Театрды толғаған алты том

3065

0

Талантты режиссер, тамаша сахнагер Х.Әмір-Темірдің Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан биыл жарық көрген 6 томдық кітабы мамандар тарапынан жоғары баға алды.

Солардың бірі, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейістің «Бір сахна-егіз ғұмыр», «Өнер-баян» аталатын екі кітапқа жасаған шолуын жариялап отырмыз.

Х.Әмір-Темір «Бір сахна-егіз ғұмыр» кітабына өмірлік асыл жары, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбайқызы мен өзінің шығармашылық өмірі туралы қалам тербеген театр сыншыларының, өнер адамдарының, мемлекет қайраткерлерінің мақалалары мен журналистерге берген сұхбаттарын топтастырған.

Кітаптың «Әлия» деп аталатын бірінші бөлімінің алғашқы беті белгілі театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әшірбек Сығайдың «Жүрегі ән салған Әлия» деген мақаласымен басталады. Автор осы мақаламен кітапты бастаудан көп ұтқан. Бұл мақаладан оқырмандар Әлия Арысбайқызының арман қуып, Алматыға келген сонау талапкер кезінен бастап, оқуын тәмамдап Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театры сахнасында көптеген кейіпкерлерді келістіре ойнағанынан хабардар болады. Атап айтқанда: Луиза, Агика, Анна Андреевна, Назы, Мария, Корделия сынды рольдерді жарқырата сомдағаны жайлы мағлұматтар алады.

Жұбайы Х.Әмір-Темірдің Талдықорған театрына көркемдік жетекші болып баруына байланысты актриса да аталған өңірде елеулі еңбек етті. Сыншы Әлия Арысбайқызының кез келген рольге зор дайындықпен келіп, әншілік қырымен ерекшеленетінін де нақты мысалдар арқылы жазған. Бір сөзбен айтқанда, бұл мақаладан Әлия Арысбайқызының шығармашылығымен ғана емес, жеке басында болған қиындықтармен арпалысы туралы да баяндалған.

Кітаптың «Хұсейін» деп аталатын екінші бөлімі де Ә.Сығайдың «Өнерімен егіз өрілген өмір» деген шығармашылық кескіндемесінен басталған. Аталған мақалада қазақ театр режиссурасының өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған Х.Әмір-Темірдің режиссерлік даралығы жан-жақты ашылған. Мұнда оның Қызылорда, Талдықорған театрларында жұмыс жасаған жылдары тегіс қамтылып, режиссерлік қолтаңбасы анықталған.

Х.Әмір-Темірдің «Өнер-баян» деген екінші кітабы «Жолбасы», «Режиссурадағы алғашқы ізденістер», «Алматы сапары», «Жаңа белестер», «Жаңа театр сахнасында» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Ұзақ жылдар бойы буырқанған шығармашылық өмірінен өзінің көрген-түйгендерін қағаз бетіне ерінбей түсіріп жүрген автордың бұл кітабы бір деммен оқылады. Ол өнер әлеміне құлаш ұрған сонау жастық шағынан бастап, театр сахнасында өзі қойған пьесалардың көркемдік ерекшеліктерін, актерлармен жүргізген репетицияларын, суретшімен, композитормен, хореографпен бірлесіп жасаған жұмыстарын қызғылықты баяндаған.

Режиссер пьеса таңдап алғаннан кейін актерлермен жұмыс жасаудың қаншалықты қиынға соғатынын нақты мысалдар арқылы өрбіткен. Оның драматургия туралы айтқан ойларынан әлем театрының тарихы мен драматургиясын жетік білетіндігі бірден аңғарылады. Өзі сахнаға шығарған пьесалар туралы сөз қозғаған кезде драма теориясын жетік білетіндігі де  байқалады. Ол пьесадан сахналық туынды жасаудың мехнатын таратып жазған. Режиссердің басты міндеті актер сезімін оятып, шығарманың оқиға желісіне енгізудің оңай еместігін бірнеше спектакльдер мысалында көрсеткен. Ақ өлеңмен жазылған пьеса мәтінін игеру актерлерге үлкен қиындық тудыратынын да жасырмаған.  Өлеңдетіп оқыған кезде жалаң пафосқа кетпеудің жолдарын да айтып өтеді, яғни, ақ өлеңнің айту мәнерін тауып, сөзбен әрекет етудің техникасын меңгерген актер ғана шығарманың поэтикалық үнін сақтап қалатынын ескертеді.

Репетиция кезінде актерлердің  рольмен жұмыс жасау үрдісін  де автор қызғылықты бейнелеген. Ол суреткерге тән сезімталдықпен актер табиғатының көпшілік байқай бермейтін нәзік қырларын  тура көре білген.

Қандай театр болмасын, оның шығармашылық келбетін анықтайтын көркемдік шарттарының бірі репертуар болғандықтан, оған аса жауапкершілікпен қарау үлкен талғамды керек ететіні әлімсақтан аян.

Автор бұл кітабында жекелеген драматургтердің шығармашылығы туралы да кеңінен әңгімелеген. Ол драматургтердің пьеса жазу стильдері мен сан қилы бейнелер жасаудағы өзіндік ерекшеліктеріне режиссерлік тұрғыда баға берген. Тәжірибелі режиссердің театр фестивальдері мен гастрольдік спектакльдерге қатысты айтқан пайымдаулары да қызғылықты. Оның пікірінше фестиваль режиссерлік және актерлік шығармашылықтың көрігін қыздыратын өнер сайысының биік мәресі болғандықтан халықаралық және республикалық театр фестивальдеріне қатысып, додаға түсу кез келген ұжымды қанаттандыратынын әсерлі жазған.  

Қорыта айтқанда, оқырман қауым автор қаламының жүйріктігіне, терең зердесіне, ой-пайымының кеңдігіне  тәнті болады. Бұл қос кітап Х.Әмір-Темірдің шығармашылық және адами болмысын әр қырынан ашып, театр әлемінің құпия сырларынан жан-жақты  мәліметтер беруімен құнды демекпіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<