Сыр бойындағы Қарақұм (Алтын ) көтерілісі

1854

0

1920-30 жылдары Қазақстан Республикасының байырғы тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болғаннан соң коммунистік партия, кеңес үкіметі қазақ халқына зорлау, күштеу және мәңгүрттендіру әдісін қолданып, қазақты өз жерінде жаппай қырғынға, қуғын-сүргінге ұшыратып, үлес салмағы жағынан ежелгі ата қонысында азшылыққа айналдырды.
Қазақстанда осы жылдары жүргізілген саясат КСРО-ның басқа республикаларынан өзгеше болған еді.
Ресейлік тарихшы А:И: Яковлев бұл өзгешілікті былай түсіндіреді: – «Қазақстан үшін «ұжымдастыру» ерекше қиын міндет болды. Өйткені байырғы халықтың (қазақтардың) төрттен үші көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрді. Қазақтардың дәстүрлі көшпелілердің қысқа мерзімде отырықшылыққа көшу маңдайларына жазылған екен. Мұны қаламаушылық сыннан өткен әрі сенімді әдіске – күштеуге жол ашты.»
Осындай қиын жағдайдан кейін қазақ халқы 1929-1931 жылдары сталиндік-голощекиндік жүйеге қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа шықты.
Қазақстандағы ППОГПУ-дың саяси-құпия бөлімінің 1931 жылдың 1-желтоқсандағы мәліметтеріне назар аударсақ, 1929-1931 жылдар халық наразылықтары аса белсенді көрініс берген кезең екеніне көзіміз жете түседі.
1929-1931 жылдары Қазақ¬стан¬да шаруалар 372 (54-241-77) рет бас көтерді. 1931 жыл¬дың желтоқсанында Ф.И.Голощекиннің И.В.Сталинге жазған хатында мынандай жолдар кездеседі: – «Тап күресінің өрістеуін ГПУ-дің төмендегідей анықтамасынан білуге болады: соңғы екі жылда ірі бандалардың 34.000-дай адам қатысқан 15 бас көтеруі орын алды. Осы екі жылда 1350 конреволюциялық топтар жойылды және оған қатынасқан 7,5 мың кісі қолға түсті». Соның бірі 1930 жылы Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан басқарған көтеріліс еді.
Жұмағазы молда Бәйімбетұлы (1874/90-1931) – тегі 12 ата Байұлы ішіндегі Сығай Алтын. Бұхарадағы діни медреседе білім алған.
1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты «Қарабөгет» деген жерде №1 ауыл тұрғындарының жиыны өткен. Олардың көбісі Алтын руынан болған. Жиналған жұрттың алдында сөз сөйлеген Жұмағазы молда: – «Биылғы жыл қазақтарға өте ауыр болды. Тіпті орташалар мен кедейлерді байлардан ажыратпай аса ауыр салық салды. Енді, міне, колхоз ұйымдастырып, оған біздерді күштеп мүше етіп, малымызды және дүние-мүлкімізді тартып алмақшы. 1928 жылы байларды тәркілеген кезде, біз өкіметке ешқандай кедергі жасағанымыз жоқ. Ендігі жерде түгелдей барлығымызды тәркілегісі келеді. Біздерді ислам дінінен бас тартуға итермелейді. Ауданнан келген уәкілдердің діни жолмен жүруге қарсы екенін, олардың мешіттерді жаптырғанын өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Мұндай өкіметтен не күтуге болады? Ертең барлығымыз бірігіп Қарақұмға көшуіміз керек. Сол жерде біз Кеңес өкіметінен қорғанамыз…» дейді.
Жиналғандар жергілікті үкімет пен уәкілдерден Қарақұмға қаша көшу туралы шешімге келді. Іле-шала аталған ауылдардан 700-дей қожалықтар жаппай көшті. Жол-жөнекей ауа көшуге кедергі жасамақ болған жергілікті кеңес, партия қызметкерлері табанда тұтқындалды.
17-наурызда көтерілісшілер Байымбетов Жұмағазыны өз орталарынан хан етіп сайлады. Оған кеңесшілер болып Әлмағамбетов Ысқақ, Күздікбаев Сағит, Омарбаев Оразбай, Байбактин Беріш, Қыпшақбаев Мешітбай, Қожамжаров Бұқарбай, Тәженов Жанұзақ бекітілді. Көтерілісшілер қатары күн санап өсті. Оларға біртіндеп Талқанбаев Баймағамбет, Тыныштықов Кенжебай, Ахметов Тілеуғали бастаған көтерілісшілердің жаңа топтары барып қосылды. «Босағалы» деген жерде Бұқарбай деген кісі бастаған 50 қарулы, ал жалпы саны 150-дей шаруа көтерілісшілер қатарларын және толықтырды.
Жұмағазы тобы орналасқан жерден шамамен 25 шақырымдай қашықтықта, Тұздақ Қараүңгір деп аталатын жерде көтерілісшілердің тағы бір үлкен шоғыры – өз орталарынан хан етіп сайлаған Лаубаев Пірмағамбет және ағайынды Нұрхан мен Жұмаш Қараевтар басқарған көтерілісшілер өздері орналасқан жерге апаратын жол бойындағы құдықтарды құмға толтырып тастаған, із жасыруға тырысқан. Жұмағазы Орынбордан, Қызылордадан, Ташкенттен, Орскіден жіберілген жазалаушы отрядтарға қарсы күресте шебер ұйымдастырушы ретінде көзге түсті.
Қуғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7-сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Ал қызыл әскерлер 2000-дай адам еді. ОГПУ мәліметтеріне қарағанда олардың 300-дейінің қаруы болған.
Лаубаев Пірмағамбет – Кіші жүз, 6 ата Әлім, шөмекей, Қожакелді руынан. Пірмағамбеттің атасы «Жолбарыс батыр» атанған Қашқынбай батыр Кемелұлы Хиуа, Қоқан хандықтарының озбырлығына қарсы шыққан айтулы ер. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан].
ОГПУ деректеріне сенсек, Қарақұмдағы көтерілісшілердің жалпы саны 5000 адамға жеткен. Іздеріне түскен жазалаушылардан құтылу үшін 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған.
1930 жылы 13-сәуірде Аралға келген әскери округтік комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚазОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді. Көтеріліс жағынан келіссөзге Бәйімбетов Жұмағазы, т.б. қатысты. Олар үкімет алдына 7 шарт қойды.
Талаптардың ішінде, әсіресе, Жұмағазы Байымбетов бастаған діндарлардың Қазақстанда дінге бостандық беруді және осында дін басқармасын ұйымдастыруға мүмкіндік жасауды, онан соң осы мақсатты жүзеге асыру үшін өздерінің Уфа қаласына барып қайтуына рұқсат ету болғанын айта кеткен жөн. Үкімет комиссиясы бұған да рұқсат берді. Бәйімбетов Жұмағазы, Ақмолдин Оспан, Ахметов Тілеуғали құрамына енген діндарлар Қызылорда округтік атқару комитетінің төрағасы Жүнісов қол қойған заңды куәлік алды. Бірақ, бұл уәденің бәрін голощекиншілер көп кешікпей-ақ, көтерілісшілер қаруын тапсырып, тараған соң-ақ аяқасты етті. 30-мамырда Жұмағазы Байымбетов өзінің 8 кеңесшісімен бірге тұтқынға алынды.
Бәйімбетов Жұмағазы тергеуге берген жауабында былай депті: «Ақпан айында ауылда жаппай конфискелеу мен еріксіз коллективтендіру басталды. Конфискелеуге байлармен қатар орташаларды, тіпті кедейлерді де жатқызды. Оның үстіне ауылдың үштігі намаз, ораза және басқа да діни жораларды ұстауға тыйым салды. Осының барлығы ауыл тұрғындарының арасында наразылық тудырып, ол көтеріліске айналды. Арада екі күн өткен соң Қармақшы ауданнан бізге Пейіс деген кісі келіп: «Сіздерді жоюға екі қарулы отряд келе жатыр», – деді. Мұны естіген ел жиылып, жиналыс жасап, мені өздеріне «Дінбасшы» етіп сайлады. Келесі күні-ақ келіп үлгірген қарулы отрядпен ұрысқа түстік. Біз оларды арнайы қоршауға алғанымыз жоқ , тек қана қорғандық. Көтерілісшілердің қолында ағаш, таяқ пен суық қару болғаны рас. Осы ұрыстан кейін біздің қолымызға үш винтовка, бір пулемет, бір найза және бірнеше мініс аты түсті. Осыдан кейін Алматы қаласынан бізге үкімет комиссиясы келіп, келіссөздер жүргізді. Шарт бойынша қолға түскен қару-жарақты соларға бірден табыс еттік».
Жұмағазы ханның және басқа¬ларының «қылмыстық іс-әрекеттері» обьективті түрде дәлелденбесе де, халықтың үрейін ұшыру үшін 1930 жылы 15-шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының үштігі оларды түгелдей ату жазасына кескен. Тек Жұмағазы жөнінде үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. Ол 1931 жылы 16-сәуірде Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза табады.
Жұмағазы молда тұтқындал¬ған¬нан кейін табын, қыпшақ, алтын, шөмекей руларының өкілдері Айдаров, Қайранбеков және басқалары Төлебаев Мыхымбайдың баласын сүндетке отырғызу тойын пайдаланып, жиналған жұрттың келісімімен батыр Жұбанов Қожбанды хан сайлаған. Қожбан батыр Жұбанұлы (1873-1931) – тегі Кіші жүз, он екі Ата Байұлының Алтын руынан, атақты Шұңғыр батырдың ұрпағы. Оған ауыл ақсақалдары мынандай міндет жүктеген.
1. Ә.Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссиясының алдына қойылған 11 пункттен тұратын Жұмағазы Бәйімбетовтің талаптарын жүзеге асыру.
2.Қарақұм жеріне келген қызыл әскерге қарсы тұрып, жеңіске жеткенше күресу.
Батыр Қожбан хан өзіне кеңесші етіп Жаппас руынан торғайлық Махамбетов Әшірбекті, табын руынан тереңөзектік Рамазанқұлов Мірәліні және Алтын руынан қармақшылық Жанбосынов Қабылды тағайындаған. Сосын хан елден аңшылық мылтықтар жинатып, мергендерін қаруландырған. Сарбаздарының санын екі мыңға жеткізген. Кеңес өкіметі 1930 жылы тамыз айында оларға қарсы Біріккен Саяси Бас басқармасының оперативтік топтарымен қоса пулемет, винтовка және гранаталармен қаруланған арнайы дивизион жіберген.
Айта кеткен жөн, аталған шаруалар көтерілісін басуға қатысқан жазалаушы әскер бөлімдері де болғаны ресми құжаттардан белгілі. Олар: 8-атты әскер дивизиясының 43-ші, 44-ші және 45-ші атты әскер полктері, осы дивизияның байланыс мектебі, ұлттық атты әскер эскадроны, ОГПУ әскери отрядының 62-дивизионы, жеке байланыс эскадроны, атты-таулы батарея, атты-саперлік эскадрон, 8-атты-артиллериялық дивизион, 38-атты-артиллериялық дивизион, Орта Азия әскери округінің радиостанциясы, химиялық бөлімі, Қарсақпай коммунистік отряды.
Бұлар таяқ, найза, шоқпар және жарым-жартылай аңшы мылтығымен қаруланған Қожбан ханның сарбаздарымен 1930 жылдың желтоқсан айына дейін Қарақұмда бірнеше рет ұрысқа түскен, 9 қызыл әскер өліп, 4-і жараланған. Сарбаздардың ішінде Сыр бойында белгілі әулет Сығай Алтын Созақбай батырдың баласы Қашақ мерген болған. Кейін ол ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Сығай Алтын руынан шыққан Әбдіраман мерген де сонда болған. Бұл кісі қолға түскеннен кейін Қарауылтөбе ауылының маңайында атылады. Қожбан ханның 26 мергеннің 13-і Алтын руынан болған. Ең жасы Алтын Ізжан мерген болған. Оның ұрпақтары Жалағаш ауданының Далдабай ауылында тұрады.
Көтерілісшілердің кеңес әскерлерімен болған шешуші шайқас 1930 жылы 8-желтоқсанда Сарысу жерінде, Көжебай сайында болды. Көтерілісшілер күші тең емес ұрыста талқандалды. Қожбан батыр бастаған 24 көтерілісші алғаш қашып шықса да, көп кешікпей-ақ қолға түсті. Қарсыласу кезінде олардың 4-і өлтірілді. Осыдан кейін Сыр бойында болған көтеріліске қатысқан халықты жазалау басталды.
Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Алдын-ала тергеу барысында 195 адамның қылмыстық әрекеті дәлелденбеген соң босатылған. Қалған 220 адам мемлекетке қарсы қылмыс жасады деп айыпталған. Тергеудің аяқталуына санаулы күн тағы 7-і адамды заңсыз жауапқа тартқан. Барлығы 227 адам соттан тыс Біріккен Саяси Бас басқармасының Үштігінің үкімімен 1930 жылы 19 қазанда жазаланған. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген, 108 адам бас бостандығынан айырылып, әр түрлі мерзімге концлагерьлерге жіберілген.
Әмірхан Бәкірұлының 1997 жылы шыққан «Мұстафа Шоқай» атты кітабында атылғандар тізімінде Айдар Алтын Медет батырдың баласы Сүйінқара батырдың інісі, елге беделді Шоңмұрын бай және оның ержүрек баласы Қайраш бар.
Қарт Шоңмұрын бай 1930 жылы Қызылорда түрмесіне қамалғаны рас, бірақ атылған жоқ, өз өлімімен дүние салады, өйткені түрмеден әкесінің сүйегін алуға Қармақшыдан 1905 жылы туған Сақып деген баласы және оның досы, шөбере бауыры, құрдасы, атақты Уәлі бидің немересі Уәлиев Ахметбек Байұзақұлы (1905-1973) келіп, түрмеден Шоңмұрын байдың сүйегін алып, Қызылорда қаласына жерлейді. Сақып пен Ахметбек бұл кезде 25 жастағы жігіттер болған. Неге Сақып Шоңмұрынұлы түрмедегі ағасы Қайраштың да сүйегін алып шықпаған? Жауабы – түрмеде атылғандарды бір жерге тастайды, олардың сүйегін туысқандарына бермейді, яғни Қайраш атылған, ал Шоңмұрын бай түрмеде қайтыс болғандықтан, ол кісінің де есімін атылған адамдардың тізіміне қосып жазған. Бірақ Шоңмұрын бай түрмеде науқастанып қайтыс болған. Шоңмұрын байдың екінші баласы Сақып досы әрі шөбере бауыры Ахметбек Байұзақұлының үйіне соғып, Қызылорда қаласының түрмесінен әкесінің сүйегін алып шығуға кетіп бара жатқанын Ахметбек Байұзақұлының зайыбы Айымкүл Жүргенбайқызы (1911-1998) көрген. Сақып Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болады. Бес жылға сотталғандардың ішінде Уәлі бидің немересі Жосалыда қызметте болған Байзақов Әбдірәсіл бар. Ол Семей қаласына сотталып кеткен.
Сыр бойы сүлейлерінің арасында шоқтығы биік тұлғаның бірі – Айдар Алтын Сейітжан сал Бекшентайұлы (1874-1938) 1937 жылғы желтоқ¬санның 18-де қамалып, алдымен 10 жылға сотталады. Кейіннен ісі қайта қаралып, 1938 жылғы ақпанның 16-да атылады. Содан ол 51 жылдан соң, 1989 жылы ақталып, өлеңдері баспасөз беттерінде жариялана бастады. [Т.Дайрабай. Сыр сүлейлері. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау. Алматы. «Арыс», 2006. – 7-б]. «Алтын көтерілісі» деген күй де шыққан.
Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтың ардақты ұлдарының елі үшін, ар-намысы үшін жанын пида еткен ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс. Кейінгі ұрпақ, яғни мына біздер қазақ деген намысшыл халық екенімізді, аталарымыздың нағыз батыр екенін мақтан тұтуымыз керек.
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<