдайын қақтырғаны көп­ке мәлім. Ендеше назарыңызға Қарабура әулиенің қызы, Селжұқ мемлекетінің ханы Санжардың әйелі – Бегім ана жайындағы аңызды ұсынамыз.

ХІ ғасыр тұсында Оғыздар тай­пасының билеушісі Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Селжұқ елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады.

Санжар сұлтан ел астанасын Қорасаннан Жанкент қаласына көші­ріп, шаһарды мықты бекініске ай­нал­дырады. Ел билеуден бөлек, саят­шылықты серік еткен сұлтан Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлуға үйленеді. Көркіне ақылы сай, парасаты мол Бегім сұлу сұлтанды сан қырлы қасиеттерімен баурап алса керек.

Ел аузында, «Бегім анаға жа­салған қастандықтың ақыры тұтас мемлекеттің күйреуіне апарды деген аңыз» кең тараған. Ол көптеген шығармалар мен дастандарға арқау болғаны да белгілі. Сол аңыздар желісін қайта тірілтсек, былайша өріледі: Санжар хан аңға шығып бара жатып үйінде қалып қойған қанжарын әкелуге құлын жұмсайды. Құл ханның жұмсағанын айтып, Бегім сұлудан қанжарды беруін өті­неді. Қанжарды аларда Бегім сұлудың аппақ қолын көрген құл есінен айырылып құлап қалады. Оның кешіккенінен күдіктенген ханға құл: «Ханым білегімнен ұстап, жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей, Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды.

Келесі күні Қарабура әулие қина­лып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!», депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын, өмірімді қыс­қартсын. Ақпын, ата!» – деп зар еңі­рейді.

Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей, жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» дейді.

Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толған жылан екен. Жылан қала сыртына тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Көне аңыз желісі жайнап тұрған Жанкент шаһары қатыгез ханның кесі­рінен қас пен көздің арасында опат болғанын айтады.

  Ал, Бегім сұлу болса мұнара салдырып: «Мұнан былай еркек атаулыны көрмеймін» деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізіпті. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейіннен Бегім ана әулие атанады.

  Қазіргі таңда Бегім ана мұнарасы Арал ауданының аумағындағы «Барсакелмес» қорығында орналасқан. Жер­гілікті халық Бегім сұлуды таза­лықтың белгісі санайды. Елі ардақ тұтқан сұлуды махаббатқа адал жан ретінде бейнеледі.

Бұл аңыздың айтылып келе жатқанына он ғасырға жуық уақыт өтті. Аңыз түрінде тілге тиек етілетін әңгімені ұйып тыңдайсың. Бегім сұлудың ерекше қадір-қасиетіне таңғаласың. Әлі де ел жадынан өшпей келеді. Ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болып тараған. Қанша уақыт өтсе де, халық Бегім ана мұнарасына тәу етіп, ол жерді қасиетті мекен санайды.

Бегім ана мұнарасы қазақ жерін­дегі алғашқы мұнаралы ескерт­кіштердің тізіміне кіреді. Х-ХІ ға­сырларға жататын сәулет ескерт­кіші болып саналатын мұ­нара қам кесектен тұрғызылып, шаршы пішінді күйдірілген кірпіш­пен қапталған. Ол сегіз қырлы призма іспетті күм­безбен жабылған. Мұна­раның діңі ортасына дейін монолитті, одан жо­­ғары дөңгелек күмбезді ка­мера орна­ласқан. Жоғарыда көрсе­тіл­гендей, Бегім ана аңызға арқау ғана емес, тарихтан хабар беретін бірден-бір сәулет ескерткіші.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<