Сыр бойындағы астаналар

1869

0

Сыр бойындағы астаналар Алты Алаштың анасы болған Сыр өңірі – төрт астананы бой көтерген қасиетті мекен.

Еліміздің тарихындағы ал­ғашқы егіншілік мәдениеттің ірі ошағы қала мәдениеті мен қорғаныс жүйесі дамыған, өзін­дік жерлеу құрылыстары мен ғұрыптары арқылы ерек­шеленетін Сырдың көне арнасы Жаңадария бойы. Соңғы археологиялық зерттеу жұмыс­тарының нәтижесінде осы мәдениеттің төрт бекіністі елді мекен (Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды және Сеңгір там) және көп бөлігі жасанды суландыру құрылыстарымен байла­нысып жатқан 200-ге жуық бекініссіз ауылдардың орны анық­талды.

Бұл өркениет б.з.д. II-IV ғасырларда қанатын жайып, Шірік-Рабат қаласы Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының астанасы болған. Шірік-Рабат қала жұрты алғашында тайпа көсемдері, әскери қолбасшылары өмір сүріп және осында жерленетін бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған.

Осы ескерткіштер кешеніне мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004 жылдан бастап Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология инс­титуты мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кет­тік университетінің қыз­мет­керлері, археолог-ғалым Ж.Құрманқұловтың басшы­лы­ғымен Шірік-Рабат археоло­гиялық экспедициясы құра­мында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ортағасырлық Жанкент қа­ласы – IX-XI ғасырларда Сыр­дың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің ас­та­насы. Ол – республикалық санат­тағы ірі археологиялық ескерткіштердің бірі.

Ортағасырлық араб дерек­терінде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадисма, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді.

Жанкент туралы мәліметтер IX-X ғасырларда өмір сүрген Ибн Русте, әл-Масуди, Ибн Хаукал, әл-Идриси сынды ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында кездеседі. Бұл еңбектерде Жанкент қаласы оғыз мемлекетінің орталығы ретінде суреттеледі. Сонымен қатар, Жанкент тұрғындарының су жолы арқылы Хорезм жерімен сауда байланыстарын жасағандығы жайлы да айтылады. Парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында Ертіс өзенінің бойын жайлаған қимақтарға апаратын сауда жолының Жанкент арқылы өткендігі жайлы дерек сақталған. XIV ғасыр тарихшылары Рашид ад-Дин мен Жувейни  өз еңбектерінде Жанкент қаласын «Шехркент» деп атаса, Махмуд Қашқари мен араб географы Абульфеданың шығар­маларында Жанкент қаласы Янгикент атауымен кездеседі.

Жанкент қаласының топы­рақ астында қалған жұртын 2005 жылдан бастап Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемекет­­тік университетінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институ­тымен және Н.Н.Михлуко-Маклай атындағы этнология және антропология институты ғалымдарымен бірлескен Жанкент археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Тарихта Сығанақ қаласы қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Қала 982 жылы салынған деген дерек «Худуд аль-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты  еңбекте «Сунақ» атауымен алғаш белгілі болды.  «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Хорезм шах  (1127-1154жж.) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді (Мұсылман деректерінде Сы­ғанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын) бағындыру үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Сығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.

Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның билік құрған уақытында (1309-1315) болды.  Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсететін. 25 жыл билік құрған Ерзен хан 1345 жылы дүние салып, Сығанақта жерленгеннен бастап Сығанақ Жошы хан – Орда ежен әулетінен тараған ақордалық ақсүйектерін жерлей­тін ата қорыққа айналды.

XIV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда мемлекетін «Орыс хан ұлысы» деп те атаған. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ-қарала ту алып жауға шапты. Орыс ханның атында ақша соғылды. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Сондықтан, Алаштың астанасы Сығанақты – қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар.

XIV ғасырдың соңына қарай Сығанақ үшін күрес күшейді. 1375-1376 жылдардан бастап бұл күреске Мауеренахр билеушісі Темір араласа бастады. Ол өз ордасына бас сауға іздеп келген Тоқтамысқа Сығанақты сыйға тартуы Орыс хан бастаған ақордалықтардың қарсылығын тудырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орыс хан 1375 жылы үлкен Сарайдан Сығанаққа қайтып оралды.

Орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, сынып, ақыры XVIII ғасырдың ішінде бір кездері салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналып жер астында қалды. Сығанақтың жайнаған, құлпырған кезін көрген Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазады. Қаланың атақты болуындағы екі себеп: біріншіден, қала өзінің 2000 жылға жуық тари­хында қаңлылардың, қып­шақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болса, екіншіден, қандай шапқыншылық болса да, өмірі қайта жанданып отырғандығы. Әрине, оның Ұлы Жібек жолы­ның бойында орналасуы да үлкен даңққа бөлеген. 

Әбілғазы Бахадүр ханның жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді» – деп қаланың келбетін, ал Сығанақта тұруды армандаған ғұлама ғалым һысамиддин әл-Сығанақидың  (XII-XIII ғғ.) «Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай» – деген жыр жолдары ел тарихында аса үлкен роль атқарған қаланың өз дәуірінде қаншалықты құрметке ие болғандығын көрсетсе керек.

Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі  қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды.

Тарих тұнған бұл қаланы тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мəдени мұра» бағ­дарламасы аясында ғана қолға алынып, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сы­­ғанақ археологиялық экс­пе­­ди­циясы археолог-ғалым С.Жол­дасбаевтың же­тек­­шілігімен  қаланың қи­раған үйіндісін асқан ыжда­ғат­тылықпен зерттеп, қа­ла­ны қоршап тұрған қорған қа­­быр­ғаны, үйлерді жəне мешіт-медресені қалпына кел­тіру жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Жобаның бас­ты мақсаты – ортағасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдырып, еліміз бен өңірдегі тарихи əрі рухани жерлердің қатарын көбейту болғанымен, алайда қаржы мәселесіндегі қиын­дықтар салдарынан қазба жұмыстарын тек 2014 жылы  қайта жалғастыруға мүмкіндік туды. Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік жолынан мен мұндалап  Сығанақ қаласының қақпасы көрінгендей болды. Кешенді шаралармен іске асыруды аса қажет ететін қақпаның айналасындағы қолөнер орталықтары, кітап­хана, мұражайлар мен сауда көздерінде тіршілігі қайнаған ықылым замандағы бұл қасиетті қала, жанашырына да, жолаушысына да бауырына бүккен  құпияларын аша тарих тұңғиығынан тіл қатары анық.

Бақытхан ӘБДІКӘРІМОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<